Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұрақты дамудың барлық 17 мақсаты (ТДМ) бойынша Times Higher Education University Іmpact Rankings-2023 рейтингіне енген қазақстандық ЖОО арасында жалғыз университеттердің бірі.
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары халықтың әл-ауқатын жақсартуға және ғаламшарды қорғауға бағытталған. Times Higher Education University Іmpact Rankings рейтингінің әдістемесі университеттер қызметінің келесі салаларын талдауға негізделеді: зерттеулер, әлеуметтік бағдарланған бағдарламалар, ресурстарды басқару, университеттің білім беруге қосқан үлесі.
Times Higher Education University Impact Rankings (THEIR) рейтингінде әлемнің 1591 университеті ранжирленді. Бірқатар мақсаттар бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Топ 400-ге енді: ТДМ 1 «Кедейлікті жою», ТДМ 5 «Гендерлік теңдік», ТДМ 6 «Таза су және санитария», ТДМ 10 «Теңсіздікті қысқарту», ТДМ 14 «Теңіз экожүйелерін сақтау», ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау».
Ағымдағы жылы ҚазҰУ ТДМ 5 «Гендерлік теңдік» бойынша 401-600 позициясынан 301-400-ге, сондай-ақ ТДМ 17 «Тұрақты даму үшін серіктестік» бойынша 801-1000-нан 601-800-ге дейін көтеріліп позицияларын жақсартты.
ҚазҰУ ғаламшар ресурстарын сақтауға, сапалы білім мен әл-ауқатқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге, инновацияларды дамытуға, экожүйелерді сақтауға бағытталған адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын іске асыруға әлемдік академиялық қауымдастықты үйлестіреді және белсенді түрде тартады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымын жаңа лайықты жеңісімен құттықтаймыз!