Либерия – Африканың батысында, Атлант мұхитының жағалауында орналасқан әлемдегі ең кедей елдердің бірі. Қазіргі мемлекет аумағына XV ғасырдың II жартысында португалдар табан тіреп, ұзақ жылдар бойы құл саудасын жүргізді. 1822 жылы америкалық отаршылар жергілікті тұрғындардан жағалаудағы жерлерін сатып алып, онда АҚШ-та еркіндік алған құлдарды қоныстандырып, жаңа мемлекет құрды.
Жер көлемі біздің Түркістан облысымен шамалас елде құлдардың ұрпағы саналатын 5 млн афроамерикалық тұрады. Ағылшын тілінде сөйлейтін халықтың 85 пайызын христиандар, 12 пайызын мұсылмандар құрайды. Осы елді 2018 жылдан бері «Алтын доп» иегері (1995) атанған жалғыз африкалық футболшы Джордж Веа басқарады.
Иә, 56 жастағы Джордж Веаның футбол сүйер қауымға есімі жақсы таныс болса керек. «Алтын доп» иегері «Пари Сен-Жермен», «Челси», «Манчестер Сити», «Милан», «Олимпик Марсель» сияқты атағы алысқа тараған әйгілі футбол клубтарында доп тепті. Жоғарыда аталған клубтарда 478 рет алаңға шығып, қарсылас қақпасына 193 гол салған. Бұған ұлттық құрама сапындағы 57 ойын мен 13 голды қосыңыз.
Джордж Веа үлкен спортпен қоштасқаннан кейін саясат сахнасына шықты. Ол 2017 жылы 26 желтоқсанда өткен сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жетіп, Либерияның 25-ші президенті атанды. Кенже ұлы Тимоти әке жолын қуды. 23 жастағы футболшы АҚШ құрамасының және «Ювентус» футбол клубының шабуылшысы.