Қарт Торғай, қайран Торғай! (Президент пен Үкімет назарына)

0
3014

Аса қадірменді Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қасиетті қазақ жерінде ұлттың ғұмырымен сабақтас болып, атауы талай ғасырдан бері құлаққа сіңіп кеткен аяулы жерлер аз емес. Мәселен, Алтай, Атырау, Жетісу, Сарыарқа, Тұран, Түркістан деген сияқты. Соның бірі – Торғай. Бұл атаудың шығу тегі туралы сан-алуан айырмашылықтар, дәлелдер, әртекті пікірлер айтылып жатады. Бір нұсқада «Торғай» сөзі – «Тургай», яғни «далалықтардың мекені» дегенді білдіреді. Кейін Торғай аталып кеткен деседі. Дегенмен, бастауын қазақтың кең сахарасындағы Ұлытау сілемдерінен алатын Сары Торғай, Қара Торғай өзендері қосыла келіп, Торғай өзені атала келіп, ұзындығы 800 шақырымнан асатын шалқар дария өзенге тікелей қатысты болуы көңілге қонады. Екіншіден, атақты Тұран ойпатының солтүстік қақпасы сонау Авеста, Геродот заманынан бері күні бүгінге дейін Торғай үстірті, Торғай жазығы деп аталып келеді. Осы жер картада да жасыл жолақша болып, Тұран ойпатымен жалғасып жатады. Қалай болғанда да, Тұран, Түркістан, Торғай атаулары бір-біріне төркіндес, ғасырлар бойы халқымыздың құлағына сіңісті болып, жадында жатталып қалған сокралды атау екендігін дәлелдейді. Қазақ поэзиясының дүлділі Мағжан Жұмабаев: «Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме…» десе, торғайлық ақын Сырбай Мәуленов:
«Сонау Тұран ойпатынан бас алып,
Өзен болып айырылады жас ағып.
Торғай бүркін таңмен бірге аттанған
Ұзатылған қыз сияқты жасанып», – деп Тұран мен Торғайдың елі мен жерінің бір-біріне кіндіктес жалғас екенін жырға қосқан ғой.

Торғай облысының соңғы тарағанына 30 жылға таяу уақыт өтсе де, онда табылған тарихи жәдігерлер Торғай өлкесімен, Торғай даласымен аталады. Мысалы, АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі жариялаған геоглифтер мен геометриялық денелер Торғай даласынан табылды. Олар Торғай свастикасы, Үштоғай шаршысы, Бестам шеңбері, Қоғай кресті, Ашутасты кресті тағысын тағылар. Бұл жерде біздің айтпағымыз, «Торғай» сөзінің шығу тарихын дәлелдеу емес, Торғай облысы атауының айналымнан түсіп қалуына өкініш білдіру. Бүгінгі әңгіме соны айналымға қайта қосып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру туралы болмақ.

Соңғы екі ғасырға жуық уақыт ішінде Торғай облысы бір рет атауы өзгеріп, екі рет ашылып-жабылды. Бірінші ашылуы 1868 жылдың 21 қазаны болды. Ресей империясының Жарлығымен Торғай облысы құрылып, орталығы Орынбор қаласы болып белгіленді. Жер көлемі ендік бойынша сол кездегі Орал мен Ақмола облысына дейінгі, ал бойлық бойынша Орынбордан Арал теңізіне дейінгі жерді алып жатты. Осы аймақ әуелден «Торғай өлкесі» делінетін, сондықтан патшалық Ресей облыс атауын «Торғай» деп атады. Сол кезде бұл аймақтағы халықтың 90,6%-ы қазақтар болды. Кейіннен Кеңес үкіметі орнағаннан кейін облыс орталығы Қостанайға көшірілді. Сөйтіп, бұл аймақ 1936 жылға дейін Торғай облысы аталып келді. Кеңестің жаңдайшап атқамінерлері, орыс шовинистері «Торғай» сөзінен қашып, облыс атауын «Қостанай» деп өзгертті.

1970 жылы Қазақ үкіметі Қостанайдан 4, Ақмола облысынан 4 ауданды біріктіріп, дербес Торғай облысын ашты. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт көтеріліп, Арқалық қаласы шапшаң қарқынмен салынды. Зауыт, фабрикалар бой көтерді. Халық саны жедел өсіп, сексен мыңға жуықтады. Облыс мол астық тапсырғаны үшін Ленин орденімен мадақталды. Жаңадан екі аудан ашылды. Мәдениет пен өнер саласында, ғылым мен білім саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Сөйтіп, облыс дүркіреп тұрған шақта 1988 жылы аяқ астынан жабылды. Араға екі жыл салып қайтадан ашылды. Сөнгені жанып, үміт оты жылт еткен сәулелі шақта 1997 жылы маңдайы тайқы Торғай облысы қайтадан жабылды. Халқы тентіреп басы ауған жаққа көшіп кетті. Тым болмағанда осы шақта Торғай атауын айналымда қалдыру үшін Қостанай облысының атауын Торғай деп өзгертіп жіберуге болатын еді. Ол да істелінбеді.

Торғай елі – басына түскен қиыншылықтардың қай-қайсысына да шет қалмаған белсенді, намысқой, кеудесін бастырмайтын рухты өлке. Содан да ол сонау тәу заманның өзінде патша үкіметінің назарын өзіне аударды. Торғай облысы құрылудан 32 жыл бұрын қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданының орталығында 1845 жылы әскери бекініс салына бастады. Ондағы басты мақсат – Кенесары көтерілісін бесінде тұншықтырып, Қазақ даласына сұғына кіру еді. Патша ағзамның бұл саясаты ақыры жүзеге асты. Торғайға Орынбор казактарының отбасы көшіріліп әкелді. Олар әскери міндеттерден босатылды. Сонымен қатар, екі рота солдат қоныстандырылды. Соған қарамастан 1916 жылы Торғай қазақтары патша саясатына қарсы шығып, тарихтан белгілі көтеріліс басталды. Оның басында Амангелді, Кейкі батырлар болды. Мұны бір деп қойыңыз.  Кешегі Алаш автономиясын құру идеясы кезінде де Торғай шет қалған жоқ. Алаштың белгілі жеті көсемінің екеуі – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы осы Торғайдың төл тумасы болатын. Белгілі жазушы Әнес Сарайдың: «Алаштың табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты» деуі содан да болса керек.

Торғайда ел тарихының бір бөлшегі жатыр, басқа әлеуметтік-экономикалық жағдайды айтпағанда, ол қазақтан шыққан тұңғыш тарқан, бес аспап мәмілегер батыр Шақшақ Жәнібектің, Амангелді, Кейкі, Төлек, Жәуке батырлардың, Әліби Жангелдиннің, Сырбай мен Ғафудың, Әнуар Боранбаевтың, классик жазушылар Төлен Әбдікұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ахан Нұрманұлы, «Қазақ» газетін халқына қайтарған жазушы, баспагер Қоғабай Сәрсекеевтің, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досановтың, академиктер Кенжеғали Сағадиев пен Өмірзақ Сұлтанғазиннің, композитор Бақытжан Байқадамовтың, сұңғыла актерлер – Серәлі Қожамқұловтың, Елубай Өмірзақовтың, Қапан Бадыровтың, қоғам қайраткері Асқар Закариннің, көрнекті ғалымдар Сәбит, Сайлау Байзақовтардың, Әбдісағит Тәтіғұловтың туған мекені.

Екінші бір мәселе – Торғай ойпатының асты толы қазына. Әулиекөлден басталып, сонау «Тургай петролеумге» дейін созылып жатқан мұнайдың мол қоры бар. Құсмұрынның, Орловканың, Жыланшық өзенінің бойындағы қоңыр көмір, Арқалықтағы Маятас кенішіндегі алтын, мыс, фосфор, магнит кең көздері күні ертең ашылады. Осы тұрғыдан алғанда, Торғай атауының айналымда жүруі жағымды әсер етеді.

Қостанайды Ресейдің бір бөлшегі сияқты сезінетіндер арамызда әлі өріп жүр. Олар не көшенің, не жердің атауын ұлттық ұғымға сәйкес өзгертейік десек шуылдап шыға келеді. Сондықтан жергілікті жердегі басшы органда отырған қазақ азаматтары барынша табанды, принципшіл болуы керек.

Иә, «үй артында кісі бар» деп бұрынғыдай жалтақтай берудің енді жөні жоқ. «Торғай» деген бір ауыз сөздің өзі жаңағыдай сепаратистерді тәубесіне келтіріп, көк желкеден ұрады, психологиялық жағынан мысын басады. Қазақтың жерінде жүргендігін сәт сайын есіне түсіріп отырады.

Түйіндей келе айтқанда, географиялық жағынан қарастырсақ, Қостанай қаласы Торғай қақпасының үстінде тұр. Ол облыстың бүкіл аумағын қаққа жарады. Оның аңғарында Тобыл, Обаған, Дәмді, Мойылды, Жалдама, Сарыөзен, Қарынсалды, Торғай өзендері мен Сарытосын жатыр. Сондықтан облыстың атауын өзгерткеннен Қостанай атауына ешқандай нұқсан келмейді. Ол облыстың әкімшілік орталығы болып қала береді.

Меніңше, ұлттық мүддеге қатысты принципті мәселелерді мәслихаттардың талқысына салып, шөре-шөре етпей, Үкіметтің қаулысымен шешсе, ешкім таласа алмайды.

Әрине, Ресей насихатшыларының ақпараттық шабуылы, күңкіл сөз көп болады. Енді оған мән берудің қажеті жоқ. Көше аттарын өзгерту, қала, облыс атауын жаңалау Қазақстанның ішкі жұмысы емес пе?! Оған өзгелердің араласуының қандай қақысы бар?!

«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды қияды» демекші, сепаратистердің ығына жығыла беруді қою керек. Сонда атам қазақ айтқандай, өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Ұлттық маңызы бар атаулар тәуелсіз Қазақстанда жаңаша сипат алып, ұрпақтар санасында берік сақталып қалуы керек. Ол үшін елді мекендердің байырғы атауын қайтару керек.

Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here