Сенаторлар ойын бизнесін реттеу және лудоманиямен күрес мәселелерін талқылады

0
865

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің басшылығымен кездесті. 

Ойын бизнесі саласын мемлекеттік реттеудің өзекті мәселелері талқылаудың басты тақырыбы болды. Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп кездесуді аша келіп, құмар ойындардың кең қанат жаюы мен таралуы қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе болып қала беретіні, еліміздің экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатына теріс әсер ететінін атап өтті.

«Ойын бизнесі туралы», «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» арнайы заңдар қабылданды. Алайда, күн сайын ойын, букмекерлік және лотерея қызметін жүзеге асыратын құрылғылардың көптеген жаңа түрлері күнделікті өмірге енуде, ал онлайн-казино мен цифрлық ставканың жарнамалары интернетке шығады. Мұның бәрі адамдардың оңай ақша табуға ұмтылысын күшейтеді және лудомания мен құмар ойындардың кең таралуына әкеледі. Бүгін, бейресми мәліметтер бойынша, елімізде 350 мыңға жуық адам лудомания дертіне шалдыққан. Бұл әлеуметтік қатер», – деді Нұртөре Жүсіп.

Кездесуге қатысушылар лудоманиямен күреске кедергі келтіретін мәселелерді талқылады. Олардың қатарында лудоманияның емдеу әдісі мен дамуының объективті себебі туралы шынайы ақпараттың болмауы, заңсыз ойын бизнесі үлесінің көптігі, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың әлсіздігі де бар.

Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп, осы жүздесудің ойын бизнесін реттеуді жақсартуға ғана емес, лудоманиямен күрес және қоғам мүддесі мен денсаулығын қорғауда елеулі ілгерілеуге маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here