Ақтөбеде әскери интерндер оқу бітіріп шықты

0
364

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында интернатура бағдарламасы бойынша білім алған әскери дәрігерлерге диплом тапсыру рәсімі салтанатты жағдайда өтті.

Бұл – 2016 жылы әскери ұшқыштар институты базасында құрылған факультеттің екінші шығарылымы. Медицина қызметінің лейтенанттары М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті интернатурасының үлгілік кәсіптік оқу бағдарламасы бойынша Ақтөбе қаласындағы медициналық мекемелерде клиникалық тәжірибе мен оқудан өтті.

Медицина қызметінің 22 жас офицері жалпы практика дәрігері, хирург және терапевт біліктілігі туралы дипломдар мен куәліктер алды. Жақын арада олар Қарулы күштердің медициналық мекемелеріне барады.

– Әскери дәрігер болу – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Пациенттердің өмірі мен денсаулығы үшін күресте сендер дәрігердің этикалық қағидаларына ғана емес, әскери антқа да адал болуларың керек, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов.

Әскери және азаматтық дәрігерлер бағдарламасындағы айырмашылық туралы ЖОО түлегі медицина қызметінің лейтенанты Мақсат Мәмбеталиев айтып берді.

– Негізгі медициналық пәндермен қатар әскери дәрігерлер әскери еңбек физиологиясын, ұшу медицинасын, аквалангты, әскери токсикологияны және басқаларды зерделейді, – деп түсіндірді әскери хирург. 

Ол сондай-ақ өзінің болашақ жоспарларын да бөлісті. Келесі жылы жас маман кардиохирургия саласында мамандану үшін Ұлттық қорғаныс университетінің әскери резидентурасына оқуға түсуге шешім қабылдапты.

Бүгінгі таңда Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты жанында бастауыш академиялық бағдарлама бойынша 38 медициналық курсант білім алуда. Ағымдағы жылы ЖОО 27 адамды оқуға қабылдауға дайын.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here