Алаштың адал азаматы

0
5159

Ұлы Абай: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына  із қалдырған» деген болатын. Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөзі тағы бар. Расымен де, жақсы адам жанып тұрған жұлдыз секілді. Қай кезде болмасын, белгілі бір қоғамның даму жолын алға жылжытуда айырықша рөл ойнайтын жекелеген тұлғалардың феномені зерттеуші қауымға белгілі. Өз ұлтының тәуелсіздігі, жарқын болашағы үшін тер төккен осындай ірі тұлғалар бүкіл адамзат өркениетіне маңызды үлес қосып келеді.

Өткен ғасырдың басында халқы үшін өлшеусіз қызмет еткен алаш қайраткерлерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрметпен аталады. Ол кісіні ұлтымыздың арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды.

Қайраткерлік жолы сталиндік репрессияға дейін жалғасты…

 Кешегі патшалық Ресейде, Кеңестің уысында болған жетпіс жылдық бұлқыныс дәуірінде тарих сахнасына шыққан Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Қожанов сынды қайраткер тұлғалар бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жолдарын, амалдарын анықтап берген болатын.

  «Туған халқын жанындай жақсы көріп, табиғат молынан берген қабілет-дарынын, ақыл-білімін, күш-жігерін соған адал қызмет етудің ізгі мұраттарына арнаған қазақтың сайыпқыран перзенттерінің бірі, бірі емес бірегейі Нәзір Төреқұлов болып табылады», – деп сипаттады Халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов дипломат, саясаткер Т.Мансұровтың «Елші Н.Төреқұловтың Арабия дастаны» атты кітабына берген алғы сөзінде.

Нәзір Төреқұлов Ресей отаршылдығының Түркістан халықтарына қаншалықты қасірет алып келетінін жан-жүрегімен сезінген. Бұл туралы ойларын ол Ташкентте, Мәскеуде шығып тұрған басылымдарда жариялаған  мақалалары мен баяндамаларында бүкпесіз айтқан. Патшалық Ресей мен    большевиктер  билеген  Ресей  Түркістанды шикізат өндіретін ел ретінде  санап,   оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың өсіп-өркендеуін   тежеп, кедергі келтіріп отырғанын тұңғыш рет ашып, аяусыз әшкерелеген.

Н.Төреқұловтың саясаткер ретінде қалыптасуы жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарына – аса күрделі, қым-қуат, ғаламшардың алтыдан бір бөлігінде ауқымды әлеуметтік тәжірибе – жаңа қоғам орнату тәжірибесі жүргізіліп жатқан уақытқа тұспа-тұс келді. Осынау қиын, Орталық Азияның халқы үшін болашақ тағдырды айқындайтын кезеңде қайраткер Түркістандағы ең жоғарғы мемлекеттік һәм партиялық қызметтерде болды. Оның өз мұратынан ешқашан айнымайтын ұйымдастырушылық және насихатшылық қабілеті алғаш рет тап осында байқалады. Ол заманының зәйіліне бейімделуді әсте ойына алмаған, өзінің мұратына сай ғұмыр кешіп, еңбек еткен, жарқын болашаққа, әділеттің салтанат құруына шын сенген.

Оның Түркістан халықтарының басын біріктірудегі тарихи еңбегі орасан зор. Акмал Икрамов, Абдулла Рахымбаев, Қайғысыз Атабаев және Түркістан өлкесінің басқа көсемдерімен етене жақын араласқан Нәзір осы өлкедегі бірігу процестеріне нақты ықпал ете алатын, солай етті де.

Қуатты интелект, ерен білімдарлық Н.Төреқұловты туған өлке халықтарын жаңаша жаппай ағартудың басы-қасына алып келді. Шынына барсақ, Ташкентте, кейіннен алғашқы қазақ жоғары оқу орындарының бірі педагогикалық институтқа айналған Қазақ ағарту институтын ұйымдастыруға тікелей қатысып, Қазақстандағы осы заманғы жоғары мектептің негізін қалаған нақ сол.   

Яғни, Нәзір Төреқұлов жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих толқынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері. Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартады. Өйткені, ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секілді «сен тұр, мен атайын» дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасы бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек, көп мәселеге көз жеткіземіз. Міне, осы бір күндерден басталған қайраткерлік жолы жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияға дейін жалғасты.

Төреқұлов – латын әліпбиін қолдаған

Нәзір Төреқұлов үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапыран уақытта Торғайға барып, «Қазақ мұңы» газетін шығарды. 1916-17 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны өздеріңізге мәлім. Демек, Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ойдың қозғаушысына айналған тұлға – Нәзір Төреқұлов. Және де Ташкентте «Темірқазық» журналын ұйымдастырып шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап, көптеген мақалалар жазып жариялады.

Нәзір Төреқұлов: «Біздің алдымызда қазір жаңа тарихымыз майданға қойған әрі шешілуі қажет мәселелердің бірі – тіл һәм әдебиет мәселелері екені шүбәсіз… Ұлт әдебиетімізді майданға шығармақ үшін, ең әуелі, өз тұрмысымызды білмегіміз, үйренбегіміз, ел аузындағы әдебиетімізді жиып, тәртіпке, белгілі сарынға салмағымыз, өз жұртымызды әр жақтан білмегіміз керек. Бізге ұят: халқымыздың бай әдебиетін, оның ертегілерін, мақалдарын, күйлерін, жырларын білуге, жинауға құштарлығымыз жоқ. Егер халық аузынан жазып бір жерге жинасақ, оларды тәртіпке салсақ, әдебиетіміз, ғылымымыз үшін бір пайда шығара алатын кісілер табылып қалар еді…» – деген болатын.

Нәзір Төреқұлов қазақ әдебиетінен Сәкен Сейфуллин, өзбек әдебиетінен Чулпон, Абдолла Қадыри сынды айтулы тұлғаларымен аяусыз сынасқан, тәжіктің Садриддин Айни сынды қаламгері кітабына алғысөз жазған, атақты түрколог Бартольдтың Түркістан туралы еңбектерін ғылыми саралаған сарабдан сыншы да еді. Нәзір білімдар әдебиет сыншысы болатын. Сыншы кісі кейде ұнай да бермейді емес пе. Эстетика талабын айтқан Нәзір Сәкенмен, кейде Мағжанмен қиғаш келіп қалып жүрді. Кіммен қандай қатынаста жүрсе де, Нәзір жеке бас қамын ойламаған жан, халық қамын жеді, әдебиет-ағарту мәселесінде ақиқатты сөйледі.

Ал қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзербайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін игерген – полиглот азамат, игерген білімін іске жаратқан үлкен оқымысты ғалым.  

1926 жылдың наурызында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде түркі тілдес халықтар бірі екіншісімен тілдескенде, өзара тез түсінісіп, бауырлас халықтар екендігін сезіне білулері үшін ортақ жазба қарпі қажеттігі алғаш рет көтерілген болатын.

Бұл съездің жұмысына 131 түркітанушы ғалым, мұғалім, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, т.с.с. қатысқан болатын. Олардың арасында бес қазақ – Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Елдес Омаров және Бай-Сейдули Азиз болды.

Осы съезде түркі тілдес халықтардың жазбасын араб әліппесі негізінде жасақтауды жақтап сөйлеген кейбір ұлт өкілдерінің пікірлерін сынап, түркітілдес халықтардың барлығының бір қаріпті – латын қарпін қабылдауын негіздеп сойлегендердің бірі Нәзір Төреқұлов болды. Яғни, оның сөйлеген  сөзі: «…Ең алдымен түркітанушылар съезінің бүкіл түркі дүниесі үшін ерекше прогресcті революциялық факт болғанын қадай айтқым келеді, мұны мына мағынада түсіну керек: бұл съезде ескі араб жазуын қолдайтын бір де бір үн шықпады, демек, ескі араб сауатының күні өткені, арамызда біржола кеткені деп түсіну керек. …Бәсекеге түскені тек екі әліпби, бұл – реформаланған жаңа араб әліпбиі және латын әліпбиі… Ұлттық рухқа, барлық талапқа сай, «тарихи тамырлы» әліпби  –  Құран жазуы емес, латыншаға негізделген, жаңа жазуды ең заманауи, мәдени және техникалық негізде жасауға мүмкіндік беретін жаңа  әліпбиі». 

Яғни ол, латын әліпбиін қолдады. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыстыра морфологиялық зерттеу жүргізді. «Түрік халықтары кіндік баспасы» бас редакторы кезінде 12 тілде кітаптар ұйымдастырып, басып шығарып отырды.

 Нәзір Төреқұлов тіл, өнер-білім жөніндегі өз толғауын келесі тұрғыда айтып өтті:

  1. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді езілген ұлттың тілі Үкімет кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана белі, буыны қатаяды. Қазақ тілінің кеңсеге емін-еркін кіріп-шығуы, одан арадағы «тілмаштарды» қуып шығарар еді.
  2. Елдің елдігі, теңдігі өнер-білімге байлаулы. Сондықтан ел бастайтын сауатты оқығандарды көптеп шығару, дайындау керек.
  3. Орталық үкіметтің жарлықтарын әрбір ұлттық топтардың тұрмыс ерекшеліктеріне лайықтауға әсер етеміз. Бұл ұлттық бөлімдерді (қазақ, өзбек, түркімен) ашу кезінде біз осындай мақсатты алға тартқан едік.
  4. Алдымен айтып алайық, патша үкіметі Ресейде орыстан басқа ұлт бар деп білмейтін, білгісі де келмейтін еді. Патшаның мақсаты мынау: бұратаналардың біржолата тұқымын құрту, болмаса орыс қылып жіберу.
  5. Бізге алдымен жаңа мектеп керек, деген пікірді тарату жолында алысуға, әдебиеттің жоқтығы секілді бөгеттермен арпалысуға тура келіп отыр.
  6. Көп шетел сөздері, терминдер қазақ тіліне қазақ тұмағын кимей кіріп барады. Басқаның сөзін бұзбай айтамын деп тіліңді бұрап жүргенде, өз тіліңнен айырылып қаларсың.

 Төреқұлов – алғашқы қазақ баспагерлерінің бірі

 Нәзір Төреқұлов Қазақстандағы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мәскеуде 1922-28 жылдары «Күншығыс халықтары Орталық баспасында» бас редактор болып істеді. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал-мәтелдері, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Қазақ Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев,  өзбек Абдолла Аблани, башқұрт Вилданов секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты. Міне, осындай білімді зиялыларды кітап шығару ісіне қатыстыру арқылы ол  Шығыс баспасының жұмысын жандандырып жіберді, ұлт тілдерінде жазатын қаншама жазушы, ғалымдардың елге танылуына жәрдемдесті. Нәзірдің бұл әрекеті ұлт саясатын тар мағынада формальды түрде  жүргізіп отырған кеңес үкіметінің басшыларына ұнаған жоқ.

Нәзір Төреқұлов Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ретінде Қырғыз Республикасының этнографикалық құрылымына және тұрмыстық ерекшеліктеріне сәйкес болып келетін Красноводск уезінің Маңғышылақ уезі мен №4 және №5 Адай болыстықтарын Қырғыз (Қазақ) Советтік Социалистік Автономиялы Республикасына беру жөнінде 1920 жылы 16 қазанда №341 Декретіне қол қойған болатын. Міне, осы Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша Маңғыстау түбегінің елімізге берілуі Нәзір Төреқұловтың жемісті еңбегінің нәтижесі екенін көреміз.

1920 жылы Түркістан КП Уақытша Орталық Комитетінің мүшесі және оның Атқару бюросының жауапты секретары қызметін атқарды. 1922 жылы Түркістан Республикасының Оқу-ағарту комиссары болып сайланды.

1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге Мәскеудің жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ беріп, ғылыми еңбектерін жазды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан Автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген тарихи шығармалары бар. Өзбек мектебі үшін де алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы «Темірқазық» журналын шығара бастады. Журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл аудара бастады. «Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады» (С.Мұқанов. «Қызыл Қазақстан». №16, 1923 ж.).

Көпұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында Нәзір Төреқұлов партиялық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстаған. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан компартиясы Орталық  Комитетінің бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық    комиссариатын  басқарды. Түркістан майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ, Партия тарихы институтын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы «Түркістанның қызыл жылнамасы» журналын аяғынан қаз бастырып тұрғызып жіберді. Сауаттылығы төмен елде қоғам құрып, мемлекеттік құрылысты енгізудің қиыншылығын түсінген Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедовтар оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашты, бұл істің басында Нәзір Төреқұлов болды. Ірі лауазымды қызметтер атқара жүріп, саяси ғана емес мәдени шаралар бойынша да оң шешімдер қабылдаған.

Нәзір Төреқұловтың Түркістандағы қызметі аса бір күрделі қиын кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікірінше, жұмыс барысында кедергі аздай жергілікті саяси топтарга «орталықтан жіберілген басшылар… дем беріп, желіктіріп, түптің түбінде өз үстемдігін нығайтты… орталықтың саясатына қатысты мәселелерден шебер бұрып әкетіп отырды…». Мұндай аласапыранда өз танымы мен берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе қоймады. Әйтсе де, ол принциптеріне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады, ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кетпеді. Әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті.

Жұма күнін демалыс жасап, Ораза, Құрбан айттарын мереке күндері еткен

Қызыл империя саясатының бел ортасында жүріп мұсылмандықты сақтауды насихаттады, қорғады, қолдады. «Ислам және коммунизм» атты мақаласында ислам діні мешеу қараңғылықта қалдырады деген қағиданы өмірден тәжірибелер келтіре отырып теріске шығарады. Мұсылман халықтарының жағдайларын жақсарту мақсатында 1929 жылы бүкіл Түркістан Республикасының көлемінде демалыс күнін жұмаға ауыстыру, ораза, құрбан айт сынды мұсылман халықтарының мерекелерін демалыс деп жариялауы өзінің кеудесін оққа тосқанмен бірдей еді.

Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударды.

1925 жылы өткен І Бүкілодақтық мұғалімдер съезінде жасаған  Н.Төреқұловтың «Ұлт мәселесі және мектеп» атты баяндамасының басты қағидалары келесі тұрғыда болды:

  1. Ұлттық мәдени-ағарту мекемелерінің қолдағы бар жүйесі орнықтырылып, ол мемлекет бюджетінің есебінен біртіндеп кеңейтілсін.
  2. Аса мұқтаж болып отырған аудандарда ұлттық мектептерге арналған ғимараттар салу туралы мәселе кезекке қойылсын.
  3. Тұрмыстық салт-дәстүр салдарынан ортақ мектептерде әйелдер бірге оқи алмайтын ұлттық республикалар мен облыстарда (Орта Азия республикалары, Әзербайжан) әйелдерге білім беруді дамытуға айырықша көңіл бөлінсін.
  4. Кеңес өкіметінің жергілікті органдары арқылы, ұлт мұғалімдерінің белсене атсалысуымен ұлттық мектепке көмектесетін әртүрлі қоғамдар ұйымдастыру жолымен бұқара халықтың оқу-білімге қазірдің өзінде байқала бастаған ынтасы барынша пайдаланылсын.
  5. Ұлттық республикаларды, облыстарды және аз ұлттарды шаруашылық жағынан өрлетуде айырықша маңызы бар арнайы кәсіптік-техникалық және ауыл шаруашылық мектептерін дамытуға ерекше көңіл аударылсын.
  6. КСРО-ның барлық ұлт мұғалімдері орыстармен қатар деревняның қоғамдық өміріне белсене араласуға шақырылсын (ликбездер, сауатсыздықты жою қоғамдары, кооперативтер, т.б.).
  7. Ұлттық педагогикалық техникумдар мен мұғалімдер институттарының жаңа мұғалім кадрларын дайындаудағы жалпы жұмысымен қатар, қолдағы бар мұғалім кадрларын жыл сайын және жүйелі түрде қоғамдық-саяси тәрбие ғана емес, педагогикалық тәрбие беру тұрғысынан қайта даярлау курстары ұйымдастырылсын.
  8. Таңдаулы ұлттық және аз ұлттар мектептері мен мұғалімдерін жүйелі өсіріп отырудың барлық шаралары қолданылсын; жергілікті баспасөзде ұлттарды ағарту ісіне қазіргі кеңестік жұртшылықтың өзекті мәселесі сипаты берілсін.
  9. Орталық пен жергілікті жерлерде баспа жұмысын күшейтуге барынша көңіл бөлініп, мемлекеттік баспалармен қатар әрқилы ұлттық кооперативтік баспалар мен ұйымдардың бастамасы мен қызметін пайдаланып, ынталандыру арқылы ұлттық мектепті оқулықпен, кітаптармен, көмекші құралдармен, мұғалімдер басшылыққа латын арнайы басылымдармен неғұрлым толық қамтамасыз етудің барлық шаралары қолданылсын.

Осы кездері Нәзір Төреқұлов Ташкентте әуелі Қазақ ағарту институты аталған, кейіннен Жоғары педагогикалық институтқа айналған оқу орнын құрудың басы-қасында жүрді. Бұл қазақ халқының тарихындағы тұңғыш жоғары оқу орны болғанын жоғарыда айтып өттік.

Түркістаннан тысқары кеткен соң Нәзір Мәскеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласты. КСРО Ғылым академиясының Түркология секторын басқарып, ғылымға біржолата ден қояды.

Н.Төреқұлов 1922-1926 жылдары Мәскеуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласқан. Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сияқты ақыл-ой алыптары, алашордашылдарды қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл атанды. Осылайша, өкінішке орай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып, атылған.

Бойында табиғи мәмілегерлік қасиеттер мол болған…

Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлов толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Сол бір аласапыран заманда Кеңес Үкіметінің басшылық қызметтерін атқарды. Соның ішінде Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ретінде халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетін арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түрік тілдес халықтардың мақтанышына айналды. Өмір жолының қай кезеңінде болсын, халықтармен етене араласып, оларды мәдениетке, әдебиетке баулыды. Өзі шығарып отырған газет, журналдар беттеріндегі жарияланған мақалалары езілген халықтарды жігерлендіріп, бойларына күш-қуат берумен болды.

Түркістан Орталық Комитетінің төрағасы болып жүріп, жерді пайдалану жөніндегі шығарған қаулы-қарарлары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Әсіресе, жеке қожалықтар құру жөніндегі ойлары бүгінгі нарық заманында іске асуда.

1927 жылы Нәзір Төреқұлов БКП (б) ОК-нің және КСРО Сыртқы Істер халық комиссариатының резервіне алынады. Яғни, Сыртқы Істер наркомы тәжірибесі мол, білімді адам ретінде осы іске лайықты деп тапты. Сол жылдары оның кандидатурасын жақтаған КСРО Сыртқы Істер халық комиссариаты Сталиннің атына ресми хат жолдайды. Сталин Төреқұловты осы орынға лайықты деп тауып, келісімін береді. 1927 жылдың 24 қарашасындағы Саяси бюроның мәжілісінде (№137 хаттама) жолдас Н.Төреқұловты Хиджаз, Неджд және біріктірілген аймақтарға елші етіп жіберу жөнінде шешім қабылданады.

1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаздағы (Сауд Арабия)  КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы  дипломатиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу әншейінгі кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі, оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені бәрі-бәрі ескерілген. Осылай Төреқұлов алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қызметін атқарып, қайраткерлік көрсетті.

Мемлекет қайраткері, еліміздің ардақты азаматы Мырзатай Жолдасбеков: «Республикамызда шығыстану ғылымы, білім, дипломатиялық қызмет бұл күндері қарқын алып келеді. Алайда олар жоқтан бар бола салмаған, озық ойлы қазақ зиялыларының аталмыш салаларда белгілі бір кәсіби һәм өрелі өріс қалыптастырғанын мойындауымыз керек. Мұны ауызға алғанда, біз оқу-ағарту ісінің ұйымдастырушысы, ірі дипломат, шығыстанушы ғұлама, мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұловтың лайықты еңбегін есте тұтамыз», – деп шынайы сезімін білдірген болатын.

Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қоғамдық, мемлекеттік істерге араласа бастаған қазақ интеллигенттері ұлттар арасындағы теңсіздікті жоюға, оқу, білім, мәдениет, ғылым, техника саласында артта қалған жергілікті халықтарды алға сүйреуге ұмтылды. Өзінің білім дәрежесі, күрескерлік тәжірибесі, мұсылман елдері өркениетін жақсы білетіндігі жағынан Н.Төреқұлов өзге замандастарынан оқ бойы озық тұрды. Яғни, оның есімі тұңғыш қазақ елшілерінің бірі ретінде Қазақстан дипломатиясында мәңгілікке жазылған. Халқымыздың «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ  –  жаушыдан» деген қанатты сөзіне сай, Н.Төреқұлов Кеңестер Одағының Таяу Шығыстағы саясатын ілгерілету үшін маңызды ел болған Сауд Арабиясымен дипломатиялық қарым-қатынастарының бастау бұлағында тұрып, өзінің миссиясын жоғары деңгейде атқарғаны тарихтан белгілі.

Өзінің жоғары білімділігі мен біліктілігіне қоса, шығыстың діні мен тілін түсініп, терең құрметтеген Н.Төреқұлов шығыс адамына тән мәмілегерлік талантын толық ашып көрсете алды. Сауд Арабиясы Королінің отбасына ықпал етудегі Ұлыбритания өкілі мен Кеңестер Одағының өкілі арасындағы бәсеке біздің  қандасымыздың үлесіне шешулі оның табиғи мәмілегерлік қасиеттерін, қажырлы еңбегін көрсетеді.

Сауда-саттық, шаруашылық саласында жасаған ұлан-ғайыр қызметімен қатар,  Король отбасымен жақын араласып, игілікті көп істер атқарады, Король Әбдел Әзиз әл-Саудтың мұрагері Ханзада Фейсалдың КСРО-ға он күн бойы сапар шегуін ұйымдастыруы да елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айырықша қайраткерлігі еді. Оның терең білімі мен кәсіби дағдысына, адами болмысына тәнті болған король мен оның отбасы оған ерекше құрмет көрсетті. Ауғанстан, Түркия, Иран, Ирак, Сирия, Иордания елшілерімен де араласып, достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туғызуы, сол кезде елшілікке қазіргідей жағдай туғызылмағанын ескерсек, адам сенбейтін ерлік еді.

 Нәзір Төреқұловтың еңбекқорлығы, батыл ойы, жергілікті шейхтермен қатар «антагонистердің» – Англиядан, басқа да Батыс Еуропа елдерінен келген дипломаттардың тілін тапқан шеберлігі қайран қалдырады. Өкілетті өкіл корольмен, оның ұлдарымен де етене жақындасады. Ең ауыр тапсырманың өзін орындауға дайын тұру, туындайтын мәселелерді шын мәнінде мемлекеттік тұрғыдан шешуге ұмтылу, оның кеңестік «алғашқы толқын» дипломаттары арасындағы жарқын тұлғаның бірі деуге толық негіз береді.

Н.Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы сегіз жылға созылған дипломатиялық қызметі бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар Ресейдің дипломатиясында да жоғары бағаланып отырғаны қуанышты. Сонымен қатар, оның елшілік таланты мен күш-жігері Сауд Арабиясы тарапынан да өте жоғары бағаға ие болғаны аян.

Еуропалық білім алған, шығыс мәдениеті мен мәнерін бойына дарытып өскен, жергілікті салт-дәстүрлерді сыйлап, өзі мұсылмандықты ұстануы елші Н.Төреқұловтың дипломатиялық корпус арасында шоқтығы биік болуына өз ықпалын тигізді. 

Сонымен, Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Бірақ, осыншама еңбек атқаруына қарамастан Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н.Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған алашордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдер өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандьқ дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолдарынан мерт болды. Бірақ, кеш болса да 1958  жылы толығымен ақталды.

Осындай саясат негізінде 1937 жылында ел тарихындагы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың аяулы ұлдарының бірі Нәзір Төреқұлов та жазықсыз құрбан болып кете барды. Міне, қазақ даласының көзі ашық біртуар азаматының тағдыры осындай өкінішті оқиғаларға байланысты аяқталды.

Жалпы Н.Төреқұловтың Қазақстанның дипломатиялық және саяси өмірінде үлкен рөлі бар. Ол ақиқат нәрсе. Оның есімі Таяу Шығыс елдер дипломаттары, араб тарихшылары арасында кеңінен тараған.

Н.Төреқұловтың тұлғасы Абай мен Шоқанның ұлы мұрасының ықпалымен Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және басқалармен рухани дидарласу арқылы қалыптасты. 

Қазақ мемлекетінің негізін қалаған Түркістан Республикасының басшылығында, КСРО елшісі қызметтерін атқарғанда да өз халқының мүддесіне адал қызмет етіп, оның бақытты болашағы үшін күресті, туған халқының тарихында айтулы соқпақ қалдырды. Бүгінгі және келер ұрпақ оның әруағы алдында басын иіп, мәңгі жадында ұстауға тиіс. Жаңа демократиялық мемлекеттің халқы өз елінің өткенін және қазіргі тарихын жетік білгенде ғана, алға қарыштап дамиды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген. Ертеңі үшін, болашақ үшін талмай еңбек етіп, ізінен үлгі алар мол мұра қалдырған Нәзір Төреқұловтың есімі мәңгілік ел есінде болмақ.

Жаппар ЖҰМАН,
«Нәзір Төреқұлов» халықаралық қорының президенті,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР ҰҒА құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here