Саясат Нұрбек KazNARU базасында «ТИАШМИИ» ҒЗУ филиалын құру туралы бұйрыққа қол қойды

0
783

2024 жылдың 14 мамырында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ғылыми зерттеу университетінің филиалын құру туралы бұйрыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік секторды дамытудың басым бағыттарын айқындай отырып, нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін күшті базалық жоғары оқу орнын анықтау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын.

2023 жылдың 2 наурызында Шымкент қаласында екі елдің Премьер-министрлерінің орынбасарлары, ҚР Ғылым және жоғары білім, ӨР Жоғары және орта арнаулы білім министрлерінің орынбасарлары, KazNARU мен «ТИАШМИИ» ҒЗУ ректорлары кездесіп, KazNARU базасында филиал ашу мәселесін жан-жақты талқылады. Нәтижесінде 2023 жылдың 23-25 сәуір аралығында Ташкент қаласында KazNARU базасында филиал ашу жөніндегі Жол картасы қабылданып, ӨР Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрліктері бекітті. Сондай-ақ, екі ЖОО арасындағы 2028 жылға дейін ғылым-білім беру қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен Шартқа қол қойылды.

Енді міне, үздіксіз атқарылған екі жылғы жұмыстардың нәтижесінде Астанадан көптен күткен жаңалық келіп жетті. ҚР ҒжЖБ министрі Саясат Нұрбектің бұйрығы негізінде ашылатын жаңа Филиал Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жалпыға міндетті стандартына сәйкес, «В082 Су ресурстары және суды пайдалану», «М137 Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламалары топтары бойынша KazNARU-мен бірлесіп әзірленген қос дипломдық бакалавриат және магистратура бағдарламаларын іске асыру аясында жоғары білікті су шаруашылығы мамандарын даярлау қызметін жүзеге асырады.

Филиалда білім беру, оқуға қабылдау және білім сапасын басқару тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Флилиалдың ішкі құжаттарымен реттеледі. Филиал шетелдік профессор-оқытушылар құрамын тарта отырып, студенттерді оқыту процесін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді және тиісті пәндерді іріктеу барысында «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихы» пәндерін оқыту міндеттеледі.

«Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ғылыми зертету университетінің тарихы 1923 жылыдан Түркістан мемлекеттік университетінің гидротехникалық бөлімінің базасындағы «инженерлік-мелиоративтік» факультетінен басталады. 1929 жылы осы факультет негізінде Орталық Азия мақта-ирригациялық политехникалық институты құрылды.

1934 жылы бұл оқу орны Орталық Азияның суару және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен біріктіріліп, «Ташкент суару және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» болып өзгертілді. Бастапқыда оның құрылымында тек екі факультет болды: «гидромелиорация» және «мелиорация», содан кейін жаңа салалар – жерге орналастыру, гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру, технология және ауыл шаруашылық машиналарын жөндеуді ұйымдастыру, жалпы инженерлік факультеттер ашыла бастады. Институтта осылайша үлкен инновациялық өзгерістер бастау алды.

Өзбекстан Президентінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен ТИАШМИИ «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университеті болып өзгертілді. Бүгінде университет гидроэнергетика, ирригация, мелиорация, ауыл шаруашылығындағы инновациялық техникалар мен технологиялар, су үнемдейтін суару технологиялары, жаңартылған энергия көздері, геодезия және геоинформатика, экология мен қоршаған ортаны қорғау бағыттары бойынша жоғары білікті кадрларды даярлау жөніндегі базалық жоғары оқу орны болып айқындалды. 12 мыңнан астам студенттер білім берудің 40 бағыты бойынша 7 факультетте және магистратураның 32 мамандығында оқып жүр.

Еске сала кетейік, жақында KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор ҚР Ақылбек Күрішбаев пен «ТИАШМИИ» ҒЗУ Ректоры Баходир Мирзаев Алматыда кездесіп, Су Хабының негізгі оқу аудиториялары мен ғылыми зертханаларының жұмысымен танысты.

Сонымен бірге, тараптар Филиалдың ашылуына қатысты инфрақұрылымды дамыту; қаржыландыру көздерін қарастыру; оқу процесін жетілдіру үшін заманауи оқу және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету; су ресурстарын басқару, суды пайдалану, мелиорация және жерді рекультивациялау саласында бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу сияқты бірқатар мәселелерді жан-жақты талқылады.

Ғалымдар жаңа Филиалдың ашылуы су шаруашылығына қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды күшейту арқылы Өзбекстан мен Қазақстанның су ресурстарын ұтымды пайдалану, АӨК саласында инновациялық технологияларды әзірлеу, цифрлық экономикаға көшу жағдайында ауыл шаруашылығын жаңа «цифрлық» деңгейге көтеруді жеделдету, Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін нығайту салаларына тың серпін береді деп баға беріп отыр.

Қазіргі уақытта өзара жасалған келісімшарт бойынша университетіміздің «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің 15 бірінші курс студенті Ташкентте «Ирригация және гидротехникалық құрылыстар» факультетінде білімдерін жалғастырып жүр.

KazNARU Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here