Абай университетінде «Күміс университеті» ашылды

0
800

Кеше, 21 ақпанда Абай атындағы ҚазҰПУ-да салиқалы жастағы адамдарға арналған университет – «Күміс университетінің» ашылу салтанаты өтті. Филология институтының ұйымдастыруымен «Мүмкіндіктер алаңы» тақырыбында арнайы іс-шара өткізілді. 2023 жылдың қараша айында басталған бұл жоба Алматы қаласының Медеу және Алатау аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Іс-шараның мақсаты – егде азаматтардың білім алу кеңістігін кеңейту, олардың өмір сүру сапасын арттырып, өзін-өзі дамытуын қолдау, құрмет көрсету. Абай университетінің стратегиялық даму бағдарламасына сәйкес Күміс университет моделін жүзеге асыру.

Болат Тілеп бұл бастаманың маңыздылығына және оның өзектілігіне тоқталды. «Бүгінде мемлекетіміз «Күміс университет» жобасы аясында аға буын өкілдерінің біліктілігін арттырып, заман талабына сай дамуы үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Білім беру саласында көш ілгері келе жатқан білім ордамыз аға буынға қолдау көрсетіп, олардың ары қарай үздіксіз білім алуына, тәжірибе алмасуына ықпал ететін болады. Біз аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғамдық өмірге толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруды жалғастырамыз», –  деді.

Аталған аудандарда тұратын егде жастағы адамдарға арналған тіл үйрену курстарын ұйымдастыру Филология институтының бастамасымен қолға алынған болатын. Қазіргі таңда қазақ, ағылшын және араб тілдерін үйрену курстарына 56-ға жуық адам қатысуда. Тіл үйрену арқылы заманға сай коммуникативтік дағдыларын арттыруға қызығушылық білдіргендер саны күннен күнге артып келеді. 

Күміс университет – ересек жастағы физикалық және психикалық денсаулығын жақсартуына, белсенді ұзақ өмір сүруіне, заманауи нарыққа сәйкес келетін екінші дағдыны игеруіне ықпал ететін әлеуметтік қозғалыс. Қарт адамдардың белсенді түрде ұзақ өмір сүруіне көмектесетін әлеуметтік қызметтің инновациялық түрі саналатын бұл қозғалыс егде адамның жас ерекшелігін, өмірлік тәжірибесін ескере отырып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, білім алу қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын әлеуметтік институттар іс-әрекетінің үлгісін жасауға мүмкіндік береді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here