Ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні

0
759

Елімізде «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні» жыл сайын 18 сәуірде аталуы дәстүрге айналды. «Дүниежүзілік мұра күні» деп те аталатын бұл тарихи күн 1982 жылы ЮНЕСКО құрған Халықаралық ескерткіштер мен орындарды қорғау жөніндегі кеңес (ICOMOS) ассамблеясымен қоғам назарын әлемдік мәдениетті қорғауға және сақтауға аудару мақсатында құрылғаны мәлім.

Қоғамға еліміздің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, зерттеу, сақтау және насихаттау бойынша бұл күні Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі де тағылым мектебінің белсенділерімен өз үлестерін қосты. Атап айтсақ, Алмалы ауданының Ардагерлер кеңесі мәдениет бөлімі басшысының орынбасары Яковленко Елена Николаевна бастаған Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның мұғалімі Исахметова Эльмира Жөнделбайқызы, №135 мектептің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Раисова Сания Қайратқызы мектептің белсенді  оқушыларымен музейге саяхат жасап, тұлға ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Аталған іс-шараға музейдің ғылыми қызметкері Еркін Стамшалов  25 түп раушан гүлінің көшетін сыйға тартып, оны Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті кафедра меңгерушісі Болат Қабдушев, тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбек, Орталық Азия аймақтық сараптау орталығы (CAAN) сарапшысы Дамир Саттаров жас ұрпақтармен бірге аула гүлзарына отырғызды. Іс-шара соңында ата, орта, аға буын өкілдері естелік суретке түсті.

Айтулы күнге арнайы атбасын бұрып, белсенділік танытқан қонақтарға музей-үйдің жетекшісі Райхан Сахыбекқызы алғысын айтып, жазушы Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» роман-эссесін сыйлыққа тарту етті.

Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығына 3 апталық оқу тәжірибесінен өтуге келген бізге бұл іс-шара үлкен әсер етті. Оқу тәжірибесінің жетекшісі Халықаралық туризм менеджмент колледжі Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самакова Алма Қарақойшықызы қазақтың бас мұғалімі атанған Ахмет үйінен үйреніміз көп екенін баса айтты.

Біз тәжірибе барысында музей-үйдің және «Ахметтану» оқу орталығының жұмыстарына көмектесіп әрі тәжірибе жинақтаудамыз. Музей-үйі жетекшісі әрі орталықтың директоры Райхан Имаханбет Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тұрған үйінің музей ретінде қалыптасу тарихын баяндап берді. Және еліміздің ірі қалалары мен өңірлеріндегі, Түркияның Анкара қаласында бой көтерген Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіштері туралы мәлімет жинауға тапсырма берді.

Айым ҮСЕН,
Халықаралық туризм менеджмент колледжінің «Менеджмент» мамандығының 2-курс студенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here