Бұл жайлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасарлары полковниктер Азамат Досымов пен Фархат Айдарбаев айтып берді.
ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес бірінші наурыздан бастап белгіленген әскери борышын өтеген мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіз жоқ азаматтарды шақыру жөніндегі іс-шаралар басталды. Осы тұрғыда қалалық және аудандық шақыру комиссияларының жұмысы жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарларының басшылығымен жүргізіледі.
«Биылғы жылдың 30 маусымына дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы жиырма мыңға тарта қазақстандық толықтырады. Қарулы күштерге 10 мыңға жуық, Ұлттық ұланға – 6,5 мыңнан астам, ҰҚК Шекара қызметіне – 3 мыңдай, Төтенше жағдайлар министрлігіне және Мемлекеттік күзет қызметіне – 500-ден аса азаматты шақыру жоспарланған», – деді полковник Азамат Досымов.
Әскерге шақырылатындарды хабардар ету жеке шақыру қағаздарын үйлеріне және қызметтік мекенжайларына жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Департамент бастығының орынбасары полковник Азамат Досымов азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру барынша ашық форматта жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әскерге шақыруға қатысты қажетті ақпаратты алу үшін барлық қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінде электрондық пошта жәшіктері жұмыс істейді, әлеуметтік желілерде ресми аккаунттар құрылды.
Қорғаныс министрлігінің өкілі азаматтарды сыйақы беріп күмәнді тәсілдермен шақыруды кейінге қалдыру немесе босату мәселелерін шешуге аулақ болудан сақтандырды.
«Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату қызметтерін азаматтарға жергілікті атқарушы органдар «электрондық үкімет» порталы арқылы ақысыз көрсетіледі. Сайтта egov.kz барлық жергілікті әскери басқару органдарында бұл мәселені шешу кезінде басшылыққа алынатын жадынама бар», – деп хабарлады полковник Азамат Досымов.
Ақша бопсалаудың, мәселелерді шешуді кешіктірудің барлық жағдайлары бойынша ол Қорғаныс министрлігі мен құқық қорғау органдарының сенім телефондарына хабарласуды өтінді.
Полковник Фархат Айдарбаев одан бөлек мерзімді әскери қызметті дәріптеу барысында мемлекет қабылдаған шараларға тоқталды.
Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында сарбаздарға «кредиттік демалыс» беру жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда 2,3 млрд теңге сомасына 6 мыңнан астам әскери қызметшінің төлемдерді кейінге қалдырылды.
«Президенттің армияда жұмысшы мамандығын үйрету туралы тапсырмасы іске асырылуда. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқу орталықтарында әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлық жүргізіледі. Оқу аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер мемлекеттік үлгідегі куәліктер алады. Әскерден кейін осындай мамандық меңгергендердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі көбірек. Бұған қоса келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру мүмкіндігі бар», – деді Департамент бастығының орынбасары полковник Фархат Айдарбаев.
Қорғаныс министрлігімен 70-тен астам жоғары оқу орны мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға білім беру секторында қосымша жеңілдіктер беру туралы келісімге қол қойды. Бүгінгі таңда 600-ге жуық қазақстандық осы жоба арқылы жоғары оқу орындарында білім алып жүр.
Брифинг соңында қорғаныс ведомствосының өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді.