Тергеу қызметі тиянақты тәжірибені талап етеді

0
948

Бауыржан Момышұлының ерлігі мен елдігінен бөлек тәрбиелік сөздері ұрпақтан ұрпаққа мұра. Батыр бабамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі ел ішінде қанаты теңеуге айналып кеткен.

Рас, тәртіпке бағынып, тындырымды істерін атқарып жүрген ішкі істер саласының мамандары да жетерлік.

Шымкент қаласының тергеу қызметі ұрпақ сабақтастығын ту етіп келеді. Мәселен, тергеу органының ардагері Жандос Масабаев бастаған тәжірибелі тергеушілер жас тергеушілермен етене жұмыс жасап, тергеу саласында жан-жақты нәтиже шығару тәсілдерін үйретіп келеді. Ардагерлер мен аға тергеушілер жаңа буынға тек кеңес берумен шектелмейді. Олардың қабілетін, білімін тексеріп, тергеудегі түймедей дүниені де назардан тыс қалдырмау қағидасы басты назарда екенін үйретеді. Мамандыққа деген қызығушылықты арттыру, қызмет кезінде назарды нақты іске бағыттау тәсілдері де жас мамандарға іспен көрсетіледі. Ұстаз бен шәкірт оқиға орнына бірге барып, анықтау, тергеу қызметін бірге атқарады. Отставкадағы майордың айтуынша, буындар сабақтастығының мақсаты – тәжірибелі, қызметіне тыңғылықты тергеушілер тобын жасақтау.

– Біздің мақсатымыз – алмастай асыл мамандардан гауһардай құнды тергеушіге айналдыру. Ең бастысы – жұмыстың әр қадамын жіті түсіндіріп көрсеткенімізде, барлық әдіс пен тәсілді шәкірттер есінде сақтап алуы маңызды. Тергеушілерді тапсырмаға жылдам кірісуге әрі дұрыс шешім қабылдауға дағдыландыру басты талаптың бірі, – дейді тергеу органының ардагері Жандос Масабаев.

– Біз жастарға ұқыптылық, сауаттылық, тапсырманы соңына дейін жеткізуді айтып, нәтиже талап етеміз. Тергеушіге осы қасиет аса қажет. Біз оларға үйренудің барлық мүмкіндіктерін жасаймыз. Сонымен қатар, жастарға жан-жақты тәжірибе үйрету азаматтық борышым, – деді отставкадағы полковник Мұратхан Будеев.

Жас офицерлер болса, отставкадағы ағалардан көп тәжірибе алғанын айтып, буын сабақтастығын сақтайтындарын жеткізді. Мәселен, буын сабақтастығы Қарағанды облысының полиция департаментінде де жалғасын табуда. Өңірдегі тергеу саласының ардагерлері ерліктің, жауапкершіліктің жүгі туралы сабақ өткізді. Сақшылармен өткізілген бұл кездесуге Қарағанды облыстық Ұлттық гвардия және ішкі істер органы ардагерлері кеңесінің төрағасы Жұман Нұрпейісов және отставкадағы подполковник Клавдия Толчонова арнайы келді.

Сіздерді өткен мерекелеріңізбен құттықтаймын. Біздің буын тергеу қызметіне бар күшін салып еңбек етті, сол арқылы елімізге көмектестік. Біздің жауапкершілікті талап ететін істі Сіздер жалғастырып жүрсіздер. Сіздерге табыс тілеймін. Алға қойған мақсатқа, берілген тапсырманы соңына дейін жеткізе біліңіздер. Әрқашан әділдік пен шындықтың жағында болыңыздар, – дейді Қарағанды облыстық Ұлттық гвардия және ішкі істер органы ардагерлері кеңесінің төрағасы Жұман Нұрпейісов.

Мен мектеп қабырғасында жүргенде тергеуші болуды армандайтынмын. Ішкі істер органына 1968 жылы келдім. Содан бері зейнет жасына дейін 25 жылдан аса тергеуші болып еңбек еттім, осы саланы таңдағаным үшін өкінбеймін. Себебі, тергеуші деген өте қызықты мамандық. Бұл саланың маманы адамның психологиясын білетін, медицина, химия, физика саласына да жақын болуың керек. Аталған білімнің бәрі тергеу кезінде, анықтау кезінде қажет. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының бәрімен қарым-қатынаста болуы шарт. Өйткені, оқиға орнында бір-бірін жақсы таныған адам, нәтижелі жұмыс істейді, – деді ардагер тергеуші әрі подполковник Клавдия Толчонова.

Тергеу қызметі бұл аса жауапкершілікті қажет ететін, қателікке жол бермейтін тегеурінді жүйе. Осы қызметтің арқасында қоғамда орын алып жатқан қылмыстық істердің беті ашылады. Жазықсызды жазадан құтқарып, жауаптының айыбын дәлелдейтін де осы тергеушілер. Бұл қызметтің тарихы да терең. 1963 жылы КСРО-ның Жоғарғы Кеңес президиумының шешімімен Тергеу басқармасы құрылады. Содан бері бұл сала құқық қорғау, қылмыстық істің бетін ашуда сүбелі еңбек етіп келеді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here