Солтүстік Корея америкалық студенттің өмірін қалай ойран етті?

0
4867

Отто Уормбир – Солтүстік Кореяның (КХДР) түрмесінен туған еліне тірі өлік болып оралған америкалық студент. Өкінішке қарай, саяхатты жаны сүйген 22 жастағы жігіттің алаңсыз өмірін Ким Чен Ын режимі ойран етті. Тарқатып айтайық.

АҚ ҮЙ
АМЕРИКАЛЫҚТАРҒА
СОЛТҮСТІК
КОРЕЯҒА БАРУҒА НЕГЕ
ТЫЙЫМ САЛДЫ?

Отто Уормбир болашағынан үлкен үміт күттірген азамат еді. Америкалық басылымдарда жарияланған мақалаларда оның үлгілі америкалық болғаны туралы жазылды. «Ат жақсысы – кермеде, ер жақсысы – түрмеде» деген қазақ мәтелі осындайда айтылса керек. (Әрине, бұл «темір торға тоғытылғандардың бәрі жігіттің сұлтаны» дегенді білдірмейді). Оқу орнында белсенді болған Отто спорттың да сан түрімен айналысты. Үздік оқыды. «Ел көрсем, жер көрсем» деген мақсаты да болды. Содан алғашқы оқу жылын аяқтаған студент 2016 жылы өзінің кезекті саяхатына шығады. Солтүстігінде Қытаймен, солтүстік-шығысында Ресеймен, оңтүстігінде Оңтүстік Кореямен шектесіп жатқан Корей Халық Демократиялық Республикасына (КХДР) бет алады.

Вашингтон мен Пхеньян арасында дипломатиялық байланыс орнатылмағандықтан, АҚШ үкіметі КХДР территориясындағы азаматтарына қолдау көрсете алмайды. Сондықтан Ақ үй өз тарапынан америкалықтарға Солтүстік Корея сияқты елдерден бойын аулақ ұстауды ескертеді. Бірақ, 21 жастағы жалынды жігіт «қара туризммен» аты шыққан елдер тізіміне танатотуризммен (өліммен байланысты орындарға бағытталған туризм) іліккен социалистік елге туристік топ құрамында аттанады. Әрине, қызықты басталған саяхаттың жан түршігерлік оқиғамен аяқталатынын америкалық студент сол кезде сезген де, білген де жоқ.

2017 жылға дейін орта есеппен жылда Солтүстік Кореяға бір мыңдай америкалық туристер баратын еді. Ал, Отто Уормбирдің қайғылы жағдайынан кейін АҚШ билігі америкалық туристердің бұл елге баруларына мүлдем тыйым салды.

ОТТО
УОРМБИР
НЕДЕН
ЖАЗЫҚТЫ
БОЛДЫ?

Отто Уормбир Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға жеткен соң, туристерге арналған 47 қабатты қонақ үйге орналасады. АҚШ азаматына бәрінен бұрын әр жерде ілінген үгіт плакаттары қызық болады. Онда КХДР   зымыранының Ақ үйге шабуылы бейнеленген. Жабық елдегі нақты жағдайды білу мүмкін емес. Дегенмен, Пхеньян «Отто Уормбир қонақ үйдегі осындай плакаттардың бірін ұрлады» деген айып тағып, оны 15 жылға бас бостандығынан айырады.

Кезінде саяси келісімнің болмауынан әрекетке көше алмаған АҚШ үкіметі Солтүстік Кореямен Швеция арқылы ғана байланыс жасай алды. Солтүстік Корея америкалық тұтқынды бір жыл бойы жасырын ұстады. АҚШ дипломаттары 2016 жылы қыркүйек айында Солтүстік Кореяға ұшып барғанымен, Пхеньянмен келісімге келу де, отандастарын көру де мүмкін болмады.

Отто Уормбирдің алғашқы соты 2016 жылы болып, отырыс бір-ақ сағатқа созылған. Одан кейін оны ешкімге көрсетпеген. Оның сот барысында өз қателігін мойындап, кешірім сұраған бейнежазбасы жер-жаһанға тарады. Бұл жазбаны оның ата-анасы Фред пен Синди Уормбирлер де теледидардан көрді. Бұл олардың баласын «тірі» күйінде соңғы рет көруі еді.

2017 жыл. АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп мәселеге тікелей араласып, дәл сол жылы Отто бостандыққа шығып, еліне оралды. Бірақ, америкалық білікті дәрігерлердің өзі оның өмірін сақтап қалуға қауқарсыз болып шықты. Солтүстік Кореяға турист ретінде өз аяғымен кеткен Отто Уормбирдің араға 1,5 жыл салып туған елге оралғандағы күйі Шыңғыс Айтматов шығармасындағы мәңгүртті еске түсіретін. Журналистер «былай дені сау адамға ұқсайды, бірақ ақыл-естен айырылған, көзі ашық болғанымен, ештеңені көрмейді» деп жазды. Цинциннати университеті маңындағы клиника дәрігерлерінің болжамынша, жігіттің мұндай жағдайға түскеніне «жылдан астам уақыт болған, өте ауыр психологиялық жарақат алған». Ал, КХДР мамандары жағдайды ұйықтататын дәріден болған ботулизм ауруы деп түсіндірді. Оттоға еш нәрсе көмектесе алмады. Отанына оралғанына 4 күн өткеннен кейін ол көз жұмды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Болған оқиға жайында тілшілер түрлі болжамдарды жарыса жазып жатты.  Дегенмен, айдаудағы 18 айда нақты не болғандығын ешкім білмейді. Бұл америкалық студенттің ішінде айтылмай кеткен ақиқат болып қала берері  сөзсіз. Осылайша, бар болғаны плакат жұлғаны үшін 22 жастағы жігіттің  өмірін Ким Чен Ын режимі ойран етті.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here