Қазақстан-Қытай: Бірлескен ғылыми зертхана ашылды

0
1226

Тарих беттерінде таңбаланатын елеулі оқиға – Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қытайдың Шэньчжэнь университеті арасында бірлескен зертхана құрылады. Күні кеше Алматыда екіжақты келісімге қол қойылды. Бұл Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясындағы маңызды оқиғалардың бірі. Келісімнің мақсаты – екі ел арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға және бірлескен зерттеулер жүргізуге бағытталып отыр.

Салтанатты шараға академиялық қауымдастықтың жоғары лауазымды өкілдері, соның ішінде Шэньчжэнь университетінің Медицина факультетінің атқарушы деканы профессор Синчжи Сюй, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА президентінің міндетін атқарушы Ералиева Ляззат Тасболатқызы, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің басқарма төрағасы-ректоры Шоранов Марат Едігеұлы, ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй, сондай-ақ «Өмір және денсаулық туралы ғылымдар» саласындағы жетекші қазақстандық ғалымдар қатысты.

Алматы қаласындағы ҚХР-дың Бас консулы Цзян Вэй құттықтау сөз сөйлеп, ҚХР мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа тоқталып өтті. Академия президентінің міндетін атқарушы Ляззат Ералиева Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының қызметі туралы ақпарат беріп, жаңа құрылып жатқан зертхана бойынша академияның көзқарасымен бөлісті. Сондай-ақ, профессор Синчжи Сюй Шэньчжэнь университетінің ғылыми қызметінің нәтижелері мен халықаралық жобалары туралы ақпараттарымен бөлісті.

Еске сала кетсек, Қытайдың Шэньчжэнь университетінің негізі 1983 жылы қаланған және қазір USNews әлемдік рейтингінде 187-орынды иеленіп отыр. Университетте 250-ден астам халықаралық оқытушы жұмыс істейді. SZU Медицина мектебі биомедициналық инженерия және биология бойынша PhD мамандарын даярлайды. Университетте Нобель сыйлығының лауреаты, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Канада ғылым академияларының академиктері қызмет етеді. SZU түлектері танымал Geely Holding Group, Tencent, Giant Interactive Group, Lens Technology кәсіпорындардың негізін қалаушылары. 55 елдің 285 ЖОО келісімге қол қойылған. 2011 жылдан бастап қазірге дейін 15 млн АҚШ долларына жуық қаржы ғылыми зерттеу жұмыстарына бөлінген.

Бұл менің Алматыға алғаш келуім. Біз Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ медициналық университеті және Шэньчжэнь университеті арасында нақты келісімге қол жеткіздік. Сондай-ақ  Алматы мен Қазақстанның басқа университеттерімен мұндай ынтымақтастық туралы ұзақ уақыт бойы талқылап келеміз. Бүгін ерекше маңызды күн, өйткені кеше біздің президентіміз Си Цзиньпин Астанаға іссапармен келген болатын. Бұл кездесулер екі ел де ғылым, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Денсаулық сақтау саласы екі ел үшін де маңызды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында біз медициналық ғылымдар саласындағы озық зерттеулер үшін бірлескен орган құруды асыға күтеміз. Ғылымды одан әрі дамыту үшін жаңа буын ғалымдарын дайындауымыз керек. Бірлескен PhD дайындау бағдарламасы бойынша білім алмасу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Соңғы бірнеше жылда біздің медициналық мектеп PhD бағдарламасына 20-дан астам студент қабылдады. Өткен жылы біз 30 студентті шақырып, жазғы мектеп ұйымдастырдық, – дейді Шэньчжэнь университетінің Медицина факультетінің атқарушы деканы профессор Синчжи Сюй.

Ынтымақтастық бағыттарының бірі табиғи өнімдерден дәрілік препараттар әзірлеуді, геномның тұрақсыздығы мен ісік генезін зерттеуді, инфекциялық иммунитет пен қабынуды, сондай-ақ медициналық жабдықтарды әзірлеуді қамтиды. Ұсынылған алғашқы бірлескен зерттеу жобасы – «Фитошикізат негізінде жаңа дәрілік кандидаттардың көп мақсатты әзірлемесі».

Бұл ғылыми зертханада жас ғалымдар, отандық ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Заманауи сандық қондырғылармен жабдықталады. Одан кейін академия ұтқырлық бағдарламасында ғылыми кадрлар даярлап, екі жақты тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілетін болады, – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының орталық директоры Қуантар Әлиханов.

Сонымен қатар бұл орталықтың тағы бір филиалы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында, ал екінші филиалы Шэньчжэнь университетінде орналасады. Бірлескен зертхананың құрылуы ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға жол сілтеп, білім мен технологиялармен алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл ынтымақтастық  Қазақстан мен Қытайға көптеген перспективалы  жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізері сөзсіз.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here