Үкімет биыл әлеуметтік блокқа 8,5 трлн теңге бөлді. Бұл 2023 жылға арналған жалпы бюджет шығыстарының 37,5 пайызын құрайды. Барыс жылының соңында қоян жылына 8 трлн теңге қарастырылған еді, бірақ шығындар артып, тағы 500 млрд теңге бөлуге тура келді. Бюджет қаражатын алушылардың қатарында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің еңбекақысын және колледж студенттерінің шәкіртақы мөлшерін арттыру, әлеуметтік төлемдерді, мүгедектік бойынша жәрдемақыларды арттыру, денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту сияқты жобалар бар. Ал, мемлекеттің әлеуметтік шығындары жылдан жылға артып келеді. Содан бұл қоғамда тәуелділікті тудырмай ма деген заңды сұрақ туындайды. Бір ғана мысал, бір жылдары атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ерлі-зайыптылардың жаппай ажырасқандарын да көрдік.
ӘЛЕУМЕТТІК
ШЫҒЫСТАР
НЕГЕ ЖЫЛ САЙЫН
АРТЫП КЕЛЕДІ?
2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалған шығыстары 3,3 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10,2%-ға артық. Ал, жергілікті бюджеттердің әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстары бір жылда 12,6%-ға немесе 326,1 млрд теңгеге көбейген.
Өңірлік бөліністе Түркістан облысының бюджеті әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға ең көп шығын жұмсаған болып шықты. Бұған 36,7 млрд теңге бағытталды. Өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға артық қаржы жұмсалды. Бұдан кейінгі орындарда Алматы (28 млрд теңге) мен Шығыс Қазақстан облыстары (24,9 млрд теңге) тұр. Ұлытау, Абай және Атырау облыстарының жергілікті бюджеттері ең аз шығынды көрсетті. Әрине, мұндай деректерді келтіргенде өңірдегі халық санын да ескермесе болмайды. Мысалы, әлеуметтік салаға көп қаржы бағыттаған Түркістан облысында 2,1 млн халық тұрады, ал бұл салаға аз шығындалған Ұлытау облысының халық саны 221 мың адамды құрайды.
Әлеуметтік саладағы шығыстардың артуына жыл сайын өсетін зейнетақы мен жәрдемақылар да себеп болады. Мысалға зейнетақыны алайық. Биыл зейнетақының ең төменгі мөлшері 77 417 теңгені құрады. Бұл 2022 жылы – 60 000 теңге, 2021 жылы – 42 500 теңге еді. Екі жылда зейнетақының ең төменгі мөлшері 34 917 теңгеге артқан. Яғни, елімізде 2,3 млн зейнеткер барын ескерсек, бір зейнетақы жүйесіндегі шығындардың қалай артқанына көз жеткіземіз. Бұған атаулы әлеуметтік көмек пен түрлі жәрдемақыларды қосыңыз.
ӘЛЕУМЕТТІК
КОДЕКС
ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТЫ
РЕТТЕЙ МЕ?
Сенат наурыз айының ортасында Әлеуметтік кодексті қабылдады. Аталмыш құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында қол қойды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құжатты қолданысқа енгізу арқылы әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыруды көздейді.
Халықтың осал топтарын қамтамасыз ету – Үкімет үшін бірінші кезектегі міндет болып қала береді. Халықаралық валюта қорының экономистері мемлекеттің әлеуметтік шығындарына үш бапты кіргізеді. Олар: әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру шығындары. Осы әдістеме бойынша есептеулер республикалық бюджеттің жоғары әлеуметтік жүктемесін көрсетеді.
Соңғы бес жылда тұрақты өсіп келе жатқан әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру бағыты бойынша шығыстар 7%-ға өсіп, абсолютті мәнде 4,6 трлн теңгеге жетті. Бұл соманың барлығы дерлік, яғни 99,4%-ы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге арналған. Айта кету керек, 2,4 трлн теңгеге жуық қаржының көзі республикалық бюджеттен, ал 2,2 трлн теңгесі Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт есебінен бөлінеді.
Зейнетақы мен өзге де төлемдердің артуы – Қазақстан халқын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуде маңызды, десе де жалғыз шарасы емес. Үкімет басшысының орынбасары қызметін қоса атқарып жүрген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ақпан айында сенаторларға Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстырған болатын. Министрлер кабинеті кодекс әлеуметтік саясатты қайта құруға мүмкіндік беретінін алға тартуда.
Тамара Босымбекқызы құжатты таныстыра отырып, оның бес негізгі бөліміне баса назар аударды.
Бірінші бөлім – бұл мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылатын отбасының цифрлық картасы (ОЦК). Оны енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осылайша, ОЦК әлеуметтік төлемдерді әділ бөлуге негіз болады.
Екінші бөлім – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бойынша мақсатты шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті қарастырады. Бұл ретте, Әлеуметтік кодексте балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары қарастырылады:
- бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жылға дейін ұзарту (500 мыңнан астам ананы қамтиды);
- Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ын қайта бөлу есебінен қалыптастырылатын 18 жасқа дейінгі балалар үшін бастапқы капиталды енгізу (6 млн-нан астам баланы қамтиды);
- алтыдан көп баласы бар әйелдерге марапатталған ана мәртебесін беру және оларға төленетін жәрдемақы көлемін арттыру (250 мыңнан астам ананы қамтиды).
Үшінші бөлім – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау. Оның негізгі мақсаты – мүгедектер үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру. Мүгедек адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту жоспарланған. Туыстары тиісті сыйақысы мен әлеуметтік аударымдары бар жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде тіркеле алады.
Төртінші бөлім – жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін көтеру. Бұл мақсатқа жету үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне бірыңғай міндетті төлемді енгізу, онлайн-платформаларды пайдалана отырып, жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы салық режимін енгізу, өз қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету жоспарланған.
Бесінші бөлім – жұмыспен қамту саласындағы жаңа көзқарастарды қалыптастыру. Икемді жұмыспен қамтудың барлық нысандарын, соның ішінде платформалық жұмыспен қамтуды тану жоспарлануда. Сондықтан жобада «дербес қызметкер» ұғымы енгізілді. Бұл өзіне табыс әкелетін, бірақ ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ еңбек қызметімен айналысатын тұлға. Олар үшін енгізіліп жатқан арнаулы салық режиміне сәйкес міндетті салық төлемдері мен әлеуметтік аударымдарды төлеуді қамтамасыз ететін салық агенттері ретінде онлайн-платформа операторларын белгілеу ұсынылады. Бұл жағдайда жұмыспен қамтылғандардың осы санаты, жалдамалы қызметкерлер сияқты республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қорлардан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алады.
Әлеуметтік кодексте республикалық бюджеттен бөлінетін әлеуметтік көмектің қалай берілетіні нақты көрсетілген. Мысалы, кодекстің төртінші бөлімінде жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін көтеру мәселесі айтылған. Ол тек әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға ғана емес, алдымен формальды жұмыспен қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында заңды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталмақ. Демек, мемлекет тарапынан берілетін әрбір әлеуметтік көмектің нақты мақсаты, ал бюджеттік шығындардың өз есебі бар.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мемлекет жыл сайын әлеуметтік салаға басымдық беріп келеді. Оған жоғарыда бөлінген триллиондар дәлел. Әйтсе де, «бұл адамдарды әлеуметтік көмекке тәуелді етіп қоймай ма» деген бір сұрақтың ұшын шығарады. Бүгінде оңай келетін табысқа қол созатындар саны артқаны белгілі. Бұл бірте-бірте масылдық психологияға алып келеді. Тәуелді көңіл күймен күресу тек заңнамалық деңгейде ғана емес, бейресми, ақпараттық өрістерде де жүруі қажет. Осыған байланысты былтыр Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында бұл мәселені көтеріп, ұлтты біріктіретін басты сапа – еңбекқорлық деген пікірімен бөлісті. «Жалпы, отбасын асырау үшін көп жұмыс істейтін, заңға бағынатын адамдарды құрметтеу керек. Өкінішке қарай, біздің заманымыздың кейіпкерлері – көшедегі бұзақылар, жауапсыз блогерлер мен тәуелді ойлы айғайшылар. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері оларға ғана мән бере бастады. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер тек олардың талаптарын орындауға асығады. Орталықтағы және жергілікті билік барлық азаматтардың қажеттіліктерін бірдей тыңдауы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мұндай идеялар халыққа белсенді түрде жеткізіліп, азаматтардың санасында берік орнығуы керек. Бұл Үкіметтің де, мемлекеттік органдардың да, қоғамдық ұйымдардың да, жалпы қазақстандықтардың да міндеті. Өйткені, халық та (бұл жерде әңгіме зейнеткерлер мен мүгедектер туралы емес) бір жәрдемақыға қарап отырудан гөрі жұмыс істеу тиімдірек екенін түсінуі керек.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ