Жауапкершілік жүгі

0
369

XXI ғасыр қоғамдық даму құндылықтар жүйесіне, адамзаттың дүниетанымдық көзқарасы мен саяси-құқықтық мәдениеті форматына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Өзгеріс пандемия кезінде өршіп кетті. Әсіресе, ол ақпарат саласына солдан да, оңнан да соққы берді. Жаһандық сын-қатерлердің жылжымалы қайығында әлеуметтік дағдарыс пен қоғамдық күйзеліс бетпе-бет қалды. Пандемия пен инфодемия тандемі айналаны жалған ақпараттармен толтырып, халық арасында үрейлі қауіп тудыратын қорқыныш синдромын екті. Қарапайым халық шынайы мен жалған ақпараттарды ажырата алмай, есеңгіреп қалды. Осылайша, ол қауіпсіздік шараларын құра алмай, дәрменсіз күйге түсті. Халық атқарушы биліктің індеттің алдын алу жолындағы іс-шаралары мен нұсқаулықтарын орындауға қабілетсіздік танытты. Оған қарсы тұратын жаңа мүмкіндіктер пен диалог алаңдарын ұйымдастыруда кемшіліктерге орын берілді. Бұл алаңда медициналық журналистиканың әлсіздігі байқалды.

 

Көрінеу жала жабу, адамзатты бір-біріне қарсы қою сын-қатерлерін де қамтып отыр. Оны қалай ауыздықтаймыз?

 

 

Ашық алаңда оппоненті болмаған соң инфодемия ойына келгенін істеді. Инфодемия – пандемиямен еншілес. Осы ағымда фейк ақпараттар көп тарады. Фейк ақпараттың таралуына бірқатар теріс факторлар ықпал етті. Өркениеттердің қақтығысы кезеңінде ерекше турбулентті жағдайда өмір сүріп отырған адамдардың санасында жаңғыруға, қоғамда соны саяси серпілістер жасауға деген ұмтылысқа сына қағылды. Күштің әлеуметтік желіге бағынғанына назар аударылмады. Сол тұста интернет пен әлеуметтік желі бұрынғы вертикальді биліктің орнына жаңа күш – горизонтальді биліктің өмірге белсенді араласып отырғанын дәлелдеп берді. Жаһандық сын-қатер кезеңінде әлем елдері ішкі тұрақтылықпен қатар тату көршілік қарым-қатынастарға, экономикалық, әлеуметтік және диалогке басымдық беруге тырысып бақты. Бүгінде Бостандық аралынан Күн Шығыс еліне дейінгі түрлі-түсті өркениеттер спектрінің саяси жүйесіне бағамдап қарасақ, барлық елдер заманауи тұрғыда бейбіт өмір сүргісі келеді. Осы диалогке әлеуметтік желілер арқылы сына қағып, сын-қатердің контурын сызғысы келетін жағдайлар да байқалды. Осыған қарсы БАҚ арқылы «жақсылық» пен «жамандық» туралы этиканың ескірген қағидасын өзгертуі талап етілді. Талап ету дұрыс еді.

Адам, қоғам, ұлт немесе үкімет туралы айтсақ та, адамның іс-әрекеті басқалардың мүдделері мен құқықтарын бұзбауы тиіс. Адамгершілік пен әділеттілік туралы дәстүрлі шығыстық холизм теориясы жеке адамдардың өмірін елемейді, олар туралы утилитаризмнің батыстық теориясына жүгіне отырып, оған тосқауыл қоюға тырысады. Осылайша, үйлесімді қоғамның құлшынысына сын-қатерлер келтіруге ұмтылады.

Демократиялық саяси құрылыстың жаңа жүйесінің қалыптасуы жағдайында әлемді танып білуге деген үлкен қызығушылықтың бар екені белгілі. Сондықтан бүгінгі жаһандану жағдайындағы әлем аренасында қым-қуыт қайшылықтар мен шиеленістерге, мағынасыз ерегестерге, саяси өзгерістер мен жаңартуларға куә болып отырмыз. Жаһандану процесінің адамзатқа мол мүмкіндіктер беруімен қатар, оның орасан зор жапа шектіріп отырғанын айтуымыз керек. Қазіргі ақпараттық қоғам жаңа технологиялар енгізу арқылы адам өмірін жеңілдетіп, адами капитал мен құндылықтарды арттырып, игілік пен қарым-қатынасқа қол жеткізіп отырғанымен, жалпы әлемдік қауіп-қатердің зардаптарынан арылта алмай отыр.

Қазір адамзат алдында тұрған міндеттер өте ауқымды. Ол тек демократиялық салада ғана емес, ол климаттың өзгеруі мен азық-түлік қауіпсіздігін қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздік, алдау мен арбау, көрінеу жала жабу, адамзатты бір-біріне қарсы қою сын-қатерлерін де қамтып отыр. Оны қалай ауыздықтаймыз?

Былтыр жыл соңында Астана қаласында өткен бірінші Орталық Азия медиа форумы БАҚ саласының міндеттері мен проблемаларын талқылауымен есте қалды. Форум аясында медиа мамандар мен сарапшылар медиа саласын дамытудың өзекті мәселелерін сөз етіп, Орталық Азияда ортақ медиакеңістік құру идеясын өмірге алып келді. Форумға қатысушылар өңірлік бірегейлік, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы таным-білім трансформациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелерді ортаға тастады. Бұл – қауіптің алдын алудағы өте пайдалы шара болды.

 

 

Бүгінгі таңда еліміз цифрландыруда үлкен прогресске жетіп, Орталық Азияда алдыңғы көрсеткішке жетіп отыр. Интернетке қосылудың салыстырмалы түрде төмен құны және цифрлық сауаттылықтың жоғарылауы негізгі факторға айналуда. Өткенде елімізде осыған жауап ретінде «Креативті индустрия – әлеуметтік трансформацияның элементі» тақырыбында форум өтті. Форумда Орталық Азияның креативті индустрияны дамытудың үлкен әлеуеті бар екені жан-жақты сөз болды. Статистикаға назар аударсақ, креативті индустрия әлемдік экономиканың жедел дамып келе жатқан бөлігі ретінде айқындалып отыр. Бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар табыс әкеледі екен. Креативті индустрияның әлемдік экспорты – орта есеппен 250 млрд долларға жетіп жығылған. ЮНЕСКО болжамы бойынша, креативті индустрия секторы орта мерзімді перспективада әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін қарқын алу мүмкіндігі байқалады. Орталық Азияның креативті индустрияны дамыту үшін үлкен әлеуеті бар. Соңғы жылдары өңір елдерінің үкіметтері креативті индустрияны дамытуға ден қоюда. Әлеуметтік желі алдағы уақытта осы компанияның қызметін сын-қатерлерден қорғайды деп болжанып отыр. Демек, нақты жұмыстар жүргізілуде.

Саясат дипломатиясында кез келген мемлекет екінші бір мемлекеттің территориялық тұтастығын, ішкі бірлігін құрметтеуге негізделген. Адамзат тарихы алғаш рет хатқа түскеннен бергі кезеңге көз жүгіртсек, мыңдаған жыл ішінде, яғни бес жарым мың жыл ішінде адам баласы 292 жыл ғана тыныштықта өмір сүріпті. Бұл ойланатын-ақ мәселе.

Үрей қауіпсіздігімізге бейқам болмауға үндейді. Айтылуы керек, ХXI ғасырдың ең өзекті мәселесінің бірі соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу болып табылады. Осыны ұран етіп көтерген ғасырлық тарихы бар «Қазақ» газеті халқымыздың рухани санасына реформа жасап, «баспасөз», «қалам қайраткері» ұғымдарын қоғамның бет-бейнесі етіп алып келді. Үнжария шын мәнінде жалпыұлттық деңгейге көтеріліп, зиялы ортадан бастап, азғантай сауаты бар қарапайым адамдарға дейінгі тұтас қоғамның мінберіне айналды.

Ұлттың болашақ мұраты үшін «Қазақ» газетін сонау Татарстаннан түйеге теңдеп, одан отарбаға артып әкелген басылым кейін ұлттық газеттің қажетіне жарады. Ол мұқым қазаққа қызмет етті. Осылайша, бойына аттың қомы мен атанның иісін сіңдірген газет төңкеріс дәуірінің дауылпазына айналды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін жаңа тұрпатты идеялық мінберге айналдырды. Қазақ газеттерінің алғашқы локомотивіне айналған оған елімізде бір ескерткіш орнатса дұрыс болар еді. Жалпы, от-жалыннан өткен алғашқы үнжариялар «Айқап», «Қазақ», «Ұшқын» сияқты басылымдарға арнап, біртұтас ескерткіш орнатылуы керек-ақ. Егер осы бастама қолға алынса, ғасырдан астам уақыт ұлттың атын өшірмей алып келе жатқан «Қазақ» газетіне орнатылғаны абзал болар еді. Мұның өзі қазақ газеттерінің қауіпсіздігіндей болар еді!? Біз мұны сөз арасында ұсыныс ретінде айттық.

Биыл Алматыда қазақстандық медиа нарықты дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы дәстүр бойынша Media құрылтай өтті. Аталмыш іс-шара «Сыртқы қауіптер мен ішкі қатерлер дәуіріндегі медиа» тақырыбында өрбіді. Тақырып өте ауқымды. Осымен 14-ші мәрте өткізіліп отырған жиында саладағы ең өзекті мәселелер ашық және шынайы талқыланды. Өткен Media құрылтайдан бері еліміздің өмірінде орасан зор оқиғалар орын алды. Бұл оқиғалар Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі мен сырттан ықпал ету тұрғысынан келгенде оның әлсіз екенін көрсетіп берді.

Құрылтайға қатысушылар «Сайлаудың ақпараттық бейнесі. Негізгі трендтер», «Жалған ақпараттың Қазақстан қоғамына әсері», «Дәстүрлі БАҚ: контент арқылы аман қалу немесе даму» және т.б. тақырыптарды қозғады. Онда БАҚ туралы заңнамадағы өзгерістерді, медиадағы тәуелсіз жобаларды дамытуды және олардың нарыққа әсерін, Telegram-ның қазақ тілді сегментінің дамуы мен әлеуетін, сондай-ақ Қазақстандағы қаржы журналистикасын дамыту және оның қоғамдық пікірге әсерін талқылады. Мәселе өте өзекті. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті тұжырымдар жасалды.

XXI ғасыр – ақпараттар заманы. Жаңа технологиялардың арқасында ғаламтор мен әлеуметтік желілерде әрбір секунд сайын миллиондаған талғамсыз ақпараттар тарап жатыр. Ғалымдардың зерттеуінше, тұтынушылар XVII ғасырдағы жинаған ақпаратты қазір бір айда алады. Бүгінгі таңда ғаламда өмір сүретін 8 млрд халықтың 4,9 миллиарды, яғни 61 пайызы әлеуметтік желіні тұтынатын көрінеді. Бұл ақпараттар қазанының үзіліссіз қайнап тұрғанын көрсетеді. Демек, оның арасынан шыны қайсы, өтірігі қайсы оны енді айыра бер. Калифорния университеті ғалымдарының зерттеуіне үңілсек, бір адам бір күнде 100-500 сөз бен 34 гигабайт аудиовизуалды ақпаратты өзіне қабылдайды екен. 2022 жылы ғаламторды 5,1 млрд адам қолданған, соның ішінде 4,5 млрд адам ұялы телефон арқылы интернетке кірген. Онда не жоқ дерсің, жақында Instagram желісінде қаруды жарнамалаған хабар шықты. Міне, қауіпсіздігімізге төнер қауіп деп осыны айтуға болады.

Бүгінгі таңда ақпаратсыз әлемді елестете алмаймыз. Құлқын сәріден көзімізді аша салысымен телефонға үңілеміз. Әлем елдеріндегі жаңалықтарға алғашқы болып үңілеміз. Бұл ретте таңдау жоқ. Ақпараттық порталдар да сан түрлі. Одан өзіңізге ұнайтын ақпараттарды оқи аласыз. Олардың арасында фейк пен арандатушылыққа жетелейтін ақпараттар да бар. Ал, ол ақпараттардың мазмұнына назар аудармаймыз. Осылайша, оны екінші, үшінші қолданушыларға таратамыз. Мұндайда жарияланатын ақпараттардың объективті, шынайы болуына, оның екінші тұлғаға сауатты жеткізілуіне баса назар аудармаймыз. Оның қауіптігіне де бас ауыртпаймыз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің осы мәселеге ерекше назар аударуын құптаймыз.

 

 

 

Бүгінде интернеттің қызмет көрсету аясы кеңейген сайын киберқылмыс дәуірі белең алып барады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сенсек, 2022 жылы телефон және интернет алаяқтары қарапайым халықты 15 млрд теңгеге алдап соққан. 2023 жылдың бес айында түрлі айла-шарғымен 3 мыңнан астам алаяқтық қылмыс орын алған. Өткен жылы интернет алаяқтардан 36 мыңнан астам адам зардап шеккен. Осы мезгіл аралығында құқық қорғау органдарына 3,4 мың адамнан арыз-шағым түскен.

Бүгінде балалар контенті де дамып отыр. Әлеуметтік желілерде құқық пен ар-намысты аяққа таптайтын, заңды мүдделерін ескермейтін материалдар қаптап кеткен. Блогерлер мен желі колданушылары медиа этика ережелерін сақтауы үшін не істеу керек? Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру максатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Медиа этикасы мен балалар құқықтарын қорғау» тақырыбындағы дөнгелек үстелде осы өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңесте әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейтуді, отбасы құндылықтарын насихаттауға баса назар аударуды тапсырған болатын. Бүгінде бала құқығын қорғау мәселесі өте өзекті. Әсіресе, ақпарат құралдарында бала құқығының сақталуына ерекше мән беруге тиіспіз», деді министр Дархан Қыдырәлі. «Өкінішке қарай, ақпарат құралдарында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және суицид туралы материалдардың таралуына жиі жол беріледі. Бұл – этикалық қағидаларды ғана емес, заң талаптарын да бұзу. Өйткені «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес, адамның жеке және биометриялық деректерін, оның ішінде оның ата-анасы, зардап шеккен бала туралы ақпаратты таратуға тыйым салынады. Біз мұны ұдайы естен шығармауымыз керек», деген болатын министр.

БАҚ-тың балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ықпалына зерттеу жүргізу, осы бағытта семинар, тренингтер ұйымдастыру, журналистер үшін балаларға қатысты фактілерді жария етуге қатысты халықаралық құжаттар ережелері мен қалыптасқан тәжірибеге негізделген нұсқаулықтар әзірлеу, медиа-кеңістікте бала құқын қорғауға бағытталған гранттар қарастыру да ұсынымға енгізілді.

Елімізде масс-медиа қарқынды дамып, жаһандық үдерістермен қатар жүріп жатыр. Сондықтан отандық БАҚ-тың даму бағытын айқындап, Тұжырымдама жасау күн тәртібінен туындап отырған қажеттілік.

Ақпарат – идеялар ағыны. Сәт сайын Қазақстанның ақпарат нарығында үлкен өзгерістер болып жатыр, оны жоққа шығаруға әсте болмайды. Қазіргі кезде ақпарат қоғамға әсер ететін үлкен күшке айналды. Бүгінде уақыт талабына сай тың идея мен тұжырым керек. Бұл ретте, ақпараттық доктринаның бекітілуі еліміздің медиа саласына тың өзгерістер әкеледі деп сенемін. XXI ғасырдағы ақпараттық дәуірдегі, интернет заманындағы техногендік, технологиялық қауіптерге дайын болатын жаңа мүмкіндіктер мен кәсіби мамандарды даярлау маңызды. Елімізде ақпараттық доктринадан бөлек, БАҚ туралы қабылданатын заңда осының бәрі ескерілуі тиіс.

Медиа саласының қоғамдағы рөлі аса маңызды. Әлемдегі соңғы тенденцияларға сай ақпараттық соғыста кім жеңе алады, жеңіс те, ықпал ету аймағы да, соның еншісінде болмақ. Бүгінде әлемде «Гибридтік соғыс» деген жаңа термин пайда болды. Егер ескеретін болсақ, біздің ақпаратымыз өзіміздің нарығымызды түгелдей қамтамасыз ете алатын нарық болуы керек. Сол себепті ақпараттық кеңістігімізді нығайтамыз десек, біріншіден, отандық ақпарат көздерінен өз нарығымыз бен ішкі сұранысты түгелдей қамтамасыз ету қажеттігі сұралады.

Өз болмысымен ақпарат таратушыларды этика, сөз жауапкершілігі жағынан салыстыруға әсте болмайды. Әлеуметтік желілер, дәстүрлі медианың, интернет-БАҚ-тың артта қалуы, көкейкестілігінің азаюы нәтижесінде бүгінде киберқауіпсіздік мәселесіне келгенде көптеген мәселеге келіп тірелетініміз туралы жоғарыда айттық. Оған мысал ретінде фейк ақпараттардың көптеп таралуын, ақпараттық шабуылдардың үдеуін айтуға болады. Осының барлығына төтеп беру үшін бізге нақты бағыт-бағдар қажет. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша өткен жылы интернетте жалған ақпарат таратушылардың саны 5,5 мыңнан асып кетіпті. Бұл – нағыз қоғамды іштен ірітуге қабілетті күш деп санағанымыз абзал.

Мемлекет басшысы күні кеше Түркістанда өткен Екінші Құрылтайда жалған ақпараттардың қоғам өміріне қауіп төндіріп отырғанын атап өтіп, оған жол бермеуге болмайтынын ескертті.

Әлемде әлеуметтік желілердің ең ауқымды платформасы Facebook екені белгілі. Оған әлемнің үштен бір бөлігі тіркелген. Платформа бұған дейін желі қолданушылардың жеке деректерін жариялағаны үшін оңбай сынға алынған болатын. Бірақ ол соған қарамастан бұрынғы тәжірибесін жалғастырып отыр.

Подкаст тыңдаушылар смартфонды көбірек қолданады және Apple podcast пен Google podcasts қосымшалары басқаларына қарағанда тегеурінді. Подкасты басқа медиамен салыстырғанда жиі тыңдайтындар ішінде «Теледидар көргеннен гөрі, подкасты жиірек тыңдаймын» дегендер – 36, «Кино мен сериал көргеннен гөрі, подкасты жиірек тыңдаймын деушілердің 22 пайыз болуы аудио өнім тұтынушылардың саны өсіп отырғанын жатқанын көрсетеді. Ақпараттық саясат бірнеше мәселені қамтуға тиіс. Біріншісі, жеке мәліметтерді қорғау, екіншісі, әлеуметтік желілердегі өшпенділік пен тіл мәселесі. Ол көбіне еліміздегі ұлтаралық кикілжіңнің кесірінен ушығып кетіп жатады. Үшіншісі, отандық ақпараттық кеңестіктің әлемдік ақпараттық кеңістікпен сәйкес дамуының бағыт-бағдары. Бүгінде Украина мен Ресей арасындағы соғыс кезінде ақпараттық соғыс өте аяусыз жүріп жатыр. Мұндай кейстер өте көп. Түркиядағы зілзала кезінде фейк ақпараттар да көп тарады. Қаңтар оқиғасы кезінде де фейк ақпараттарға жол берілді. «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген сияқты, жалған ақпараттардың өзі адам арасын салқындатып қана қоймай, белгілі бір дүниеде мемлекеттердің де арасына от салуға айналып барады. Сондықтан дәл қазір ақпарат ағыны үдеп тұрған кезеңде бізге өте сақ болып, кез келген ақпаратқа күмәнмен қарауға үндейді. Бұл жерде еріксіз сұрақ туындайды: миллиондаған адамдар өтірікке неге сенеді деген?

 

Орыстың көрнекті философы Петр Чаадаев: «Ауру жұқпалы, ал денсаулық жұқпалы емес, ол қателік пен шындықпен бірдей қатынаста. Сондықтан қателік тез таралады, ал шындық өте баяу қозғалады», дейді. Осындайда тағы мынадай еріксіз сұрақ туындайды. Адасу неліктен жұқпалы? Шындығына сайсақ, ол жұқпалы ма? Біз осы сұрақтарға биік талғаммен жауап беруге тырысуымыз керек. Оның пиғылы туралы қажетсіз леп белгілерінсіз байыппен түсіндіріп, жауап беруге күш салғанымыз абзал. Бұл жерде эмоциялардың жасырынып қалуы ақпаратты алмастыра алмайды. Оған үн қатысушылар қоғамның сол тұстағы портретін бұрмаламай қабылдауға тырысып, әлеуметтік және психологиялық алғышарттарды түсінуге басымдық бергені жөн. Сонда ғана сөзіміз нанымды болады.

Ермек Жұмахметұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here