Биыл Рамазан айы 11 наурызда басталады

0
677

Қасиетті Рамазан айының бірінші күні 11 наурызға тура келеді.   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл Рамазан айы 30 күнге созылады. 11 наурыз алғашқы күні болса, 9 сәуір – соңғы күні. 10 сәуірде ораза айты мерекесі басталады. Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түні – Қадір түні. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Рамазан айындағы пітір садақасының мөлшерін белгіледі. Ол – 640 теңге болып бекітілді. 2024 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп, төмендегідей бекітілді:

  • Бидай 2 кг – 341 теңге;
  • Ұн 2 кг – 640 теңге;
  • Арпа 4 кг – 701 теңге;
  • Мейіз 2 кг – 5 745 теңге;
  • Құрма 4 кг – 8 536 теңге.

ҚМДБ мәліметі бойынша, 2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге етіп белгіленді. Дегенмен, бай әрі ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5 745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8 536 теңге) бергені жақсырақ.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні бекітілді», – делінген ҚМДБ хабарламасында.  

Ораза ниеті: «Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім». Ауызашар дұғасы: «Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!»

 Бүгін, 5 наурызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады. 

«Осы ретте барша отандастарымды қасиетті айда жүзеге асатын «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі», «Жомарт жұма» сынды қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізген абзал екенін айрықша атап өткіміз келеді. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Сонымен қатар, барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамын», – деді ҚМДБ Төрағасы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here