«B5+1» форумы: Қазақстанға ірі инвестициялар тартылады

1
3943

Алматыда 13-15 наурыз аралығында «B5+1» форумы болып өтті. Форумда сөйлеген сөзінде ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Үкіметтің жеке сектормен бірлесіп агробизнес және электрондық коммерция сияқты секторларда сауда мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын зерделеуге, сондай-ақ бірыңғай өңірлік нарықты құру бойынша жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік департаменті 15 наурызда кездесу барысында қол жеткізілген оң нәтижелерді жоғары бағалайтынын жеткізді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы (CIPE) Орталық Азиядағы тұрақты және инклюзивті экономикалық өсуге ұмтылу үшін «B5+1» қызметін ынталандыруды жалғастырады.

«B5+1» ФОРУМЫНЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен АҚШ, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан президенттерінің «C5+1» Мемлекет басшыларының саммитінде бастамашылық еткен «B5+1» платформасы жеке сектор мен Орталық Азия елдерінің үкіметтері арасындағы өзара іс-қимылды жеделдету әрі күшейтудегі бірегей платформа болып отыр. «B5+1» алаңында бизнес өкілдері өңірлік және жаһандық экономикалық интеграцияны күшейту, сондай-ақ Орталық Азияны халықаралық инвестициялар үшін бірыңғай нарық ретінде неғұрлым белсенді орнықтыру бойынша өз ұсынымдарын өңір елдері үкіметтерінің қарауына ұсынады.

«B5+1» тиімді жұмысының нәтижесінде нақты өзгерістер күтілмек. Елдер арасындағы сауда процедураларын жеңілдету, бюрократияны қысқарту және бизнесті жүргізу үшін қолайлы орта құру жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, аймаққа инвестициялардың ағылуына, сондай-ақ жалпы экономиканың өсуіне әкеледі.

«B5+1» – бұл аймақ алдында тұрған мәселелерді шешудің жаңа тәсілі. Кәсіпорындар мен үкіметтер мәселені жай ғана талқылап қоймай, белсенді әрекет етуде. «B5+1» форумында бизнес ұсынған нақты шешімдерді бес елдің үкіметтері жедел шеше алады. Бұл маңызды қадамдар іскерлік ортаны жақсартуда және аймақтағы экономикалық өсуді ынталандыруда шешуші фактор болуы мүмкін. Егер жеке сектор мен үкіметтер бірлесіп әрекет ете алса, бұл аймақтағы миллиондаған адамның өміріне әсер ететін нақты өзгерістерге әкелмек.

«B5+1» – бұл Орталық Азия елдерінің бизнес көшбасшылары мен үкіметтері іскерлік ортаны жақсарту және экономикалық өсуді ынталандыру жолдарын талқылау үшін жиналатын алаң. Жеке сектор экономикада үлкен рөл атқарады. Бастама бизнес пен үкіметтерге ортақ мақсаттар үшін бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл экономикалық дамуға оң әсер ететін секторлар арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты жақсартады. «B5+1» Орталық Азияға көбірек инвестиция алуға, жаңа технологияларға қол жеткізуге және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге көмектеседі. Бұл бизнес үшін қолайлы орта құруға және экономикалық өсуге ықпал етеді.

ФОРУМНЫҢ МАҚСАТЫ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯҒА КӨМЕКТЕСУ

Алматыда өткен екі күндік «В5+1: Іскерлік серіктестік – Орталық Азия аймағындағы өркендеу» форумының қатысушылары экономикалық және іскерлік байланыстармен біріктірілген Орталық Азияның интеграцияланған нарығы сауда жолдарын құруға және АҚШ-тан да, әлемнің басқа елдерінен де халықаралық инвестицияны көбірек тартуға қабілетті екенін мәлімдеді.  

Атылмыш форумды ҚР Ұлттық экономика министрлігі CIPE халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығының (АҚШ) көмегімен ұйымдастырды. Іс-шараға қатысушылар атап өткендей, оның негізгі мақсаты – өңірдің толық экономикалық дербестігі үшін Орталық Азиядағы сауда, инвестициялар мен экономикалық интеграцияға жәрдемдесу.

«Орталық Азияның бес елі (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан) арасындағы интеграция Әзербайжан, Армения және Грузияның интеграциясымен қатар жүзеге асырылуы тиіс. Сондай-ақ, осы екі аймақ арасындағы байланысты қамтамасыз ету қажет. Транскаспий дәлізін дамыту маңызды аспект болуы мүмкін. Дәл осы нұсқа бізге өңірлік деңгейде лайықты өркендеуге мүмкіндік береді», – деді АҚШ президентінің арнайы көмекшісі, Ресей және Орталық Азия бойынша Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бас директоры Николас Берлинер.

Америкалық делегация өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің қомақты табиғи ресурстарға, зор энергетикалық әлеуетке ие екендігін және дәл қазір Орталық Азия энергиямен қамтамасыз етудің жаһандық тізбегіндегі байланыстырушы буын бола алатынын айтты. Алайда, Орталық Азия елдерінің барлық өкілдері америкалық тараптың ұсынысын құптаған жоқ. Олардың кейбіреулері «логистикалық дәліздердің» барлығы бірдей тиімді жұмыс істемейтінін атап өтті.

Қырғызстанның халықаралық тасымалдаушылар қауымдастығының өкілі Игорь Голубев Транскаспий дәлізі туралы айтқан сөзінде Қара теңізде Еуропадан тасымалдау кезінде паромдар жетіспейтінін, орындар кезекте күтуге тура келетінін, ал бұл 20 күнді алатынын баса айтты. Бұл тауарларды тасымалдаудың тиімсіз болуына немесе олардың құны бірнеше есе өсуіне әкелетінін жасырмады.

Сонымен қатар, форумның басқа қатысушыларының сөйлеген сөздерінде бұл іс-шара 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы шеңберінде өткен «С5+1» саммитінде Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен АҚШ президентінің кездесуінің жалғасы екендігі айтылды. Естеріңізге сала кетейік, тарихтағы алғашқы президенттік саммиттің қорытындысы бойынша Нью-Йорк декларациясына қол қойылды, онда көлік бағыттарын әртараптандыру үшін Транскаспий сауда жолын одан әрі инвестициялау және дамыту, сондай-ақ Орталық Азия мен АҚШ елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты жеделдету, қалыпты сауда қатынастарын орнату қажет екендігі айтылды.

Айта кету керек, «С5+1» саммиті – Орталық Азия мен Америка Құрама Штаттарының бес елі үкіметтерінің дипломатиялық платформасы. «B» «бизнес» дегенді білдіретін «B5+1» платформасы АҚШ пен Орталық Азия арасындағы экономикалық әріптестікті кеңейтуге жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы диалогқа ықпал етеді.

ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ АРАСЫНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

 АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайм былай дейді: «Орталық Азияны әлемдік экономикаға қалай интеграциялай аламыз? Орталық Азия мен Қазақстаннан келген серіктестеріміз бізге әлемдік жеткізу тізбегінің бір бөлігі болғысы келетінін, әлемдік экономикаға интеграцияланғысы келетінін айтады. Олар тек бір елге немесе елдердің шағын бір тобына тәуелді болғысы келмейді. Олар әлемнің барлық жетекші экономикаларымен берік экономикалық қарым-қатынаста болғысы келеді. Сондықтан Америка Құрама Штаттары Қазақстандағы серіктестерімізбен жұмыс істейді».

Джон Марк Поммершайм Қазақстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне бірқатар ірі инвестициялар тартылғанын айтты. Жақында «С5+1» платформаларының кездесуі өтті. «Осы құрылым аясында біз өткен айда Орталық Азияның барлық бес елінің, соның ішінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың қатысуымен маңызды минералдар туралы диалог өткіздік. Идеяның мәні мынада, біз экономиканың осынау өте маңызды секторында бірге жұмыс істей аламыз. Әрине, маңызды минералдар жасыл экономика үшін, қазба отынынан ауысу үшін, сондай-ақ экономикалық өсу үшін өте маңызды. Осылайша, біз осы сектордағы ынтымақтастықтың қосымша бағыттарын көргенімізге оптимистік көзқараспен қараймыз. Қазақстанмен жұмыс істейтін басқа да бірқатар секторлардың болашағы жақсы деп ойлаймын», – деп атап өтті Поммершайм.

Ресей және Орталық Азия бойынша Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің аға директоры Николас Берлинер Америка Құрама Штаттарының негізгі мақсаты инвестиция үшін қолайлы орта құру екенін жасырмады. «Біздің күш-жігеріміз осы мақсаттарға бағытталған. Бұл қоршаған ортаны жақсарту, жеке компаниялар Қазақстанда және басқа өңірлердегі мүмкіндіктерді көретіндей жағдай жасау. Өйткені, мүмкіндіктер бар және олар осында келіп сол мүмкіндікті пайдалана алады, ал бұл екі тарапқа – Қазақстан үшін де, американдық компаниялар үшін де өзара тиімді», – деді ол.

Николас Берлинер өзара қарым-қатынастың ұзақ мерзімді негізі бар екенін баса айтты. Әсіресе, Қазақстанда энергетика саласына инвестиция құйылғанына 30 жылдай болғанын, мұнда американдық ірі энергетикалық компаниялар жұмыс істейтінін, қазбалы отын мен көміртегі экономикасынан көміртегісіз жасыл экономикаға тікелей қажетті көшудің шегінде тұрғанымызды жеткізді. Бұл жерде маңызды минералдар үлкен рөл атқармақ. Ол біздің еліміздің жасыл энергетикалық әлеуеті де зор екенін, аймақтың кейбір бөліктерінде су энергиясы, ал басқаларында күн мен жел барын, ал бұл осы саланың белсенді дамуына ықпал ететінін тілге тиек етті. «Бұл АҚШ пен американдық компаниялар технологиялық экономикалық өзгерістердің алдыңғы қатарында тұрған тағы бір сала. Біз мұнда үлкен әлеуетті көріп отырмыз және бұл, әрине, бизнес үшін пайдалы, сонымен бірге қоршаған орта мен планета үшін де пайдасы зор», – деді ол.

АҚШ пен Орталық Азия елдері, атап айтқанда Қазақстанмен инфрақұрылым, технологиялар және инновациялар саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін басқа қандай мүмкіндіктері бар деген мәселе төңірегінде Поммершайм мырза былай деп пікір білдірді: «Алматыда біз электронды коммерция мен электронды қызмет көрсету туралы да сөйлестік, бұл біз өзара тығыз байланыста жұмыс істей алатын салалардың бірі. Мен маңызды пайдалы қазбалар аймағын біздің болашақ экономикалық ынтымақтастығымыз тұрғысынан тағы да жасыл экономикаға және экологиялық таза технологияларға көшу жағдайында ең перспективалы аймақтардың бірі ретінде атап өттім. Менің ойымша, бұл біз осы ауысуды жеңілдететін жеткізу тізбегінде бірге жұмыс істей алатын саланың бірі. Менің ойымша, американдық компаниялар әкелетін артықшылықтардың бірі – технологиялық сараптама. Мұнда Қазақстанда ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істеген бірнеше компания бар екенін білемін. Олар жастарды оқытуға мүмкіндік берді және бұл олардың кәсіби мансаптық өсуіне көмектесті. Америкалық компаниялардың тағы бір артықшылығы – экологиялық стандарттарға сәйкестігі. Менің ойымша, бұл артықшылықтарды Америка Құрама Штаттарының Қазақстанмен ынтымақтастығын кеңейту үшін пайдалану керек».

Соңғы жылдары Қазақстаннан АҚШ-қа заңсыз шығарылған капиталдар мен активтердің көлемі және олардың елге қайтарылғаны туралы Николас Берлинер мырза өз пікірін білдірді. Ол АҚШ пен Қазақстан арасында өзара құқықтық көмек саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастық бар екенін, құқық қорғау органдарының әртүрлі бөлімшелері жылдар бойы бір-бірімен ынтымақтасып келетінін, осы бағытта Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге міндеттенетінін жеткізді. «Кең мағынада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес өте маңызды. Біз Қазақстанға осы бағыттағы күш-жігеріне көмектесуге міндеттіміз. Менің ойымша, бұл мәселе әр ел үшін маңызды. Ешбір ел бұл мәселеден қорғалмайды. Бірақ бұл мәселені шешу сенім құрудың, күшті қоғамды, күшті азаматтық қоғамды қалыптастырудың, сондай-ақ экономикалық өсу үшін ең маңыздысы, өйткені сыбайлас жемқорлық әрқашан экономикалық өсуді тежейді және экономикалық шығындардың көзі. Сондықтан біз Қазақстанмен осы салада жұмыс істеуді жалғастырамыз және прогреске қол жеткізе алатынымызға сенімдімін».

Николас Берлинер қазақстандық бизнеске қайталама санкциялар салыну мүмкіндігі жайында да сөз пікірін білдірді. Ол бұл тұрғыда бірнеше нәрсені атап өту маңызды екенін айтты. Біріншіден, санкциялар Қазақстанға немесе осы аймақтың кез келген басқа еліне қарсы бағытталмайтынын, Америка Құрама Штаттары мен басқа да көптеген елдің Ресейге салған қазіргі санкциялары Ресейдің 2022 жылдың ақпанында Украинаға агрессиясы мен басып кіруінің тікелей салдары екенін жасырмады. Сондықтан бұл санкциялардың қайдан шыққанын және олардың мақсаты кім екенін әрдайым есте ұстаған жөн екенін жеткізді.

«Осы тұрғыда біз бұл Қазақстанда да, басқа өңірлерде де елеулі проблема туғызатынын түсінеміз, сондықтан біз санкциялардан жалтару мәселелерін шешу және жергілікті компаниялар мен қаржы секторына осы ережелерді сақтауға көмектесу үшін Қазақстан билігімен ынтымақтастық рухында жұмыс істейміз. Менің ойымша, бұл жерде не істеп жатқанымыз өте маңызды. Бұл елге қарсы жазалау шаралары емес. Бұл Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған күш. Сондықтан бұл санкциялардың маңызды бөліктері Ресей Федерациясының Украинаға қарсы әскери науқанын тікелей қаржыландыратын операцияларға қарсы бағытталған», – деді Николас Берлинер.

Экономикалық тұрғыдағы АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың болашағы жайлы Джон Марк Поммершайм мырза да өз ойын жасырмады. Ол Қазақстандағы АҚШ қызметінің негізгі бағыттарының бірі екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды барлық бағыттарда қолдау және нығайту екенін жеткізді.

«Біз көмірсутек секторы мен маңызды минералдар туралы аздап айттық. Сондай-ақ, Қазақстанның бүкіл әлем бойынша кең экономикалық байланыстарға ұмтылатынын құптаймыз. Біз экономикалық саладағы серіктестігімізді бағалаймыз. Алматыдағы «В5+1» форумында ашық және ашық экономикалық жүйенің маңыздылығы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған экономикалық реформаларды қоса алғанда, оның маңыздылығы туралы көп айттық. Біз сондай-ақ әлемдік нарықтарға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін өңірге маңызды Транскаспий бағыты мен оның көлік саласындағы айрықша рөлін қоса алғанда, баламалы сауда бағыттары туралы айттық. Америка Құрама Штаттары тікелей әрі Еуропа Қайта құру және даму банкі мен басқа ұйымдар сияқты халықаралық қаржы институттары арқылы Транскаспий дәлізінің құрылысын қолдайды. Біз Қазақстанда осы салада серіктестерімізбен жұмыс істейміз. Жалпы біз тұрақты әрі әділ өсу барлық азаматтардың әл-ауқатына ықпал етеді деп санаймыз және бұған нарыққа бағытталған реформалар, жеке секторды дамыту мен экономикалық әртараптандыру арқылы қол жеткізу керек», – деді Джон Марк Поммершайм.

ТРАНСКАСПИЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІК БАҒЫТЫ

 Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуге мемлекеттік сапары аясында Әзербайжанда Қазақстан-Әзербайжан Іскерлік кеңесінің отырысы өткен болатын. Аталмыш шарада Транскаспий бағытына байланысты бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Отырыста «2024 жылдың қаңтарында Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалының көлемі (TХКБ, Орта дәліз) 2,5 есе өсті», – деп хабарлады ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Әблалиев.

«2023 жылға арналған көлем 65%-ға өсті, ал ағымдағы жылы біз Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдау көлемін тағы 43%-ға ұлғайтып, оны 4,2 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қаңтар айының соңында тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсті», – деген вице-министр бағыт бойынша қытайлық контейнерлер транзитінің үш есеге артқанын атап өтті.

«Бізге кідіріссіз жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан әзербайжандық әріптестерімізге алғысымды білдіргім келеді», – деді вице-министр. Баспасөз қызметі Сәтжан Әблалиев өз сөзінде әзербайжандық кәсіпкерлерге Орта дәліздің инфрақұрылымына «Цифрлық Жібек жолы» сияқты маңызды құрамдас бөлікті қосу туралы айтқанын жеткізді.

«Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тартудың ауқымды жобасы Еуропа мен Азия арасында цифрлық телекоммуникация дәлізін құруды көздейді», – делінген ведомство хабарламасында. Вице-министр екіжақты іскерлік кеңес аясындағы жұмыс қазақстандық және әзербайжандық кәсіпкерлерге жаңа байланыс нүктелерін табуға мүмкіндік беріп, бауырлас халықтардың бизнес құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенімді.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстан арқылы жүктің 1%-дан азын тасымалдайды. 2023 жылы Транскаспий дәлізі бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 64%-ға өсіп, 2,8 млн тоннаға жетті. Дегенмен, Қазақстан бойынша Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша осы дәліз арқылы тасымалданатын жүктің үлесі теміржол және теңіз көлігімен жүк тасымалдаудың жалпы көлемінің 1%-дан азын құрайды.

Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін екі есеге арттыруға болады – көлік инфрақұрылымы 6 млн тонна жүкті тасымалдауға мүмкіндік береді. Қазақстан үкіметі 2025 жылға қарай қуаттылықты 10 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Еуропа Қайта құру және даму банкінің мәліметі бойынша, дәліздің әлеуетін 2040 жылға қарай 26 млн тоннаға дейін арттыруға болады. Бірақ, бұл үшін Орталық Азия елдері жолдың айналасындағы инфрақұрылымға 18,5 млрд еуро инвестиция салуы қажет.

Қазақстан арқылы транзиттік жүктерді тасымалдау уақыты 12 күннен 5 күнге дейін қысқарады. Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалану Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақытын екі есе қысқартуға көмектеседі. Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастықтың үшінші форумының ашылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Форумда Президент ірі стратегиялық порттардан, логистикалық орталықтардан және пошталық тораптардан серіктестік желісін құруды ұсынды.

«Қазақстан жолаушылар мен жүктердің тұрақты айналымын қамтамасыз ететін сенімді әуе көпірі және әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін қолайлы айлақ болуға дайын»,  – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойымен жүк айналымын жылына 500 мың контейнерге дейін арттыруды жоспарлап отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жақында Алматыда өткен «В5+1» форумында да Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше назар аударылды. Форумға қатысқан АҚШ өкілдері Орталық Азия аймағындағы елдерге тек өзара ғана емес, Оңтүстік Кавказ елдерімен де экономикалық интеграция қажет екенін бірнеше рет қайталады. Сарапшылар Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту Шығыс-Батыс сауда дәліздерін әртараптандырып, жаһандық нарыққа шығуды кеңейтетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, Қытайдан Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропа елдеріне дейін созылатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының келешегі туралы көп айтылды.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here