Абай әлемі Татарстанда

0
1169

Қазан федералды университетінде Абай орталығының ашылуы – екі ел арасындағы ғылыми және рухани байланыстың нәтижесі.

Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. «Адамзаттың барлығын бауырым» деп сүй деген Абай өзінің гуманистік, даналық тағылымы арқылы әлемдік деңгейдегі ойшылдар қатарынан табыла отырып, адам бойындағы кереғарлықтарды жою мақсатында ұлағатты терең ойларын қалдырды.

Күллі адамзатқа ортақ дара ой алыбы Абайдың әрбір даналық сөзін, қоғамдық мәні аса жоғары философиялық түйіндерін, ғылыми-танымдық көзқарасын елімізде ғана емес, әлем жұртшылығына насихаттау біздердің басты міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында да нақты міндеттерді жүктеген еді.

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын жүйелі зерттеу, талдамалық, әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу, абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарды Академияның төңірегіне топтастыру, ғылыми тұрғыдан үйлестіру бағытында ғана емес, қазіргі таңда алыс-жақын шетелдердегі ұлы ақынға қатысты ұйымдармен тікелей жұмыс жасауда. «Абай – мемлекет ісінің мүдделесі», «Абай – ұлттық болмыстың үлгісі», «Абай – әлемдік мәдениет тұлғасы», «Абай мұрасы – түркі әлемінің мәдени капиталы», «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» т.б. бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

«Абай академиясы» ғылыми жобасының жетекшісі, академик Сыдықов Ерлан Бәтташұлының басшылығымен бүгінгі күнге дейін университетаралық келісім-шарт негізінде әлемнің төрт жоғары оқу орында Абай орталықтары ашылған болатын. Баку мемлекеттік университеті, Беларусь ұлттық техникалық университеті, Иорданияның Петра университетінде және Ереван мемлекеттік университетінде Абай мұрасын насихаттау негізінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазан қаласындағы Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесу барысында: «Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын», – деген еді.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, достық пен рухани жақындықты нығайту барысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ екі университет арасындағы келісім аясында осы жылдың 15 мамыры күні Қазан федералды университетінің Филология және мәдениетаралық коммуникация институтында «Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығын» ашты. Екі жүз жиырма жылдық тарихы бар, білім беру саласында орасан зор тәжірибесі мен ғылыми ізденістерге бай Қазан федералды университетінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған орталықтың ашылуы еліміз үшін маңыздың жаңалықтың бірі. Бұл – абайтанудың жаңа белесінің нәтижелі жұмыстарының, игі істердің бастамасы болары да анық.

Салтанатты шараға ҚР Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, ҚФУ Президенті Рияз Минзарипов, шаруашылық қызметі жөніндегі проректор Алмаз Мингулов, ФМКИ директоры Радиф Замалетдинов, ЕҰУ Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, ЕҰУ Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Кокаев, Татарстан халықтар Достығы Үйінің директоры Тимур Кадыров және «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» форумының құрметті қонақтары қатысты.

Шара барысында Абайдың шығармашылық мұрасы жаңаша тұрғыда зерделенген ғылыми-танымдық еңбектер мен ғылыми-танымдық кітаптарды табыстап, ұлы ақын мұрасын насихаттау бағытындағы келелі жоспарларымызды бір талқылап алдық.

Абай орталығының ашылуы халықтар достығы мен университеттердің адамзаттың рухани құндылықтарын сақтау мен көбейтудегі миссиясын жүзеге асырудың көрінісі деп санаймын. Орталық болашақта Хакім мұрасын жан-жақты зерттеу, насихаттау жұмыстарымен қатар, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, қазақ тілін оқыту және насихаттау, мәдени байланыстарды нығайту, халықтың бай және төл мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін таныту, сондай-ақ екі университет арасындағы заманауи жетістіктерімен және даму жоспарларын іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар жасайды деген зор үмітіміз бар.

Абайдың асыл мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын ең құнды қазынасы. Абай туған халқының, сонымен қатар шығыс пен батыстың, озық елдер мәдениетінің сан ғасырлар бойы жинақталған даналық таным-түсінігін, рухани құндылықтарын санасына түйіп, бойына сіңіріп, мәңгілік темірқазық болар ойларын мол мұрасында қалдырып кетті.

Абай орталығының Татар елінде ашылуының маңызы да ерекше. Екі туыс елдің рухани жақындығымен қатар, Абайдың ұлы ақын болып қалыптасуында татар халқының алатын орны ерекше. Абай білім алған, азаматтық көзқарасы қалыптасқан Семей қаласында татар халқының көптеп қоныстанғаны тарихтан белгілі. Ақынның даналығы терең толғамдарының қалыптасуына ықпал еткен тұлғалар туралы айтқанда татар халқының ұлы перзенті Шихабеддин Маржани еске түсері анық. Абай дала дәстүрі мен халық философиясын бала жасынан бойына сіңіріп, медреседе оқып, таным көкжиегін кеңейткенде, өзі де жан-жақты іздену барысында да оқыған кітаптары мен тәлім алған ұстаздарының тигізген әсері айрықша. Маржанидің ағартушылық бағытын ұстанған Ахмет Ризаның медресесінде оқу жас Абайға үлкен мектеп болғаны анық. Семей қаласындағы терең рухани бiлiм беруге баса назар аударылған медреседе Абай Ислам дiнiнiң қағидаларын, сонымен бiрге сопылық iлiмді де меңгеріп, жалпы түркілік, шығыстық әдебиет пен мәдениетке, ғылым-білімге сусындап шыққаны ақиқат. Заманында қазақ даласына келген татар молдалары елімізді ислам дініне баулып, медреселер ашып, мешіттер салып, діни кітаптар таратып, білімге шақырды.

Абай – жаңашыл тұлға. Ол жаңа жазба әдебиеттің негізін қалап, қазақ даласында бұрын болмаған әдеби мектеп қалыптастырды. Бұл ретте арғы тегі Қырым татарларынан тарайтын Исмаил Гаспринский мен Абайдың үндестігін аңғармау мүмкін емес. Жаңашыл бағыттағы «Ахмет Риза» медресесінде Маржани шәкірттерінен тәлім алған Абай «Тәржіман» газетін жаздырып алып, үзбей оқып тұрғаны баршаға аян.

Қазан – архивтік құжаттарға бай, ғылым-білім байлығы жинақталған қаланың бірі. Осы сапар барысында Еуразия ұлттық университеті басшылығы Татарстан мемлекеттік Ғылым академиясымен ортақ өзара ынтымақтастық келісімге отыруының өзі, болашақта бірлесіп атқаратын игі ғылыми істердің бастамасы болары хақ.

Абай Құнанбайұлы мұрасы – мәңгілік. Ақын өлеңдері мен қарасөздеріндегі даналық ойлар, тағылымы мол ғибратты сөздер саналы ұрпақ сабақтастығы жалғасқан дәуірлерде маңызын еш жоймақ емес. Хакімнің шығармашылығына уақыт көші озған сайын, тереңінен мән беретініміз ақиқат. Баға жетпес даналықтың құндылығын түсініп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу де азаматтық, перзенттік парызымыз.

Жандос ӘУБӘКІР,
Еуразия ұлттық университетінің «Абай академиясы»
ғылыми-зерттеу институтының директоры,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент, PһD

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here