Сен кімсің, Құрманов мырза?

0
1404

«Өтіп бара жатқан жүз жылдықтың (XVIII ғасыр) жиырмасыншы жылдарының басында қырғыз (қазақ) даласында басшысыздық билік жүргізді. Орынбор өлкесінде хандық билікке талас болды. Ол, Жантөре ханды өлтіргеннен кейін оның орнына Ширғазы сұлтанды қойды. Ол – Әбілқайыр ханның кіші ұлының немересі. Халықтың түсінігінде, әсіресе, сұлтандар оны хандық дәрежеге лайықты емес деп есептеді, Ширғазы (Серғазы) қырға шығуға қорықты. Онда ақылды және пысық Қаратай сұлтан бұзақылық жасады. Жасы жағынан ханның орнына сайланатын реті бар болатын (Қаратай – Нұралының ұлы, ал Нұралы Әбілқайыр ханның үлкен ұлы, жылы орыстардың қол астына кірген хан). Сібір даласында жасы ұлғайған Уәли хан өмірінің аяқ кезін өткізуде. Халықты тәртіпке шақыруға жігерсіздігі бөгет жасады. Өзі басқарған халыққа басшылық жасау қабілеті болмады. Сондай көлеңкелі заманда, қырғыз даласында Бұхарада тәрбиеленген қазақ Марал Құрманов пайда болды. Ол өзін әулие деп таныстырды. Халықтың басын біріктіріп кәпірлерден құтқарушымын деп есептеді».

Ресей тарихшысы К.К. Крафттың «Қазақтың ертедегі өмірі» атты еңбегінде ХІХ ғасырдағы қазақ хандары мен сұлтандарының билікке таласуы, әркім өз елінің текешіктерін хандыққа сайлауының себеп-салдары жақсы жазылған.

«Торғай облыстық ведомостінің» 1899 жылғы №16-17 сандарында «Шабытты қазақ» Марал Құрманов деген мақала жарияланған болатын.

Дәстүрлі хан сайлау жүйесі бұзылған соң, ағасын сыйламаған інісі таққа жармасты, інісіне өкпелеген ағасы дау-жанжал шығарып, елдің іші алатайдай бүлінгені соншалық, отаршылдықты жүргізгісі келіп құлшынып отырған Ресей билігіне тиімді жағдай туғызды. Осындай екі аралықта халықтың басын біріктіргісі келетін шынайы жанашыр тұлғалардың аяқ астынан пайда болып, жар салып шыға келуін патшалық Ресей билігі жақтыра қойған жоқ. Сол себепті орыс тарихшысының жазбасының әр жерінде қазақ қадірлеген Маралды мінеп, іліп-кекетіп жазады.

«Бірбеткей емес, мейірімді адамдардың ортасынан өзін тыңдайтын қыр адамдарын таба алмаған соң, ойлаған ойын іске асыру үшін ресми қағаздарда «жігерлендіруші» және «жалған көріпкел» деген атақтары бар Марал Құрманов өзін халық батыры деп даңқ іздей бастады. Бірақ сәтсіз болды. Өйткені, қазақ халқының тарихында, ауызша аңыздарында Марал деген ат естілген емес».

Орыс деректерінде «Марал Құрманов» есімімен аталатын тарихи тұлғаны исі қазақ «Марал ишан» деп құрметтеген. Белгілі дін қайраткері. Ол Керей руының Тарышы тайпасына жататын Ақсары атасының Нұрымбет әулетінен тарайды. Одан Құттықадам – Мырза – Кенжебай – Құрман – Марал болып жалғасады. Марал ишанның атақонысы қазіргі өлшеммен айтар болсақ, Ресейдің Қорған облысының аумағы, өзіміздің Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы және Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы.

«Әдейілеп жиналған деректерге қарағанда, Марал Құрмановтың шығу тегі Керей болысынан болуы керек, – деп жазады К.Крафт. – Ол рудың қазақтары бүгінгі күні Торғай облысы Қостанай уезінің Меңдіқара болысына қарайтын Троицк қаласынан алыс емес жерде тұрды. Әкесі қазақтарды емдеумен шұғылданатын. Өлгенде Марал кішкентай бала болатын. Жақын туыстары бір бұхарлыққа сатып жіберді. Оны Бұхараға алып кетті. Бірнеше жылдан кейін бостандыққа жіберді. Бұхарада Марал көп жылдар «азиат» ғылымын үйренді. 1820 жылы Сырдария бойында көшіп қазақтарға кетті».

* * *

Марал ишанның жастық шағына үңілетін болсақ, ол 1780 жылы қазіргі Қостанай облысындағы Обаған өзенінің бойында дүниеге келген. Бұл өңір кейіннен «Марал шілігі» деп аталған екен.

Ұрпақтары таратқан шежіре әңгімеде әкесінен тоғыз жасында жетім қалған Марал он жасында шешесіне еріп Ақмешіт жағына, Сыр бойына келген делінеді. Негізгі мақсаты – білім алу, әлбетте, ол кездегі білім – діни оқу. Кейін Өзбекстанға қарасты Жам тауының үңгіріндегі Жалаңаяқ ишанның медресесіне жүз шәкірттің бірі болып оқуға кіреді. Осы медресені жеті жыл оқып, білімін тереңдету үшін тағы да үш жылға қалады. Бас-аяғы он жыл оқыған Марал аман-сау еліне қайтыпты. Арқаның Қайранкөл жазығында ол өзінің халқына орасан зор қызмет етеді, ауру-сырқауларды емдейді, тәбиптік кәсібін көріпкел-сәуегейшілікпен ұштастырып отырады. Көп ұзамай Маралдың есімі қазақ даласына тарайды. Бұл деректерді К.Крафттың еңбегіндегі мәліметтер де растай түседі:

«Онда ол өзін «әулие адаммын» деп жариялады. Өткен заманды және жаңа заманды болжамақшы. Қарапайым халық алғашқыда Маралға сенді. Ол осы табысқа мастанып, өзін бақсылардың тобырымен қоршап Торғай өзенінен өтті. Онда келген соң жан-жаққа шабармандарды жіберіп, осында көшіп келуді ұсынды. Жаңадан пайда болған «әулие» туралы хабар қырға тез тарады. Марал керемет жағдайларды біледі, жасай алады деген сыбыс елге жайылды. Ол соқырларды, ақсақтарды, қозғала алмайтындарды емдейді деген хабар да тарады. Алғашқыда көптеген қазақтар, ру басшылары және старшындар Маралдың «кереметіне» сенді. Оған тобырларымен келді. Шекарадағы жерлерден де келді. Тез арада Маралдың «кереметтігінен» көңілі қалды. Оның емі ешнәрсемен ерекшеленген жоқ. Алдаудың әдісі екенін түсінді. Олар тосқан кереметтің орнына, ол адам сенбейтін, олардың ақылына сыймайтын істерге жол берді. Көзқарастары мен әдеттеріне жатпайтын қылықтары жаны ашитындай жағдайда болмады.

Марал Ресеймен байланыс жасауды тоқтатуға шақырды. Барлығы бірігіп, егін шаруашылығымен шұғылдануды үгіттеді. Ол халықты байытатын жағдай.  

Еркін көшпелі өмірін оларды қорлайтын егін шаруашылығына айырбастау дала адамдары үшін ештеңге тұрмайды. Ал Ресейден бөлініп кету, бұл кезде қазақтар хандыққа таласып жүргендіктен ешкімге ұнаған жоқ. Өздерінің күткендері ақталмаған соң халық Маралды өтірікші деп атады. Біртіндеп халық өздерінің ескі орындарына көшіп кетті».

«Бұл деректен белгілі болғандай, Маралдай ойлы тұлға қазақ халқын ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығынан ажыратып, отырықшылыққа бағыттау емес, бұл сол кезеңнің мүмкіндігінен, қажеттілігінен туындаған ой десек артық айтпаймыз. Себебі, соғыс ел-жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартып, игілікке жеткізудің орайлы да оңтайлы құралы – халықтың егіншілікпен айналысып, отырықшылық тұрмысқа үйренуі тиіс екенін Марал ишан үнемі шегелеп айтып отырған.

Мұндай ойын Марал ишан ешқашан жасырмаған, кейінгі Кенесарының Ресейге қарсы соғысы кезеңінде де Кенесары жақтастарын дереу егіншілікпен айналысуға үгіттейді. Осыған байланысты Орынбор шекара комиссиясының есептеріне былай деп жазылған: «Ресей төңірегіне оралуға мүмкіндігі болмағандықтан, ол өзінің жасақтарына Іле мен оның тарауларының жағалауларында егіншілікпен айналысуға ақыл берді».

Кенесары жақтастарының егіншілікпен айналысқанын Кенесары ордасында болып қайтқан Дәулеткелді Беспаев та әңгімелейді. «Қиын жағдайда болғандықтан, өзінің жақтастарына тамақ табудың жалғыз жолы әрі лайықты шара ретінде егіншілікпен айналысуды ұсынды». Сонымен, Кенесарының егіншілерді қолдау саясаты қазақтардағы егіншіліктің онан әрі дамуына әсер етті. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында-ақ егіншілікпен қазақ руларының едәуір бөлігі айналысты.

«Кенесарының көтеріліске қатысушылардың материалдық жағдайын жақсартудың жалғыз жолы егіншілік деп түсінген деу керек». Бұл – Кенесары серігінің бірі Марал Құрмановтың сөзімен расталады. Ол өзі «Сендерді егіншілікпен байытамын» деп, қазақтарға уәде беріпті» деп көрсетеді Ермұхан Бекмаханов.

* * *

Енді К. Крафтқа келейік: «Ойлағаны іске аспаған соң, Марал енді Ресей өкіметімен келісім жасап, халықты Ресейден бөліп әкетпекші. Сол мақсатпен ол Омбыға, Керей болысының старшыны Байсалды Орынбордың әскери генерал-губернаторы, инфантерия генералы Эссенге және Сібір жеке корпусының командирі, генерал-лейтенант Капцевичтің атына екі хатпен жіберді. Екі хаттың да мәтіні бірдей. Оның мағынасын түсіну үшін біреуінің мәтінін келтіріп отырмыз.

«Патша ағзамның саясында қолдауын көріп жүрген, Омбыда тұрушы әралуан ордендердің иегері жандарал тақсырға бізден тағзым.

Әу баста бір жаратқан Құдай хақ, Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт шадияры һәм төрт имамы шын. Әуелі Адам Ата, екіншіден, Мұхаммед пайғамбар болғалы сол заманнан бермен қарай мұсылман боп, кәпір аталғаны бері біздің арамызда ешқандай қырқыс пен қақтығыс не дұшпандық болған емес. Сыйынып келе жатқанымыз да жалпыға ортақ бір құдай. Осылайша, бұдан бірнеше жыл бұрын Ресей елінің шегінде байқұт, бейбіт, жанға жайлы тыныштық болушы еді, жандарал тақсыр. Ол кездегі Ресей патшаларының тұсында орыстар рұқсатсыз қазақ жеріне кіруге батпаушы еді. Бұл күнде, тақсыр сені мен менің заманымда былай болып тұр: орыстар қазаққа тиесілі жерді тартып алып, иемденім кетті. Қазақтар да орыс жеріне кіріп алды. Бұл неге бұлай, бұлай болу себебі неліктен? Әлде, бұл сізге де, бізге де байланысты ма, жандарал тақсыр. Сіздерден көп ұзамай қалай хабар алсақ та, біз бен сіздің уақытыңызда орыс болсын, қазақ болсын бүлікшілікке ұшырап, отына қарап қалмас.

Неге десеңіз, орыстардың барлығы да сіздің қарауыңызда, ал қазақтардың барлығы біздің қарамағымызда. Пайғамбардың тікелей шарапатымен, сізден менің мархабатты патша ағзамға жол тартып жолығуыма мұрсат етуіңізді сұраймын. Бұл менің ең бір қиылып сұрайтын өтінішім.

Сөзімнің қақтығын куәландырып мен Иса хазірет мөрімді басамын.

Бұл хатты апарушы Орта жүздің старшыны Байсал Атакелдин. Осыны растап, Мұса баһадүр өз мөрімді бастым».

Шежірелік деректерде Маралдың азан шақырып қойған есімі Иса дейді. Ал белгілі тарихшы, жанкешті архивші Болатбек Нәсенов: «Иса мұсылманның аты, хазірет – ғалым, өмірдің әулие адамы. Марал Бұхарада хазірет атағына ие болған соң, өзінің атын өзгертіп Иса атанған болар. Қазақтар бұрын балаларына атты бір нәрсемен, малының атымен немесе біреуден бір сөз естісе, соның атымен қоятын», – деген ой жазады.

Марал ишанның бұл хаты «Айқап» журналының 1915 жылғы №1 санындағы Мұстақым Малдыбаевтың «Марал – Құрбан баласы» атты мақаласында келтірілгенін сөз арасында жаза кетейік.

«Қазақ даласында пайда болған, өзін жоғарыдағы қуат берушінің өкілі ретінде атап жүрген Марал Құрмановтың пайда болғанын және оның Петербургке келгісі келетіні туралы Сібірдің азиат департаментінің бастығынан хабарлама алынды. Сол кездегі вице-канцлер, граф Нессельроде 1821 жылы 30 желтоқсанындағы №760 Сібірдің генерал-губернаторы Сперанскийден Марал туралы өзі ойын білдіруді сұрады.

Сперанский сол кезде Петербургте болған. Граф Нессельродеге 1822 жылы 24 қаңтардағы хатында былай деді: «Мейірімді тақсыр, граф Карл Васильевич! Сіздің қазақ Марал туралы қатынасыңызға, өзін қазақ даласына қуат беруші ретінде атап жүрген адам туралы ойымды білдіру құрметіне ие болдым. Мен сіздің мәртебелі ойыңызбен толық келісемін. Оның мұнда келуіне рұқсат берген пайдалы болар еді. Корпус командиріне ұйғарым беру керек. Ол бір сыпайы сылтаумен оны шақырып алып, осында жіберсін. Толық құрметпен сіздің мәртебеңізге бас ие қызметшіңіз болу құрметіне ие болушы – М.Сперанский».

Граф Нессельроденің 1822 жылғы 12 ақпандағы құзырға ұсынған баяндамасы бойынша жоғары мәртебелінің рұқсатына сәйкес Марал Құрмановты Петербургке шақыруға тиісті қаулы қабылданды.

Бірақ, генерал Капцевичтің жіберген хатына сәйкес жоғары мәртебелінің рұқсаты Марал Құрмановты орнынан таба алмады. Старшын Байсалдың қолында қалды. Ол оған табыс етуі тиіс еді», – деп жазады К.Крафт.

Сонымен граф Несельроденің баянхаты бойынша Марал Құрманұлын сыпайылап Петербургке шақыртып алу туралы 1822 жылғы 12 ақпанда жарлық шығып, оны жолға қамдау жөнінде тиісті нұсқаулар беріліп, қажетті жұмыстар атқарылып жатады. Ал Марал ишанды астанаға алдыру жөніндегі жарлыққа орай генерал Капцевичтің жазған хаты иесінің қолына тимей, Байсалдың қалтасында қала бергені жазылған. Бабаның патша қабылдануына бармаған себебі де бүгінде анықталғандай. 1821 жылдың маусымында Орынбор генерал-губернаторы жүзбасы сұлтан Жантөре Жиһангеровке Маралды тауып алуды тапсырса, ол өз тарапынан сұлтан Жұма Құдаймендиевке Маралды ұстауды бұйырған. Ал орыс әскерінің полковнигі Грамматин сұлтан Шотайға Маралды ұстауды тапсырған. Сонда өзін ұстау үшін қажетті жолдар қарастырылғандықтан, әрі мұндай жайттардан хабардар болып отырғандықтан болар, дін ғұламасы ақ патшаның өзін қабылдауына сұранғанымен, кейіннен баруға бас тартқан сияқтанады.

Орнын таппай жер сипап қалған соң Марал ишанның қайда жүргені орыс барлаушыларын қызықтырғаны анық.

«Маралдың қазақ даласынан сыртқа кетуі туралы әр түрлі хабар бар. Бір дерекке қарағанда, Марал алшын руы қазақтарының шақыруы бойынша солармен бірге бұхарлықтарға көмектесуге кетті дейді. Олар хиуалықтармен соғысып жатыр. Ал басқа деректер бойынша, ол Сырдария өзеніне көшіпті-міс, ол жерде егін өте бітік шыққан екен дейді.

Аныққа таяу хабар 1824 жылдың басында алынды. Бұл хабар бойынша Марал 1823 жылы жазда хиуалықтардың керуенге шабуыл жасағанын естіп, оларды қазақтар күзетіп Бұхараға апара жатқан, онда қазақтардың 1000 түйесін және 100000 қойын тонап, 50-ге тарта адамды өлтіргенін естіп, ол хиуалықтардан тоналған малды қайтарып беру үшін барыпты. Осы жорыққа қазақтарды көбірек тартуды ойлады. Онымен бірге баратын қырғыздарға «от дарымайды, суық қаруы бүлінбейді, осындай жағдайда жарқын келешек, тамаша табыс тосып тұр, хиуалықтарды жеңіп, тоналған мал қайтарылады»,  – деді. Хиуалықтарға жорықты Маралдың асығуға мәжбүр еткен себеп, ол –хиуалықтар Сырдарияның бойында қамалдар мен бекеттерді керуендердің жолына сала бастауы. Сол жерлер арқылы Троицк және Орынбордан келетін керуендерді тонауды мақсат етті.

Көп қазақтар оның айтқанына сенді. 1823 жылы соңынан еріп Хиуа иелігіне шабуылдар жасады. Бұл қауіпті істің немен тынғанын, күш-қуат беруші Маралға не болғанын ешкім біле қоймайды».

* * *

Марал ишанның бұдан кейінгі тағдыры көмескілеу болса да, кейбір деректер сақталған. Оның бірінде кейіннен Кенесары қолына қосылып, күресті жалғастырғаны жазылады. «Кенесары қырғыздарды шаппақ болғанда, Марал Ишан «діні бір, түбі бір, өзіміздің туыстарымыз» деп, оған келіспейді. Сол себепті де Кенесарымен арасына енжарлық кіріп, бөлініп қалады да, бұрында өзі болған, кейінде талай қолқалап шақырған Сыр өңіріне ат басын бұрады»,  – дейді жазушы Ж.Шәкенұлы.

К.Крафттың «Қазақтардың ертедегі өмірі» атты кітабын Санкт-Петербургте болған кезеңінде көшіріп алған тарихшы Б.Нәсенов мынадай қорытынды жасайды.

Марал Құрманов тіпті де жалған көріпкел немесе жоғарыдан күш беретін емес, табиғатынан оңашалануға ұмтылуды армандайтын қатардағы қазақтардың тобырынан ақылымен ғана емес, мүлде өзгеше рухты жоғары фанатиктерге тән қасиетпен ерекшеленеді.

Балалық шағынан Бұхарада тәрбиеленген, өз ерекшелігі бар жергілікті мәдениетке үйренген, өзінің туған халқының әлеуметтік және саяси өмірін аса ірі реформалар арқылы жақсартуды ойлаған адам. Өзінің жоспарын іске асыру үшін қолайлы мерзімді таңдады. Ол өкіметтегі бүліншілік пен келіспеушілікті пайдаланды. Марал таңдап алған әдіс өзін ақтамады. Оған пайдалы болмады. Ол заманда қазақтардың дін туралы, мұсылмандық жайлы өте күңгірт түсінікте болды. Сол себепті халықтың ақылына дін жолы әсер еткен жоқ. Марал түсінді. Халықтың көшпелілігіне байланысты салты мен соқыр сенімін пайдаланбақшы болды. Бақсы немесе емшінің отбасынан болғандықтан, Марал әкесінен қалған емдеу тәжірибелерін қолданып, сенгіш халыққа сыбысты таратты. Халық Маралға жиналды. Және тез арада одан кетті. Олар жалған таңғаларлық істің ар жағында құрметтеуге тұрмайтын жаңалығын сезді. Марал халыққа жағатын басқа жолға көңіл бөлді. Хиуалықтарға қарсы қозғалыстың басында тұрды. Бұл арада да шыдай алмай, ғажайып жағдайға қол жеткіземін деуді айтып қалды.

Оның айтқан «оқ өтпейді» деген арманы хиуалықтармен соғыста дәлелденбей қазақ тапты ма, әлде өзінің арманына сенімсіздікпен қарап басқа жаққа кетті ме, өз ісіне бар жан-тәнімен берілген сопыға айналды ма – ол жағы белгісіз.

Бірақ бір нәрсе сөзсіз анық: ол халқына шын жүрегімен жақсылық жасасам деген адал ниеттің адамы болды. Өзінің жаңалық жасап, өзгеріс енгізу ниетін іске асыру мақсатымен мұсылмандық көзқарасты таңдады. Алайда бұл бейбіт және жылы жүректі көшпелі қазақ халқына тән емес еді.

 Заңғар КӘРІМХАН, алаштанушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here