Металлургтер күні – тарихи мереке

0
1444

19 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев металлургия қызметкерлерін марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған орай, металлургия саласындағы жемісті еңбегі, еліміздің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін жүздеген жұмысшы мәртебелі марапаттарды иеленді.

Металлургтер күні – Ресейде, Беларусьте, Донецкте (Украина), Приднестровьеде және Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін кәсіби мереке. Елімізде шілденің әр үшінші жексенбісінде металл өндірумен байланысты еңбек адамдары: болат жасаушылар, құюшылар, доменшілер, темір ұсталары, қалыптаушылар, прокатшылар және басқалар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осы және басқа да көптеген мамандықтарды металлургия біріктіреді. Бұл мерекені тиісті бейіндегі ғылыми-зерттеу орталықтарында металлургия саласында жұмыс істейтін ғылыми сала өкілдері, кен өндіретін кеншілер, сондай-ақ металлургия кәсіпорындарында жұмыс істейтіндердің барлығы атап өтеді.

Құрылыс пен машина жасау, мұнай-газ секторы және энергетика – осы салалардың барлығы металлургтер өндіретін шикізатты қажет етеді. Бұл күрделі мамандық адамнан жоғары технологиялық білімді, жауапкершілік пен зейінділікті, талдау жасай білуді және жаңа әдістер мен технологияларды меңгеруге дайын болуды талап етеді. Ал, металлургтердің өздері болаттай берік, сенімді.

1960 ЖЫЛЫ ТЕМІРТАУ МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ КОМБИНАТЫ ШОЙЫН ШЫҒАРДЫ

Қазақстандағы Металлургтер күні 2003 жылы Республика Президентінің Жарлығымен белгіленді. Тарихи дәстүрлерді сақтай отырып, Қазақстан шілде айының әрбір үшінші жексенбісін металлургтердің кәсіби мерекесі ретінде сақтап қалды. 1957 жылы бұл дата КСРО-да кендерден металл алу, металдардың химиялық құрамын, құрылымы мен қасиеттерін өзгерту, әртүрлі қорытпалар алу процестерімен байланысты әрбір адамның мерекесі болды. Сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің тиісті қаулысы жарияланды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы, сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары КСРО экономикасын қалпына келтіру кезеңіндегі металлургияның еңбегін мойындай отырып, Кеңес Одағында Металлургтер күні атап өтіле бастады. Дәл осы кезеңде Кеңес Одағы республикаларының бірі болған Қазақстанның металлургия өнеркәсібі өз тарихын бастады. 1960 жылы Теміртау металлургиялық комбинаты шойын шығарды. Бүгінгі таңда металлургия Қазақстанның жетекші әрі болашағы зор салаларының бірі. Ол республиканың жеткілікті берік шикізат базасына сүйенеді. Тау-кен өндіру, өңдеу және металлургия кәсіпорындарының дамыған жүйесімен бірге бұл Қазақстанға тау-кен өндіру саласындағы жетекші 15 елдің қатарына кіруге мүмкіндік берді.

ШЫМКЕНТТЕ МЕТАЛЛУРГИЯ ЗАУЫТЫ САЛЫНБАҚ

Дәстүр бойынша, бұл күні металлургия саласының қызметкерлері өз кәсіпорындарының басшыларынан, мемлекеттік қызметкерлерден және Мемлекет басшысынан құттықтаулар алады.

Қазақстанның металлургия орталығы болған көптеген қала мерекелік шараларды өткізіп, оларды алаңдар мен көшелерде ұйымдастырып, эстрада артистерін шақырады. Кәсіпорындарда ерекше көзге түскен қызметкерлерге, сондай-ақ сала ардагерлеріне еңбек наградалары, төсбелгілер, куәліктер мен грамоталар тапсырылады.

2023 жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда 91 мыңнан астам адам металлургия өндірісінде жұмыс істейді, онда 228 кәсіпорын жұмыс жүргізеді. Өндірілген өнім көлемі 8,2 трлн теңгені құрады.

Қоғамдық саясат институты өзінің Telegram-каналында хабарлағандай, елде ферросилиций, ыстық брикеттелген темір өндірісіне бағытталған жаңа металлургиялық өндірістер құру жұмыстары жүргізілуде. Және жаңа мыс балқыту зауыты мен автоклав өндірісін салу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Қазақстанда бериллий, тантал, ниобий, висмут, теллур, сондай-ақ селен сияқты сирек және қымбат металдар өндіріледі. Ал елде өндірілген титанға халықаралық компаниялар, соның ішінде «Boeing» және «Airbus» сұраныс жасайды.

Айта кету керек, 15 шілдеде экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб отырысында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында металлургия өндірісінің өсуі 8,3%-ды құрағаны белгілі болды.

Биыл Шымкентте металлургия зауытын салу жұмысы қарастырылып жатыр, ал Жамбыл облысында металлургия зауытының құрылысы ерекше реттеу объектілеріне жатқызылды.

«QARMET» МЕТАЛЛУРГТЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

Қазақстандағы ең ірі металлургиялық зауыт – «Qarmet» 20 шілдеде Металлургтер күнін мерекелеу аясында алғашқы шараны өткізді. Мерекелік шараға «Qarmet» АҚ жетекші мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен шара қонақтары жиналды. Мерекелік бағдарлама ресми ашылудан басталды, онда металлургия өнеркәсібінің еңбекқор және адал жұмысшыларының маңыздылығы атап өтілді.

Шарада Теміртау қаласының әкімі Ораз Таурбеков озық мамандарға Қарағанды облысы әкімшілігінің грамоталары мен алғыс хаттарын табыс етті.

«Теміртау үшін қазақстандық магнитка – бұл қала құраушы кәсіпорын ғана емес, әр тұрғынның мақтанышы. Біздегі болат бүкіл әлемге танымал және бұл жетістік біздің металлургтерге байланысты. Металлургтердің еңбегі өте ауыр, біз оны білеміз, бағалаймыз және құрметтейміз. Сіздерді кәсіби мереке – Металлургтердің келе жатқан күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасылық амандық және жаңа жеңістер тілеймін!» – деді құттықтау сөзінде Ораз Қасейінұлы.

Іс-шараға белгілі қазақстандық әнші Роза Рымбаева қатысып, барлық металлургтерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Роза Қуанышқызы іс-шара қонақтарына ұмытылмас эмоциялар мен мерекелік көңіл-күй сыйлап, өзінің үздік хиттерін орындады.

Металлургтер арасында сыйлықтардың бірі ретінде қазақстандық «SilkRoad Electronics» зауытынан 450-ден астам тұрмыстық техника ұтыс ойыны өткізілді.

Мерекенің маңызды бөлігі оның дамуына елеулі үлес қосқан компанияның үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі болды. Оларға құрмет грамоталары, үздіктер белгісі табыс етілді, енді 2024 жылғы 60 қызметкердің суреті комбинаттың Даңқ аллеясын безендіретін болады.

Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев үздіктер белгісін тапсыра отырып: «Металлургтер күні – бұл зауыттың ұлы тарихына сіңген нағыз ерліктің, өмірлік күш-қуаттың мерекесі, баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын және баршаңызға зор денсаулық, жаңа табыстар, Қазақстанның игілігі үшін үлкен еңбек тілеймін», – деді.

Кеш соңында компания қалпына келтірген саябақтың салтанатты ашылуы болды, ол бүгінде мақтанышпен Qarmet Park деп аталады. Мұнда жаңа спорттық тренажерлер, бүкіл отбасы үшін демалуға және серуендеуге арналған жайлы орындар орнатылған. Зауыт ардагері Александр Богданович Берг пен Қарметтің ең жас қызметкері, бар болғаны 4 айлық тәжірибесі бар Асылхан Серіков теміртаулық металлургтердің ұрпақтар сабақтастығын айғақтайтын компания логотипі бар ескерткішті сыйға тартты. Іс-шара барлық қатысушылар үшін компанияның даму перспективаларын талқылауға және жаңа мақсаттарды белгілеуге тамаша мүмкіндік болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде тау-кен металлургия кешені елдің жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын құрап, 12 триллион теңгенің өнімін өндіреді. Салада 200 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл сала қызметкерлері санының үштен біріне жуығы. Республика аумағында қара металлургиядан басқа түсті металлургия жақсы дамыған. Бұл тек ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға ғана емес, сонымен қатар түрлі-түсті металдарды шетелге экспорттауға мүмкіндік береді: мыс, алюминий, мырыш, қорғасын. Қазақстанда титан, магний, марганец, вольфрам және сол сияқты басқа да металдар, сондай-ақ алтын мен күміс өндіріледі.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here