«Айналайын! Атамекен, Ақ мекен! Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!» деп, Мұқағали жан-жүрегімен жырлағандай, киелі жер, құтты қоныс, қастерлі мекеннің құшағынан ешқашан кеткің келмейді. Сұлу төрін көрген сайын көргің келе береді… Бұл – ата мекеніміздің шапағаты.
Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал, таза көше мен көгал саябақтар елдің айнасы іспетті. Қоршаған ортасы таза елдің жаны да таза. Осындай мысалдарға толы «тазалық» сөзінің мағынасы терең. Жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы адамның шынайы ниетімен жасалатын дүние.
Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді. Алғашқы аптаға – «Таза өлке» деген атау берілген. Бұл апта жалпы республикалық сенбілікпен байланысты. Әр өңірдегі мекемелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғындар өздері тұрған аумақты қоқыстан тазартты.
Екінші апта – «Киелі мекен» деген атаумен айшықталды. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Еліміз батырларға, ел басқарған ұлы тұлғаларға, Ұлт ұстаздарының рухына құрмет көрсетуді ұмытқан емес. Тарихы терең елде тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік. Бүгінде тарихи бейнесімен қатар туристік сипат алып келе жатқан орындарды таза ұстау бүгінгі ұрпақтың борышы. Ежелгі нысандардың тазалығы ұлттың рухани байлығын көрсетеді.
Осы апта «Жасыл аймақ» деп аталады. Бұл аптада белсенділер мен тұрғындар көшет отырғызады. Жасыл желектерді баптап, зиянкестерге қарсы әктеу, дәрілеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Республикалық бастама аясында әр өңір жекелей науқандар ұйымдастыруда. Мысалы, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны да бір ай болады. Алматылықтарға өткен аптада 2 200 көшет тегін таратылып, ауласын көгалдандыруға демеу болды. Тұрғындар қарағаш, алма, қайың сынды 6 түрлі ағаштан көшет алып, үш жыл бойы баптауға уәде етті.
Алдағы апта – «Өнегелі ұрпақ» деп аталады. Еріктілер мен белсенді тұрғындар қарттарға қамқорлық көрсетеді. Әр өңірдегі қарттар үйінің ауласын тазалап, қоршауын бояп, ақсақалдар мен ақжаулықты аналарға көмек көрсетеді. Мұндағы мақсат – «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қанатты сөзді арқау етіп, жастардың үлкендерге деген құрметін арттыру, қарттарға деген ізгілікті дәріптеу.
Қорытынды апта – «Мөлдір бұлақ». Акцияның аты айтып отырғандай, бұлақтардың көзі ашылып, өзен мен арық арнасы қоқыстан тазартылады. Тіршлік нәрін құрметтеу, оны таза ұстау тұрғындардың өздері үшін де ауадай қажет. Су қаталаған кезде шөліңді ғана қандырып қоймай, ауаны тазартатын, аптап ыстықта айналасына ылғалдылық сыйлайтын ерекше қасиетке ие. Одан бөлек жауынды күндері елдімекендер мен жолдарды су басудан сақтайтын да осы өзен мен арық.
Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.
Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!
Индира БІРЖАНСАЛ