«Жау жоқ деме, жар астында»: Қазақ әскерінің әлеуеті қалай?

0
2226
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Жер-жиһандағы ахуал алаңдатып тұр. Ресей мен Украина арасындағы қанды қырғын, Таяу Шығыстағы текетірес, Иран мен Израиль қақтығысы – әлемдегі тыныштықтың шырқын бұзып, мыңдаған жанның ажал құшуына себепкер болуда. Бейбітшіліктің берекелі күні таяуда тумайтын сыңайлы… Күні кеше ғана алпауыт АҚШ Украинаны қолдауға 61 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлуге шешім қабылдады. Нақтырақ айтқанда, Конгрестегі Өкілдер палатасы Украина әскерін заманауи қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін ел қоржынынан қомақты сома беруді мақұлдады. Бұдан бөлек, Құрама Штаттар өз одақтастары Израиль мен Тайваньға да осы тақілеттес көл-көсір көмегін көрсетуге ниет білдіріп отыр. Байден билігінің бұл бастамасы – қарулы қақтығыстардың одан әрмен өршуіне, әлемдегі шиеленісті жағдаяттардың белең алуына түрткі болуы мүмкін. Саясаттың «жілігін шағып, майын ішкендер» Вашингтонның қолдауы һәм қамқорлығы жаһандық дағдарысты ушықтырып, адамзатқа бұрын-соңды болмаған залалын тигізеді деп пайымдайды. Осындай аласапыран кезеңде әлеуетті әскер мен қуатты қорғаныс – кез келген мемлекеттің басты тірегі, қауіпсіздігінің кепілі болмақ. Қалыптасқан күрделі геосаяси ахуал сардарлар мен сарбаздарға бір сәтке де босаңдық танытпай, ерекше сақ болуды талап етеді. Әсіресе, Еуразия кіндігіндегі Қазақстан үшін шекарасының берік, армиясының кез келген жағдайға сақадай сай болмағы әрдайым маңызды.

Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

ҚУАТТЫ ҚОРҒАНЫС – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТЫНЫШТЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

Егемендіктің елең-алаң кезінде қалыптасқан Қазақстан Қарулы күштерінің сапында бүгінде 300 мыңға жуық азамат қалтқысыз қызмет атқарады. Оның ішінде тұрақты әскери қызметшілер саны 45 мың болса, әскерилендірілген құрылымдарда еңбек ететін мамандардың үлесі 32 мыңнан астам. Қарулы күштеріміз үш құрылым бойынша жасақталған. Құрлық әскерлері, Әуе қорғаныс күштері және Әскери-теңіз күштері қазақ армиясының абыройын асырып, мерейін тасытып, 30 жылдан астам уақыт бойы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.

Биылғы жылдың қаңтар айында Global Firepower порталы әлем елдері армиясының дәстүрлі рейтингін жариялады. Әскердің әлеуеті мен қорғанысқа бөлінетін қаржысы таразыланатын тізімде Қазақстанның көрсеткіштері 2023 жылмен салыстырғанда 5 сатыға көтеріліп, 58-орынға табан тіреді. Ал, Орталық Азия мемлекеттері арасында көш бастап тұр. 50-ден астам критерий бойынша түзіліп, 145 мемлекеттің арасында сараланған тізімнің көш басында АҚШ, Ресей, Қытай сынды алпауыттар тұр. Рейтингтің аутсайдерлері – Молдова мен Бутан.

Аталған порталдағы Қазақстанға қатысты деректерге назар аударар болсақ, елімізде 407 бірлік дүркін оқ атудың реактивті жүйелері бар. Қазіргі таңда қуатты қарудың 265-і әскери іс-қимылдарға сақадай сай. Бұдан бөлек, 246 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы мен техника, 240-қа жуық түрлі ұшу аппараттары, оның ішінде шабуылдаушы және жойғыш ұшақтар, жауынгерлік, көлік және оқу тікұшақтары бар. Осы ретте айта кетерлігі, еліміз екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «майдан құдайы» деген атқа ие болған артиллериялық жойқын қаруы көп әлемдегі жиырма мемлекеттің сапына еніп отыр.

Ал U.S. News & World Report басылымы жүргізген сауалнаманың нәтижесі бойынша Қазақстан әскери қуаты жағынан әлемнің үздік 19 елінің қатарынан көрінді. Сауалнамаға 17 мыңнан астам адам қатысқан.  Респонденттер 73 критерий бойынша сұрақтарға жауап берген. Рейтинг АҚШ-тың Пенсильван университетінің ғалымдары мен маркетинг пен коммуникация бойынша жаһандық компанияның бірлесуімен түзілген.

Әрине, рейтингтер көңіл көншітеді. Қорғаныс қуатымыздың қауқарлы екендігін байқатады. Десе де, тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың басты кепілі болып табылатын қорғаныс саласына қолдау әрдайым бәсеңдемеуі тиістігі әлі де болсын аңғарылады.

Армияның айбарын арттыру бағытындағы бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2021 жылы қорғаныс саласына 339,7 миллиард теңге жұмсалса, 2022 жылы бұл сома 494,7 миллиард теңгеге артқан. Ал, 2023 жылы Қарулы күштерді нығайтуға 931 миллиард теңге қарастырылған болса, биылғы бюджет 972 миллиард теңгені құрап отыр. Салмақты сан, қыруар қаржы.

Соңғы жылдары әскерилеріміздің кәсіби дайындығына, армиямыздың заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуына мұқият әрі егжей-тегжейлі назар аудара бастадық. Себеп те жоқ емес. Айналамыздағы алмағайып ахуалдар мен ушыққан геосаяси мәселелер сауысқандай сақ болуға мәжбүрлейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Бүкілармиялық кеңесте Қарулы күштерімізді технологиялық тұрғыда жаңғырту жұмысы қарқынды жалғасатынын тілге тиек етті. Алдағы уақытта жаңа үлгідегі қару-жарақтың және заманауи техниканың үлесі едәуір артпақ. Әсіресе, дәлдігі жоғары қарулар, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен роботты кешендер, тасымалдаушы ұшақтар және ұрыс көліктерінің санын көбейтуге басымдық беріліп отыр.

«Армиямызды толыққанды қаруландыруда және жаңғыртуда отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады. Үкімет әскери өнімдер мен қызмет түрлерін кеңейту үшін барлық шараны қабылдауға тиіс. Тағы бір өзекті мәселе – зауыттардың және әскери бөлімдердің техниканы жөндеу мүмкіндігін арттыру. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз жоғары», – деді осы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев.

АРМИЯНЫҢ АЙБЫНЫН АСЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Қазақстанның жаһандық әскери рейтингтерде бәсінің басым болуының тағы бір себебі – елдегі әскери техника мен қару-жарақ түрлерін шығаратын кәсіпорындардың көптеп шоғырлануы және осы салаға өндіріс ошақтарының ден қоя бастауы. Соның бірі – Kazakhstan Paramount Engineering кәсіпорны.

Елорданың индустриялық аймағында орналасқан зауыттың іргетасы 2013 жылы қаланған. Қазақстан мен Орталық Азиядағы бірегей кәсіпорын бронды дөңгелекті техника өндіруге және жаңғыртуға маманданған. Бүгінде оның төл өнімі – «Барыс» бронды техникасы БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына кеңінен пайдаланылуда. Алдағы уақытта аталған кәсіпорын әскери техниканың кең спектрін шығаруды көздеп отыр. Мемлекет те өндіріс ошағын қолдауға мүдделілік танытып келеді. Бұл туралы Президенттің аталған өндіріс ошағында болған кезінде мәлімделді. Мемлекет басшысы әскери техникаларды ілгерілетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтіп, қорғаныс өнеркәсібіне маманданған отандық кәсіпорындарды дамытуға жан-жақты атсалысуға шақырды.

Әскери мамандарды уақыт ағымына сай даярлау ісі де саладағы маңызды мәселенің бірі. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту көп жылдардан бері түбегейлі шешілмей келе жатқан жайттың бірі екені жасырын емес. Бұған Мемлекет басшысы да жете назар аударып, әскери академиялар мен институттар әлемдік стандарттарға толыққанды сай болуы тиістігін атап өтті.

Әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселесіне де ден қойыла бастады. Бұдан былай Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп келген азаматтар жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсе алады. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылып, қалауына орай армия қатарынан нақты мамандық алып шығады.

Былтырдан бастап әскери ұшқыштардың еңбекақысы 60 пайызға артса, 2024 жылдан әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30 пайызға өспек. Сондай-ақ, Қарулы күштер саласындағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбеймек. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де егжей-тегжейлі қайта қаралуда. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы одан әрмен жалғасын таппақ. Сала қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Жаңа баспана» бағдарламасы іске қосылды. Бүгінге дейін жеңілдетілген бағдарлама арқылы 13 мыңға жуық әскери қызметші басыбайлы баспанаға қол жеткізген.

Қазақстан екі мыңыншы жылдардың басынан бері БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына белсенді қатысып келеді. Бұл операциялар әскеріміздің әлеуетін арттыруға, әлемдік тәжірибені зерделеуге мол мүмкіндік береді. 2003-2008 жылдары аралығында арнайы мақсаттағы «Қазбат» бітімгерлік батальонының инженерлік-саперлік отряды Ирактағы әскери іс-қимылдарға қатысты. Ал, 2007 жылдан бері Қазақстанның Қарулы күштерінің 500-ден астам қызметшісі Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Ливандағы БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларын орындап, әскери дағдыларын шыңдай білді. Қазіргі күнде сарбаздарымыз Орталық Африка Республикасы, Конго, Сирия, Мали, Ирак, Ауғанстанда міндеттерін мүлтіксіз атқаруда.

Елдегі қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайтуға да басымдық берілуде. Ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқаратын сала импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құруы тиіс. Алғашқы қадамдар да жасалды. Бұл тұрғыда Президент нақты пәрмен берді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсету қажеттігін алға тартқан болатын. Бұл міндетті іске асыруға Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Қажетті материалдық-техникалық база қалыптастырылған, біліктілігі мен тәжірибесі мол мамандар жеткілікті. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек. Отандық кәсіпорындарға қаржылық қолдау арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы көрсетілмек.

ҚОР ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕДІ МЕ?

Ел Үкіметінің 2023 жылғы желтоқсандағы Қаулысымен құрылған Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры қазақстандық ғылыми-техникалық әзірлемелер мен қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын жаңғыртуға қолдау көрсетеді. Қордың жарғылық капиталы республикалық бюджет қаражаты есебінен қалыптастырылған. Жалпы сомасы 266 миллион теңгеге жуық.

Қор техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, қорғаныс өнеркәсібінде маманданған отандық компанияларды демеуді мақсат тұтады. Бұл – қазақ армиясын жоғары технологиялы қару-жарақпен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, заманауи атыс қаруларымен жабдықтау мақсатында туындаған қадамның қанатқақтысы.

Осы ретте айта кетейік, бүгінде бірқатар отандық кәсіпорындар әскери техникалар шығаруға машықтануда. Израильдік компанияның лицензиясы негізінде Қызылжардағы ауыр машина жасау зауыты «САУ Семсер», «Айбат» минометті қондырғылары мен «Найза» артиллериялық қаруын құрастыруда. Kazakhstan Paramount Engineering оңтүстікафрикалық Paramount Group кәсіпорнымен бірлесіп «Алан» және «Арлан» бронды көліктер өндірісін өркендетуде. «Қазақстан авиация индустриясы» зауыты израильдік SkyLark 1-Lex ұшқышсыз басқарылатын аппараттарын шығаруға кіріссе, «Зенит» Орал зауыты әскери-теңіз зымыран-артиллериялық кемелерін құрастыруда.

Ал, Орталық Азия аймағындағы бронды техникаларды жөндеуге маманданған жалғыз «Семей инжиниринг» зауыты бронды жөндеу-эвакуациялық транспорттау машинасын пайдалана отырып, ұрыста зақымданған техниканы қайта қалпына келтіре алады.

Әскери ауыр техникалардан бөлек, еліміздегі кәсіпорындарда ірі калибрлі пулеметтер, радиолокациялық станциялар, түнгі барлауға арналған жабдықтар, электронды-оптикалық жүйелер, тепловизорлар, байланыс құралдары, арнайы бронды кеудешелер өндіріледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Халқымыздың даңқты тұлғасы, бірегей болмыс иесі Бауыржан Момышұлының «Батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген ұлағатты сөзі бар. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен қиын-қыстау замандарда халқымыздың аяулы перзенттері ержүректілігімен, антқа адалдығымен осынау ұлан-байтақ аймақты қорғап қалды. Бабалар аманатына адалдық бүгінгі буынның басты борышы, қасиетті парызы. Азаматтарымызды елжандылыққа тәрбиелеуде, Отанға қалтқысыз қызмет етуде әскери іс маңызды рөлге ие. Қарулы күштеріміздің қатарында ерен еңбек етіп, елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау қайсарлық пен отансүйгіштіктің нақты символы. Бұл – отандастарымыздың патриоттық сезімін ұштап, жас ұрпақты мемлекетшіл азамат болып қалыптасуына септігін тигізетін ілкімді іс, тағылымды қызмет.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here