Қолына қалам ұстаған зиялы қауым арасында талантты ақын, дарынды журналист әрі шебер аудармашы Ғаббас Жұмабаевты білмейтіндер кемде-кем. Тіптен «Ғаббас Жұмабаев халқына несімен қымбат?» деген сауалға жауап та іздеп көруге талпындық. Содан қаламгердің Қостанай шаһарында тұратын жақын туған-туысқандарына арнайы өзім барып жолығып, олардың айтулы тұлға жөнінде жүректерінде сақталған сырлары мен көңілге түйген ойларына жүгіндім. Бұл орайда, әсіресе Ғабекеңнің немере інісі болып келетін жаны жайсаң жігіт Балтабай Қабжанұлы және келіні, поэзияны шексіз сүйетін, әрі өзі де бірнеше әндерге мәтін жазған, замандасымыз Күләштің жанашырлығы айырықша дер едім. Сөзім жалаң болмас үшін қойын дәптерімізге түртіп алған нақты дәлелдер мен дәйектерге сүйенгенім жөн болар.
АУЫЛДА «ТІЛШІ БАЛА» АТАНДЫ
Ғаббас Жұмабаев 1924 жылы 5 мамырда қазіргі Меңдіқара ауданының Ақсуат деп аталатын табиғаты көркем елдімекенде туып-өсті. Әрине, ұл баланың дүниеге келуі әрбір ата-ана үшін қуаныш. Өйткені, ұл әулетті жалғастыратын ұрпақ. Шаңырақ иесі Жұмабай Байжанұлы өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, еті тірі азаматы-тын. Кезінде кәдімгі пошташы Салмағанбет деген болыстың атқосшысы секілді қызметтерді атқарды.
Отбасын айрандай ұйытып отырған Кәлима апамыз жүзінен жылы шуақ төгіліп тұратын мейірбан жүректі асыл жан-ды. Ол тек отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай туғызумен және кез келген қазақ әйеліне тән үй шаруашылығымен айналысты. Айналасындағылар алтын құрсақты ана ретінде ерекше құрметтеді. Өзі жарық дүниеге әкелген перзенттерінің үшеуі кішкентай кездерінде шетінеп кетті. Өзге балаларының бесеуі бертінде қайтыс болса, үш ұл мен екі қызын жастайынан еңбекке баулып, қатарларының алды етіп тәрбиеледі.
Иә, Қабдуәли, Қабжан, Қапиза, Нәпиза және бүгін сөз етіп отырған Ғаббас ағамыз болатын. Ол үйдің кенжесі болғанына қарамастан еркелікке салынған жоқ. Ауылды жерде тұрған соң мына тіршіліктегі бақыт пен табыстың қайнар көзі төгілген маңдай тер мен талпынысқа байланысты екенін ерте сезініп өсіп қана қоймастан өнерге де шексіз бейім еді. Басқа құрдастарындай көшеде уақытын босқа өткізгенше пайдалы нәрсемен айналысқанды жаны сүйетін. Табиғаттың сұлулығына шексіз ғашық болғандықтан, қиялға беріліп түрлі сурет салатын. Өзі тәртіпті, қолға алған ісін тындырмай қоймайтын табанды бала болды. Сол кездің өзінде кітапты көп оқитын. Саздан мүсіндер, ағаштан кәдімгі көз тартатын ойыншықтар жасайтын. Әпкесі Нәпиза екеуі бір сыныпта оқыды. Бұлардың азамат болып қалыптасуына ағалары Қабдуәлидің қамқорлығы мен сіңірген еңбегі аз емес-ті.
Кейбір қолға түскен мәліметтерге қарағанда, оның сөз өнері яғни әдебиетке деген іңкәрлігі сонау мектептің бесінші сыныбында жүргенде басталыпты. Білім ордасындағы қабырға газетіне өлеңдері жиі жарық көріп, уақыт өте Меңдіқара аудандық және облыстық «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») газетіне шағын мақалалар жазып, ауылда «тілші бала» атанды. Жан-жағындағы туысқандары мен ұстаздары «тілші баланың» болашақта өмірін шығармашылықпен байланыстыратындығына нық сенді.
Алдына үлкен мақсат қойған бозбала осы өңірдегі барша ұстаздардың алтын ұясына айналған Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесіне қабылданып, сонда өңірден шыққан әрі есімдері әлемге танылған тұлғалармен бірге оқыды.
«ЖУРНАЛИСТІҢ ЖЕГЕНІ – ЖАНТАҚ, АРҚАЛАҒАНЫ – АЛТЫН»
Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде ол әскерге алынып, қанды майданнан бір-ақ шықты. Талай шайқастарға қатысып, өзінің жауынгерлік міндетіне адалдық танытты. Өлім мен өмірдің бел ортасында жүріп, қаншама қимас достарынан айырылды. Окоптарда мұз жастанып, белуардан саз кешті. 1945 жылдың аяғында аман-есен туған жерге табан тіреді. Өзінің таңдаған кәсібі бойынша кіндік қаны тамған ауылында ұстаздық етіп, ұл мен қыздарды білім нәрімен сусындатты. Ал, өзінің ғұмыр бойы аңсаған арманына қол жеткізіп, 1947 жылы облыстағы ана тілінде шығатын басылымға бастапқы кездері қатардағы әдеби қызметкер болып жұмысқа кірісті. Қысқа мерзімде кешегі майдангер тілшілік қызметте де алғы шептен көрінді. Редакцияның қара қазанында шыңдалып, өзінің нағыз әмбебап маман екендігін дәлелдеді.
Қазақтың қайталанбас тұлғаларының бірі, баспасөздің майталманы Шерхан Мұртазаның «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» дегендей, кездескен қиындықтарға мойымады. Ол жауапты хатшы ретінде де басылымның безендірілуі мен мазмұнының артуына айтарлықтай үлес қосты. Бас редактордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Ол редакцияға келген мақалаларды қарап, өңдегенде құлпыртып жіберетін. Тақырып қоюға да өте шебер еді. Сондықтан авторлар өздерінің ризашылықтарын білдіріп жататын. Жылда Алматыда оқитын болашақ журналистер жоғарыда аталған басылымда өндірістік тәжірибеден өтетін. Одан тәлім алған дарынды жастар Төлеубай Ыдырысов, Жұмағали Ысмағұлов, Қасымхан Ерсарин және басқалар уақыт өте елімізге танымал тұлғаларға айналды.
Қостанайда сапарда болған қазақ әдебиетінің мақтаныштары – Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Темірғали Нұртазин, Ғали Орманов, Мариям Хәкімжанова, өнер майталмандары Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыровтар қуанышпен қарсы алып, ұжымда кездесулер ұйымдастыратын.
Даңқты жерлесіміз әрі әріптесіміз өз туып-өскен ауылында ұстаздық қызмет атқарған, «Қалың мал» романын жазған Спандияр Көбеев, халық ақыны Омар Шипинмен туған бауырларындай болып кеткен-ді. Оның білікті әрі дарынды журналист болып қалыптасуына Беген Байсақалов, Қасым Тоғызақов, Хасен Өзденбаевтардың ағалық қамқорлықтары ерекше болғандығын өзі дүниеден өткенше өзгелерге ұмытпай айтып жүрді.
1955 жылы Алматы қаласындағы жоғары партия мектебіне жіберілді. Тынбай ізденіс үстінде жүретін әрі жеке шығармашылығын үйлестіре білетін азамат оқу орнын аяқтаған соң, сол үлкен шаһарда біржола қалды. Жазушылар Одағына қабылданды.
Бұл әсем қала нағыз өнер мен мәдениеттің ордасы екені көпшілікке аян. Өйткені, Алматыда өзі секілді еліміздің әр өңірінен келген ақын-жазушылармен тонның ішкі бауындай араласып, жаңа ортаға тез бейімделді. Оны Қазақстан Жазушылар Одағындағы түрлі кездесулердегі көрнекті қаламгерлердің ұлағатты сөздерін тыңдау, баспалардан шығып жатқан қатарластарының кітаптарымен танысудың өзі алға құлшындырып, шабытын қамшылады.
Жазушылар Одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газетінде, содан кейін «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында бөлім меңгерушісі болып, таралымы көп басылымдардың абырой-беделін көтеруге барын салды.
Сол кеңестік кезеңдегі аты дүркіреп, жемқорлар мен жатып ішерлердің мысын басатын «Ара» журналында фельетоншы да болды. Онда қаламы қарымды қаламгердің жазғандары көздеген нысанасына дәл тиіп, талай тоғышарлар мен түйені түгімен, биені бүгімен жұтатындардың ұйқысын қашырды.
Кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы ақпараттық агенттікте аудармашы болды. Аударма ісі терең білім мен кәсіби шеберлікті айтпағанның өзінде, айырықша сауаттылықты қажет ететін жауапкершілігі үлкен сала емес пе. Бұл қызметте те ол әріптестерінің арасындаөзіндік қолтаңбасымен дараланды.
ҚАЛАМГЕРДІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЛАБОРАТОРИЯСЫ
Алматы шын мәнінде Ғаббас аға үшін құтты орта болды. Алып шаһарда 1955 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ғұмыр кешті. Еліміздегі көрнекті ақын, айтулы публицист және шебер аудармашыға айналды. Ол ешқашан үлкен лауазымға немесе байлыққа қызыққан жоқ. Үйіне кіріп келген адамның көзі қабырғалардағы сөрелерге қойылған кітаптарға түсетін. Жұртшылық қаладағы кейбір кітапханаларда кездеспейтін сирек рухани қазыналарды осы шаңырақтан кездестіретін.
Сол кезеңдерде әріптестерінің көбі күндіз газет-журналдарда, баспаларда қызмет атқаратын. Сондықтан да Ғаббас Байжанұлы да көбіне үйдегілердің бәрі ұйқыға жатқан кезде жазу үстеліне отыратын. Өзінің жастық шақтан бері үйреншікті серігіне айналған мәшінкесін тықылдатып, түннің бір уағына дейін жазу жұмысын өндіртіп тастайтын. Таңертең түк білмегендей жуынып, шайынып, күнделікті қызмет орнына аяңдайтын.
Осылайша, Алматыда жылдың төрт мезгілінде үздіксіз шығармашылықпен айналысып, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді. Дүниеге келген көркем туындыларының әрқайсысы барлық қаламгер үшін өзегін жарып шыққан туған перзенті секілді болатыны анық. Ғаббас ағамыздың да баспалардан «Нөсер», «Мерей», «Арманым», «Жомарт күз», «Алтын толқын», «Қоңыржай», «Жыр ғұмыры», «Исповедь» (орыс тілінде) секілді өлең, баллада, поэмалардан тұратын жинақтары жарық көріп, оқырман тарапынан жоғары бағасын алды.
Ғаббас Жұмабаевтың ауыз толтырып айтатын ерекше қыры, ол – аудармашылығы. Бұл кез келген қаламгерге қона бермейтін қасиет. Мұндай қарым-қабілетті игеру үшін де жазушының бойында білім мен біліктілік, жан-жақтылық, биік өре мен парасат қажет. Ғабекеңнің тұла бойынан осы ізгі қасиеттердің бәрі де табылды. Ол классикалық туындыларды тәржімалады. Атап айтсақ, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Крейцер сонатасы» повесі мен он шақты әңгімесін, Коста Хетагуровтың өлеңдер жинағын, Г.Х.Андерсеннің ертегілер кітабын, Самед Вургунның «Бакудастан» поэмасын, Бальзактың «Шегірен былғарысын», Н.Тихоновтың, С.Прокофьевтің және басқа да талантты жазушылардың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Сонымен қатар, Африка, Азия елдерінің көптеген еңбектерін аударды.
Ғаббас Жұмабаевты дара талант етіп тұратын тағы бір қасиеті – екі тілді еркін меңгеруі және екі тілге теңдей жүйріктігі. Сондықтан болар, ол ұлы қаламгерлердің туындыларын орыс тіліне шебер әрі еркін тәржімалады. Мәселен, бұл орайда көрнекті суреткер Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын орыс тіліне аударуы, жазушының қандай деңгейдегі аудармашы болғандығын нақтылай түседі. Өйткені, Мүсірепов оқырмандарының жүрегінен берік орын тапқан көркем шығармасын кез келген адамға сеніп тапсыра бермейтіндігі аян.
Бұдан басқа көптеген прозалық туындылардың авторлары Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Хамза Есенжанов, Садықбек Адамбеков және өзге де жазушылармен шығармашылық тығыз байланыста болып, олардың шынайы алғысына бөленді.
Ғаббас Байжанұлы өзінің осынау журналистік жолында, яғни жазу-сызуға бейімділік танытқан кезеңде өзіне ақ батасын беріп, тәлімгерлік еткен көрнекті ақын, Торғай өңірінің тумасы Сырбай Мәуленовті ғұмыр бойы ұстаз тұтып өтті. Себебі, Сырекең сөзге қандай шешен болса, поэзияның шыңына көтерілген төкпе ақын еді. Жай мақаласының өзі де көркем дүниедей оқылатын. Ал, кейіпкеріміз шығармашылық жолында талай дарынды жастарға ардақты аға атанып, олардың қабілетін ұштауға жанашыр болды. Солардың бірі – «Большевиктік жол» газетінде бірге қызмет атқарған шәкірті Сырлыбай Бүркітбаев еді. Кейін мен де бұл кісінің де шарапатын көрдім.
ҒАБЕҢНІҢ БЕЙМӘЛІМ ҚЫРЛАРЫ
Ғабекеңнің болмыс-бітімінде жұрт біле бермейтін өзге де қыр-сырлары аз емес. Оның ең бастысы – досқа адалдығы, қонақжайлығы, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білетін ерекше болмысы.
Қонақжайлығына келетін болсақ, өзінің тұрып жатқан пәтері үлкен болмаса да, алыстан ат басын бұрған аға-інілерін қонақ үйлерге жібермей, өз үйіне қондыратын. Зайыбы оларға қабақ шыту дегенді білген емес.
Ол кезінде ұлтымыздың аузында жүрген айтулы тұлғалар – халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлымен сыйласты. Сондай-ақ, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің майталмандары Олжас Сүлейменов, Ғафу Қайырбеков, Хамит Ерғалиев, Елубай Өмірзақовтармен адами және достық игі қарым-қатынаста болды. Өнердегі қол жеткен табыстарымен бөлісті. Өнердің болашағы жайлы жарқын ойларын ортаға салды.
Жазушының сөз өнерінен басқа да замандастарының жадында қалған беймағлұм қырларына келсек, ол жас кезінде кілем тоқумен айналысты, үй ішіне қажетті жиһазды да өзі жасай беретін. Жан-сарайы сұлулыққа құштар болумен қатар, қызметтен қолы бос кездері қазақтың қара домбырасын күмбірлете шертіп, асқақтата ән салатын дағдысы да бар еді. Бұл шақтарда оны қоршаған кісілер сілтідей тынып, ұйып тыңдап қалатын.
Ғаббас аға өз елі мен жұртын ерекше сүйді. Кіндік қаны тамған Ақсуатын аузынан тастамай айтып жүретін. Оның сол жердегі Алакөлге байланысты шығарған өлеңі де назар аударарлық.
«Айдарлы қамыс Алакөл,
Айналасы тұзды көл,
Барғың келсе, бара бер
Арасында біздің ел», – деген өлең жолдарынан Ақсуат ауылы көз алдыңа көлденеңдеп тұра қалатыны даусыз.
Ол досқа және жақындарына кіршіксіз көңілмен қарайтын. Тіптен үлкен қаладан жырақта жатқан туған-туысқандарына да кең құшағы әрдайым ашық еді. Олар Алматыға артынып-тартынып, сағынысып келгенде, қуана қарсы алатын. Бұл орайда бауырлары Қалампыр, Бәкиза және жиені Майраның тебірене айтқан әңгімелерінен көп жайды көңілге түйдім.
Құдай қосқан қосағы Ләтипа апамыз да Қостанай өңірінің қызы-тын. Екеуі тату-тәтті тіршілік кешіп, төрт перзент сүйді. Тұңғыштары Төленді, содан кейін Алмагүл, Жұлдыз, Айгүлдер шаңырағының бақыты мен берекесіне айналды. Жұлдыз есімді ұлының атын ағамыз «Жұлдыз» журналында қызмет атқарып жүргенде туылғандықтан атаған екен.
Мынау бес күндік жалғанда кім мәңгілік дейсіз… Жары Ләтипа да қазір арамызда жоқ. Ғабекең 1980 жылы нағыз кемеліне келген 56 жасында көз жұмды. Оның көрмеген қызығын жары көріп, дүниеден бертінде озды.
Жазушы да, аяулы жары да Алматыдағы Кеңсай зиратында тыныстап жатыр… Ізін жалғаған ұрпақтары ғұмырларын жалғастырып келеді. Соған тәуба дейміз. Әулеттің кенжесі Айгүл қарындасымыз көп қырлы әкесі жайлы тебіреніспен еске алады. Оның сөздері тыңдаған жанның жүрегін еріксіз толқытады.
Көрнекті қаламгер отбасында ардақты әке, сүйікті жар, ғибраты мол ата бола білді. Кезінде қиналған жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық танытты. Ізгі қасиеттері перзенттеріне де жұқты. Өмірі қысқа болса да, артында өшпес рухани мұра мен қазына қалдырды. Ғаббас Байжанұлының тірісінде сүйікті халқына сіңірген еңбегі мен жазушылық жарқын дарынын жерлестері ұмытқан емес.
Сөз зергерінің 70 жылдық мерейтойына байланысты туған әпкесі, қазақтың қайраткер қызы Нәпиза Жұмабаеваның ұйытқы болуымен Меңдіқарадағы қазақ гимназиясына қаламгер есімі беріліп, білім ордасының алдына ескерткіш тақта қойылды. Енді жүз жылдық мерейтойына орай сонау бір жылдары өзі еңбек жолын бастаған облыстық баспасөздің қара шаңырағы «Қостанай таңы» газеті ғимаратының қабырғасына мемориалдық тақта орнатылмақ.
«Ғаббас ағамыздың 100 жылдық мерейтойы Жұмабаевтар әулетінің ғана емес, күллі қостанайлықтар мен қазақ халқының мерейі. Қарымды қаламгерге көрсетілген ілтипат, сөз өнеріне деген құрмет. Ұлты мен ұрпағы бар кезде оның есімі мәңгілік өшпейді», – дейді Балтабай Қабжанұлы.
Ел үшін атқарылған адал еңбек, төгілген маңдай тер ескерусіз қалмайды. Қостанай өңірінде қолға алынғалы жатқан игі шаралар осы сөзіміздің нақты айғағы.
Оразалы ЖАҚСАНОВ