Адам жегіш диктатор

0
855

Диктаторлардың қанпезер, билігін сақтап қалу үшін мыңдаған адамның өмірін ойланбастан қиып, моральдық құндылықтардан именбей аттап өтетіні айтпаса да түсінікті. Десе де, кез келген қанқұйлы билеушінің қылмысын айыптаумен қатар, кінәсін жуып-шаюға даяр тұратын өзіндік себебі болады. Бірі темірдей тәртіпті, ел тұрақтылығын алға тартса, екіншілері ушыққан саяси шиеленістің ықпалымен «тазалау саясатын» жүргізуге мәжбүр болғанын тілге тиек етеді. Әйтсе де, бүгінгі кейіпкеріміздің жүргізген саясатын ақтауға  ешбір саяси институттың уәж таба алмасы анық. Жан-Бедель Бокасса – жеңсік асына деген тәбетін кез келген саяси ахуалдан, гуманистік идеялардан жоғары қойған Орталық Африка Республикасының президенті әрі императоры. Ол тарихта  «адам жегіш диктатор», «африкалық Наполеон» ретінде қалды. Бокасса саяси қарсыластарын, достарын, тіпті әйелдерінің де етін жеді.  Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті  бүгінгі санында  Орталық Африка Республикасы императорының қанмен жазылған ғұмырбаянын назарларыңызға ұсынады.

ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢІ

Болашақ диктатор 1921 жылы 22 ақпанда Франция отарындағы Орталық Африка Республикасында ауыл әкімінің шаңырағында дүниеге келген. Әйткенмен, Бокассаның маңдайына ауқатты отбасында ержету жазбады. Ол алты жасқа келгенде әкесі француздардың қолынан қаза тапса, күйікке шыдамаған анасы өз-өзіне қол салды. Әп сәтте тұлдыр жетімге айналған бала туыстарын паналады. Ағайындары оның шіркеу қызметкері болғанын қалағанымен, амбициясы күшті жігітті тақуалық өмір қызықтырған жоқ. 1939 жылы әскерге қабылданып, француз әскерінің сапында борышын өтеп, қанды шайқастарға қатысты. 1944 жылы Рейн өзенінің бойындағы фашистерге қарсы ұрыста басын бәйгеге тікті. Екінші дүниежүзілік соғысы аяқталған соң, офицерлер мектебін тәмамдап, әскери теориямен шала-пұшық танысты. Онымен тоқтамай, 1950-1953 жылдары Үнді-қытай түбегіндегі соғысқа қатысып, тағы да Францияның жыртысын жыртты. Дәл сол жылдары ол алғаш рет адам етінің дәмін татты. Джунглиде Вьетнам әскерінің өлігінің үстінен түскен Бокасса оңаша сәтті пайдаланып, тоятын басты. Мәйіттің бүйрегі мен жүрегін суырып алып, тазқарадай рақаттана асады.

Талай қырғынды басынан өткерген Бокассаның еңбегі француз үкіметінің назарынан тыс қалған жоқ. Әккі жауынгер «Лотарингия кресті» және «Құрметті легион» ордендерімен марапатталды. 1960 жылы француз әскерінен зейнеткерлікке шығып, 1962 жылдан бастап тәуелсіз Орталық Африка Республикасының әскерінің қатарына майор шенімен қосылды.

ТОСЫННАН КЕЛГЕН БЕТБҰРЫС

Бокасса – француз легионында соғысқан жалғыз африкалық емес. Ол тұста әскери өмір әлеуметтік саты қызметін атқарғандықтан, шет майданда қан төккендер жетіп артылатын. Туысқандық байланысы болмағанда, Жан-Бедель қатардағы ардагерлердің арасында ескерусіз қалар еді. Бірақ, айы оңынан туып, тәуелсіз Орталық Африка Республикасының тұңғыш президенті болып, Бокассаның немере ағасы Давид Дако сайланды. Енді оның мансап биігіне кедергісіз өрлеуіне орайлы сәт туды. Бұрынғы легионер 1963 жылы қарулы күштер штабының бастығына тағайындалса, 1964 жылы полковник шеніне қол жеткізді.

Жан-Бедель әскерилер арасында зор беделге ие еді. Қолындағы шектеулі құзіретін тиімді пайдаланып, темірді қызған шағында соқты. Ол немере ағасының сенімді серігі, қарулы тірегі болудан жалықты. 1966 жылы бірінші қаңтарда Давид Даконың шетелге іссапармен кеткенін пайдаланып, сарай төңкерісін ұйымдастырып, билікті өз қолына алды. Ойламаған жерден шексіз билікті иеленген Жан-Бедельдің  таққа отыру оқиғасы көптеген африкалық диктаторлардың жолына ұқсас болды. Әскери мансап, президенттің сеніміне кіріп, төңкеріс жасау сынды әрекеттер барлығына тән еді. Дегенмен, Бокасса ел басқарудағы ақылға қонымсыз шешімдері мен ессіз мінез-құлқының арқасында көптеген диктаторлардан ерекшеленіп тұратын. Ел билеген 13 жылында халықаралық аренадағы әріптестері мен қол астындағы қызметкерлерін, қарауындағы жұртын таңғалдырудан танбады.

ЖАЛҒАНДЫ ЖАЛПАҒЫНАН БАСҚАН ПРЕЗИДЕНТ

Орталық Африка Республикасының нөмір бірінші тұлғасына айналған полковник ойына келгенін жасауға кірісті. Білім деңгейі шамалы, ішкі мәдениеті төмен Жан-Бедельдің мәлімдемелері де әжуаға айналды. Ол төңкерістен соң, резиденциясына шетелдік журналистерді шақырып алып сөз сөйледі. БАҚ өкілдерінің көзінше вискиден ұрттап: «Менің алдымдағы президент ішімдік ішкен жоқ, темекі де шекпеді. Бірақ, мен екеуін де тұтынамын. Тіпті, одан зорғысын істеймін», – деп лепірді. Әрине, мұны көпшілік жаңа президенттің қалжыңына балады. Әйтсе де, көп ұзамай Бокассаның салтанатты кортеждері ел аузына ілікті. Президент кортежінде әскери бронды көліктермен қатар, тікұшақтар төмен ұшып жүрді. Құлдилап ұшқандары сонша тікұшақтың дөңгелектері көліктің төбесіне тиіп кете жаздады.

Қандай да бір төңкерістен соң, бұрынғы билік өкілдерінің жазаланатыны түсінікті. Айта кету керек, Бокасса режимінің құрбандарының саны шамамен 400-500 адамды құрайды. Түптеп келгенде, Гитлер, Сталин, Мао Цзэдун репрессиясының құрбандарының санымен салыстыруға да тұрмайды. Алайда, Бокассаның жазалау әдістері тым қатігез, жантүршігерлік болды. Оппозиционерлер, қауіпсіздік органының қызметкерлері, «мемлекетке опасыздық жасады» деп танылған күдіктілер ел алдында аяусыз азапталды. Жазалау операциясына кейде президенттің өзі де білек сыбана кірісті. Мәселен, Даконың қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысын өзі өлтірді. Алдымен аяғын мылтықтың дүмімен езгілеп, екі көзін ойды. Кастрация жасап еркектік қауқарынан айырып, ит көрмеген қорлықты көрсетті. Айызы қанған соң басын допша домалатып, шауып түсірді.

Ең сұмдығы президенттің адам етін жеуі жиіледі. Алдымен, өзіне қарсы шыққан министрлерді сойып жеді. Марқұмның туыстарын қонағасыға шақырып, жақындарының етінен даярланған тағамнан күштеп дәм таттырды. Сонымен қатар, адам етін қол астындағы қызметкерлеріне кейде алдап, кейде мәжбүрлеп жегізді. Елде сұлулық байқауларын өткізіп, жеңімпаздарымен бір түн өткізген соң, өлтіріп, етін жеуді әдетке айналдырды. Тіпті, президенттің өз әйелі мен баласын да жегені жайлы қауесет тарады. Бокасса адам етін «қант қосылған шошқа еті» деп атады. Ол өз балаларына аталмыш тағамды жеуге тыйым салды. Мұның себебін: «Ұлдарым қант қосылған шошқа етіне үйір болса, билігімді тартып алады», – деп түсіндірді.

Қансоқтаға құмар президенттің жасаған «жақсылықтары» да жаға ұстатарлық еді. 1971 жылы аналар мерекесінің құрметіне, елдегі әйелдер қауымына ерекше сый жасауды ұйғарды. Түрмедегі барлық тұтқындарға рақымшылық жасады. Бірақ, әйелдерді қорлап, жазықты болған ерлердің барлығын өлім жазасына кесті.

Жан-Бедель билік еткен кезеңіндегі иеленген лауазымдары өте көп. Төңкерістен соң өзін елдегі жалғыз партияның басшысы, үкімет төрағасы, қорғаныс министрі,  әділет министрі деп жариялады. Уақыт өткен сайын оның лауазымдары мың құбылды. 13 жылдың ішінде Ішкі істер, Ауыл шаруашылық, Сауда, Өнеркәсіп және көлік т.б. министрі болып үлгерді. Сөйтсе де, мұның бәрі аздық етті. Ішіндегі дүлей желігін баса алмады.

ТҰРЛАУСЫЗ СЫРТҚЫ САЯСАТ

Күтпеген жерден тәуелсіздік алған Орталық Африка Республикасы экономикасы мешеу, кедей ел еді. Бокасса мемлекетті басқару үшін Францияның етегіне жармасты. Африкалық диктатордың оспадар қылығынан Париж хабардар болса да, онымен уақытша одақ құру тиімді саналды. Француздарға өздерінің атом бағдарламасын жүзеге асыру үшін Орталық Африка Республикасындағы кен орындары қажет болды. Сондықтан ресми Париж әрдайым жеңілдіктер жасап, бірнеше мәрте несие берді. Бокассаның қолын қақпай, қалтасын қампайтты. Жан-Бедель әсіресе Францияның жаңадан сайланған президенті Валери Жискар д’Эстенмен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ол тіпті Жискардеге журналистердің көзінше ашықтан-ашық жарамсақтанып, қалтасына бағалы гауһартастарды сүңгітуден де қымсынбады.

1970 жылдардың басында Орталық Африка Республикасы мен Францияның қарым-қатынасы күрт нашарлады. Қалтасы жұқарған Бокасса енді мол қаржы алу үшін социалистік лагерьлерге көз сұғын қадады. 1970 жылы КСРО-ға ат басын бұрып, бас хатшы Леонид Брежневпен кездесті. Ол Мәскеу сапарынан ерекше әсер алды. Оған Брежневтің сүйісіп амандасуы ұнады. Еліне оралған соң, қызметкерлерімен сүйісіп көрісуді әдетке айналдырды. Осы кездесуден соң, Кремль билігі Бокассаға өздерінің аспаздарын жіберді. Бірде диктатордың сарайында жүрген кеңестік аспаз тоңазытқышта сақталған адам еттерін көріп, жүрегіне аузына тығылады. Қорыққанынан сарайды тастап, КСРО елшілігіне қашты. Бұл оқиғадан соң Мәскеуге африкалық достарының сыры әшкере болды. Бірінші іссапардан ақша ала алмаған соң, Бокасса екінші мәрте КСРО-ға 1973 жылы келді. «Артек» лагерінде болып, салтанатты түрде пионер болып тағайындалды. Куәгерлердің сөзінше, каннибал президент орыс балаларына асқан қызығушылықпен қарап, сілекейі шұбырған. Сондай-ақ, оның іссапарға шыққанда күзетшілерінің сүрленген адам етін консервілерге салып, алып жүретіні анықталды.

Кеңес Одағынан қайыр болмаған соң, Ливия көсемі Муаммар Каддафимен дос болуға ұмтылды. Аталмыш ел ол тұста мұнай экспортының арқасында тез байыған еді. Мұндай сауын сиыр Жан-Бедельге керек-ақ. 1976 жылы 4 қыркүйекте  Муаммар Каддафидің Орталық Африка Республикасына ресми сапары кезінде Жан-Бедель Бокасса мен бірқатар үкімет мүшелері арабша есім алып, ислам дінін қабылдады. Бокасса өзінің христиандық ныспысын «Жан-Бедель Салахаддин Ахмет Бокасса» деп  өзгертті. Артынша елдегі ұрыларды шариғат үкімімен жазалауға жарлық шығарып, тұтқындардың құлақтары мен қолдары кесілді. Сол айда Бокасса үкіметті таратып, Орталық Африка Республикасы революция кеңесін (Ливияның революциялық қолбасшылығы кеңесінің үлгісінде жасалған) құрды. Кеңес құрамына немере ағасы, бұрынғы президент Давид Даконы кіргізді. Каддафи елден кетісімен, Бокасса исламнан шығып, христиандық католик дініне қайта оралды. Жоғарыдағы әрекеттердің барлығы құрметті қонаққа жағыну үшін жасалған қойылым болып шықты.

АФРИКАЛЫҚ НАПОЛЕОН

Мемлекетіндегі барлық лауазымдарды иеленіп шыққан президент әскери даңқты аңсады. Оның өтініші бойынша, елдегі жалғыз саяси институт  Қара африкалықтардың әлеуметтік-революциялық партиясының төртінші съезінде Бокассаға маршал атағы берілді. Бірақ, бәрінен бұрын ол бала кезінен пір тұтқан Наполеон Бонапартқа ұқсауға тырысты. Ол үшін не істеу керек? Әлемді тітіретер қауқары жоқ. Ең оңайы Орталық Африка Республикасында империя, өзін император деп жариялау. Солай істеді де.

Жан-Бедельді император етіп, ұлықтау рәсімі 1977 жылдың 4 желтоқсанында өтті. Салтанатты шараға 22 млн доллар кетті. Бұл мемлекеттің жылдық бюджетінің төрттен бір бөлігін құрады. Тәж кию салтанаты Наполеонды ұлықтау рәсімінің көшірмесі болды. Император тәжін жасатуға 5 млн доллар жұмсалды. Қанатын жайған бүркіт бейнесіндегі алтын тақтың салмағы 2 тоннаға жетті. Наполеонның киім үлгісінде шапан тіктіріп, Африканың аптап ыстығына қарамастан, рәсім аяқталғанша француз императорының рөлін сәтті сомдады. Француз стилінде әскери парад жасатып, оркестр ойнатты. Барлығын Париждік үлгіде жасады. Қолына шексіз биліктің символы саналатын ұзын аса таяқ алды. Ең қызығы, Бокасса салтанатты рәсімге Рим папасы Иоан Павел ІІ-ні шақыртып, тәж кигізуін өтінді. Бонапарт сияқты тәжді папаның қолынан жұлып алып, киюді армандады. Алайда, дінін сатқан опасызды ұлықтаудан Иоан Павел ІІ бас тартты.

Сонымен, Бокасса әйелін патшайым деп жариялады. Әулет мүшелеріне француз салтына сай, дворяндық атақ үлестіріп, билігін әлде де соза түсу үшін үш жасар ұлын тақ мұрагері етіп тағайындады.

БІЛІМ БЕРУ РЕФОРМАСЫ

«Императордың» білім беру саласына енгізген өзгерісі қате шешімдерінің бірі болды. Қара нәсілді Наполеон мектеп оқушыларына өзінің портреті бейнеленген, сәнді де сапалы мектеп формасын киюді міндеттеді. Қара нан мен қара суды әрең тауып, ілдебайлап күнелтіп жүрген ата-аналарға бұл форманы сатып алу қымбатқа түсті. Ал оқушылар мектепке әдеттегі киімдерін киіп бара берді. Бокассаның реформасы ел ішінде жаппай наразылық тудырды. Көнбіс халқының аяқ астынан бас көтергенін «император» қабылдай алмады. Жазалау науқанын бастады. Оның соңы қанды қырғынмен аяқталды. 1979 жылдың қаңтар-сәуір айларында лицей оқушыларының толқуы тыншымаған соң, ереуілшіл жасөспірімдерді Нгарагба түрмесіне тоғытты. Француз журналисі Бернар Лубаның айтуынша, ішімдікке сылқия тойған Бокасса тұтқындарды қаз-қатар жерге жатқызуды бұйырған. Қолына таяқ алып, сілесі қатқанша барлығын соққыға жыққан. Содан соң, жүк көлігімен үстерінен бірнеше мәрте жүріп өтіп, езіп-жаншыған. Салдарынан 150-ге жуық балалар мен жасөспірімдер опат болған.

Ресми Париж бұған көз жұмып қарай алмады. Шыдамы шегіне жеткен олар несие сұраудан жалықпайтын, әпербақан, екіжүзді императорды тәжінен айыруға бекініп, «Барракуда» операциясын бастады. 1979 жылдың күзінде Бокассаның Каддафимен кездесуге аттанғаны сол-ақ екен, француз десанттары ел астанасын басып алды. Императордың үкіметін таратып, Давид Дакоға президенттік билігін қайтарып берді. Бір қызығы, операция барысында бірде-бір тамшы қан төгілмеді. Жан-Бедельдің ессіз қылығынан әбден мезі болған президент күзетшілері де қарсылық танытпаған.

ӘДІЛЕТСІЗ ҮКІМ

Ливиядан оралған Бокасса еліне кіре алмағандықтан, Францияны паналады. Онда 1986 жылға дейін болып, бір кездері Наполеон жұтқан ауамен армансыз тыныстады. «Императорды» асыраудан шаршаған Париж билігі айлаға көшті. Экс-президентті «ОАР халқының өзін асыға күтіп, сағынғанын, Дакодан қорлық көріп, Бокассаның қадірін ұққанына» сендірді. Аңғал Жан-Бедель құстай ұшып, еліне қайтты. Әуежайға табаны тигені сол-ақ екен, қолына кісен салынып, түрмеге қамалды. Өкінішке қарай, сот отырысында «императордың» адам жегені заттай деректермен дәлелденгенімен, каннибализм айыбы алынып тасталды. Себебі, диктатордың бұрынғы француз әріптестері адамжегіш президенттің сойылын соққандары үшін айыпталудан қауіптенді.

Каннибализмді алып тастағанына қарамастан, сот 1987 жылдың 12 маусымында африкалық Наполеонды өлім жазасына кесті. Бірақ, көп ұзамай өлім жазасы өмір бойына бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Ал 1993 жылы рақымшылыққа ілініп, түрмеден шықты. Бокассаның айы тағы да оңынан туды. Бұрын оның көмекшісі, қорғаныс министрі болған Андре Колингба ОАР президенті болды.

Бостандыққа шыққан Бокасса үй қамаққа алынды. Өмірінің соңын тыныштықта өткізді. Зеріккенде ел астанасы Банги қаласының көшелеріне шығып, ордендері жарқыраған әскери киімін киіп, халыққа өзінің кім болғанын есіне түсіргенді ұнатқан. Африкалық Наполеон 1996 жылы 25 қазанда 75 жасында миокард инфарктынан қайтыс болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бокасса 19 әйелінен тараған 77 баласын асырау үшін қолынан келгенінің барлығын жасады. Бірнеше жұмысты қатар істеді. Істеген айуандығы үшін жазаға ұшырамады. Бақытты диктаторлардың бірі деуге болады. Оның сырын өзі құрған жүйенің мызғымай орнында қалғанында шығар.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here