Қызыл теңіздегі дауыл немесе хуситтер әлегі

0
565

Әлем картасында тағы бір мазасыз мүйіс пайда болды. Йемен хуситтері Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне шабуыл жасауды әдетке айналдырды. Содан Еуропаны Жерорта теңізі мен Суэц каналы арқылы Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланыстыратын маңызды көлік артериясына қауіп төнді. Хуситтер жасаған шабуылдардың нәтижесінде бұл аймақтағы жүк ағыны бірден 35 пайызға қысқарды. Өйткені, ірі көлік компаниялары қауіпті жерді айналып өтіп, өздерінің логистикалық тізбектерін құра бастады. Теңіз көлігі келісімшарттарын сақтандыру құны қымбаттады. Ал, балама бағыттар бойынша тауарларды жеткізу екі аптаға дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ, Қызыл теңіз акваториясы әлемдік сауданың шамамен 10-15 пайызын құрайды. Күніне шамамен 7 млн баррель мұнай мен мұнай өнімдері Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы өтеді. Мысалы, мұнай бағасы сияқты сезімтал индикатор аймақтағы оқиғаларға байланысты желтоқсан айының басында барреліне шамамен 770 доллардан 880 долларға дейін көтерілді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін хуситтердің кім екеніне және Қызыл теңіздегі шырғалаңға тоқталады.

ХУСИТТЕР ДЕГЕН КІМ?

Хуситтер немесе «Аңсар Алла» – Йемендегі қарулы топ, оның негізін мұсылман шейіт азшылығынан, яғни зейдиттер құрайды. Олар Йемендегі 30 млн халқының үштен бірі саналады. Оңтүстік-Батыс Азиядағы елдің солтүстігінде Сауд Арабиясымен шекарада таулы жерлерде тұрады.

Өздерін «Құдайдың көмекшілері» деп санайтын «Аңсар Алла» қозғалысы 1990 жылдары әскери және саяси қозғалыс ретінде құрылды. Хуситтер автономияға қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Атауы қозғалыстың негізін қалаушы Әли Хусейн әл-Хусидің есімімен тікелей байланысты. 2004 жылы олардың қарулы әрекеттері күшейе түсті. Сол жылы 18 маусымда әл-Хуси ұсталып, оның ізбасарлары қарулы төңкеріс жасаған. Оның барысында әл-Хуси өлтірілген.

Иә, хуситтер Йеменнің бірқатар солтүстік өңірлеріне бақылау орната алды. 2011 жылы Таяу Шығысты қамтыған «Араб көктемі» аясында хуситтер бірқатар өткір шабуылдар жасады. Оларға қарсы тұру үшін Сауд Арабиясы бастаған халықаралық коалиция құрылды. Соған қарамастан 2014 жылы хуситтер Йемен астанасы Сана қаласын басып алды. Өкінішке қарай, орталық үкімет қашуға мәжбүр болды.

Йемен – бірнеше бөлікке бөлінген мемлекет. Араб түбегінің оңтүстігінде орналасқан Йемен билігі Сауд Арабиясының қолдауына сүйенеді. Ал, хуситтердің Иран сияқты ықпалды одақтастары бар. Негізгі ойыншыларға үкімет пен хуситтерден өзге Оңтүстік өтпелі кеңес кіреді. Осылайша, хуситтер орталық үкіметтің сүннитке негізделген елдегі исламдандыру әрекеттеріне қарсы. Қозғалыстың сыртқы саяси идеологиясында радикалданған ұрандар көп айтылады. «АҚШ-қа өлім, Израильге өлім» ұраны жиі кездеседі. Қарулы қақтығыстың қаншалықты ауыр екенін түсіну үшін Йемендегі соғыс басталғаннан бері 10 мыңнан астам бала өлтірілгенін немесе мүгедек болғанын атап өту жеткілікті.

СОҒЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛҒАН ТЕҢІЗ

Қараша айының басында хуситтердің өкілі Яхья Сария өз халқының Израильге соғыс жариялауды қолдайтынын айтып, жау территориясына жаппай ұшқышсыз ұшақтар мен баллистикалық зымырандар шабуылдар  жасап үлгерді. Олар Израильге қарсы әскери операция «жаншылған Палестина халқын және олардың жауынгерлік қарсылығын қолдауға» бағытталғанымен түсіндіреді. Газа секторындағы қақтығыс тоқтағанша оқ атуды жалғастыруға уәде берді. 19 қарашада көтерілісшілер Қызыл теңіздегі Израиль жүк кемесін басып алып, оны Йемен жағалауына алып келді. Содан кейін еврей мемлекеті бұл кеменің Израильге қатысы жоқтығын, оның азаматтары команда арасында жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен, олар басқаратын Йемен жағалауындағы учаскеден еврей мемлекетіне қарсы бірнеше баллистикалық зымырандар ұшырды.

Желтоқсан айының басында хуситтер Қызыл теңізде және Баб әл-Мандеб бұғазында дрондардың көмегімен теңіз сауда кемелеріне үнемі шабуыл жасай бастады. Жалпы алғанда, азаматтық кемелерге ондаған шабуылдар тіркелді. Мысалы, 26 желтоқсанда АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы хуситтер Қызыл теңіздегі кемелерге 100-ден астам шабуыл жасағанын хабарлады.

Жыл соңында кеме қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ақ үй «Өркендеу сақшысы» операциясын жариялады. Оған америкалық әскери күштерден өзге тағы тоғыз елдің әскери-теңіз бөлімшелері қатысады. Атап айтқанда, Бахрейн, Ұлыбритания, Дания, Италия, Канада, Нидерланд, Норвегия, Сейшель аралдары мен Франция. Қазір Қызыл теңіз акваториясында он шақты жойғыш, тасымалдаушы, екі атомдық сүңгуір қайық және сүйемелдеуге арналған бірнеше кеме бар. Пентагонның әскери дереккөздері бұл АҚШ-тың соңғы бірнеше жылдықтағы Қызыл теңіздегі ең қуатты әскери тобы екенін айтады. Оның алдында Қызыл теңіз арқылы азаматтық кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету және оларды дрондар мен зымырандардың ықтимал соққыларынан қорғау міндеті тұр.

АҚШ пен оның одақтастары Қызыл теңізде кең ауқымды соғыс қимылдарын жасайды деп күтпеңіз. Егер хуситтер еврейлермен соғысты жалғастыруға тырысса, олар жағдайды бақылаумен және шабуылдарды тойтарумен шектелуі мүмкін. Жағалаудағы көтерілісшілердің әскери нысандарына олардың белсенділігін басу және одақтастардың әскери мүмкіндіктерін көрсету үшін бірнеше нүктелік соққылар болуы ықтимал. Қалай болғанда да, жағдайдың одан әрі дамуы Израильдің Газа секторындағы операциясының нәтижелеріне тікелей байланысты. Израиль әскері (ЦАХАЛ) анклавта операция аяқтағанда және Палестина-Израиль қақтығысының саяси-дипломатиялық шешімін уақытша болса да табылған кезде Қызыл теңіз акваториясында тыныштық қалпына келетіні анық.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Расында, кемелердің Қызыл теңізді айналып өту жолы ұзағырақ. Көлік шығындары артады, бірақ 15 пайыздан аспайды. Бұл тауардың бағасына айтарлықтай әсер етпейді. АҚШ пен одақтас елдер өз міндеттерін орындайды және Қызыл теңізде жүзу режимі жақын арада қалыпқа келеді деп болжауға болады. Жағдай қалпына келген кезде көптеген компаниялар өз бағыттарын қайта қарайтын болады. Компаниялар қазірдің өзінде теңіз жолының орнына темір жол және әуе жолдарын пайдалануды жөн көреді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here