Өмірде жігіттердің алуан түрі бар. Солардың арасынан жинақтап, оларды он түрге бөліп, нәзік жандыларға 8-наурыз мерекесі күнінде жігіттердің сипаттамасын жариялап отырмыз.
- Бос белбеу жігіт. Кейбір қыздар «күйеуі ұрады екен» дегеннен қорқып, жуас жігіт іздейді. Тым бос белбеу, ынжық ер адам өзге түгілі, өзін асырай да, қорғай да алмайды. Ондай күйеудің барынан – жоғы жақсы ғой.
- Қатынбасшы. Қазан-ошаққа араласып, не ішіп, не жегеніне дейін санап, есептеп, ызыңдап отыратын ұсақ адам.
- Құрғақ мырза. Сыртқа шығып мақтанғанда дүниедегі ең бай, жомарт, ақылды, сыйлы адам сол. Үйіне барсаң дастарханға үзіп салар наны жоқ кедей жігіт.
- Желқайық. Аузымен бәрін тындырып тастайтын, алтыннан тау тұрғызып беруге уәде ететін, жеме-жемге келгенде уәдесі желге ұшып кететін суайт жігіт.
- Кеудемсоқ. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай. Сондықтан да ол озбыр, бар мәселені жұдырықпен шешуге тырысады. Ертең отбасында дау туа қалса, алдымен оның жұдырығы сөйлейтін болады.
- Тауық. Аты айтып тұрғандай оларды махаббат деген сезім болмайды. Олардың аңдығаны – қыз. Тілі майда. Қыздарды тұзаққа тез түсіреді. Ұраны: «Іс бітті, қу кетті».
- Құлықсыз. Жас кезінде ойын-тойда сылқитып ішіп, көңілді жүретін жайсаң жігіттей көрінгенімен, ерік-жігері нашар, есейе келе нағыз алқашқа айналатын құлықсыз жігіт.
- Қалтырауық. Ол отбасынан, бала-шағасынан өзінің байлығын жоғары қояды. Ішпей-жемей дүние жинайды. Пайдасын көрмейді. Ақшасы шықса жаны қоса шығып кете жаздайды.
- Зиялы. Аса бай да болмауы мүмкін. Бірақ ел жақтайтын сыйлы, ұнамды, білімді, жан-жақты түсінігі мол жігіт.
- Нарқасқа. Әр сөзі салмақты, мірдің оғындай іскер, ұстамды, жаны жомарт, қайырымды, көпшіл жігіт.
Айбол БИТУҒАНОВ, жоғары білімді ұстаз