Біздің ұрпаққа бұйырған соқпақ

0
2667

Мен ес біле бастаған кезде біздің үйде шешем, ағам Сайлау, мен және қарындасым Рақыш төртеуіміз болдық. Әкем соғысқа кетіп, сонда қаза тауыпты. Әскерге 1943 жылы мамыр айында алынып, сол жылы қазан айының соңында орман ішіндегі әскери госпитальда соғыста алған жарасынан қайтыс болыпты. Бүгінгі таңда қасымда солардың бірі жоқ, жалғыз қалып, күйзелістен қолыма қалам алып, жақында ғана өмірден өзған (10.07.2023) ағам туралы шер тарқату есебінде осы естелігімді жазып отырмын.

Сайлау Байзақов және экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Л.В. Канторович, Алатау. 1975 ж.

Біздің үйіміз (Қостанай облысының Жангелдин (б. Торғай) ауданына қарайтын) Қоңыраулы өзенінің Сарықопаға құяр бойындағы «Айдын» деп аталатын дөңгелек көлдің жағасында болды. Ол терезенің деңгейіне дейін жер тереңдетіліп қазылып, одан жоғарғы қабырғалары саманнан қаланып, төбелері бөренелер мен сырғауылдардың үстінен қамыспен жабылған, олардың сыртына саз бен қорда төгілген тапалтақ көң (жертөле) болатын. Оның астына құрғақ шөп төсеп, үстіне текемет не алаша жаятынбыз. Түнге қарай кесенің түбіне тоңмай салып, мақтаны ширатып собықтап, майға қанықтырып, бір ұшын көтеріңкіреп тұтатып майшам жағатынбыз. Тамағымызды сол майшамның жарығының қасында ішіп, сабағымызды да сол жерде орындайтынбыз…

Қысқы тамағымыз кептірген құрт пен ірімшік, төп (каша), құрт-көже, қарынға салынған май мен шәй болатын. Ет пен сорпаны сирек, сағынып көретінбіз. Тарыдан жасалған таба нанның өзі тапшы болатын. Қай тамақты болса да, ортаға қойған табақтан қолмен алып немесе бір қасықпен кезектесіп жеп-ішетінбіз.

Сәуір айының бірінші жартысында қыстақтағы ел қырға үдере көшетін. Егіншілер Қызбел қыратына, ал малшылар қора-қопсығы бар өзен сағасынан 5-10 шақырымдай су баспайтын жерлерге кідіріп, күннің жылуын күтіп, кейін жазғы жайлауларға бет алатын.

Соғыс кезі мен одан кейінгі жылдарда біздің ауыл үлкен күйзеліске тап болды. Ішерге тамақ, киерге киім тапшылығынан ауыл балалары қызылшамен ауырды. Ол кейін сүзекке жалғасып, көп балалардың өмірін қиып кетті. Біздің үйде Сайлау мен Рақыш екеуі бірдей ауырып, аман қалды. Ал, мен ауырған жоқпын. Балалықтан болар, шешем «екеуі жесін» деп, олардың жастықтарының астына тығып кететін печенье, кәмпит, бауырсақ, құрт секілді тамақтарды білдірмей алып жейтінмін. Олар қозғалуға шамалары келмей, мысық екен деп, «пырс-пырс» деп жата беретін.

Үйімізде үшеуіміз де бала болсақ та, қазақи тәртіп сақталушы еді. Сайлау үлкен бала болғандықтан, шешемнен кейінгі шешуші сөз бен іс соныкі болатын. Одан кейінгі хақы кенжеміз әрі қыз бала болғандықтан, Рақышта болатын. Менің орным олардың бәрінен кейін еді.

Ағам жасынан біздің отбасыға байланысты жауапкершілікті ерте сезініп, соған сай болуға тырысты. Ертерек есейіп, үйге пайдалы азамат болуға талпынды.

Ағайынды үшеуіміз мектепке бір-бірімізден үш жыл кейін бардық: Сайлау 1946 жылы, мен 1949 жылы, ал Рақыш 1952 жылы, әрі сатылап үш мектепте оқыдық. Ағам он жылдық мектепті бітіріп жатқанда, мен сонда сегізінші сыныпқа оқуға бардым. Қарындасым да мен оқуды бітіргенімде сонда сегізінші сыныпқа көшті. Сөйтіп, бір-бірімізді сирек көріп жүрдік. Сағынып кездесетінбіз. Бірақ, көңіліміз толқып, жүрегіміз қанша елжіреп тұрса да, кездескен сәтте қазіргідей қол алысып, құшақтасып, бір-бірімізбен сүйісіп жатпайтынбыз. Мұндай әдет ол кезде жоқ болатын. Көзімізбен көріп, қасында болу бізге жеткілікті болатын. Шешем де солай істейтін. Ең қатты сағынғанын басымызды сипап қана білдіретін. Ал, біз көйлегіне оралып, иісін сезгенімізге, қасына жатып, рахаттанып ұйықтағанымызға мәз болатынбыз. Тіпті, сол үшін жексенбі күнгі бір күндік демалысқа 15-20 шақырым жердегі сиыр фермасына жаяу барып, оның қасында жарты күн болып қайтқанымызға ештеңе жетпеуші еді.

Жетімдіктің зардабын Сайлау менен көбірек көрді. Өйткені, ол әкемізден менен естиярлау кезінде қалды. Әрі сол кездегі ауырлықты менен ұзағырақ көрді. Содан болар, ол бала кезінде өте нәзік әрі аурушаң болды. Осыны ескеріп, Хайдар атам оны екінші сыныптың бірінші тоқсанынан кейінгі демалысқа үйге келгенінде бір бөтелке мөлдір сұйық (скипидар-ау деймін) нәрсені алып келіп, Сайлауды сандықтың шетіне отырғызып, әкелген дәрісін табаға құйып, оған ағамның екі аяғын салдырып, үстіне тон кигізіп, жағалай көрпемен орап тастады. Үйдің іші бұрын болмаған иіске толып кетті. Біраздан соң Сайлау терлеп, маужырай бастаған кезде төсекке жатқызып, үйде екі-үш күн ұстады. Содан соң уақыты келді ме екен, қайта интернатқа оқуына жіберді.

Екі жетідей уақыттан кейін ағам демалыс күні үйге келгенінде табанының бір қабат терісі сыпырылып қалғанын көрдім. Бірақ, бұл емнің оған қандай пайдасы болғанын білмеймін.

Ауыл адамдары ағама бала болса да, «Байзақтың көзі» деп, ерекше көңіл бөлетін. Үлкендер жиналған жерде қастарына алып, табақтас қылатын. Өздері секілді қатар отырып әңгіме тыңдасын дейтін болулары керек. Бірақ, Сайлау шыдамай бір тұрып, бір отырып жүрсе, оны «төзімсіз» деп, ара-тұра едәуір сөз қылатынын да еститінбіз.

Шешем әкемнің бар кезінде тек үй шаруасымен айналысқан екен, колхоз жұмысына араласпапты. Кейін күнкөріс үшін бір жыл қой фермасында істеп, одан соң сиыр фермасында көп жыл сауыншы болды.

Біз – ауыл балалары кішкентай кезімізден бастап қой қырқу, қозы айыру, қой көгендеу, бұзау байлау, оларды енесенің бауырына салып идіру сияқты жұмыстарға шешелерімізге көмектесетін едік. Арасында асық та ойнайтынбыз. Оны көбіне Сайлау ұйымдастыратын.

Күн ыстық, ауа райы салқын не жаңбырлы күндері ауыл балаларын ағам біздің үйге алып келетін. Шешем жұмыстан шаршап келіп, «Осы үйден басқа үй жоқ па? Неге басқа үйде ойнамайсыңдар?» деп кейісе де, барлық бала үнемі біздің үйден табылатын. Олардың ішінде көбіне Рақымжан мен Түйекеш (Әбілбек), Салық, Ғазиз, Өзбек (Әбдіғали) болатын.

Сайлау кластастарының ортасында да еркін жүретін. Оны мұғалімдері «жақсы оқиды» деп мақтап, шешемді мектеп жиналыстарына шақырып, директордың қасына отырғызып қоятын. Ол бірінші сыныптан бастап интернатта жатып оқыды. Ал, өзім онда екінші сыныпта бардым. Біраздан соң оқу бойынша менің де атым Сайлаумен қатар аталғанда шешемнің мерейі едәуір өсіп қалушы еді. Сонда ата-аналар мен оқушылардың көзінше мектеп директоры Батырхан Шалғынбаев ағамыз «Жібек жеңеше, бүгінгі қиындығыңды екі балаңның бірі ауыл советті, бірі колхозды басқарған кезде есіңе де алмайтын боласың» деп, шешеміздің көңілін көтеріп қоятын.

Ол кезде ауылдағы ең беделді кісілер мұғалімдер болатын. Олардың атағы мен абыройы ерекше еді. Еңбекақыны ақшамен алатын. Оқушылар оларды көрген кезден баскиімін шешіп сәлемдесетін еді. Кейін олардан кәдір кетті. Семьяларын асырау үшін ала қапшық арқалаған ұстазда қандай абырой болмақ. Осыны ағам ерте түсінді де, бір топ адаммен бірінші Президентіміздің қабылдауына барған жолы ол «мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті, оқу сапасын жақсарту үшін олардың статусын көтеру керек» дей бергенде, оны тыңдағысы келмей, сөзін бөліп, келесі кісіні сөйлеткен еді. Кеш те болса бұл мәселе бойынша қазір республика көлемінде соны шешімдер қабылданып жатқаны көңілге қонады.

академиктер Сергей Глазьев, Кенжеғали Сағадиев, Сайлау Байзақов

Өз басым әкемнің жоқтығын бала кезімде аса түсіне қойған жоқпын. Тек кейбір үлкен кісілерге сәлем берсем, жөн сұрап, «е, Байзақ марқұмның баласы екенсің ғой», – дегенде ғана көңілім құлазып қалып, аздан соң бәрін ұмытып кетуші едім. Дегенмен, «жоқшылық көрмедік» деп те айта алмаймын. Ашыққан кезіміз де аз болған жоқ. Бірақ, ол кезде жоқшылық көпке ортақ болатын. Ал, ағайын-туыс, көрші-көлем қолында барын алыс-жақын, жетім-жесір демей дастарханына бәрін қойып, қолында бар дәмімен бөлісетін. Оның сыртында елде қалған егде кісілер мен соғыстан аман қайтқан жауынгерлер біздің әкелерімізбен сыйласып, аға-іні, құда-жекжат болып араласқан адамдар болды. Сондықтан олар бізге жасаған жақсылықтарын ақ-адал борышымыз деп түсінетін. Әрі ол кезде адам санасы, ойы мен пиғылы көп өзгеріске түсе қоймаған, табиғи таза қалпында еді. Олар адалдық, ар, ұят, обал, жәрдем, қолқабыс, сүйемелдеп жіберу секілді биік мағыналы ұғымдардың жетегінен әлі шығып үлгермеген болатын.

Біздің заманымызда қазіргі бала-бақшадағыдай отыз баланы бір шүйкебас қыз тәрбиелеген жоқ. Әр бала туған үйінен басқа өз ауылында ерекше есею жолынан өтті. Өйткені, әр ауыл мен әулеттің ізгі мінезді ақсақалдары мен ел ағалары болды. Олар асып-тасығандарды, ел ішінде шалт басқандарды тәубелеріне келтіріп, орындарына қойып отырушы еді. Бізге солардың да шапағаты тиді. Жас кезімізде Сайлау да, мен де ешкімнен не әлімжеттілік, не зорлық-зомбылық көрген жоқпыз.

Кейде қазіргі кездегі жетім-жесірлерге ел қатарлы күнелту біздің заманымыздағыдан әлдеқайда ауыр-ау деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі жұрттың ниеті бұзылды. Алдау-арбау көбейді, сөзге сену, уәдеде тұру архаикалық қасиет болып қалды. Риясыз қол ұшын беру, жомарттық, қайырымдылық, аяушылық жасау көпшіліктен кеткені қашан!..

Соғыстан кейінгі талай жетім-жесірлердің ел қатарына қосылып кетуіне мектеп жанындағы интернаттың өте үлкен жәрдемі тиді. Онда жатқан оқушылардың киім-кешегі мен тамағы тегін болатын. Тіпті, жақсы оқыған әскери отбасының балаларына оқу жылы басында судай жаңа киімдер берілетін. Оларға оқушы түгіл мұғалімдеріміз де қызығатын. Бірақ, сұрап, не әлімжеттік жасап, тартып алу деген болып көрген жоқ. Жақсы оқитын балаларға тәртіпсіз оқушылар да тиіспейтін.

Майданда қайтыс болған әкеміз үшін шешемнің атына Үкімет тарапынан ай сайын берілетін 4 сом 50 тиын (шамасы солай-ау деймін, ұмытыппын) да біздің семьяға едәуір көмек еді. Оны қарындасым 18-ге толғанша алып тұрдық. Кішкентайымнан өзім пошта бастығы Арал деген кісіден қол қойып алып, шешеме апарып беретінмін. Кейде ол кісі Сталиннің әдемі қоңыр қатырмамен қапталған бір-бірінен айнымайтын томдарының біреуін қолыма ұстатып, оған жәрдемақының біраз тиынын ұстап қалатын.

Сайлау мені алыстан бақылайтын. Күнбе күн «былай ет, олай істеме» деп қыр соңыма түскен жоқ. Тек өзі жетінші сыныпты бітірерде (онда мен төртінші сыныпта едім) «әй, бүкшеңдемей, тілерсегің майыспай жүре аласың ба, осы сен?» деп, әрі ұрсып, әрі ақыл қылып айтқан сөздері әлі есімде. Мен «шын солай жүрем бе екен» деп намыстанған болдым, бірақ денеме, жүріс-тұрысыма ие болу керек екенін сол кезден түсіне бастадым.

Бұл интернатта ағаммен бірге болған үш жылым онымен ес білгеннен кейінгі ең ұзақ бірге болған уақытым болды. Одан кейін Сайлаумен мұндай көп бірге болудың сәті түспеді. Әр түрлі ВУЗ-дарда оқыдық, отбасы құрдық, жұмыс орындарымыз да басқа болды. Бірақ, сағыныш азайған жоқ. Енші де бөліспедік.

Сол 1953 жылғы бір оқиға ойымнан кетпейді. Сәуір айының аяғына қарай Шүмектіде Ахмет көкемнің үйінде бірінші сыныпта оқыған қарындасымды көкем сабағын ертерек бітіртіп, өзеннің арғы бетіне интернаттың тұсына әкеліп тастағанын естідік. Оны біз бергі бетке өткізіп алсын депті. Бірақ, маңайда екі бетте де қайық болмай шықты. Арғы бетте тек қамыстан буған кішкене салы мен ақ көйлек, қызыл барқыт желетке киген, екі тұлымшағы иығына түскен қарындасым ғана тұр. Одан әріректе екі-үш көң үй көрінеді. Бірақ, олардан қаншама айқайласақ та, бір адам да далаға шықпай қойды.

Өзенде сең жүре бастағанына бір жетідей болған. Әр жерден бір батып, бір шығып кесек мұздар сирек те болса өтіп жатыр. Ағыс едәуір. Арнасы толық. Бұрынғы енінен әлдеқайда жалпақ. Суы суық. Біз жақта Қосылбай (Дүйсебайұлы) ағай ДТ-54 тракторымен Рақыш екеуімізді Қызбелдегі егіншілерге сауын сиыр апарып, оларды шайлық сүтпен қамтамасыз етіп отырған шешемізге жеткізуге дайын отыр. Интернаттағы денелі деген жоғарғы сынып оқушылары суға түсуге жүрексінді. 15 шақты бала жағада иіріліп, тұрып қалдық. Сонда өзенге Сайлаудың өзі түсуіне тура келді. Ағын оны итеріп, біраз төменнен шығарды. Жиекте ол аздап дем алып, Рақышты қамыс салыға отырғызды да, маңайынан тіреу не ескек таба алмай, оны өзі жүзе жүріп итеріп, өзеннің ортасына шығарды. Онда ағыс қаттырақ болды ма, әйтеуір өзі салыға екі рет шығып демалуына тура келді.

Бес-алты ғана кұшақ қамыстан буылған шағын салы ағам үстіне шыққан сайын ойнақшып, бір жағы жоғары көтеріліп, екінші жағы суға батып, менің де, Рақыштың да зәремізді алды. Әупірімдеп екеуінің бізден біраз төменірек оң жағаға жеткендерінде менің қуанышымда шек болған жоқ. Сол көрініс қазір ойыма түсіп, көз алдыма келгенде әлі күнге дейін денем түршігіп кетеді.

Дәл сол күні Сайлау болмаса, қарындасымды мен өзеннен өткізіп ала алмас едім. Оның нәзіктігіне қарамай істеген ерлігіне қайран қалып, қатты қуандым. Бірақ, бұл оқиға Рақышты бергі бетке өткізіп алумен біткен жоқ. Қарсы беттегі күні бойы тым-тырыс жатқан үйлерден бір кісі жағаға жүгіріп келіп, қолын ербеңдетіп, жұмылдырығын көрсетіп, айғайлап әлек болды. Бәріміз тынышталып тыңдасақ, «салыны неге рұқсатсыз аласыңдар, ақысын төлеңдер, қайта әкеліп орнына қойыңдар, өңшең жалаңбұт қайыршылар» деп зіркілдейді. Оны манадан көріп отырған Қосылбай ағай «әй, көргенсіз неме, жарты күн қасында жылап тұрған баланы көрмеген болып, не былшылдап тұрсың. Қызбелден қайтып оралайын, баланың көз жасының ақысын көзіңе көрсетемін» деп тыйып тастады. Сайлауға «қалсын осында, керек болса өзі алып кетеді» деп еді, бірақ ол салыны бұрынғыша итере жүзіп, орнына апарып тастап, қайтып келді. Ағамның осы көктемгі суық суға түскені зардапсыз өткен жоқ. Көп ұзамай оның тамағы ісіп, ол ісік оң жағынан сыртынан жарылып, зорға жазылды. Кейін ділбасы жиі қайталанып, ақыры екі гландасын да алдырып тастауға тура келді.

Ағаммен жетінші сыныпты 23 оқушы қатар оқыпты. Біздің Ақсуат мектебі ол кезде жеті жылдық болатын. Сондықтан сегізінші сыныпқа өту үшін бәрі алпыс шақырым жердегі жаңадан онжылдық болып ашылып жатқан Қаратүбек орта мектебіне түйе жеккен арбамен барып, екі жетідей емтихан тапсырыпты. Оның қорытындысы бойынша сегізінші сыныпқа 7 оқушы бірден, ал сегізінші бала күздік емтихан арқылы алыныпты. Қалған он бес бала мектептегі оқуын сол жеті жылдықпен тоқтатыпты. Олардың бірде-бірі «емтихан алғандар біздің білімімізді дұрыс бағаламады» деп айта алмапты. Бұл бір жағынан ауылдардағы сол кездегі балалардың білім деңгейін, ал екінші жағынан оқытушылардың оқу сапасына деген шынайы көзқарасын білдіреді. Сол мектепке үш жылдан соң ағамның ізімен мен, менен кейін дәл сондай уақыт өткен соң қарындасым барып оқыды.

Сайлау мектепті бітіргенде әлі жетінші сыныпта оқитын бала секілді кішкентай еді. Оған Алматы өте жақты. Бір жылдан соң күз кезінде елге келіп, өзі бітірген Қаратүбек орта мектебіне кіріп шықты. Сонда бойы өсіп, дауысы өзгеріп, үлкен жігіт болып қалғанын көрдім. Ағам Алматыдағы КазГУ-дың механика-математика факультетіне құжаттарын тапсырып, оқуға түсіпті. Бірінші емтиханда жазбаша математиканың бес есебін 38 минутта шығарып болып, қағаздарын емтиханшы мүғалімдерге апарса, «асықпа, тағы қара» деп жібермей қойыпты. Орнына қайта келіп, жарты сағаттай отырып, қасындағы абитуриенттерге жәрдем жасай берген соң, әлгі мұғалімдер «болды, есептеріңді тапсыр» деп, өздері аудиториядан шығарып жіберіпті. Алматыда ол жылдары біздің ауылдан Ахмет, Едірес, Сапабек, Сәруар, Әлмен, Салық, Өзбек, Фазылхандар оқып жатқан. Олардың ұйытқысы Едірес ағай мен Сайлау екен. Баяғы ауылдағы бірге жүретін әдеттерін осында да жалғастырыпты. Тіпті, араласатын адамдарын өздерінің курстастары Серік, Сәрсен, Әбілқасым, Адамбай секілді студентермен көбейте түсіпті.

Ағам 1958-1959 оқу жылдарының ортасынан Ленин атындағы стипендия ала бастады. Мен Алматыға сол жылы келіп, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетіне түстім. Ол кезде Едірес ағай оқуын бітіріп кетті де, ауылдан шыққан студенттердің бәрі Сайлаудың төңірегінде болды. Оларға ауылдың Дина, Қайырбек, Ағайша деген бір топ қыздары қосылып, өздері бір ел секілді болып жүрді.

Өзім Алматыға алғашқы келгенде түскен жерім Виноградов көшесіндегі КазГУ-дың жатақханасы болғандықтан, әбден қалаға үйренгенше Сайлаудың бөлмесіне жеті сайын барып, кейде достарының біреуінің қасына қона салатынмын. Ағамның стипендиясы 95 сомға таяу еді. Бірақ, қолы ашық ағам оны ай аяғына дейін жеткізе алмайтын. Менің 29 сом стипендиямның 10 сомын, «саған қалғаны да жетеді» деп өзіне алып алатын. Оқу арасында Сайлау Алматыдағы Төреш ағай, Меңеш әжем мен Қадиша апай, Асқар, Едірес пен Княз, Қыстаубай мен Баймырза, Марат жездей мен Мүкіш апай секілді біздің Сарықопадан өткен ғасырдың басында оқу мен қызмет бабына байланысты келген туған-туыстармен де танысып үлгеріпті. Ол бұл кісілер арқылы бала кезінен есінде қалған үлкендердің айтатын тар заманда тарыдай шашылған әулеттің басқа да адамдарын іздеп, Жамбыл облысына тұрақтаған Сызай ағаймен, Маусымбай қажының ұрпақтарымен, осы облыстағы обкомның бірінші хатшысы Мұқатай ағамызбен танысып, араласа бастапты. Құдай сәтін салып, ағам «Алаш партиясы мен үкіметіне қызмет етті» деген айыппен атылып кеткен Сейдәзім Кәдірбаевтың туған інісі Сейдахмет атамды да тауып алыпты. Оған өзінің курстас жақын досы Сәрсен себеп болыпты. Ол қыста демалыста Жаңаарқаға үйіне барып, көршілеріне сәлем беріп, әңгіме арасында оқуға әр жерден келген достарының әкелерінің атын айта бастағанда, Сейдахмет атамыз Байзақов Сайлаудың қай жерден екенін біліп алған соң, келесі демалыста оны ертіп келуді тапсырады. Сөйтіп, ағам ол туыстарымызбен араласуымызға да жол ашты.

Ағам мен шешемнің тапсырмасымен мен де 1962 жылы елге жазғы демалысқа барғанымда көрші Амангелді ауданында тұратын әкеммен немере туыс Боранбай ағамыздың балалары Социал мен Сәбетай, Кәбираш пен Сәбираш, Әнуар мен Таңатқандарды іздеп тауып, табысып кеттік. Сол жылы Сайлау оқуын бітіріп, өз факультетіне ассистенттік қызметке алынды. Бірақ, оған дейін Торғайға барып, аудандық оқу бөліміне кіріп, қызметтің ретін сұрап білсе, «бір мектепте неміс тілінің мұғалімдік орны бар, соған жіберейік» деп шығарып салыпты. Ізінше ауылдан Шешем мен қарындасымызды көшіріп әкелдік. Алматыда төртеуіміздің басымыз қайта қосылып, ағам табыстырған туыстармен, жерлес студенттермен, оның достарымен жиі араласып тұрдық. Талай жыл жалдамалы пәтерде Алматының төрт жағында да тұрдық. Бірақ, қайда жүрсек те, Сайлау көпшілдігінен айныған жоқ. Оның үйінің есігі қашанда ашық болды. Елден ауырған, әділдік не оқу іздеген алыс-жақын кісілер бір толастамайтын. Мезгілі жетіп, мен де оқуымды аяқтаған соң бітірген факультетіме мұғалім болып орналастым. Екеуміздің алдымызда да көп жолайырықтар тұрды. Бірақ, біз ғылым жолын таңдадық.

Сайлау 1968 жылы, мен 1969 жылы кандидаттық диссертацияларымызды нәтижелі қорғап шықтық. Ағам қорғауға шығар алдында ауырып, ыстығы жоғары болса да, аман-сау жұмысының нәтижесін баяндап бергені әлі есімде. Ол кезде «ғылым кандидаты» деген атақты көп адам ала бермейтін. Ал, оны алғандардың көбі бұл атақты жоғарғы қызмет пен жылы орынға отыруға пайдаланып, ізденістерін тоқтата салатын. Ағам олай істеген жоқ. Оның бағыты соны болды. Қазақстанда экономикалық мәселелерді математика әдістерін пайдалана отырып шешудің бастамашысы екенін түсіне отырып, осы саланы барынша дамытуға күш салды. Қазақ КСР-ның Мемлекеттік жоспарлау комитетінің Экономикалық зерттеулер институтында мақсаттас ізденушілер мен аспиранттардың басын қосып, күшін біріктірді. Бұл кезде Сайлаудың үйі кіл қызметтестері мен аспиранттарына толы болатын. Ол түскі тамақты жалғыз ішіп көрген жоқ. Кейде кешке де бірнеше адам ере келіп, түннің бір уағында тарасатын. Оның бізбен отбасы мәселелері жөнінде ақылдасуға да уақыт таба алмайтын кездері жиі болатын. Сайлау ғылымға байланысты істерін жұмыс кабинетінде істейтін. Сарылып үйінде жазу жазып отырмайтын. Ол ғылымға үлкен бейнет түрінде қараған жоқ. Оны өз кәсібіне, жанына, қабілетіне сәйкес келетін керекті бір күнделікті іс деп білді. Содан рахат, ләззәт алды.

Ағам уақытында демалысына да көңіл бөлетін. Сенбі-жексенбі күндері тауға шығып, не қаланың басқа жағына барып таза ауада жүріп қайтуды ұмытпайтын. Кейде жеңгем мен балаларын, кейде қонақтары мен достарын машинаға отырғызып алып, Қарағандыға, Көкшетауға, Қостанайға, Жамбылға, Шымкентке, Түркістанға барып, ағайын-туыстардың, дос-жарандарының амандығын біліп, ел аралап келетін.

Ол бүкілодақтық экономикалық жоспарлы ғылыми жобалардың белсенді атқарушыларының бірі болды. Кейін олардың біздің республикаға байланысты бөліктерінің жетекшілері қатарына кіріп, көп жұмыс атқарды. АҚШ-тағы, Англиядағы, Германиядағы, Түркиядағы, Москвадағы, Ленинградтағы, Киевтегі, Минскідегі, Ташкенттегі, Новосібірдегі ғылыми конференцияларға қатынасып, өзінің көп әріптестерімен жақын араласты. Бүкілодақтық ғылыми кітап баспаларынан монографияларын шығарды.

Өзінің докторлық диссертациясын ағам 1972 жылы бітіріп, Ғылым академиясының Экономикалық институтының ғылыми кеңесінің қарауына тапсырған болатын. Кеңес басшысы, белгілі ғалым «тастап кет, кейін хатшы хабарласады ғой» депті. Бірақ, хабар болмай, жыл өтіп кетті. Шыдамы таусылып, бір күні төрағаның қабылдауына барған екен. «Шырағым, әлі жассың, жүре тұр. Тіпті, шынын айтсам, бұл кеңесте сен қорғай алмайсың», – депті. Сайлау сол күні кешке қарай мені шақырып алып, екеуіміз қалай істейміз деген ойға қалдық. Мен «тарығатын ештеңе жоқ, құласаң нардан құла» деген, өзің талай барып жүрген Москвадағы ғылыми кеңестердің біріне бер. Әрине, шығын көбейеді. Көптеп-көлемдеп бірдеңе қылармыз» дедім. Өзінің ойы да солай болды-ау деймін, ағам қарсы болмай, Москвадағы Орталық экономика-математика институтының кеңесінде 1974 жылы диссертациясын нәтижелі қорғап шықты. Оның жұмысты алдын ала қарау, қорғауға қабылдауға қатынасу, автореферат шығарып, тарату сияқты шаруаларына бірнеше рет баруына тура келді. Қаражаттан қиналса, кетер алдында маған хабарласатын. Мен өз қалтамда барын шығарып, қалғанын қызметтестерімнен қарыз алып қосып, ағамды шығарып салып жүрдім.

Сол кезде Сайлау экономикалық ғылымдар бойынша Кеңес Одағындағы ғылым докторлығын корғаған (37 жаста) ең жас ғалым болды. Бұл мақтануға болатын себеп еді. Оған «сен әлі жас екенсің» деген ешкім болған жоқ. Қайта оны Қазақстанда ғылымның жаңа бағытын дамытқан, оған елеулі үлес қосқан, Одақтың жетекші, танымал ғалымы ретінде бағалады. Мұндай баға бергендердің ішінде Нобель сыйлығының лауреаты Л.В. Канторович, академиктер Н.П. Федоренко, А.Г. Аганбегян, Н.Я. Петраков, С.С. Шаталин, Н.Н. Некрасов, В.В. Пугачев, Т.С. Хачатуров, А.Ю. Ишлинский, В.А. Макаров, А.Г. Гранберг, ғылым докторлары Г.Х. Попов, М.Я. Лемешев, М.М. Албегов, С.Б. Глазьев секілді атышулы ғалымдар да болды. Олардың біразын Сайлау Алматыға шақырып, алғаш рет қазақстандық ғылыми қауымға таныстырып, лекцияларын тыңдатқан болатын.

Сайлау халықаралық дәрежеге ие болған Астана экономиқалық форумын өткізудің бастамашыларының бірі болып, оған бірнеше Нобель сыйлығының иегерлерінің қатынасуына ықпал жасады. Ағам экономикалық ғылымдардың бірнеше халықаралық академияларының мүшесі болды. 2017 жылы Халықаралық стандарттар мен рейтингтер агентствосы Үндістанда экономика (шығындар тиімділігі) бойынша өткізген дүниежүзілік академиялық конкурста 64 елден қатынасқан 5 435 ғалымның жұмыстарының арасынан оның ғылыми мақаласы бірінші орын алып, өзін әлемнің ең білікті 500 экономика сарапшыларының бірі деп атады. Ағам біреуге жамандық істемек түгіл, зиян келтірейін деп ойламайтын адам еді. Ешкімге қатты сөйлеп, қабақ шытып, ренжіп көрген емес. Қайта келген адамдарды сөзімен, сый-құрметімен риза етіп шығарып салатын.

Соңғы 15-20 жылдар бойы Сайлаудың жалғыз көзімен ғана жұмыс істегенін көпшілік біле бермейді. Үйінде отырып қалған кейінгі 1,5 жылда хабарласып жеңгем екеуінің жағдайын сұрағандарға «жақсы» немесе «нормально» деп тек көңілді жауап қайтарушы еді.

Биыл 4-тамызда бір асқа барып, ауылдан келе жатып, сәлем беруге соққанымда инсульт бастала бастаған екен, үстінен түстім. Кіре берістегі диванда отырушы еді. Орнынан сырғып төменірек түсіп кетіпті. Басы диванның төменгі артына тығылып, иегі кеудесіне тіреліп, тамағын қысып қалыпты. «Сәлем Сәке» дегенімде, бұрынғыдай қолын бере алмады, бірақ көзін ашып қарады. Кухнядан жүгіріп шыққан Айнұр келін екеуіміз көтеріп диванға жатқыздық. «Бір жерің ауыра ма» деп сұрап едім, «жоқ» деді. Бұл ағамның соңғы сөзі болды.

Келген жедел жәрдем Астананың екінші ауруханасына апарып, жан сақтау бөліміне салыпты. Шамасы үш күннен кейін «Сайлаудың жағдайы қалыптасты» деп аурухананың инсульт бөлімшесінен жеке палатаға шығарылыпты. Одан көп ұзамай қайта реанимацияға түсіп, сонда 10 тамыздың кешінде ағам мәңгілікке аттанды. Менде тек «сол күні неге жарты сағат бұрынырақ бармадым екен» деген өкініш пен балалық кезден бір азаймаған ағама деген сағыныш қана қалды.

Сәбит БАЙЗАҚОВ, ҚР ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here