Түрік бірлігі

0
1410

Түркі тілдес халықтардың ән және жыр фестивалі әуелі Түркияда Анкара және Адана қалаларынан бастау алған екен. Кейін Түркиямен іргелес жатқан Солтүстік Кипрде Түркия Республикасының 100 жылдығына арналған 8-ші Халықаралық Түркі әлемі поэзия және музыка фестивалі ұйымдастырылған еді. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Түркия, Ирак, Түркіменстан секілді елдерден жүз қаламгер қатысқан. Бұл туралы «Қостанай таңы» газетінде «Ақындардың тілегі бір» деген атпен арнаулы мақала жазғанмын.

Түркі дүниесінің халықаралық поэзия және музыка фестивалі биыл Қырғызстанда өтті. «Көгілдір Ыстықкөл» деп аталатын санаторияда және Қыршын жайлауында өткен қызықты кездесулер мен әсерлі саяхаттар естен кетпестей болды. Ыстықкөл жағасындағы Шолпан ата қаласында Мұхтар Әуезовтің мұражай үйі бар екен. Қырғыздың «Манас» эпосына және атақты жазушы Шыңғыс Айтматовқа ерекше назар аударған, үлкен қамқорлық жасаған Мұқаңа деген құрметін қырғыз ағайындар ешқашан ұмытқан емес.

Фестиваль Қырғыз елінің гимнімен және «Манас» эпосының  үзіндісімен басталды. Республиканың Мемлекеттік хатшысы Сүйімбек Қасмәмбетов, министрліктің жауапты қызметкерлері қатысып, лебіздерін білдіргеннен кейін ақындар мен әншілерге кезек келді. Осы күні Қазақ елінің туы желбіреп, қазақ әндері шырқалды. Қазақ ақындарының жырлары оқылды. Әбділда Тәжібаевтің:

«Басыма кидім ақ қалпақ
Оюлап шетін сырғызған.
«Басыма кидім ақ қалпақ
Оюлап шетін сырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ
Айырмам қайсы қырғыздан», – деген өлеңі ойыма оралды.

Бішкек қаласында қазақ пен қырғыздың достық аллеясы бар екен. Мұнда Манас пен Қобыландыны екінің бірі біледі, Тоқтағұл мен Жамбылдың жырлары қатар айтылады. Төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ пен қырғыздың киіз үйлері, ұлттық дәстүрлері мен киімдері, спорт ойындары да ұқсас. Тіпті, асқар Алатауының да аты бірдей. Ұлттық тағамдары мен қыз ұзату, келін түсіру жоралғылары да бір қалыптан шыққандай. Ақындар айтысы, көкпар тарту секілді ұлттық құндылықтар да екі халыққа ортақ.

Қазаққа кең танылған фильм – «Қараш-қараш оқиғасын» («Асуда атылған оқ») атақ­ты қырғыз режиссері Болот Шам­шиев түсірген. «Көксерек» филь­мінің режиссері – қырғыз Толомуш Океев. Екі фильмдегі негізгі рөлдерді қырғыз актеры Суй­мөнкул Чокморов ойнады.

Қазақстан делегациясының құрамында Түріксой  (Түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық ұйым) ұйымының Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, әйгілі дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай, ақын Ержан Алаштуған, белгілі ақын, аудармашы Саят Қамшыгер, әуесқой сазгер Жұпаркүл Бекшораева, ақын қыздар Ардақты Қамақ, Гүлнар Рақымжанқызы, Жеңіскүл Әбдіқасым, Айжан Шайқықызы, Гүлдана Сермаханова болды.

Түрік ақыны, Чукурова халықаралық әдебиетшілер ұйымының басшысы Халиса Текбаш, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұлов, өзбек шайыры, «Шарқ юлдузи» және «Звезда Востока» журналдарының бас редакторы Рауф Сиражиддин, ақын Гүлзира Шарипова, әзербайжан ақындары Ильгар Тюркоглы, Елли Атажұрт, қырғыз жазушысы Жолдошбек Монолдоров, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайнулдин, «Казан утлары» журналының бас редакторы Рустем Галиуллин, Башқұрстан Жазушыар одағының төрағасы Айгиз Баймұхамбетов, Қырғызстан Опера және балет театрының солисі Бақыт Алмабеков фестивальдің көркі болды.

Азиядағы «Яңги Овоз» еларалық жазушылар және тарихшылар одағының Бішкектегі тең төрағасы Жолдошбек Монолдоров өзінің офисін көрсетті. Бішкектен жиырма шақырымдай жердегі «Ата бейіт» зират кешенінде күні кешегі «халық жауы» науқанында атылған жүздеген қырғыз азаматы жерленген. Осы арада арнаулы мұражай бар. Зиратта жазушының әкесі, 1938 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, атылған Төреқұл Айтматов та жерленген. Марқұмдарға дұға бағыштап, шейіт болғандарды еске алдық. Шыңғыс Айтматовтың өзі де осы арада жер қойнына тапсырылған. Ата бейітте орнатылған кешенде:

«Дүниеге ақ қалпақтай көріндік біз,
Аспаннан жаңбыр болып төгілдік біз.
Шөп болып жер таңдамай өсе берген
Бұлттай дала кездік, шашылдық біз.
Қырылып бара жатып тірілдік біз,
Бөлініп бара жатып біріктік біз», – деген жолдар жазылыпты.

Осыдан отыз жыл бұрын Қостанайда үлкен әдеби жиын болды. Жан-жақтан келген қаламгерлер ішінде Шыңғыс Айтматов та болған еді. Қонақтарға қошемет көрсетіп жүрген күні келінім босанып, шекесі торсықтай ұл туды. Жақсы хабар ел құлағына тез жетіп, сол сапарда болған Герольд Бельгер: «Олай болса тұңғыш немереңнің есімін Шыңғыс қой», – деген ұсыныс айтты. Мен: «Кенже баламның атын Шыңғыс қойғанмын, бірақ, ол Шыңғыс ханға ұқсаса екен деген ойым болып еді», – деп шынымды айтып едім, қаумалаған жұрт: «Олай болса немереңнің есімін Шыңғыс қойсын!» – деп шуылдап кетті.

Шыңғыс аға болса, қолыма ұстай барған «Жанпида» («Плаха») романына: «Кішкентай Шыңғысқа шоң Шыңғыстан» деп қолтаңбасын қалдырды. Содан кейін келінімнің есімін сұрады. Ләззат деп едім. «Олай болса, сенің есіміңнің соңғы буынын алайық, келіннің есімінің де соңғы буынын алайық. Сонда Бекзат деген тамаша ат болады», – деп миығынан күлді. Сөйтіп тұла бойы тұңғышым Бауыржанның ұлы, менің алғашқы немерем Бекзат деген есімге ие болып еді.

Қырғыз еліндегі бас қосуда қырғыз қаламгері, кейінгі уақытта бірнеше киноның сценарийін жазған Жанна Исабаеваның, әзербайжан прозаиктері Елчин Гучсейнбейли мен Болат Унсалдың, қырғыздың халық жазушысы Жәдігер Саалайдың жаңа кітаптарының тұсаукесері де жоғары деңгейде өтті.

Қонақтарға бөлінген «Көгілдір Ыстықкөл» санаториясы әсем жерге орналасқан. Маусым айында көлдің суы салқындау болды. Оған қарамай суға шомылып жатқандар да аз емес. Сол жолы:

«Бөленген Алла нұрына,
Қырғыздың келдім қырына.
Ауасын жұттым тамсанып,
Табаным тиді құмына.

Көз салдым қыз бен ұлына,
Жастықтың әлде буы ма?
Біреулер жатыр шомылып,
Ыстық көлдің салқын суына.

Көл емес, теңіз секілді,
Түсінген болар ниетімді.
Аяқты мен де батырдым,
Қол жуып, шайдым бетімді», – деген өлең жаздым.

Менімен Мәскеуде Әдебиет институтында бірге оқыған өзбек шайыры Едгор Абидовтың «Кірпігімде жұлдыздар» деп аталатын кітабын жиі қолыма аламын. Тамаша лирик ақын заман теперіші салдарынан бұдан көп жыл бұрын шет елге кетіп қалған болатын. Сонда жүргенде оның жазған: «Келермін өмірге, кетермін, бәрібір дүниеден өтермін, көзіме жас алып кетермін, қойныма тас алып кетермін», – деген жыр жолдарынан ақындық позициясын айқын аңғарасың. Өзбекстан гимнің авторы, елінің Еңбек ері атанған көрнекті ақын Абдулла Ариповпен де Мәскеуде жолығып едім. Оның атында арнаулы медаль бар екен. Сол медаль осы жолы маған да бұйырды. Оның алдында Түркияда менің кеудеме «Тұран бірлігі» және «Ататүрік» медальдарын таққан еді.

Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия Республикасының он жылдығына орай өткізілген салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «…Түркі бірлігі күндердің күнінде шындыққа айналатындығына сенемін. Өзім ол күнді тікелей көрмесем де, оны түсімде көре отырып, көзімді жұмамын. Ертеңнің тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түркі бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тұрақтылықты сол кезеңдерден табады», – деп келешекке үлкен үміт артқан еді.

Жалпы, түркітілдес деген сөйлем бізге орыстың «тюркоязычный» деген сөз тіркесі арқылы енді. Дұрысы түрік тілдес болуы керек. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану  институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Түркі емес, түрікпіз» атты мақаласында: «Біздің арғы ата-бабаларымыз, жалпы түрік тілдес халықтардың, Түрік әлемінің арғы тегі болып есепте­ле­тін халықтың атауы – «Түрік» екендігі­не еш күмән жоқ. Кеңестік кезеңде әр түрлі себептермен, «түркі», «түрки» деп жазып, ата-тегіміздің аты «қойыртпақ» болып кетті. Сондықтан, біз – «түрік тектес», «түрік тілді» халықтармыз, «түрік тілді» елдерміз. Сол себепті «түрік» бо­лып жазылғаны, жалпыхалықтық дең­гейде осылай қолданылғаны дұрыс», – деп атап айтқан болатын.

Ендеше біз де оған қосылып, түрік бірлігі жасасын, түрік тілдес туысқан халықтың баршасы ынтымақта болсын дегіміз келеді.

Ақылбек ШАЯХМЕТ,
А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры,
Халықаралық шығармашылық академиясының корреспондент-мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі,
М.Қашқари атындағы түркі  әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың,
«Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты,
М.Х. Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here