Тоқсанның төріне шыққан абыз ақсақал

0
1871

Ел еңсесін көтерер, тәуелсіздігімізді тұғырлы етер, мәні бар жұмыстарға атойлап кеп белсене араласып, хан базардың бел ортасында жүретін, таудан түспей, қайта заңғар биікке қарай құлаш сермейтін дана қарттар, ақылман абыздар ілуде біреу болса, соның бірі де бірегейі – Қанапия Әбдібеков. Абыз ақсақал тоқсанның төріне шықты.

Баяғыда бір дана қариядан тіршілік туралы сұрағанда «Өмір дегенің – есіктен кіріп төрге шыққандай ғана» деген екен. Қадірлі Қанапия қарияның тоқсан жылдық ғұмырында өнегелі тұстар аз емес. Ең бастысы, ол қандай қиын-қысталаң сәттерде өзінің азаматтық биігінен түсіп көрген емес. Басты ұстанымы – алға ұмтылу, өзі таңдаған мамандық бойынша адал еңбек ету болды.

Егер кейінгі жылдарға шегініс жасайтын болсақ, Қанапия қария 1933 жылы Қостанай облысына қарасты Амангелді ауданының 6-шы ауыл Амантоғай кеңшарында туған. Сегіз жылдық білімді 1946 жылы Қостанай қаласында бұрынғы Жамбыл атындағы, қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-интернатында алған. 1949 жылы Амангелді ауданындағы А. Иманов атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1954 жылы тарих мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1954 жылы бастап, 1993 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққан. 1954-1959 жылдар аралығында Торғай геология барлау экспедициясы жанындағы қазақша-орысша орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, директоры, 1959-1962 жылдары Арқалық қаласы жұмыскер жастар орта мектебінің және Ш. Уәлиханов атындағы №1 орта мектептің директоры болып қызмет атқарған. 1962-1993 жылдары Арқалық қаласындағы Торғай боксит тау-кен басқармасының оқу комбинатының директоры болды.

Қанапия ақсақал – Еңбек және тыл ардагері, «За доблестный труд в Великой Отечественной войне», «За доблестный труд в ознаменование 100-летия со дня рождения В.И. Ленина», «Қобыланды батыр» сияқты бірқатар медальдарымен марапатталған, кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың құттықтау хатын алған.

Иә, бүгінде тоқсанның төріне шыққан парасатты, ақылман да абыз ақсақал Қанапияны көргенде, көз алдымызға әрдайым Алатаудың асқар шыңдары елестейді. Елестеген сайын ғасырлар бойы талай-талай аумалы-төкпелі оқиғаларға куә болып, сырын ішке бүккен алып тау тәрізді ол да бұрынғыдан да асқақтай, биіктей түскендей болады.

Қадірлі Қанапия ақсақал! 90 жыл жасаған адамға Құдайдың қалауымен есепке түзу енді бір 10 жыл жасау көп болмағай! Немере-шөбере, шөпшектеріңіздің тек жақсылығын көруіңізге тілектеспіз!

Махмұт НӘЛІБАЕВ,
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы
Халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қорының төрағасы,
«Qazaq» газетінің құрылтайшысы,
«Марсель групп» компаниясының президенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here