Алпыс жылдан кейінгі кездесу

0
1565

Біз кезіндегі Талдықорған облысына қарасты Бөрлітөбе ауданының «Үлгі» колхозында туып, сонда өстік. Қазір Мұқан Төлебаев атындағы ауыл. Өйткені, бұл жер Мұқанның туып-өскен жері. Ауылымыз Балқаш көлінен 18 шақырым жерде орналасқан.

Әр адамның өмірі – бір тарих. Өткен жылдар біз үшін тарих болса, жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие мектебі. Неге десеңіз, өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ.

Біз өте білімді ұстаздардан білім алдық. Кәкім Байғамытов, Батырбай Мұстафин, Секербек Жаналин, Мақұлбек Қосанов, Кенжеғайша Смағұлова, Маймуна Боранбаева, Зейнетай Исатова сияқты мұғалімдердің ізгі қасиеттері әлі күнге дейін көз алдымызда. Сондықтан да болар, бұл ауылдан КСРО Халық әртісі, композитор Мұқан Төлебаев, КСРО Халық әртісі, композитор Еркеғали Рахмадиев, КСРО Халық әртісі Бекен Жылысбаев, Қазақстанның Халық әртісі, әнші Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Кәдірбек Демесінов, Қазақстанға еңбегі сіңген қоғам қайраткері, Орталық комитетте бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған Әбіләкім Әубәкіров, медицина ғылымының докторы Берік Салханов, әскери полковник Қахарбек Жабықбаев сияқты белгілі тұлғалар түлеп ұшты.

Біз сол Үлгі орта мектебінің 1963 жылғы түлектеріміз. Қазір қарап отырсақ, сол жылы мектеп бітірген 36 адамнан 12 адам қалған екенбіз. Яғни, 24 сыныптасымыз о дүниелік болған екен. Көбі жоғарғы оқу орнын бітірген, отбасын құрып, қоғамда өзіндік орнын тапқан жандар еді. Біздің міндетіміз – сол жандарды еске алу, құран бағыштау. О дүниелік болған ұстаздарымызға да құран бағыштадық.

Қахарбек Айтқалиұлы мектеп кезіндегі және осыдан 14 жыл бұрын Балқаш көлінің жағасында түскен суреттерімізді үлкейтіп, стенд жасап, керегеге іліп қойды. Ол да бір көз қуантарлық дүние болды. Естелік альбомға түсіп, бір-бірімізге тілектер айтып, біраз шүйіркелесіп қалдық. Әрине, бір жағынан мектеп бітіргелі көп жыл өтті ғой, тосырқау да бар, кейбіреуін мектеп бітіргелі бірінші рет көруім.

Жолдыбала Бағаева екі шумақ өлең шығарып әрі суреттерден видео жасап бізге жолдады. Халық әні «16 қыздың» қайырмасындағы қыздардың атының орнына сыныптас қыздардың атын қойып, әзіл ретінде айтты. Оған да біраз қуанып қалдық. Бізге қонақ болып әрі құттықтап келген сыныптасымыз Мырзахан Әкімбековтың інісі Әділхан, жұбайы Сағина екеуі біздің қыздардың  бәріне велюрден шапан жапты. Осы кездесуді ұйымдастыруға Қахарбек Айтқалиұлы, Мырзахан Қабдыкенұлы, Зәкен Олжабайқызы атсалысты. Осы құрдастарымызға алғыс айтамыз.

Қандай да бір жұмыр басты пенде болмасын, алдына үлкен мақсат қояды. Сол мақсатына жету үшін ештеңеден де аянбай, бар өмірін арнап, ақылды күрес жүргізеді. Әйтпесе, адам өмірінің қандай мәні болмақшы… Біздің буын да сол биік мұрат соқпағына түсіп, тынымсыз еңбекті жан серігі етіп, ұлы кеме үстінде кетіп бара жатқан жолаушыдай…

Тілеужан ӘБІШЕВА,
ардагер ұстаз,
Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here