Суицид синдромы: Министрлер кабинеті жастар арасындағы суицидті қалай азайтпақ?

0
2565

Таяуда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлемдегі суицид деңгейі ең жоғары елдердің тізімін жариялады. Көш басында Африканың оңтүстігінде орналасқан Лесото тұр. Жер көлемі біздің бір ауданмен шамалас елде жүз мың адамға шаққанда суицидтің 72,4 жағдайы тіркеледі. Халқы 2 млн адамнан аспайтын шағын мемлекет үшін бұл жан түршіктірерлік дерек. Өкінішке қарай, еліміз өз-өзіне қол жұмсау бойынша әлемде 19-орында, ал Орталық Азия елдері арасында топ бастап тұр. Өткен жылы жүз мың адамға шаққанда суицидтің 17,6 жағдайы тіркелгені алаңдатады.

СУИЦИД ТҮРЛЕРІ

Өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің бірнеше түрі белгілі. Бірінші түрі – демонстративті суицид. Ол көбінесе қысқа мерзімді, өздігінен, кенеттен басталған қарқынды әсер ету күйімен жасалады. Бұл адамның есін білмейтін немесе жартылай сау кезінде болатын эмоционалдық күйі. Сондай-ақ, бұл әрекет адам өз өмірін аяқтау үшін емес, басқалардың назарын өз тұлғасына аудару ниетін басшылыққа ала отырып, суицидке барған кезде болады. Бұл жағдайды, әдетте, қоғамға өзін таныту немесе одан қажетті пайда алу әрекеті деуге келеді. Демонстративті суицид – бопсалаудың бір түрі.

Өз-өзіне қол салудың екінші түрі – нағыз суицид. Бұл демонстрациялық парасуицидке мүлдем қарама-қайшы. Нағыз суицид жеке адамның өз өмірін саналы түрде аяқтау, алдын ала дайындық жасау және нақты жоспар құру туралы сөзсіз шешімінің нәтижесі. Өз-өзіне қол жұмсаудың бұл түрінің мақсаты – адамның жер бетінде өз тіршілігін кез келген жолмен және кез келген тәсілмен тоқтату. Бұл жағдайда субъект өзінің шешімін ғана басшылыққа алады, туыстарының пікірін тыңдамайды және олардың реакцияларына назар аудармайды. Кейбір жағдайларда өз-өзіне қол жұмсау туралы шешімді адам өз бетінше қабылдамай, оған кез келген сыртқы қысым әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, нағыз суицидтерге өлімді адам өз бетімен емес, басқа адамдардың көмегімен жүзеге асырған жағдайлар да кіреді. Алайда, суицид жасаушы қандай тәсілмен болса да өмірді аяқтауды қалайды.

Үшінші түрі – жанама суицид. Адамдар бұл жағдайда суицидтік мінез-құлықты саналы түрде таңдайды. Бұл дереу өлімге әкелмейтін мінез-құлық үлгісі, алайда субъектінің барлық әрекеттері өлімнің жоғары ықтималдығымен бірге жүреді. Жасырын суицидті адамда болатын алкоголизм немесе нашақорлық сынды тәуелділікпен байланыстыруға болады. Суицидтің жанама түрі – егер субъект ауыр науқасқа шалдыққан болса, медициналық көмектен саналы түрде бас тарту. Суицидтік әрекеттердің жасырын түрлеріне қауіпті көлік жүргізу, жол қозғалысы ережелерін қасақана елемеу және қауіпсіздік шараларын демонстративті түрде елемеу кіреді. Бұған тиісті дайындықсыз және қажетті құрал-жабдық болмаған кездегі экстремалды спорт түрлерін, сондай-ақ өлімге әкелетін ойын-сауықтарға қатысуды жатқызуға болады.

СУИЦИДТІҢ
СЕБЕПТЕРІ МЕН ҚАУІП
ФАКТОРЛАРЫ

Адамның суицидтік мінез-құлқын қалыптастырудың негізгі қолайсыз факторының бірі – бала кездегі тәрбие. Баланың тұлға болып жетілуіндегі кезең аса маңызды. Егер отбасында бала қатаң тәрбиемен немесе керісінше толық еркіндікте өсетін болса, оның психологиясында ауытқушылықтар пайда болады. Балалық шағында адамның қажеттіліктері ескерілмегенде, оның құқықтары бұзылып, қадір-қасиеті төмендегенде немесе кішкентай адам үнемі құрдастарының қорқытуына ұшыраған кезде, ата-анасының сүйіспеншілігіне бөленбесе, бұл проблемалық өсудің айқын көрінісі. Бұл жағдайда психикасында ақаулығы бар тұлға қалыптасады. Осылайша, кез келген фактор – сыртқы немесе ішкі, қарқынды және стихиялы түрде пайда болған немесе ұзақ уақыт жұмыс істейтін факторлар жеке адамда суицидтік мінез-құлықтың дамуына себеп болуы мүмкін.

Өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің негізгі себептерінің ішінде мынадай отбасылық факторлар жиі кездеседі: отбасында түсінбеушілік, туыстармен жанжал, жұбайының азғын әдеттері, жақын адамының опасыздығы, балалармен проблемалар, жұбайының немқұрайлылығы, жақын туысының қайтыс болуы және басқалар.

Өз-өзіне қол жұмсаудың тағы да бірқатар себебі сәтсіз махаббат, жыныстық немесе физикалық зорлық-зомбылық, құрдастар тарапынан үнемі қорқыту болуы мүмкін. Оқудағы және шығармашылық жобалардағы сәтсіздіктер, кәсіби саладағы қиындықтар да адамды суицидке итермелеуі ықтимал.

Суицидтік мінез-құлықтың негізгі себебі – жалғыздық сезімі. Әлеуметтік оқшаулану, қоғамнан мәжбүрлі түрде шеттету, қоғаммен толыққанды байланыстардың болмауы адамның суицид туралы ойлауына себеп болады.

Суицидке қаржылық мәселелер де себеп: кәсіпорынның банкротқа ұшырауы, жұмыссыз қалуы, жұмыс таба алмау, қиын несиелік міндеттемелер, табыс көзінен айырылу. Әлеуметтік мәртебенің кенет өзгеруі, қоғамдағы беделін жоғалту адамды тұңғиықтың түбіне батырады. Әсіресе, жұмыссыздардың өз-өзіне қол жұмсау қаупі жоғары.

Көбінесе өз-өзіне қол жұмсаудың себебі – жақын араласатын ортаның әдепсіз әрекеттері. Мысалы, адамның интимдік сырларын ашу. Жеке тұлғаға жала жабу, оның қадір-қасиетін жүйелі түрде қорлау өз-өзіне қол жұмсау туралы шешім қабылдауға әкелуі мүмкін.

Ауыр соматикалық ауру, әсіресе қарқынды ауырсыну синдромы бар емделмейтін онкологиялық аурулар өмірден өз еркімен кетуге себеп болып жатады. Суицидтік әрекеттердің себебі – соңғы хирургиялық оталар. Туа біткен немесе жүре пайда болған кемістігі бар адамдар, мүгедектер арбасына таңылған және жазылу мүмкіндігі жоқ жандар өз-өзіне қол жұмсауға бейім. Көбінесе өзін-өзі өлтіруге мотивация созылмалы ауырсынуды бастан кешіретін адамдарда анықталады.

Суицидтік мінез-құлықтың тағы бір себебі – әртүрлі психикалық бұзылулар, атап айтқанда, ұзаққа созылған депрессия. Биполярлық аффективті бұзылысы бар науқастарда суицид қаупі ерекше жоғары. Көбінесе суицид туралы ойлардың пайда болуына адамның өмірден тойғандығы да әсер етеді.  Нақты мақсаттың жоқтығы, шектеулі көкжиек, хоббидің болмауы, жеке тұлғаны дамытқысы келмеу өмірден «шаршауға» алып келеді.

Өз-өзіне қол жұмсау көбінесе адамның өзін пайдасыз немесе кінәлі сезінуінен туындап жатады. Кейбіреулер үшін өз-өзіне қол жұмсау әрекеті – бойын билеген кінә сезімінен «тазарудың» бір амалы. Адам өзінің әдепсіз немесе заңсыз әрекеттері үшін жауапкершіліктен қорыққан кезде өз-өзіне қол салуы мүмкін. 

Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың жалпы себебі – өзінің «ересектігін» көрсетуге, құрдастарының арасында танымал болуға деген ұмтылыс. Көптеген суицид жасаушы жастар атақты адамдарға еліктеу үшін өмірмен қоштасатын жағдайлар көп кездеседі. Сондай-ақ, түзеу колонияларында жазасын өтеп жатқан жасөспірімдерде суицид қаупі жоғары. Сонымен бірге, өзіне сенімділігі тым жоғары немесе тым төмен адамдар арасында өз-өзіне қол салатындар жиі ұшырасады. Себебі, олардың стресске төзімділігі жоқ.

СУИЦИДКЕ
ҚАРСЫ
МЕМЛЕКЕТТІК
ШАРАЛАР

ЮНИСЕФ мәліметінше, жыл сайын әлемде 45 мыңнан астам жасөспірім немесе бір күн сайын 123 адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Бүгінде Қазақстан үшін бұл тақырып ерекше алаңдатарлық жағдай туғызып отыр. Әсіресе, елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид басым.

2011 жылы Қазақстан үкіметі 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің өлімінің негізгі себебі суицид екенін ресми түрде мойындады. Соған қарамастан балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау фактілері туралы ақпарат аз, қарама-қайшы әрі жүйеленбеген. Мектеп оқушыларының өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбісі қандай да бір себептермен әдейі жасырылады, ал суицидтік әрекеттердің нақты саны туралы ақпарат үзік-үзік. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда 81 кәмелетке толмаған бала өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың жас шамасы небәрі 5 пен 18 жас аралығында. Ал, былтыр Қазақстанда 3,7 мың адам өз өмірін қиса, соның 17,3%-ын кәмелеттік жасқа толмағандар құраған.

Ең аз суицид Маңғыстау және Атырау облыстарында. Павлодар облысында бірде-бір оқиға тіркелген жоқ. Ал, Түркістан мен Алматы облыстары жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша көш бастап тұр.

Елімізде суицидтің алдын алуға арналған шаралар жасалып жатқаны белгілі. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың, суицидтің алдын алудың және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Балаларды қорғау кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысын дайындады. Бұл құжаттың мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін құру, балаларға уақытылы білікті көмек көрсету, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған қосымша шаралар кешенін қабылдау.

Кешенді жоспар 4 бөлімнен тұрады:

  • балалардың зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғалу құқығын жүзеге асыру;
  • оқушылардың педагогикалық қолдауға құқықтарын жүзеге асыру, балалардың суицидтік және аутоагрессивті мінез-құлқының алдын алу және түзету;
  • қазақстандық балалардың әл-ауқатының деңгейін көтеру, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы;
  • ақпараттық қолдау.

Зорлық-зомбылық пен қатыгездік проблемаларын шешу үшін балалар тиімді медициналық көмек пен ұзақмерзімді оңалтуды ала алатын жағымсыз құбылыстардан (зорлық-зомбылық, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері, нашақорлық, алкогольге тәуелділік, лудомания) зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған республикалық оңалту орталықтарының желісін құру ұсынылады. Бұдан басқа, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жанынан КӘЖ – балалардың зорлық-зомбылық фактілеріне ден қоюды үйлестіру қызметінің бірыңғай терезесін құру жоспарлануда. Ал, бұл азаматтарға дене және моральдық жарақаттардың салдарын жою бойынша мемлекеттік қызметтерді жедел алуға мүмкіндік береді.

Қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды әлеуметтік қызметтермен кешенді сүйемелдеуге мүмкіндік беретін «Әлеуметтік патронат» жобасын іске асыру көзделген. Сонымен қатар, әр мектепте баланың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік педагогтің міндетті лауазымын енгізу ұсынылады. Білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың алдын алу және азайту жөніндегі ведомствоаралық бағдарлама әзірленеді, ол балалармен жұмыс істейтін барлық педагогтің әдістемелік тірегі болмақ.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың резонанстық жағдайлары барлық мүдделі органдарға жедел ден қою шараларын қабылдауды талап етеді. Ал, мұндай мәселелерді шешуде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия үйлестіруші рөл атқаруы тиіс. Комиссиялардың қызметін елеулі трансформациялау жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ олардың жұмысын цифрландыру қажет. Психологиялық-әлеуметтік-педагогикалық қызметтің жұмысын жақсартуға, жаңғыртуға, цифрландыруға бағытталған шаралар кешенінің көмегімен балалардың суицидтері мен аутоагрессивті мінез-құлық проблемасын шешу ұсынылады. Ол үшін жоғары оқу орындарында практикалық психология зертханаларын құру отандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық және студенттік құрамының әлеуетін пайдалануға және бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құжатта «кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық, суицид туралы ақпараттың бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таралуы Вертер әсерін тудырады. Яғни, бұл – теледидар немесе басқа бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жариялаған немесе танымал әдебиет пен кинематографияда сипатталған суицидтен кейін жасалған еліктейтін суицидтердің жаппай толқыны. Мұндай жарияланымдарға қойылатын талаптарды әзірлеу ұсынылады» делінген.

Сонымен қатар, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, суицид деңгейін төмендету және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ата-ана болу мәселесін бөлек қарастыру ұсынылмақ. Құжатта жүргізілген көп аспектілі талдау ата-аналардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі туралы нормативтік ережелерді шоғырландыратын, оларды түсінуге бірыңғай тәсілді қамтамасыз ететін, оларды азаматтар үшін қолжетімді етіп баяндайтын, ата-аналардың функцияларын жүзеге асыруда мемлекеттік қолдау шараларын айқындайтын құжат ретінде Ата-аналар кодексін әзірлеудің өзектілігін көрсететіні айтылған. Ата-аналар кодексінің мақсаты – мемлекет пен азаматтардың ата-ана құқықтары мен міндеттерін, олардың Қазақстандағы балалардың әл-ауқаты үшін жауапкершілігін айқындауға әріптестігі негізінде жүйелі-тұтас тәсілді іске асыру.

Балалар кодексін әзірлеу балалар мен жасөспірімдерге кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты заңнама нормалары мен нормативтік құқықтық актілерді қолжетімді нысанда түсіндіру жөніндегі тағы бір құрал болады.

Кешенді жоспарды іске асыру:

  • балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға;
  • балаларға қатысты, оның ішінде олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың жыл сайынғы санын азайтуға;
  • кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер мен олардың әрекеттерінің санын азайтуға;
  • сабақтан тыс уақытта қосымша біліммен қамтылған балалардың санын көбейтуге;
  • төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары және басқа да жазатайым оқиғалар салдарынан балалардың өлімі мен жарақаттану санын азайтуға мүмкіндік береді.

Кешенді жоспарды іске асыруға тартылған мемлекеттік органдар мен ұйымдар тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 күнінен кешіктірмей оның іске асырылу барысы туралы ақпаратты ҚР Оқу-ағарту министрлігіне ұсынуы көзделген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда психикалық денсаулық қызметінің байланыс орталығын құру жұмыстары жүргізілуде. Медициналық-әлеуметтік көмекке мұқтаж қазақстандықтарға консультациялық, психологиялық қолдау көрсету үшін бірыңғай call-орталық құрылады. Қазіргі уақытта әрбір психикалық денсаулық орталығында онлайн режимінде психотерапиялық және психологиялық көмек көрсету бойынша сенім телефондары мен ақпараттық ресурстар жұмыс істейді, онда білікті мамандар кеңес береді. Бұл да еліміздегі азаматтар арасында орын алатын суицидті азайтуға бағытталған бір қадам.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here