Журналистика жампозы

0
12338

Отандық журналистиканың негізін қалағандардың бірі және Қазақстан журналистері энциклопедиясын түзген ғалым, көптеген публицистикалық очерктер мен 350-ден астам ғылыми мақалалар жариялап, 19 монографияның авторы атанған тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев осы шілде айында сексен жасқа толғалы отыр. Бір әулеттен шыққан академиктер Манаш (тәуелсіз Қазақстан тарихының негізін жаңа көзқараспен салып берген) пен Сағымбай Қозыбаевтардың өскен ортасы туралы төменде авторымыздың мақаласында тереңірек баян етіледі.

РЕДАКЦИЯ

ҚОЗЫБАЕВТАР ӘУЛЕТІ КӨПКЕ ТАНЫМАЛ

Қазақ еліне Қозыбаевтар танымал әулет десем артық айтқаным емес. Бұлай дейтін себебім, өзім де осы киелі шаңырақтан түлеп ұшқан көрнекті тұлғалармен кезінде кездесіп, әңгімелестім.  

Жуырда осы әулеттің жиені болып келетін белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қостанай өңірлік университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлымен арнайы жолықтым. Екеуара әңгімемізде таяуда 80 жасқа толғалы отырған Сағымбай Қабашұлы жөнінде ой айтылып, осы тұлға туралы сырласып, біраз тың мәліметтерге қаныққаным бар.

Барша әріптестеріміз өздеріне өнеге тұтатын Сағымбай аға 1944 жылдың шілде айында Қостанай облысына қарасты Меңдіқара ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген.

Оның ардақты әкесі Қабаштың есім-сойы жұртшылыққа жақсы таныс. Өйткені, бұл тұлғаның аты қашан да құрметпен аталады. Қазақтың абыз ақсақалы сонау бір жылдары колхозды басқарған қайраткер кісі-тін. Оның сөзінен де, қолынан да  іс келетін, қалың қауымды соңынан ілестіре білетін парасатты азамат-ты.

Бос сөзден гөрі нақтылықты жаны сүйетін тұлға сол елді-мекен түгілі, бүкіл өңірдің мақтанышы еді. Кешегі қанды майданда нағыз азаматтардың   ерекше қырлары ашылды. Осы жүрегі елім деп соққан атамыз Ұлы Отан соғысы жылдары өзінің ғұмыр бойы жинаған қаражатына ұшақ сатып алып, әлгі техниканы майдандағы әскерлерге сыйға тартқан-ды.

Осынау асқар таудай әкенің қазақтың кең жазирада даласындай жомарттығы, еңбексүйгіштігі, бір сөзділігі мен табандылығы өзінен тараған ұрпақтарына да дарыды.

Әулеттің бәйтерегі Қабаш аға мен құдай қосқан қосағы Айсұлу апамыз төрт перзентін қатарынан қалдырмай өсірді. Шаңырақта тәрбиеленген балалардың тұңғышы Манашты бүкіл қазақ халқы ардақтайды. Өйткені, ол бүкіл саналы өмірін ұлтымыздың тарихын зерттеуге арнады. Кешегі алып Одақ ыдырап, мемлекетіміз тәуелсіздік алғанда көпшілікке белгісіз  ақтаңдақ кезеңдер жайлы қаншама тағылымды еңбектер жазды. Ұлттық Ғылым академиясының академигі атанып, Қостанай қаласының Құрметті азаматы атағын да иеленді.

Кезінде Манаш ағаның Алматыдағы зәулім үйінде де болып, зайыбы Сара апамыздың  қолынан дәм таттым. Академикпен ұзақ жылдар бойы бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешкен аяулы жан маған біраз жайды баяндап берді. Сұхбат барысында ол сүйікті қайнысы Сағымбайдың бойындағы өзгелерге белгісіз қырлары жайлы да сыр шертіп еді. 

Қабаш ата мен апамыздың үлкен қызы Сәулеш ғұмырының соңғы күндері дейін Меңдіқара ауданындағы Краснопреснен елді-мекенінде тіршілік кешті. Ол отағасы Өтегенмен екеуі сол ауылдағы ағайындардың ұл-қыздарын оқытып, олардың еліміздің мақтаулы азаматтары болуына өздерінің лайықты үлесін қосты. Өтекең бұл күндері 96 жаста. Жақында Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Оразалы Қозыбаевтың 100 жылдық мерейтойында жүздесіп, әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.

Кейіпкеріміз Сағымбай аға отбасындағы үшінші бала. Одан кейінгі Әлия қазіргі таңда Алматы шаһарының тұрғыны. Ол да бауырлары секілді   замандастарының арасында өте сыйлы.

РЕСЕЙДЕ БІЛІМІН ШЫҢДАДЫ

Өзім рухани аға тұтатын Аманжолдың әңгімесіне қарағанда,  Сағымбай Қабашұлы Қостанай қаласындағы №9 орта мектепте білім алды. Оның бойындағы руханиятқа деген талпынысы сол кездің өзінде айқын көріне бастады.

Талапты жас 1957 жылы Алматы қаласындағы индустриалды техникумға құжатын тапсырып, сынақтан сүрінбей өтті. Ол бұл уақытта небәрі он үштегі жасөспірім-ді. Соған қарамастан алғырлық танытты.

Аталған  оқу орнын тәмәмдаған соң сол бұрынғы астанадағы жиһаз фабрикасында қатардағы жұмысшы болып еңбек етті. Содан кейін мектептерде шәкірттерге дәріс берді.

Міне, бұл қызметтердің бәрі де қажырлы да қайратты жас жігіттің өмірді тануына, халықтың мұң-мұқтажын көзбен көріп, көңілге тоқуына ықпал етті. Әскер қатарында болған кезінде қазақ жігітінің тиянақтылығы, жауапкершілікті сезінуі командирлердің назарын өзіне аудартпай қоймады. Онда взвод командирі атанып, жас жауынгерлерге үлгі көрсетті.

Бозбала әскерден оралған соң сол жылдардағы дарынды азаматтардың бірі ретінде көршілес жатқан Ресейде оқуды мақсат тұтты. Өзінің біліміне өте сенімді еді. Содан Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне түсіп, оны 1970 жылы бітіріп шықты.

Қолына диплом алған соң Алматы  қаласында таңдаған  журналистік мамандығы бойынша қызметін бастады. КСРО Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Содан 1974 жылға дейін Қазақ КСР мемлекеттік телерадио комитетінде кіші редакторлықтан бас редактордың орынбасарлығына дейін жоғарылады.

Білікті маманның ізденісі мен өз кәсібіне деген ерекше ықыласы ескеріліп, ол Бүкілодақтық радионың Қазақстандағы меншікті тілшісі болып бекітілді. Бұл кезеңде ол шығармашылық қырларымен дараланды. 

Оның қабілеті мен біліктілігін бүкіл қазақ елі таныды әрі әріптестері оған құрметпен қарады. Осы талпыныстары мен еңбекқорлығы бағаланып, ол қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің журналистика факультетіне аға оқытушылығына шақырылды. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде Қазақ радиосының тарихына байланысты кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Осылайша, оның ғылымдағы жолы өте сәтті басталды.

 Тәжірибелі қаламгер аталмыш жоғары оқу орнының жанындағы «Қазақ университеті» газетінің редакторы да болды. Осы басылымда факультеттегі болашағынан үлкен үміт күттіретін студент жастардың шеберлігін шыңдады.

Әңгіме арқауына айналған факультетте журналистика кафедрасының доценті, содан кейін кафедра меңгерушісі, араға уақыт салып, факультет деканының орынбасары, декан секілді қызметтерді абыроймен атқарды. Талай дарынды ғалымдарға бағыт-бағдар беріп, олардың қамқоршысы әрі ақылшысына айналды.

Үздіксіз көз майын тауыса жұмыс істеудің арқасында Мәскеу қаласында докторлық диссертациясын да қорғап, өз саласының таңдаулы маманы екендігін іс жүзінде дәлелдеді. Журналистика тарихы, халықаралық журналистика кафедраларының негізін қалаушы ретінде де әріптестеріне мәлім.

ШӘКІРТТЕРІМЕН МАҚТАНАДЫ

Талантты ғалымның алдынан тәлім алған қаншама түлектер бұл күндері еліміздің барлық өңірлеріндегі басылымдарда қызмет атқарып жүр. Ардақты ұстаз сол шәкірттері жайлы жылы лебіздер естісе жаны марқайып, кеудесін мақтаныш сезімі кернейді.

Оны адамгершілік қасиеттері үшін бәріміз де жақсы көреміз. Осы саладағы білікті де ғұлама ғалым болса да өзін өте қарапайым ұстайды. Өзімен кез келген өзекті тақырыпта еркін сырласа аласың. Өмірден оқығаны мен тоқығаны көп абзал азамат жұртшылықты толғандыратын сауалдарға жауап беруге әрдайым дайын.

Ол туған жері Қостанайды жер жәннатына балайды. Осында келген сапарларында облыстағы газеттердің редакцияларына ат басын бұрып, мұндағы әріптестерімен сәлемдесіп шығу парызы санайды. Оның әңгімесінен тектіліктің, ізгіліктің және зиялылықтың иісі аңқып тұрады.

Ұзақ жылдар бойы баспасөз саласында тер төгіп келе жатқан ғалымды білмейтіндер жоқтың қасы. Ол әлемдік журналистика тарихы және ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын түгел зерттеді десек қателесе қоймаспыз.

Ұйымдастырушылық қабілеті мол тұлға бірқатар халықаралық жинақтардың жауапты редакторы және құрастырушысы. Мәселен, Мәскеу, Санк-Петербург, Киев, Алматы қалаларындағы беделді баспалардан жарық көрген ұжымдық монографиялардың авторы.

Университетте қызмет атқарған кезеңдерде тек өзі ғана ғылымның биік шыңына көтеріліп қойған жоқ. Тәлімгер ретінде факультеттегі жас ғалымдардың «Журналистика», «Саясаттану», «Отандық тарих» мамандықтары бойынша докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғауына септігін тигізді.

Бұл күндері Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жатқан әріптестері Сағымбай Қабашұлын өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған дарынды ғалым деп есептейді. Ол магистратурада «Профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаевтың шығармашылық шеберханасы» арнаулы курсын жүргізді. Сонымен қатар, Әл-Фараби және Абай атындағы ұлттық университеттерінің жанындағы саясаттанудан докторлық кеңестерінің мүшесі әрі ғылыми хатшысы болды. Басқа да бұл саладағы атқарған жұмыстары орасан.

Мен, Сәкеңді сол журналистика факультетінің студенті болған жылдардан бері білемін. Ол партия ұйымының жандануына өзінің белсенділігі және ұйымдастырушылық қабілетімен де лайықты үлесін қосты.

Өзім бұл кезде студенттер арасындағы коммунистер кеңесінің төрағасы едім. Сондықтан ғұлама ғалыммен түрлі деңгейдегі басқосуларда жиі кездесіп, ол кісінің ғибратын көрдім. Ой-толғамдарын естіп, тағылым алдым. Бірақ, ол кезде білікті ғалымның туған жеріндегі облыстық «Қостанай таңы» газетінде еңбек жолымды бастап, атақ-даңқы республикамызға мәшһүр әулет жайлы мақала жазамын деп еш ойлаған емеспін.

Кезекті демалысымда Алматы шаһарына жолым түскенде, білімнің қара шаңырағы атанған, яғни кезінде дәріс алған университеттегі журналистика факультетіне ат басын бұрмай кетпейтінмін. Ондағы қызмет атқарған Сағымбай ағамен сәлемдесіп, журналистикаға қатысты энциклопедияларды алатынмын. Бұл еңбектер менің кітапханамда әлі күнге дейін сақтаулы.

Айта берсек, көрнекті ғалымның кейінгілерге өнеге боларлық қырлары жетерлік. Бір түйгенім, адал еңбек ертеңді-кеш бағаланбай қоймайды екен. Біртуар ғалымның ұзақ жылғы еңбектері ескеріліп, айырықша ілтипатқа бөленді.

Ол қазіргі таңда ҚР Журналистика академиясының президенті. Бұл ұйым «Алтын жұлдыз» және «Алтын самұрық» сыйлығын белгілеп, оны журналистика саласында ерекше еңбегімен көзге түскен аса дарынды әріптестерімізге салтанатты түрде тапсыруды дәстүрге айналдырды.

Сәкең сонау 1998 жылдан бері қазақ ұлттық энциклопедиясы көп томдығының ғылыми кеңесшісі. Мұндай жауапты жұмысқа кез келген ғалымды тарта бермейтіндігі зиялы қауымға белгілі.

Көптеген журналистердің ұлағатты ұстазының алған марапаттары да жетерлік. Ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының алты дүркін лауреаты. Халықаралық журналистер федерациясының құрметті дипломының иегері.

Төрт академияның толық мүшесі, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның Құрметті журналисі» төс белгілерінің иегері, Президенттің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығымен марапатталған, «Алтын самұрық» және басқа да бірқатар медальдарды кеудесіне тақты.

Ардақты ағамыз бір ғасыр тарихы бар ұлт басылымдарының атасы «Qazaq» газеті ақылдастар алқасының мүшесі ретінде өзінің бай тәжірибесімен әрдайым бөлісіп отырады. 

ҚОСТАНАЙДЫ ЖЕР ЖӘННАТЫНА БАЛАЙДЫ

Сағымбай Қабашұлы таланты мен қарым-қабілетін замандастары мойындаған тұлға. Атақты профессор әлемнің АҚШ, Германия, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның бірқатар елдерінде ұйымдастырылған Халықаралық мәртебелі конференцияларға қатысып, шетелдік әріптестерінің алдында мазмұнды баяндама жасады.

Сөйтіп, қазақ елінің абыройы мен беделін асқақтатып, өзінің шын мәнінде сөзге шешен екендігін өзгелерге паш етті. Мұндай қасиеттер оның бойына әкенің қаны, ананың ақ сүті арқылы дарығаны ақиқат. Жалпы, оның өмірінде ағасы Манаш Қабашұлынан алған тағылымы бөлек екендігі де даусыз. Қазақ «Әке көрген оқ жонар», «Ағаға қарап іні өсер» деп текке айтпайды.

Оның жазған монографиялары, оқулықтары әрбір өзін толыққанды журналистпін деп есептейтін зиялы жанның шаңырағындағы кітап сөрелерінде тұр деп есептеймін.

Даңқты жерлесіміз отбасында да бақытты. Шаңырақтың тірегі, ардақты әке, сүйікті жар, парасатты ата. Бұл күндері өзінен тараған Анар, Аружан есімді қыздары мен ұлы Санжар, немерелері ғұмырының сәні мен мәні. Ал перзенті Аружан әкесінің жолын қуып, журналистика мамандығын таңдады.

Саналы өмірін қаламгерлік пен ғылымға арнаған ұстазымыз Сағымбай өзінің кіндік қаны тамған киелі де қасиетті жерді ешқашан да ұмытпайды. Қызметтен қолы босап, демалысқа шыққан кездері көкорай шалғынға оранған табиғаты көркем ауылына жеткенше асығады.

Ата-бабасының әруағына тағзым етіп, құран оқытады. Бабасы Қозыбайдың төрт баласы Қостанай-Қорған бағытындағы үлкен жолдың бойындағы Мұса қажы Зұлқарнайұлы жерленген зиратта мәңгі тыныстап жатыр.

Ал өзіне шапағаты мен шарапаты көп тиген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оразалы Қозыбаев пен ұлы тарихшы Манаш Қабашұлы Алматыдағы Кеңсай зиратында жатқанын елінің тарихы мен мәдениетін құрметтейтін жүректері ізгілікке толы бауырларымыз білсе керек.

– Әулеттің бәйтерегі, нағашымыз Қозыбай Қостанай өңіріне аты белгілі кісі болған. Кезінде ол сауда саласында тер төккен. Оның ұрпақтары да елі мен жеріне аянбай еңбек еткен көрнекті тұлғалар. Бүгін өзім мақтанышпен ауызға алып отырған Сағымбай да асылдың тұяғы.  

Өзім Сағымбаймен тай-құлындай тебісіп бірге өстім. Сол күндерді ерекше сағынышпен еске аламын. Балалық шақ ешқашан да ұмытылмайды емес пе. Ол кішкентайынан зерек болатын. Әсіресе, техникаға өте бейім-ді. Қолынан фотоаппараты түспейтін. Сол кездің өзінде халыққа жақын еді. Аңсаған арманы орындалып, білікті ғалым атанды. Қаншама жас журналистерді тәрбиеледі. Туған-туысқа қайырымды. Аман-саулығымызды біліп тұрады, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Меңдіқара ауданының құрметті азаматы, талантты ғалым Сағымбай Қабашұлы шілде айында сексеннің сеңгіріне көтерілгелі отыр. Қазақ журналистикасының білгірі, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстазымызға алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасында бақыт, ғылымның қия жолында тек биіктен көріне беріңіз деген ізгі тілегімізді білдіреміз.  

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here