Ғұмырын ғылымға арнаған ғалым

0
2539

Қазіргі таңда елімізде ғылым жолында жүрген тұлғаларға ерекше назар аударылып жатқаны белгілі. Бұл орайда бүкіл саналы өмірін осы салаға арнаған ізденімпаз азаматтар аз емес. Бүгін мен ұзақ жылдар бойы еліміздегі жоғары оқу орындарын басқарып, адал еңбек, маңдай терімен жұртшылық назарына ілінген академик, техника ғылымдарының докторы, профессор Иманәлі Сейдуәліұлы Ахметов жайлы көргенім мен түйгендерімді оқырман қауымға баяндамақпын.

ТЕКТІ
ТЕГІНЕ ТАРТЫП
ТУАДЫ

Әрине, кейіпкерім жөнінде сөз болғанда оның кіндік қаны тамып, балалық балдәурен шағы өткен жылдарға еріксіз тоқталуға тура келеді. Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған ардақты ағамыз 1943 жылы 24 шілдеде шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келді.

Имекең сол бір артта қалған әрі өмірінде ерекше орын алатын кезеңдерді сағынышпен еске алады. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені, әулеттің бәйтерегі, яғни ардақты әкесі Сейдуәлі атамыз күллі ел сыйлайтын абыз ақсақалдардың бірі еді.

Халықтың құрметіне бөленген осынау іскер жан ұзақ жылдар бойы шаруашылық, өнеркәсіп салаларында, партия органдарында жауапты да лауазымды қызмет атқарды. Оның кезінде Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданында басшы болғанын да замандастары ерекше ықыласпен әңгімелейді. Себебі, ол өзінен гөрі айналасындағы жұртшылық пен қарамағындағы қарапайым кісілердің мүддесін жоғары қойды.

Кешегі баланы жетім, ананы жесір еткен Екінші дүниежүзілік соғыста қанды майданның бел ортасында жүрді. Қарша бораған оқ пен лапылдап жанған оттың арасынан туған жеріне аман-есен жеңіспен оралды.

Кейбір деректер мен дәйектерге сүйенсек, көптің алғысына ие болған атамыз сонау бір жылдары Ташкент шаһарындағы педагогикалық институтында білім алған. Ғұмырының қайтара оралмас жастық шағында қатардағы мұғалім болып, халықтың ұл мен қыздарын оқытқан. Өзі Түркістан облысындағы қасиетті Қазығұрт тауының баурайында туып өскен.

Шымкенттіктер елі мен жеріне өлшеусіз еңбек сіңірген құрметті қайраткердің есімін мәңгілік қалдыру мақсатында осы көрікті қаладағы бір көшеге оның атын берді. Ал, Иманәлі Сейдуәліұлындай біртуар ғалымға жарық дүние сыйлаған аяулы анасы Гүлжәмила апамыз да жібектей мінезді, жомарт жүректі, кең пейілді, тек өзгелерге болсын дейтін кісі-тін. Ол отағасына ақылшы, ғұмырлық серік қана болған жоқ, құдай қосқан қосағы секілді педагогикалық жоғары оқу орнын аяқтаған ұлағатты ұстаз еді.

Ынтымағы жарасқан отбасының иесі майданнан туған жерге оралғанша оны тағатсыздана күтті. Жақсы келін, балаларына қамқор ана атанды. Оның бойындағы асыл қасиеттерін көру бақытына ие болған інілерінің бірімін.

Бұл ғибратты тіршілік кешкен ағамыз бен апамыздың атын атап, түсін түстеп отырғаным, осындай ұлағатты жандардан тәлім-тәрбие алған қос ұлы мен төрт қызы да өздері секілді оқығаны мен тоқығаны мол, жан сарайлары бай, парасатты мамандар болып қалыптасты.

Бір ғажабы, олардың бәрі де кәдімгі инемен құдық қазғандай ғылым жолын таңдады. Жұртшылыққа түсінікті болу үшін олардың да аты-жөніне қысқаша тоқталып өтелік.

Киелі шаңырақтың тұңғышы Мұратәлі 82 жаста. Дарынды азамат көп жылдар бойы Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде білікті жастарды оқытты. Зайыбы Мәриям екеуі қос перзенттеріне тәлім-тәрбие берді.

Аталған әулеттің көркін келтіріп, ата-анасының мақтанышы болған қыздары Перзада, Гүлзада, Шарзада, Райзадалар да жастайынан білімге құштар болып, еліміздегі беделді жоғары оқу орындарында аянбай еңбек етті.

Райзада әпкеміз бұл күндері Германияда тұрады. Сол мемлекетке танымал қазақтың іскер қыздарының бірі. Туған жерімен әрі бауырларымен байланысын үзген емес. Қазақстанның өсіп, өркендеуіне тілектестігін білдіріп отырады.

ҒЫЛЫМНЫҢ
ҚИЯ ЖОЛЫНДА ЕҢБЕК
ЕТКЕН ҒАЛЫМ

Ата-ана үшін үйдегі балалардың бәрі бірдей. Оларды ешқашан да бөліп жармайды. Дегенмен, әрбір перзенттің өзіне тән қарым-қабілеті, өмірге деген құлшынысы мен қызығушылығы, көзқарасы болатыны ақиқат.

Үлкен әулеттің басшысы Сейдуәлі ақсақал мен шаңырақтың ырыс-берекесін келтірген Гүлжәмила апамыз кішкентайынан сүп-сүйкімді, қағылез ұлдары Иманәлінің келешегінен үлкен үміт күтті. Өйткені, ол сонау мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ білімге өте зерек, жауапкершілігі мол бозбала екендігін көрсетті. Не тапсырсаң да, тиянақты орындайтын.

Осы мақаланы газетке дайындау барысында ағамыздың сыйлас әріптесі, Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің проректоры, ғылым докторы, профессор Мәлік Баймұхамедовке жолығып, тілдескенімізде ол: «Иманәлі ағаның шарапатын көрген адамдардың бірімін. Ол кісінің бойында нағыз парасатты тұлғаларға ауадай қажетті терең ой, өзіндік қайталанбас кемеңгерлік пен зиялылық қасиет бар. Одан тәлім алған жігіттерді еліміздің барлық өңірлерінен көресіз», – деп сыр шертті.

Қарындасы Гүлзаданың айтуы бойынша, кейіпкеріміздің әкесі де адал, адамгершілікті жоғары қоятын, аса сезімтал әрі бауырмал тұлға болыпты. Анасы Гүлжәмиланың да әулетте өзіндік орны бөлек-ті. Сұлулыққа құштар-тын. Суретті талғампаздықпен салатын. Қазақтың ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына өте жетік еді. Ал, ағасы Иманәлі ес білгеннен зерек, мінезі салмақты, ішкі мәдениеті биік, қарындастары мен туған-туысқандарына қамқор, өнегелі әке, сүйікті жар, ардақты ата ретінде дараланады.

Табиғаты көркем қалада қатарластары секілді орта мектепті тәмамдаған соң, табанды да алдына үлкен мақсат қойған Иманәлі Сейдуәліұлы жоғары білім алу үшін сонау Новочеркасск политехникалық институтына студент болып қабылданып, оны 1968 жылы ойдағыдай аяқтады.

Қолына көптен күткен диплом тиісімен көп ойланып жатпастан Шымкент шаһарына келіп, оқытушылық қызметке орналасты. Осындағы бұрынғы Одаққа кеңінен танымал Қазақ химия-технологиялық институтында еңбек жолын бастап, алдымен кіші, содан кейін аға ғылыми қызметкер атанды. Ол алғашқы күннен өзінің адамдарға деген жылы қарым-қатынасы, үлкен мен кішіні қадірлей білетін кішіпейілдігі, өз кәсібіне деген шексіз берілгендігі арқасында ұжымға тез сіңісіп кетті. Аспирантураны ойдағыдай тәмәмдады.

Оның өмірбаянына зер салып отырсақ, орда бұзар отыз жастан кейінгі ғұмырының бірқатар кезеңдері кең байтақ еліміздің өзге өңірлерінде өтіпті. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысалдарға жүгінелік.

Қазақстанда өндіріс орны жетерлік. Мәселен, Павлодар шаһарын кім білмейді. Иманәлі Сейдуәліұлы арнайы жолдамамен аталмыш қаладағы индустриялық институтында бастапқыда аға оқытушы, уақыт өте кафедра меңгерушісі, факультет деканы, оқу орнының партия комитетінің хатшысы секілді жауапты қызметтерді білгірлікпен атқарды.

Жергілікті әріптестері мен зиялы қауым оны уәдеге беріктігі, кісілік қадір-қасиеті, тапсырылған міндетіне деген адалдығы үшін өздеріне үлгі тұтты. Осындағы жылдар білікті ғалым үшін нағыз шыңдалу, қайраткерлік қырларымен танылу, ғылымдағы жетістіктерін дамыту кезеңдері болды деп нық сеніммен айта аламыз.

Ағамызбен аралас, пікірлес болған шақтардан жадымда сақталып қалғаны – ол ешқашан орынсыз мақтанды сүймейді. Бауырмал, қолынан келсе көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын. Мұндай ізгі ниетті азаматтар қайда болса да айналасындағылардың ерекше ілтипатына кенелетіндігі жасырын емес.

Дарынды ғалым әрі әлемге танымал академиктің ғұмырында 1984 жылдың алар орны бөлек дер едік. Өйткені, ол сол кездегі еліміздегі жоғары білім министрлігінің бұйрығымен Қостанай облысындағы Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі орналасқан кеншілер қаласы – Рудный индустриалдық институтының ректоры болып тағайындалды.

Жергілікті қауым есімі елімізге кеңінен танымал тұлғаны құшақ жая қарсы алды. Ол мұнда жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту, профессор-оқытушылар құрамына жағдай жасау, еліміздің ертеңі болып табылатын студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен білім сапасын барынша көтеруге көп көңіл бөлді.

Еліміздегі алып кәсіпорындары мен өндіріс ұжымдарына зәру кадрлар дайындап, институттың атақ-даңқы күллі республикамызға жайылды. Солтүстік өңірдегі жетекші техникалық жоғары оқу орнының бірегейі ретінде баршаның жадында сақталды. Осындағы жас ғалымдар диссертацияларын сәтті қорғап, біліктіліктерін жетілдірді. Ол әрқашан болашағынан үміт күттіретін жігіттерді қанатының астына алып, қамқорлық жасады. Соның нәтижесінде екі ғылым докторы мен алты ғылым кандидатын дайындады.

Оның шәкірттері де еліміздің мақтанышына айналды. Жалпы 15 мамандық бойынша тәлім алған жиырма мыңнан астам инженерлер Қазақстан, сондай-ақ   таяу және алыс шетелдерде жемісті қызмет атқарып жатыр. Сол түлектердің арасында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары да бар.

Өзі де лауазымды қызметін атқара жүріп, ғылыми мақалалар жазуды тоқтатқан жоқ. Қаншама өнертапқыштық авторлық куәлік пен патент алды. Тынымсыз ізденістің арқасында техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық экология академиясының толық мүшесі атанды.

Көрнекті ғалымның талпынысы мен тың ізденістері лайықты бағасын алды. Американың Солтүстік Каролина штатындағы өмірбаяндық институты оны «Жыл адамы – 2000» етіп сайлады. Ал, Кембридждегі Халықаралық орталығы ерекше қызметі үшін орденмен марапаттады.

Осыдан екі жыл бұрын ректор болған шаһардағы мәслихаттың шешімімен көрнекті ғалымға «Рудный қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл да болса, оның іскерлік қасиеттеріне көрсетілген ерекше құрмет.

АДАМ
ҰРПАҒЫМЕН
МЫҢ
ЖАСАЙДЫ

Өзіміз әңгімемізге арқау етіп отырған Иманәлі Сейдуәліұлы зейнеткерлікке шығар алдында облыс орталығындағы академик Зұлқарнай Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде үлкен абыроймен қызмет атқарып, мұнда да өшпес ізін қалдырды.

Қазіргі таңда ол шырайлы Шымкент қаласында тұрады. Замандастары оны өнегелі отбасының бәйтерегі әрі тірегі ретінде өздеріне өнеге етеді. Елу бес жылдан астам бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан зайыбы Зәуре жеңгеміз де оңтүстік өңірінде туып өскен.

Отағасына сенімді серік болған инабатты қазақ қызы педагогикалық институттың түлегі, ұлағатты ұстаз. Білікті оқытушы ретінде жастарды ізгілікке, мейірімділікке, Отанын шексіз сүюге тәрбиеледі.

Ерлі-зайыптылар қос перзенттерін жастайынан еңбекқорлыққа, білімділікке, ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін терең меңгеруге, өз елінің тарихы мен мәдениетін қадірлеп қастерлеуге, ана тілдерін ардақтауға баулыды.

Халықта «Не ексең, соны орасың» деген дана сөз бар. Балаларыңа шыр етіп дүниеге келгеннен бастап берген тәлімің мен көрсеткен үлгі-өнегең жылдар өте өзінің мәуелі жемісін бермей қоймайды.

Иманәлі ағамыз бен Зәуре жеңгеміздің тұңғыштары Нұралы атасы Сейдуәлінің өзіне айтқан мағынасы терең сөздерін зердесіне құйып, көкірегіне тоқыды. Ұлтымыздың барлық құндылықтарын бойына сіңірді. Ол немересінің болашағына нық сенді. Өскенде алтын асықтай ұрпағының ұлтын сүйетін, елжанды азамат атанатынына күмән келтірмеді. Бұл айна қатесіз шындыққа айналды. Орта мектепте тиянақты білім алған алғыр ұл Мәскеу қаласындағы басқару институтын үздік аяқтады. Оны аяқтағаннан кейін бірқатар жауапты қызметтерде өзін жан-жақты көрсетті. Ол қазіргі таңда өз саласында әбден шыңдалған, тәжірибелі кәсіпкер. Оның сүйіп қосылған жан-жары Фируза Шымкент медициналық академиясының түлегі. Білікті фармацевт. Мінезі жайдары, ата-енесін өз әке-шешесіндей құрмет тұтады. Бұл күндері ерлі-зайыптының төрт баласы бар.

Үлкендері Мәулен жоғары білімді логистика маманы. Одан кейінгі Айдана Лондондағы университетті тәмәмдады. Қазір сонда тағылымдамадан өтіп жатыр.  Ал, Айнұр сол елде мектепті аяқтады. Енді жоғары білім алуды армандайды.

Үйдің сүт кенжесі Алидар Қостанай қаласындағы гимназияда оқиды. Ана тіліне жетік. Бұл перзенттері де өзге бауырлары секілді туған жерінің нағыз жанашыр тірегі атанары даусыз.

Имекеңнің сүйікті қызы Айгүл де ата-анасынан жастай ұлағатты тәрбие алғандығын дәлелдеді. Орта мектептен кейін ол да ағасы Нұралы секілді Мәскеу қаласындағы беделді оқу орнында білім алды. Ата-анасының сенімін ақтау үшін аянбай еңбек етіп келеді. Ол бұл күндері Алматы қаласындағы елімізге танымал бір жоғары оқу орнында студенттерге заман талабына сай дәріс береді. Экономика ғылымдарының кандидаты. Күйеуі Руслан кәсіпкер. Екеуі жарасымды жұп. Тұңғыштары Мейірлан шет елде оқыды. Жеке шаңырақ көтерді. Нұржан да білікті маман. Бұл күндері Нью-Йоркте тұрады. Мирас та еңбекқор. Ол Еуропада, Рания Алматыдағы гимназияда білім алып жатыр.

«Әкенің асқар тау екенін босқа айтпайды. Қарындасымыз Айгүл екеуміз әкеміздің алдында мәңгі қарыздармыз. Ол анамызбен бірге біздің жан-жақты маман болып, өнегелі отбасы атануымызға барлық мүмкіндікті жасады. Немерелерінің бойына қазақы дәстүрімізді сіңіріп, зиялылықтың нұрын септі. Олар да негізгі жұмыстары мен оқуларында жоғары нәтиже көрсетіп, ата-әжелерін қуантқанша асығады», – дейді ұлы Нұралы.

Туған елінің мақтаныштарына айналған Иманәлі ағамыз бен Зәуре жеңгеміз қос перзентінен сегіз немере сүйді. Олар Шымкенттегі қара шаңыраққа жиналғанда ерекше шадыман-шаттықты бастан кешеді. Ата мен әже үшін одан артық бақыт бола ма?!

«Құда мың жылдық» деседі. Кейіпкеріміздің бір құдасы Жеңісбек аға да жылдан жылға гүлденіп келе жатқан шырайлы қала Шымкенттің байырғы тұрғыны. Ол да кезінде талай жауапты да лауазымды қызмет атқарған тұлға. Биыл мерейлі 75 жасқа толды.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демей ме?! Көрнекті ғалым, кемеңгер қайраткер Имекең кешегі өзінен дәріс алған әрі шапағаты тиген шәкірттерінің табыстары жайлы жылы лебіз естісе, мерейі өсіп, өмірінің мәнді де мағыналы өтіп келе жатқанына шүкіршілік етеді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here