Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бұған дейін Путиннің жолымен Мирзиёев те жүргісі келетінін жазды. Өйткені, 30 сәуірде Өзбекстан 21 жылдан кейін референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізді.
Референдумға қатысушылардың 90 пайызы өзгерістерді қолдады. Яғни, 36 млн халқы бар оңтүстіктегі көрші елдің негізгі заңы 65 пайызға жаңарып, бап саны 128-ден 155-ке, ал тарау саны 26-дан 27-ге дейін артты. Күшіне енген өзгерістердің ішінде 2016 жылдан бергі Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзиёевтің осыған дейінгі президенттік мерзімін есептен шығарып, оған 2037 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік беретін норма да бар. Сөйтіп, күні кеше Ата заңды өзгерткен Өзбекстан басшысы үшінші мерзімге сайланып алды.
Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы 11 шілдеде Өзбекстан президентін мерзімінен бұрын сайлау қорытындысын бекітіп, Шавкат Мирзиёевтің 87,05 пайыз дауыс алғанын растады.
Расында, президенттік өкілеттілік мерзімін ұзарту – посткеңестік кеңістіктегі Латвия, Литва, Эстония елдерінен басқа елдер үшін қалыптасқан дағдыға айналды. Алысқа бармай-ақ солтүстіктегі көрші елді алайық. 2020 жылы Ресей Федерациясының Конституциясына түзетулер енгізіліп, Путиннің президенттік мерзімі нөлге теңестірілетін заң күшіне енді. Билік басында 2000 жылдан бері отырған 70 жастағы Владимир Путин 2024 жылдан кейін де Ресей президенттігіне қайта сайлана алады. Енді бұл жолмен 66 жастағы Шавкат Мирзиёев те жүреді.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ