Оқу-жаттығу жиынына қатысты

0
1023

Жәнібектік каратэшілер өткен маусым айында Орал қаласына жақын орналасқан Бәйтерек ауданы орталығында каратэ-додан өткен оқу-жаттығу жиынына қатысып келді. Алты күндік жаттығудан кейін тәжірибе жинақтаған жәнібектік өрендер жетінші күні «кумитэ-марафон» жарысына қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде 12-13 жас ерекшелікте ұлмен де, қызбен де сайысқа түскен Сезім Біләл 3-орынға қол жеткізді.

Жәнібек ауданынан бөлек оқу-жаттығу жазғы лагеріне Бәйтерек ауданынан, Орал қаласынан, Ресейдің Самара қаласынан командалар қатысты.

Каратэнің WKC ережесі бойынша өткізілген оқу-жаттығу жиыны немесе жазғы каратэ лагерінде (жаттығу мен демалыс лагері) тәжірибелі жаттықтырушылар, каратэден 6-шы дан иесі, осы жиынды ұйымдастырушы Фархад Жалмурзин (Бәйтерек ауданы), 3-ші дан иегері Нұржан Тоқсанов (Орал қаласы), 6-шы дан иесі Владимир Паранин (Ресейдің Самара қаласы) өздерінің жинақтаған әдіс-тәсілдерімен, тактикалық жүйелерімен бөлісті. Көптеген мағлұматтар берді. Негізгі жаттығулар кумитэ, сондай-ақ ката бойынша өтті.

«Каратэ лагеріне қатысушылар тек қана жаттығып қоймай, ресейлік каратэ шебері Владимир Параниннің жапон тілін үйрену сабағына қатысып, каллиграфия жазып, оригами істей білуге де үйренді. Оригами дегеніміз жапонның қағаздан түрлі заттар құрастыру өнері. Сондай-ақ, Владимир Анатольевич «нунчаку», «танто» жекпе-жек қаруларын пайдалануды да үйретті. Жапонның «сумо» күресінің әдісін көрсетіп, сол бойынша балалар, жасөспірімдер бір-бірімен күресіп те көрді. Дойбы ойыны бойынша сайыс та өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен қатар ақшалай сыйлыққа да ие болды. Сонымен бірге, қатысушыларға табиғат аясында кәуап та әзірленді. Қатысушылар жазғы каратэ лагерінен жақсы әсерде қалды деп ойлаймын. Өйткені, жаттығу жиыны қызықты өтті деуге болады. Оқу-жаттығу жиынына қатысқандар соңында арнайы дипломдармен марапатталды», – дейді Жәнібек ауданы командасын бастап барған жаттықтырушы Асан Молдағали.

Жазғы каратэ лагеріне Жәнібек ауданы командасынан Ілияс Амангелдин, Медина Қаташева, Сезім Біләл барып келді.

«Жазғы лагерьдің ұйымдастырылып, қызықты өтуіне сондағы Бәйтерек ауданы орталығы Перемётный ауылындағы каратэмен жаттығушы шәкірттердің ата-аналары да үлкен қолдау көрсетті. Ал, жәнібектік ата-аналар болса, балаларының барып келуіне қаржылай демеу білдірді. Жаттықтырушының барып-келуіне де қолдау білдірген жәнібектік ата-ана Азамат Қаташевқа да ерекше ризашылық білдіремін», – дейді сөз соңында Асан Нарынбайұлы.

Лаура ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі

ЖӘНІБЕК АУДАНЫ,
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here