Бүгінде елімізде 18 жасқа дейінгі 188 мың мүмкіндігі шектеулі бала бар. Тұтас бір қаланың тұрғындарымен бірдей көрсеткіш. Көкшетау қаласында осыған шамалас халық тұрады. Әрине, жүрек сыздатар сүреңсіз статистика. Өкінішке қарай, жыл сайын бұл статистика нашарлап барады. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын елімізде мұндай балалардың саны 50 мыңнан аспайтын еді. Сонда айналдырған 10 жылда мүмкіндігі шектеулі балалардың қатары 3,5 есеге көбейді.
АУЫЛДАН
БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ
ОРТАЛЫҒЫН
АШҚАН КӘСІПКЕР
«Басқа салса – баспақшыл» деген. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға материалдық қолдау көрсетуге, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз етуге мемлекет те мүдделі. Мұндай балаларды он екі мүшесі сау балалармен тең көретін қоғамның да болғаны керек. Өйткені, бұл бір мемлекетке артып қоятын шаруа емес. Жауапкершілік жүгі екі тарапқа да бірдей.
Бір қуаныштысы, мемлекет қолдауымен мүгедек жандарды әлеуметтендіру мен инклюзивті қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген жекелеген қазақстандықтар да бар. Сондай жанның бірі – Гаухар Базарбаева. Көктемде түркістандық кәсіпкер Қазығұрт ауданында балаларды оңалту орталығын ашты. Емдеу мекемесі «Раян-Ауэр» деп аталады.
Көбіне іскер әйелдер сұлулық салонын, киім сату дүкенін, кофехана немесе мейрамхана ашып жатады. Бұл енді талас тудырмас ақиқат. Сондықтан түркістандық жас келіншектің балаларды оңалту орталығын неліктен ашқаны оқырманды қызықтырса керек. Оған төменде тоқталамыз. Ал, Гаухар Базарбаеваның дәл осындай мекемені құру бұрыннан ойында болған екен. Идеяны іске асыру сәті енді түскен.
ЕРЕКШЕ
БАЛАҒА ЕРЕКШЕ
КҮТІМ
ЖАСАҒАН АНА
Гаухар Базарбаева науқас баланы бағудың қандай болатынын жақсы біледі. Іскер әйелдің тұңғышы ауыр патологиямен жарық дүниеге келген. Дәрігердің туа біткен ақауы бар балалардың тағдыры туралы айтқан қорқынышты пікірі жас ананы жылатты. Дегенмен, сағы сынған жоқ. Тағдырдың соққысына төтеп берді. Баласы үшін бәріне шыдады.
Етек-жеңін жинап, еңсесін тіктеп, ұлымен бірге Алматы, Астана, Ташкент қалаларына аттанды. Содан көңілі жабырқаған ана баласының сауығып кететініне үміт сыйлаған дәрігерге тап болады. Өзбекстан астанасында оның науқас баласына сегіз сағатқа созылған алғашқы ота жасалады. Ота оң нәтиже береді. Сол сәтте бұлт арасынан жылт еткен күннің көзіндей болып үміт сәулесі көрінеді.
Әлбетте, нәтиже өздігінен келмейді ғой. Мұны жақсы білетін Гаухар Базарбаева бар уақытын ұлының денсаулығына арнайды. Тұңғышына 15 жыл ішінде 8 күрделі ота жасалады. Тіндерді трансплантациялауға арналған соңғы отада оның ұлына туған інісі донор болады.
Ауыр сынақтар мен физикалық азаптарға ұшыраған бала қазір жетінші сыныпты аяқтады. Орта мектепте оқиды. Қалыпты өмір сүру ортасына бейімделген. Екінші топтағы мүгедек. Алайда, бұл оған басқалар сияқты болуға, армандау мен үлкен жоспар құруға кедергі келтіре алмайды. Себебі, отбасы оған бала күнінен мүгедек жан ретінде қарамаған. Мүмкін емес нәрсе ананың осындай табандылығының арқасында мүмкін болды.
КІШКЕНТАЙ
НАУҚАСТАРҒА
МЕМЛЕКЕТ
КӨРСЕТКЕН ҮЛКЕН
ҚАМҚОРЛЫҚ
Пенде басына түспей білмейді ғой. Сондықтан Гаухар Рахматуллақызы науқас балаларды бағып отырған аналардың жағдайын жақсы түсінеді. Оңай еместігін бір кісідей біледі. Өзі сияқты аналарға көмек көрсету мақсатында балаларды оңалту орталығын ашуды көздейді. Ұлының беті бері қарағанда жоспарын жүзеге асыруға кіріседі. Мамандығы экономист болғандықтан, өзі есеп-қисапқа жақсы. Бизнес жоспар құрды. Қаржы табудың жолын қарастырды. Қазығұрт ауылының орталық көшесінен бос тұрған екі қабатты балабақша ғимаратын сатып алады. Жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ғимарат ішін жиһаздармен, керек жабдықтармен толтырады.
Гаухар Базарбаева Қазығұрт ауданында психоневрологиялық аурулары бар балаларға қызмет көрсетуге арналған мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға құжат тапсырады. Және оны жеңіп алады. Содан көптен күткен балаларды оңалту орталығын іске қосады. Осылайша, өзінің басты арманын жүзеге асырады.
Кәсіпкер келіншектің айтуынша, ол өткен жылы әлеуметтік такси арқылы мемлекеттік қызмет көрсету тендерін де жеңіп алған. Енді балаларды оңалту орталығының қарамағында екі жүк көлігі мен екі жеңіл көлік бар. Таңертең олар балаларды оңалту орталығына әкеледі, кешке үйлеріне апарып тастайды. Инватакси қызметін аудан орталығының тұрғындары ғана емес, шалғайдағы ауылдардың тұрғындары да қолданады. Күні бойы ерекше балаларды мамандар бақылауда ұстайды. Бір ай бойы мүмкіндігі шектеулі балалар оңалту процедураларын алады. Бұл уақытта аналардың жұмыс істеуге, үй шаруашылығымен айналысуға уақыты болады.
«Раян-Ауэр» оңалту орталығының бір мезетте 18 жасқа дейінгі 54 ерекше баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Қазір орталықта 25 бала емделіп жүр. Олардың диагноздары қорқынышты. Негізінен ми функциясының туа біткен бұзылуымен, церебральды сал ауруымен байланысты. Мұндай балалар өздерін қорғай алмайды. Оларға қамқорлық, ерекше күтім және кешенді емдеу мен оңалту шаралары қажет.
БАРЛЫҚ
ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН
АУЫЛДАҒЫ
ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ
Гаухар Базарбаеваның балаларды оңалту орталығында барлық жағдай жасалған. Бронхит, жүрек аурулары, невроз, демікпе сияқты аурулардан айықтыратын тұзды бөлме де бар. Яғни, тұзды терапия қызметі көрсетіледі.
«Мұнда тыныс алу жүйесі аурулары бар балаларды әкелеміз. Тұз буымен ингаляциялау оларды тазартады, суықтың алдын алады. Сарапшылар бір сеанстың пайдасын теңізде төрт күн болудың әсерімен салыстыруға болатынын айтады», – дейді орталық басшысы.
Бірінші қабатта тренажерлар мен айналары бар спорт залы орналасқан. Онда ерекше балалар арнайы жаттығулармен айналысады. Массаж, невропатологтар мен логопедтер кабинеттері де бар.
Гаухар Рахматуллақызының сөзінше, дәрігерлерге артылған жүктеме тым ауыр. Оларға қойылатын талаптар да өте жоғары. Ерекше балаларды оңалтуда нәтиже болуы керек.
Әрине, ерекше балалармен жұмыс істеу оңай емес. Мұны саналы адам айтпаса да түсінеді. Орталықта ерекше балалар уақытын босқа өткізбейді. Мамандар оларды жүруге, сөйлеуге үйретеді, қоғамға әлеуметтендіреді. Яғни, оңалту орталығының алдында өте қиын міндет тұр. Мұндай жүктеме мен атмосфераға әркім төтеп бере алмайды. Сондықтан бұл жұмыс ерекше баласы бар Гаухар Базарбаева сияқты баланың болашағына бейжай қарамайтын мейірімді жандарға арналғандай көрінеді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Бұрын оңалту орталықтары үлкен қалаларда ғана болатын. Соған байланысты ауылдағы ағайындар ерекше балаларын облыс орталықтарына апаратын. Жолға кететін уақытты айтпағанның өзінде бұған көбінің қалтасы көтермейтін. Содан ерекше балалар ерекше күтімнен қағылатын. Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттің көзқарасы түзу. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Түрлі жәрдемақылардан бөлек оңалту орталықтарында ем қабылдауға, инватакси қызметін пайдалануға мүмкіндік береді. Осы саладағы кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетеді. Осы сөзімізге мемлекеттің қолдауымен ауылдан балаларды оңалту орталығын ашқан Гаухар Базарбаева дәлел бола алады.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ