Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, отандастарымыз ішімдікті өте көп тұтынады. Орта есеппен еліміздегі әрбір ересек адам жылына 8 литр таза спирт пайдаланады екен. Бұл – халықаралық орташа деңгейден әлдеқайда жоғары. Ал, темекіге қатысты соңғы мәліметке қарасақ, еліміздегі ересектердің 27 пайызы темекі шегеді. Бұл дегеніміз – әрбір үшінші қазақстандық табакқа тәуелді деген сөз. Нақтырақ айтсақ, еркектердің 36 пайызы, әйелдердің 19 пайызы темекіге құмар. Осы статистика отандастарымыздың 70 пайыздан астам темекі өнімдеріне қарсы екенін көрсетеді. Бұл тақырыпты Денсаулық сақтау министрлігі көптен бері қозғап, тіпті осы мақсатта «Дені сау ұлт» атты ұлттық жобаны қолға алған болатын. Ондағы үміт – 2025 жылға дейін еліміздегі темекі шегетіндердің үлесін 19 пайызға дейін азайту.
Он жылдан бері алкоголь өнімдерін түнгі уақытта сатуға шектеу қойылды
Иә, ішімдік пен темекіге қарсы күрес жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тіптен сол бір зиянды әдеттен арылту үшін мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар мен бастамалар қаржыландырылып жатыр. Ішімдік пен темекіге қарсы әрекеттің басты бағдары – зиянын ескерту және қолжетімділікті шектеу. Және ішімдік тұтыну мөлшерін азайту және заңсыз саудаға тосқауыл қою мақсатында заң қабылданды. Мақсат – заң алдындағы жауапкершілікті күшейту, бақылауды арттыру. Заң аясында ішімдік сату уақытын қысқарту арқылы алкогольді тұтыну мөлшерін де азайтуға сеп болмақ. Қойылып отырған талаптарға бағынбаған кәсіпкерлерге жаза күшейтілді. Тағы бір маңызды пунктердің бірі – 21 жасқа толмаған жас жеткіншектерге ішімдік сатылмайды. Мысалы, 2014 жылы алкоголь өнімдерін түнгі уақытта сатуға шектеу қойылды. Яғни, этиль спиртінің көлемі 30 пайызға дейінгі ішімдікті кешкі сағат 23:00-ден таңғы 8:00-ге дейін сатуға тыйым салынды. Оған сусын, сыра, вино сынды жеңіл алкогольді өнімдер кіреді. Ал, спирттің үлесі 30 пайыздан асатын қуатты ішімдіктер кешкі сағат 21:00-ден күндізгі 12:00-ге дейін саудаланбайды.
Қазақстандықтар жылына 8-10 млрд темекі шегеді
Елімізде шылымға да қатаң шектеулер енгізілді. Темекіні жарнамалауға және 18 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынды. Осы ұстанымдар аясында мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың «табаксыз апта», «табаксыз ұжым» сынды ізгі бастамаларына үндес екенін көрсетті.
Алкоголь мен темекіге қарсы күресті қаржыландырудың бір қадамы – медициналық тұрғыдан көмек беріп, тәуелділіктен арылту. Бүгінде еліміздің кез келген өңірінде ішімдік пен темекіге тәуелділіктен арылтатын амбулатория, арнайы орталықтар жұмыс істейді және психологиялық, реабилитациялық қызмет көрсетіледі.
Одан бөлек халықтың зиянды заттарға қатысты білімін арттыру. Әсіресе, жастар арасында алкоголь мен темекінің зияны туралы ғылыми дәлелдемелер тереңінен түсіндіріліп жатыр. Осы мақсатта дұрыс ақпарат таратылып, білім беру мекемелерінде және қоғамдық орындарда арнайы лекция өткізіліп тұрады.
Спиртті сусындарды сатуға тыйым салынған орындардың тізімі толыға түсті. Енді қоғамдық орындардан бөлек денсаулық сақтау нысандарында, білім беру мекемелерінде, спорттық-оңалту орталықтарында және бірқатар әлеуметтік мекемелерде ішімдік сатуға, ішуге болмайды. Оған қоса этиль спиртін өндірушілерге арналған лицензиялық алым мөлшері де артты. Мұндағы мақсат – ішімдікті тұтыну және өндіру көлемін азайту. Сонымен қатар, ішімдік өнімдерін көтерме және бөлшек саудалаушыларға жыл сайынғы лицензиялық алым бекітілді.
Елімізде 2021 жылдың шілдесінен бастап дүкендерде темекінің ашық сөресіне тыйым салынған болатын. Мұндай талапты бұзған кәсіпкерлерге 180 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі айыппұл салынады. Жеке тұлғалар 15 АЕК, шағын кәсіпкерлер 50 АЕК және орта немесе ірі кәсіпорындар 70 АЕК айыппұл арқалайды.
Бүгінде көптеген мемлекеттер зиянды тауарларға шектеу қоюда. Соның нәтижесінде жалпы статистикалық көрсеткіш төмендегенімен, темекі шегетіндердің, ішімдікке құмарлардың үлесі әлі де көп. Психологтар мен дәрігерлердің мәліметінше, бұл заттарға тәуелділік адам психологиясына, ағзасына дендеп сіңіп алады екен. Оны жеңудің ұтымды жолы – психолог маманның көмегіне жүгініп, мүмкіндігінше оған тәуелді адам өзіне сенімді болу керек.
Осы орайда зерттеушілер темекіге құмарлыққа қатысты бірнеше сұраққа жауап беріпті. Бірінші сұрақ: «Адам не үшін және қай уақыттан бастап темекі шегеді?». Жауап: «Адамдар көбінесе темекінің дәмін бала кезде татады екен. Ересектерге еліктеу, қоғамға қызығушылықтан кейін жасөспірімдер арасында темекі шегу мода деген пікір қалыптасқан». Яғни, қоршаған орта, қоғамның бейнесі жасөспірімдердің айнасы.
Денсаулыққа зияны орасан, салдары салмақты ішімдік пен темекіге қарсы күресте халық боп күш салу керек. Тұтынушы сатып алатын аурудан бас тартса ғана өндірушілердің өнімі азаяды. Оған Түркістан облысындағы бірнеше ауылдың әрекеті дәлел. Ордабасы ауданында 5 ауыл толықтай ішімдіктен бас тартқан. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Көлтоған, Төреарық, Елшібек ауылдарында үш жылдан бері ешқандай қылмыстық іс тіркелмесе, Жусансай, Аққойлы ауылдарында қылмыс атаулының орын алмағанына бес жылдан асқан екен.
Арақ-шарапқа жұмсайтын шығын 13 пайызға артқан
Ішімдіктің зияны бірінші кезекте отбасы бақытын ыдыратады. Оған әуес адамның денсаулығы нашарлап, жыныс органдарын әлсіретіп, белсіздікке, бедеулікке шалдықтырады. Тіпті, араққұмарлардың бүйрек, бауыр, жүрек, нерв жүйелері зақымдалып, қауіпті дерт бетке шығады. Бірінші байлықтан айырылған адамның өмірі қоғамға да, өзіне де қадірсіз. Жалпы адам ағзасына зардап тек арақ-шараптан келеді десек, біржақты және қате пікір болады. Көк түтін де тыныс жолдары мен түрлі өкпе ауруының қоздырғышысы.
Алкоголизм, есірткі, темекі шегу жайындағы дабыл өте орынды. Нашақұмарлықтың, темекі құмарлықтың, наркотикалық есірткілерді пайдаланудың салдарынан жарымес, мүгедек, аурушаң нәрестелер өмірге келеді. Бүгінде мүгедек балалардың өмірін өксітуге әсер етуші фактордың бірі осы зиянды заттар. Мұны болдырмаудың бірден-бір жолы – жоғарыда айтып өткен жағымсыз әрекеттердің алдын алу керек-ақ.
Тобықтай түйін
«Сатып алған ауруға дауа жоқ…». Рас, қазақтың осы бір қанатты сөзі жоғарыда айтып өткен зиянды заттарға тікелей қатысты. Адамның жеке денсаулығына да, отбасылық ынтымағына да, әлеуметтік жағдайына да кері әсер ететін дертті әр адам өзі ғана жеңе алады. Біз айтқан бастамалар және бағдарламалар тек темекі мен ішімдіктің зиянын түсіндіріп, одан арылудың жолына жөн сілтейді.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік…»
Индира БІРЖАНСАЛ