Алашта Ұлт ұстазы біреу: Қытай сайттарында ала-құла жазылып жүрген Ахмет есімі

0
1397

Миллиард жарым халқы бар Қытай жұрты Ахмет Байтұрсынұлы туралы не жазды екен деп, шығыстағы көрші елдің сайттарына назар аудардық. Әлем ақпараты жинақталған гугл (google) сайты және өзге де ашық іздеу сайттары Қытай мемлекетінде оп-оңай ашыла қоймайды. Сол гуглмен баламалас байду (baidu.com) сайты арқылы қытай иероглифін қолдана білетін адамдар ғана іздеген жоғын табу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен, біз де өзіміз іздеген Ахметтің (Байұрсынұлы) ғазиз есімін аталған сайтқа жазып көріп едік, ғалымның есім-сойы сан түрлі жазылып шыға келгенін көргенде… сәл қынжылдық…

Бір сайтта Ахмет есімі былай жазылыпты:

阿克梅特·拜图尔西诺夫

Бұл – Ахмет Байтұрсынов дегеннің қытай жазуына бейімделіп жазылған нұсқа. Тікелей дыбыстық аудармасы – Акімиты Бәйтуыршинофу болып оқылады.

https://baike.baidu.com/item/%E9%98%BF%E5%85%8B%E6%A2%85%E7%89%B9%C2%B7%E6%8B%9C%E5%9B%BE%E5%B0%94%E8%A5%BF%E8%AF%BA%E5%A4%AB/8676317?fr=ge_ala

Бұл сілтемеде Ахмет Байтұрсынұлы туралы қысқаша мәліметте де өрескел қателіктер бар.

  1. 1873 жылы 28 ақпанда өмірге келді делінген. Туған жылы, айы, күні қате берілген. «Бұрынғы тегі Байтұрсынұлы 图尔西努里 (Baytursinuli) болған», – деп те ескертпе қосқан.

Бұл жерде бұрынғы тегі, кейінгі тегі деп бөле-жарудың қажеті жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы орыс тілді басылымдарда «Ахмет Байтурсынов» деп, қазақ тілді басылымдарда «Ахмет Байтұрсынов» және «Байтұрсын ұлы Ақымет» деген үлгілерде аты-жөнін жазып келді. Ғалымның есімінің өткен ғасыр басында сан алуан жазылғаны туралы өзге мақалаларымызда жиі айтып жүргендігімізден, бұл арада қайыра тоқталмадық. Ұлт ұстазының туған кезі – 1872 жылы 5 қыркүйек. Бұл ағаттықтар кейін түзетілді. Дегенмен, еліміздегі баспасөзде де ғалымның туған жылы мен аты-жөнін әлі бірізділікке келтірмеген айып – өзімізден.

  1. «Қазақтың дарынды ақыны, әдебиетшісі, ағартушысы», – деп берілген. Ғалымның өзге қыры, әсіресе, жазу реформаторы екені, Ұлт ұстазы деген ұлы есімге ие ең көрнекті тұлға екендігі туралы мәлімет жоқ.
  2. «Қостанай облысының Қостанай қаласында туған», – деп берілген. Бүгінгі таңда Қостанай облысына қараған бұрынғы Торғай өңірінің, бүгінгі Жангелді ауданы, Ақкөл ауылы, Сарытүбек елдімекенінің тумасы екендігі толық жазылса, нұр үстіне нұр болар еді.
  3. «Қазақтың мақал-мәтелдер жинағы» атты кітабы баспадан 1895 жылы шыққан. Бұл жылы, 22 жастағы Ахмет «Тургайская газетада» «Қазақтардың ырымдары мен мақал-мәтелдері» («Киргизские приметы и пословицы») атты мақаласы орыс тілінде жарияланғаны, ол қазірге дейін Ахмет Байтұрсынұлының ресми баспасөздегі тұңғыш жарияланған мақаласы екені белгілі. Ал, Ахметтің 1895 жылы әлгі аталғандай жинақ шығарғаны туралы ресми мәлімет жоқ.
  4. «1905 жылы Орал аймағында конституциялық демократиялық партиясына кірді. 1909 жылы осы саяси әрекеттері үшін Патша үкіметі жағынан тұтқындалып, Сібірдің қағыр шөліне жер аударылды».

1905 жылы Қарқаралыдағы петиция бұрмаланып берілген. Ал 1909 жылы Ахмет Сібірге жер аудырылмады, Семей түрмесінде отырды.

  1. «1911 жылы 40 шумақтан тұратын нақыл өлеңдерін жариялады». Бұл енді, 1909 жылы Қазанда кітап болып шыққан «Қырық мысал» еңбегі болса керек. Қытай сайтында бұл кітап емес, бір ғана шығарма ретінде көрініп отыр.
  2. 7. «1917 жылы Қазан төңкерісі бұрқ еткен соң, Сібірге оралып, ондағы Алашордамен тізе қоса отырып, Қызыл режим орнату бойынша іс-шараларды белсенді түрде жүргізді. 1920 жылы большевиктер партиясына өтті. Сол жылы қазақ ұлты атынан Шекаралық өңірлердегі төңкеріс комитеті басшысының орынбасары болды». Бұл тексте ауыр ағаттық бар екенін есті оқырман көріп отыр деп айтар едім.
  3. «Күні бүгінге дейін қолданыстағы Қазақ жазуын жасап шықты». Бұл – жағымды мәлімет. Бірақ, төте жазудың бүгінгі таңдағы қолданыс аясы жұртымызға белгілі.
  4. «54 жасында атылды». Дұрысы – 65 жасында атылды.

* * *

Қазақтың көшбасшы ғалымы туралы бір беттік өмірбаянында мұнан өзге дұрыс жазылған, оң бағалы сөйлемдер де бар. Мәселен, Ахметтің «Қазақ» газетін шығаруы, оқу-ағартуды ілгерілетуі, қазақ тіліндегі тұңғыш университеттің ашылуына түрткі болуы, сталиндік репрессия құрбаны болғаны, т.б. ақпараттар ақиқатқа жақын.

Екінші бір сайтта Ахмет Байтұрсынұлының есімі былай берілген:

阿赫梅特·图尔森吾勒 (Akhmet Baitursynuly)

https://weibo.com/6544065286/NpuPA4sKK

Қазақстанның «ҚазАқпарат» сайтына сілтеме бере отырып жазылған бұл мақалада, Ахмет есімі біршама көкейге қонымды бейнеленген. Тікелей дыбыстау бойынша аударсақ – Ахымиты Бәйтуырсынулы.

Қытай сайттарындағы 2022 жылдан бергі жарияланымдарда Ахмет Байтұрсынұлы есім-сойы көбінесе осы үлгіде жазылғаны байқалады. Себебі, қытай сайттары «ҚазАқпараттың» қытай тілді бетіне қарап, кісі есіміне келгенде бірізділікті сақтауға тырысқан.

Ахмет Байтұрсынұлының есімінің үшінші нұсқасы былай жазылған:

阿赫梅特·图尔 (Ахмет Байтұрсынов немесе Ахмет Байтурсынов).

Мұнда екінші нұсқамен айырмасы «-ұлы» мен «-ов»-та болып отыр. «ҚазАқпараттың» қытай тілді беті де ара-тұра осы «-ов» (诺夫) жалғанған нұсқамен жазғаны және оны қытай сайттары да пайдаланғанына көзіміз жете түседі.

Бір сөзбен айтқанда, 2022 жылдан бергі қытай ресми сайттары осы соңғы екі нұсқаны 阿赫梅特·拜图尔森吾勒 және 阿赫梅特·拜图尔森诺夫алма-кезек қолданған.

Төртінші бір сайтта Ахмет Байтұрсынұлы есімі қытай иероглифінде емес, ағылшын әріптерімен берілген: «Akhmet Baitursynov’s House Museum» деп жазып, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінен бірнеше сурет берген. Туристік бағытта қызмет атқаратын бұл сайтта тағы бір қателік кеткен. Онда Ахмет музей-үйінің екі суретімен бірге, осы музейге тәуелді фото ретінде Сәбит Мұқановтың үйінің жәдігерлерін көрсеткен. Алматыға келген саяхатшы өзі түсірген көп фотоны ауыстырып алуы да әбден мүмкін…

Бесінші бір сайтта Ахмет Байтұрсынұлы есімі былай берілген:

阿合蔑提·拜吐 (Ахмет Байтұрсын).

Тікелей дыбыстасақ – Ахымиети Бәйтуыршүн.

Дыбыстық естілуі құлаққа жағымсыздау болғанымен, мұнда «ұлы» мен «ов» қосылмай жазылған екен.

https://weibo.com/ttarticle/p/show?id=2309634732229581668550

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық, қайраткерлік жолын барынша жүйелі таныстырған «Дара жол салған тұңғыш ағартушы» атты мақалада ғалымның есімі міне, осылай берілген.

Мақала авторы белгісіз. Дегенмен, сөз саптасынан бұл мақаланы жазушы қытай тілін меңгерген, қазақ тарихы, қазақ тілі және жазуының тарихына үңілген зиялы қандастарымыздың бірі көрінеді. Мақаланың шығу қайнарын іздеп көріп едік, «өшірілген» деген ақпарат алдық. Әйтсе де, мақала біршама жүйелі жазылған. Әрине, Қазақстанда басылым көрген еңбектерден пайдалана отырып, қытай оқырмандарына Ұлт ұстазы туралы біршама толық мәліметтер беруге тырысқан. Байтұрсынұлының шығармалары туралы айта келіп, арасында «Маса» атты өлеңін қытай тіліне аударған. Өлеңнің кирилл және төте жазу нұсқасын да оқырмандарға ұсынған. Алдағы уақыттарда бұл белгісіз аудармашы (зерттеуші) кім екендігі анықталып жатса, өлеңнің аударма нұсқасын оқырманға таныстырамыз деген ойдамыз.

* * *

Сөзімізді қорытындыласақ, ірге көршіміз әлемнің алпауыт елдерінің бірі екені әмбеге аян. Миллиардтаған оқырманы бар, бөгенайы бөлек жазуы бар Қытай жұртының ғаламтор пайдаланушылары қазақтың Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы не жазып, не біліп жүр екен деген оймен елгезек интернетке үңілгенімізде, міне, осындай қызықты әрі қынжылтатын жәйттер алдымыздан шықты.

Әлем халқының бестен бірін ұстайтын көршіміздің де қазақ көшбасшыларын танып білгені жөн-ау. Алайда, Ұлттың ұлы ұстазы туралы ақпараттардың (өзіміздегі) ала-құлалығынан қытай сайттарында да ақпараттың бірізсіз, бей-берекет жарияланғаны жанды қажап, жүректі ауыртады. Еліміздің ресми баспасөзінде мүмкіндігінше бірізділік сақталса, оны көшіріп аударушы өзге мемлекеттер де өткен тарихымызға, көшбасшы тұлғаларымызға құрметпен қарары даусыз.

Оқырманға түсінікті болуы үшін, қытай сайттарындағы Ахмет Байтұрсынұлы есімін қатар қойып көрелік:

克梅特•西诺夫

克梅特•西努里

赫梅特森吾勒

赫梅特•森诺夫

合蔑提•

Көріп отырғанымыздай, Ұлт ұстазының ұлағатты есімінде қытай иероглифтері бірнеше түрлі құбылған. Қытай жазуын танымайтын адамның өзі 阿 (А), 拜 (Бай), 尔 (ыр) үш иерроглифтен өзгесі бірізді болмағанын бірден байқай алады. Қытай еліндегі қандастар мен ұйғұр, қырғыздарда Ахмет атты кісілер көп. Олардың есімі негізінен 阿合买提 (Ахымәйти) үлгісінде жазылады. Біздің де (мақала авторы Ә.Ахмет) тегіміз ҚХР-да осылай жазылып келді. Бірақ, қытайлар өз еліндегі Ахметтердің (Ахметжан, Ахметәлі, Ахметқали, Ахметхан, Ахметбай, Ахметбек, т.б.) есімдерінде қолданған үлгіні өзге елдің Ахметіне пайдаланбапты. Онысы да жөн. Алашта Ахмет атты кісі көп болғанымен, Ұлт ұстазы біреу!

Осы бір өзекті әңгімені қозғап отырған бізден, «А.Байтұрсынұлының қытай жазуындағы есімін қалай жазар едіңіз?» деп сұрап жатса, онда, үшінші нұсқаны – «ҚазАқпарат» сайтының қытай тілді бетінде қолданысқа енгізген нұсқаны (赫梅特森吾勒) қолданған болар едім.

Дегенмен, шет ел кісі аттарын, жер-су атауларын өздерінің дыбыстық ерекшеліктері мен иероглифтерінің заңына сындырып жазуға келгенде алдына жан салмайтын, принципшіл қытай жазармандарының Ахметке келгенде ала-құла жазуы, шалағайлық танытуын біздің елге, тарихи көршісіне деген құрметсіздігі деп бағалауға болады. Кісі есімінің бір әрпі өзгерсе, қаншама асыл мағына, қастерлі мән құнын жойып, басқа мәнге айналарын кез келген сауатты жан түсінері хақ.

Біздің пайымдауымызша, Ұлтымыздың ұлы тұлғасының есімі мен ғалым туралы деректердің сан алуан жазылуы бейжай қарайтын жәй нәрсе емес. Атымыз түзелмей, затымыз түзелер ме?!

Әділет АХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here