Ғылымға арналған ғұмыр

0
681

Шыдамдылық және еңбекқорлықпен ұштасқан талант Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ғалия Жүсіпованың ғылымда табысты бастама жасауына жол ашты. Ары қарай арманға адалдық пен жаңалық ашуға құштарлық шешуші рөл атқарды. Ғалым күн сайын тиімді және қауіпсіз «Лимонидин» фито-препаратын жасау мақсатына жақындай түсті.

Көкшетау облысы Щучинск қаласында мектеп бітірген сәттен-ақ Ғалия Ебентайқызы өз арманына қадам басты. Ол ғылымның ең қызықты әрі мүмкіндігі зор химия саласымен айналысуды қалады. Алтын медаль иегері М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу жұқа химиялық технология институтының органикалық синтез факультетіне оқуға қабылданды. Таңдауы «Биологиялық белсенді қосылыстардың химиялық технологиясы» мамандығына түсті.

Белсенді жас қыз 1-курста студенттік газетке материал дайындау керек болды. Осылайша, мақала кейіпкері – Жұқа органикалық қосылыстардың химиясы мен технологиясы кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Н. А. Преображенский оның тәлімгері атанды. «Мен, барлық курстастарым сияқты, біз мамандануымыз керек кафедра мен оның меңгерушісі туралы жан-жақты білуге қызығушылық таныттым. Бүгінде көптеген жылдар өткен соң, біздің таныстығымыз бен қарым-қатынасымызды үлкен ілтипатпен еске аламын. Николай Алексеевич Преображенский – Социалистік Еңбек Ері, әлемге әйгілі органик-химик ғалым, витаминология саласындағы ғылыми мектептің негізін қалаушы».

Оқуды тамамдаған соң  «Инженер химик-технолог» біліктілігін алған Ғалия Жүсіпова С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің органикалық химия кафедрасында алдымен стажер-зерттеуші, содан кейін аспирант ретінде қызмет етті. 1975 жылы кафедра меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, профессор Т.К. Чумбаловтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады.

Ғылыми жұмысты педагогикалық қызметпен үйлестіре жүріп Ғалия Есентайқызы табиғи қосылыстар химиясы кафедрасында Р тобының дәрумендеріне жататын кверцетин мен мирицетиннің табиғи флавонолдарын модификациялаумен айналысты.

«Сол кезде бөлінетін заттың химиялық құрамын зерттеуге, оны шикізаттан толығымен сарқылғанға дейін бөлу технологиясын оңтайландыруға, бастапқы шикізатты да, «Лимонидин» деген атпен шығарылатын затты да стандарттауға деген қайтпас қызығушылық пайда болды. Ол «Химфарм» АҚ-да 2004 жылы әзірленді, оның негізінде «Санжар» жақпа майы, «Лимонидин» шәрбаты түріндегі дәрілік формалар, ал өсімдіктердің өзінен «Лимонидин» тұнбалары әзірленіп алынды», – дейді ғалым.

Ғалым жасаған дәрі-дәрмектер қабынуға қарсы, антиоксидантты, гепатопротекторлық, антивирустық, антимутагендік және микробқа қарсы қасиеттерге ие, организмде аллергиялық және кумулятивті реакциялар тудырмайды және оның иммундық күйін жақсартады. Тиімділігі бойынша олар әлемдік аналогтармен тең дәрежеде және ҚР дәрілік заттардың мемлекеттік тізіміне енгізілді (Гмелин кермек тамыры, «Лимонидин» субстанциясы және «Санжар» жақпа майы – 2004 жылы, «Лимонидин» шәрбаты мен тұнбасы –2007 жылы).

Ғалия Ебентайқызы 2007 жылы докторлық диссертация қорғап, зерттеу нәтижелерін ғылыми жұртшылық назарына ұсынды. Көптеген жылдар бойы ғылыми зерттеулерді жалғастырды. «Ғылым қоры арқылы бастамашыл және тәуекелді зерттеулер жүргізу» кіші бағдарламасы бойынша екі жобаның тең басшысы, алты гранттық жобаның, сондай-ақ «Өсімдік тектес «Санжар» жақпа майын өнеркәсіпке шығару» инновациялық жобасының ғылыми жетекшісі болды.

Ғалымның қоржынында ҚР ДСМ-нің 11 тіркеу куәлігі, 350-ден астам жарияланым, оның ішінде бір монография, 10 оқу құралы, 15 әдістемелік әзірлеме, бір электронды оқулық, 32 патент бар. Оның Қазақстан ғылымына қосқан үлесі көптеген марапаттармен атап өтілген. 2006 жылы «Өнертапқыш әйел» номинациясы бойынша Өнертапқыштық саласындағы III Республикалық жетістіктер байқауының жеңімпазы, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2011 ж.), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығына арналған мерейтойлық медалімен (2015 ж) және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен  марапатталған (2016 ж).

Профессор Ғалия Есентайқызы Жүсіпова бүгінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар педагогикалық қызметін жалғастыруда. Магистранттар мен PhD докторанттарға дәріс оқи отырып, курстарға ғылыми-зерттеу нәтижелерін енгізеді, студенттер мен оқытушыларға шеберлік сыныптарын өткізеді. Сонымен қатар бүгінде «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» жаңа білім беру бағдарламасының кураторы ретінде болашақ ғалымдар үшін тың бағыттарға жол ашуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here