Қоғамның қозғаушы күші отбасы тәрбиесінен бастау алады

0
1382

Отбасыадам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Тәрбиенің кілтіотбасының өмір тіршілігіне тікелей байланысты. Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі балаларды тәрбиелеудің негізгі көзі. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» ғой. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын атқаруға кіріседі, яғни оларға тәрбиеші бола бастайды. Міне, отбасының берік негізі рухани мүдденің бірлігінде болмақ.

Ерте кезде балалар оқыса да, оқымаса да дін талап еткен тұрмыс ережесін білуге, орындауға тиісті болған. Ғасырлар бойы қалыптасқан халық дәстүрлері мен салттары болған, отбасы тәртібі солар арқылы қатаң реттеліп отырған. Мысалы, «қызға қандай киім лайықты, шашты бір өрім бе, әлде екі өрім етіп өруі дұрыс па, оны шашбаумен сәндеу керек пе, не орамалдың, не кимешектің астына жасырып қойған жөн бе?» дейтін жайларды жіктеген. Ал, қазіргі кезде қыздарымыздың кіндігін көрсетіп жүруі, жарассын-жараспасын киімдерді киюі өміріміздің бір бөлшегіне айналғанын жасыра алмаймыз. Баланың жақсы адам болуы тек қана өмірдің ағымынан қалмай киіну ғана емес қой. Ендеше, олардың өмірден өз орнын таба алатын адам ретінде тәрбиелеу жағы ақсап жатады.

Ұрпақ – болашақ, яғни ол адамзаттың болашағы, ал отбасы кішкене мемлекет. Отбасында ынтымақ болмауы, ерлі-зайыптылар арасындағы алауыздық, бірінің сөзін екіншісі тыңдамауы бала тәрбиесін тым қиындатып жібереді. Сондықтан ата-ана беделден, тіл алғызу ықпалынан айырылады. Кей ата-аналар өздерінің міндеттерін тек балалардың қарнын тойдыру, киімдерін бүтіндеу деп те ойлайды. Балаларының білімін мектепте алған бағаларымен ғана бағалайды. Екі алса – жаман, бес алса – жақсы. Оқу жылы ішінде бірде-бір рет баласының сабағына қатыспайтын ата-ананың баласы бұзық болса, тәртіпсіз болса, ұстаздар қауымына тіл тигізіп, қаралап жататын кездері де аз болмайды. Міне, отбасындағы білім беру бағытындағы тәрбиесі жайына қалады. Отбасының аса маңызды міндетінің бірі – баланы жарқын істерге, нұрлы мұраттарға тәрбиелеу. Халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, одан соң өзіңе ақылшы дос сана» деген өмірлік қағидасы бар емес пе?!

Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы ата-ана тәрбиесі. «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» демекші, отбасындағы таным, түсінік қалай қалыптасса, адамның бойында қалатын сол қасиет те солай қалыптасады. «Болса тәртіп, бала өседі сомданып, қатаң ұста, бос жүрмесін сандалып» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы шектен тыс шолжаңдатпай, байсалды, ұғымтал, тілалғыш етіп баулу – ата-ананың басты міндеттерінің бірі.

Отбасында бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторлардан ата-ана әрқашан аулақ болуы керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жалпы отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің орны ерекше. «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол», «Ұл туса елдің қорғаны, қыз туса елдің көркі» деп халқымыз бекер айтпаған.

Ата-бабамыз отбасы тәрбиесінде еңбекке де көп мән беріп, ол туралы да өзіндік ойларды қалдырған. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған айуанның бірі боласың. Адамзаттың қамы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлы боласың» деп отбасында баланы жастайынан еңбекке баулудың маңыздылығын жоғары қоя білген. «Ата-ана балаға сыншы». Балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, немен айналысып жүргендігіне жіте көңіл бөлсе, мерзімдік басылымдарға жаздырып, әдеби шығармаларды оқуға жасынан дағдыландырса, кейін бармақ тістейтін оқиғалардың алдын алуға болады.

Рас, ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің іргетасы. «Тәрбие – табалдырықтан басталады» деген нақыл өмірден алынған. Бала тәрбиесі – нәзік те күрделі әрі қоғамдық жауапкершілікке жатады. Бала – өмірдің гүлі, сол әлеуметтің болашағы. Баланы тәрбиелі де саналы азамат етіп өсіргіміз келсе, ең алдымен өзіміз кіршіксіз таза, тәрбиелі адам болуымыз керек. Адамгершілік пен саналылықтың бастапқы қарапайым белгілерін өнегелі отбасында дарытқан баланың болашағы жарқын, өмірі мәнді болмақ. «Біздің балалар – біздің қарттығымыз, жаман тәрбие – болашақтағы қайғымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәміз» дегендей, кең байтақ елімізде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұяттылық, әдептілік, көргенділік, мейірімділік салтанат құрып, үйлесімділік тауып жатса, сол қымбат қасиеттердің бәрі отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаятынын естен шығармауымыз керек. Бабаларымыздан қалған «Тәрбие басы – тал бесік» деген нақыл бар.

Иә, данышпан ата-бабаларымыз бала тәрбиесін сол бесік жырынан тегін бастамаса керек. Бесікке бөленген сәби үшін тәрбие басы – бесік жыры. Ананың бесік жырымен бесіктен шыққан бала әнге, өнерге сол құйттай кезінен жақын болады. Себебі, ана сүтімен бірге құлағына сіңісті болған әсем ән ұрпақ үшін өмірлік серік болатынын ол кісілер жақсы білген. Қазақ халқының өлеңге, ақындыққа жақындығын ғалымдар осыдан деп түсіндіреді. Ол шындық та болар.

Адам үшін ең жақын әлеуметтік орта – отбасы. Отбасы – белгілі бір дәстүрдің, жанға жағымды өнегенің, асыл мұра мен қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрдің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді.

Қазіргі заманға сай біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінде аптаның бес күнінде жеке психологиялық және социологиялық сауалнамалар мен тренингтер әр топтың білім алушылармен бірге жүргізіледі. Оларға арналған апталықтармен қатар тәлім-тәрбиені дамыту жолындағы негізгі мемлекеттік білім беру бағдарламаларына сәйкес біздің оқу орнымызда өтетін түрлі іс-шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Әрине, болашақты бастау қиын емес, ал тәрбиені ұмытпау ол қоғамның қозғаушы күші болып табылады. Отбасындағы ата-ана тәрбиесінен бөлек, қоғамдық ортадағы тәрбиенің мәні зор. Себебі, сол ортада білім алушы өзінің сана-сезімін, қарым-қатынасын, ұлттық болмысын, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, болашаққа деген көзқарасын өзгертіп қана қоймай, азаматтық құндылықтарын сақтап, өзінен кейінгі жас буын білім алушыларға үйретеді.

А.Б. ӘЗІМБАЕВА,
М. Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің
педагог психологы

А.Б. БЕЙСЕНБАЕВА,
М. Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің
әлеуметтік педагогы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here