Алматыда «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

0
3837

1913 жылы Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтар негізін қалаған, 2006 жылы жазушы Қоғабай Сәрсекеев қайта жалғаған «Қазақ» газетіне биыл 110 жыл толғанына көзі қарақты оқырман хабардар. Ата басылым ортамызға қайта оралғанда елімізде заң ғылымдарының негізін қалаған академик Салық Зиманов: «Тәуелсіздік жылдарында Алдан Айымбетов «Казахская правданы» шығарды. Жаңа заманда Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетін қайта жаңғыртты. Бұл – зор елшілдік жұмыс, қазақ баспасөз тарихында үш анық, болашақта зерттелер саяси құжат», – деп жоғары бағасын берген болатын. Газеттің ғасырлық мерейтойында Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Қазіргі қолымыздағы Қоғабай Сәрсекеев қол қойған газет сол», – деп бүгінгі газеттің заңдылығын жалпыға жария еткен еді. Өкініштісі сол, газеттің екінші тынысын ашқан Қоғабай Сәрсекеев те, газеттің қайта шығуына атсалысқан тұлғалар – Гүлнар Дулатова, Салық Зиманов, Хасан Оралтай, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғали, Серік Қирабаевтар да қазір ортамызда жоқ. Дегенмен, «тірі адам тіршілігін жасайды», газеттің екінші тынысын қайта ашқан қайраткерлер өмірден өтсе де, бұл күндері газет жұмысы тоқтап қалмай, өз оқырманымен қауышып келеді. Қазір қолдарыңызға басылымның 1181-ші нөмірін ұстап отырсыздар. Ал, тарихи газеттің 110 жылдығын атап өту бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылыпты. Шүкір, «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған шаралар жер-жерде өткізіліп жатыр. Сондай игі шаралардың бірі жұма күні Алматыда өтті.

ХАЛЫҚТЫҢ
ЖАН-ЖҮРЕГІН СЫЗДАТҚАН
ТАҚЫРЫПТАРДЫ
ЖҰРТПЕН БІРГЕ ТАЛҚЫҒА
САЛҒАН БАСЫЛЫМ

23 маусым күні Достық үйінде Қазақ медиа қауымдастығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

«Қазақ» газетінің тарихы мен қазіргі ұлт баспасөзінің мәселелерін талқылаған жиынды Қазақ медиа қауымдастығы төрағасының орынбасары Өміржан Әбдіхалық ашып, «Алғашқы тәуелсіз әрі ұлттық һәм мемлекетшілдік бағыттағы «Қазақ» газетінің 110 жылдығын атап өту – ұлттық баспасөзге, оның тарихына құрмет және борыш», – деп атап өтті.

Дөңгелек үстел Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің шара қатысушыларына жолдаған құттықтау хатымен басталды.

«Қазақ» газеті жарық көрген күннен бастап ұлттың ең тағдыршешті, өткір мәселелерін қаузады. Халықтың жан-жүрегін сыздатқан өзекті тақырыптарын жұртпен бірге талқыға салды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі ғасырдан аса уақыт бойы қазақ баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналды» делінген құттықтау хатта.

АҚАҢ
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІН
АЛАШТЫҢ
ҮНІНЕ АЙНАЛДЫРДЫ

Алғашқы сөзді «Қазақ» газетінің тарихын бір кісідей зерттеген тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова алып, «Қазақ» газеті өткен ғасырдың басында батыл ой айтқан, жарық өмірге жол сілтеген ұлттық журналистиканың шоғыры биік басылымы болғанын айтты.

«Біріншіден, газет үнемі бақылауда болса да, сол кездің өзінде үкіметтің әміршілдігінен ада болған. Екіншіден, ұлт зиялыларын, қазақтың бас көтерер азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыра алған. Үшіншіден, ұлттық мүдде жолында қызмет етіп, халықтың мұң-мұқтажын көтере білген. Бір сөзбен айтсақ, қазақты қазақ еткен басылым. «Қазақ» газеті жарық көргенде күллі қазақ баласының қуанғаны рас. Мысалы, ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының газеттің шығуына байланысты «Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,/ Ер жетсе, бар қазақтың басшысы бұл» деп басталатын өлеңі жарияланған болатын», – деді Светлана Әдепқызы.

«Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдардағы нөмірлерін төте жазудан қазіргі әліпбиге түсіруге атсалысқан Светлана Смағұлова «Қазақ» газетінің тарихына да қысқаша тоқталып, газеттің алғашқы төрт нөмірі «Қазақ» деген жазумен, бесінші нөмірінен бастап киіз үй салынған суретпен жарық көргенін, аласапыран уақытта адаса бастаған қазаққа бағыт бергенін айтты.

Светлана Әдепқызының айтуынша, «Қазақ» газетінде үш редактор болған, бас редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы, ол іссапарда болғанда газетке Міржақып Дулатұлы, ал 261, 162 нөмірлеріне Жанұзақ Жәнібеков қол қойған.

«Ахмет Байтұрсынұлы газетке бес жылдан астам өмірін қиды. Газеттің мазмұнды болуына барын салды. Қазақтың жан жарасына айналған жер, тіл, дін, оқу сияқты мәселелерді көтерді. Халықты ой-пікірлерге шақырды, олардың тұжырым, пайымдарын сол қалпында жариялауға тырысты. Аласапыран уақытта адаса бастаған қазаққа бағыт берді. Газетті Алаштың үніне айналдырды. Ақаңның «Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген жақсы сөзі бар. Оның «Қазақты» шығарудағы мәнісі де осында», – деп газеттің тұңғыш редакторы туралы ой толғады.

Тарихшы «Қазақтың» шығуына Мұстафа Оразаев көп еңбек сіңіргенін, оның әкесі Ахмет ишан газетті шығаруға қаржылай көмектескенін еске салды.

Светлана Смағұлова Мұхтар Әуезовтің Ахмет Байтұрсынұлының елу жылдығында айтқан пікірін де тілге тиек етті.

«Кезінде Ақаңның елу жылдық мерейтойында Мұхтар Әуезов «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деген. Ахмет Байтұрсынұлының азаттық жолындағы күрес тәсілдерін көтере білуі жиырмасыншы ғасыр басындағы ірі жемісі саналады», – деп ойын қорытындылады Светлана Әдепқызы.

Айта кетейік, биыл «Қазақ» газеті шыққан күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен «Ұлт рухын асқақтатқан басылым» атты республикалық конференцияда Светлана Смағұлова «Қазақ» газеті және ұлт зиялылары» тақырыбында баяндама жасаған болатын. Сол баяндама «Қазақ» газетінің №6 (1161) нөмірінде жарияланды. Оны газеттің сайтынан да оқуға болады.

ҚАЗАҚ
БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ
ҚАЗІРГІ
ЖАҒДАЙЫ ДА СӨЗ БОЛДЫ

Президент сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері, танымал журналист Серік Жанболат ұйымдастырушыларға және «Қазақ» газетінің тарихын баяндаған Светлана Смағұловаға алғыс айтып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Ақпараттық майданда соғыс болып жатыр. Ақпараттық саясатқа бәріміз қатысуымыз керек. Ресейдің ақпарат тасқынынан құтылу үшін там-тұмдап әрекет жасалады. Бірақ, басталған іс соңына жетпейді. Тәуелсіз ақпарат жүйесін құрамыз десек, соған сай саясат жүргізілуі керек. Басқа мемлекеттер заң бойынша ақпарат кеңістігін бөтенге бермейді. Мәселен, сол Ресейде шетелдіктер ақпарат құралының 20 пайыз акциясына ғана ие бола алады. Бізде ше? Ресейдің іргелі басылымдарының қосымшалары елімізде де шығады. Оларда не жарияланып жатыр? Кім қадағалап жатыр? Ақпарат кеңістігін қорғау үшін министрлік қана емес, үкімет те қолға алу керек», – деді Серiк Мейрамбекұлы.

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы филиалының басшысы Думан Анаш қазақ басылымдарының бүгінгі хал-ахуалы жайында біраз түйткілді жеткізді.

«Бүгін жарық көріп жатқан басылымдар – «Қазақ» газетінің мұрагерлері. Қай кезде де мерзімді баспасөз керек. Биыл Ақпараттық доктрина қабылданды. «Масс медиа» туралы заң жобасы қаралып жатыр. Қазір қазақ басылымдарының жағдайы мәз емес. Жазылу мәселесін айтып келеміз. Бағасы сол күйі, алайда баспахана қызметі, жеткізу құны қымбаттап кетті. Бірақ, басылымға жазылу құны өзгерген жоқ. Бұрынғыдай емес, баспасөзге жарнама беру де азайып кетті. Яғни, біз табысқа емес, шығысқа жұмыс істеп келеміз. Заман талабына сай әлеуметтік желідегі арналарымызды дамытуға күш салып жатырмыз», – деп атап өтті Думан Нұрланұлы.

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп қазіргі қазақ журналистикасын тәуелсіз деп айтуға келмейтінін, бәрі қаржыға келіп тірелетінін, тиражы өзін ақтаса, сол кезде ғана газет толық тәуелсіз болатынын, зерттеу жүргізумен айналысатын басылым жоқтың қасы екенін тілге тиек етті.

Жиынға қатысқан «Алатау ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы ақпараттық кеңістікті қорғау қажеттігіне тоқталып, дәстүрлі медиа мен жаңа медианы бір-біріне қарсы қоймай, олардың жұмысын үйлестіруді айтты.

Дөңгелек үстелде «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, Adyrna.kz порталының бас редакторы Арман Әубәкір, «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева қазіргі газет-журналдың жағдайы туралы пікір білдірді.

«ҚАЗАҚТЫҢ»
ТӨТЕ ЖАЗУДАН
ҚАЗІРГІ ӘЛІПБИГЕ ТҮСКЕН
ТОПТАМАЛАРЫ
ЖАРЫҚ КӨРЕТІНІ АЙТЫЛДЫ

Дөңгелек үстел барысында «Қазақтың» шаң басқан архивтерде жатқан түпнұсқаларын отандық және шетелдік архивтерден құмнан алтын іздегендей ашып алып, оны төте жазудан (Байтұрсынұлы әліпбиінен) қазіргі жазу үлгісіне түсірген ғалымдардың еңбегі жалпақ жұртқа жетпей жатқаны, «Қазақ» газетінің 1913, 1914, 1915 жылдардағы топтамасы жарық көргені, қалған 1916, 1917, 1918 жылдардағы топтамасы қаржының жоқтығынан шықпай қалғаны да сөз болды. Осы арада «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы әңгімеге араласты.

«Мамыр айының соңында Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай «Азалы жылдар мен азапты жолдар: тарих сабағы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Сол қасіреттен қасиетке айналған киелі орында болған тарихтан тағылым алар жиында қуғын-сүргін мен ашаршылықты зерттеумен айналысып жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес өзінің «Арыс» баспасы дайындаған «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдардағы топтамасын әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Аққұлы басқаратын «Алаш» ғылыми-зерттеу институты жарыққа шығаратынын сүйіншіледі. Сол үшін Ғарифолла Қабдолқайырұлына алғыс айтамын. Әрине, бұған дейін дайын кітаптардың қаржының жоқтығынан шықпай келгені, жылда мемлекеттік тапсырыспен ондаған кітаптар шығаратын Мәдениет министрлігінің бұған селқос қарағаны өкініш тудырады. Ештен кеш жақсы. Енді ұлтжанды азаматтардың арқасында осы олқылықтың орны толатыны қуантады», – деді Жасұлан Мәуленұлы.

Жиын соңында қатысушылар қазіргі ұлттық баспасөз мәселелері бойынша тұрақты жұмысшы тобын құру, ұлттық баспасөздің салалық, ағымдық мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастыру, қазіргі ұлттық баспасөздің бірігіп көтеруі тиіс мәселелерінде ортақ көзқарас, ұстаным мәселелерін кеңесу, желілік басылымдар мен мерзімді басылымдар арасындағы ынтымақтастықты жандандыру туралы ортақ шешімге келді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Асықпаңдар, артымызда қазы бар, тергеп талай көрлеріміз қазылар» деп көрегендік танытқан Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетінің 110 жылдығы жер-жерде осылай ұлықталып жатқаны қуантады. Бұл да азаттықтың арқасы.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here