Биыл Қазақстанның музыкалық әлемі ұлы композиторлар – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115 жылдығын атап өтеді. Композиторлардың туған күніне орай 29 сәуірде (орындалып қойды, – ред.), сондай-ақ 17 шілдеде «Астана Опера» сахнасында олардың бірлескен авторлығындағы «Абай» операсы орындалады. Операның дирижері және музыкалық редакторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына орай өзінің аты аңызға айналған атасы мен өнері туралы әңгіме өрбітті.
«ОРКЕСТРГЕ САРҚЫЛМАС ЭНЕРГИЯМЕН ШЫҒУ ҚАЖЕТ»
– Алан Асқарұлы, Қазақстанда дирижер мамандығы қаншалықты дамыған? Кәсіби маман болу тек шетелде ғана мүмкін бе, әлде біздің елде де осындай мүмкіндік бар ма?
– Қазақстанда кәсіпқой маман болуға болады және ол үшін тамаша дирижерлік мектеп бар. Бізде Кеңес заманының классикалық мектебі қалды. Өйткені, менің арғы атам Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның алғашқы ректоры әрі ұйымдастырушысы болып, талантты балаларды жинай білді. Бірде ол көшеде кетіп бара жатып домбыра тартып отырған баланы көріп былай дейді: «Балам, сен не істеп отырсың? Музыкада оқығың келе ме? Жүр». Ол баланы қолынан ұстап музыка мектебіне алып келеді. Бұл бала – Нұрғиса Тілендиев болатын. Сондай-ақ, Ахмет Жұбанов Фуат Мансұров, Шамғон Қажығалиев секілді көптеген музыканттарға көмектесті. Сондықтан мен шетелде білім алмас бұрын Қазақстанда өте жақсы мектептен өттім. Содан кейін ғана шетелге кеттім. Кез келген адам секілді музыкант үшін де өз ортасында «қайнай түсу» мақсатында жаңа тәжірибе алуға басқа елдерге бару пайдалы. Менің батыстық классикалық білімім бар, солай бола тұра мен өзімді батыс және отандық, яғни екі мектептің дирижері санаймын.
– Дирижердің жұмысы – айсберг секілді: көп бөлігі көрермендерге байқалмайды, дайындық барысында өтеді. Ойға да, бойға да салмақ салатын өте күрделі жұмыс. Сіз сонша күш пен энергияны қайдан аласыз? Сізді не шабыттандырады?
– Мені музыканың өзі қатты шабыттандырады. Сіз күшті қайдан алатынымды сұрадыңыз. Күштің барлығын тек бір қайнар бұлақтан аламын. Бұл – шығармашылыққа деген үлкен ықылас. Әйтпесе, менікіндей есіңді тандыратын жұмыс кестесімен күн кешу мүмкін емес. Мен осындай кестемен 20 жылдан бері өмір сүріп келемін. Мысалы, Еуропадағы концерт, сосын бірден Қазақстандағы опера, содан кейін Австралияға ұшу әрі сондағы концерт. Уақыт белдеулерін ауыстыру – гастрольдегі дирижер үшін аса маңызды әрі қиын. Кейде бірнеше ұзақ рейстерден кейін бірден оркестрге баруға тура келеді. Ал, оркестрге сарқылмас энергиямен шығу қажет. Мұндай жағдайларда күш тек музыканың өзінен алынады.
«ГЕРМАНИЯДА ГЕТЕНІҢ ТҮПНҰСҚАСЫН АБАЙДЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕТТІК»
– Алан Асқарұлы, қазір опералар түпнұсқа тілінде орындалады: қазірдің өзінде «Травиата» орыс тілінде итальяндық секілді естілмейді. «Борис Годунов» та неміс тілінде орыс тіліндей құлақ құрышын қандырмайды. Көптеген опералар тілге байланысты өзгереді. Сіздің ойыңызша, көрермендер тілді түсінуі үшін әншілер операны қалай орындауы керек?
– Әрине, мәселен, «Онегиндегі» Ларина мен күтуші кейіпкерлерінің қарапайым әңгімесінен көптеген қызықты әрі тың нәрселерді табуға болады. Мен үшін әншімен жұмыс істеу барысындағы қызықты нәрсе, вокалистің уақытында сахнаға шығып, қарқыннан шықпай айтуында емес. Бұл, әрине талап. Негізгі міндет – мәтінді ән айту кезінде дұрыс екпінді табу, өз ойың мен кейіпкердің мотивациясын түсіну және оны оркестрдегі музыкамен байланыстығын ұғыну. Сеніңіз, бұл оңай емес.
Сонымен қатар, менің ойымша, мысалы, итальяндық операны нақышына келтіріп орындау үшін итальян тілін тұрмыстық деңгейде білу жеткіліксіз. Біріншіден, көптеген опера либреттосының мәтіндері өткен ғасырлардағы итальян тілі, яғни қазіргі заманға қарағанда біршама ескірген. Екіншіден, көптеген опералық либреттолардың тілі поэтикалық болып келеді, сондықтан түсіну қиын. Үшіншіден, Верди, Доницетти, Беллини немесе Пуччинимен тұрақты түрде жұмыс істеген либреттистердің белгілі бір лингвистикалық айналымдарының ерекшелігін ұғыну қажет.
Феличе Романидің Доницетти, Беллини операларымен, Фоппа мен Ферретти Россини және Доницеттидің жұмыс істеген кезіндегі мәтіндерін мұқият зерделеу қажет. Верди опера либреттосымен жұмыс кезінде Солер, Каммарано, Франческо Мария Пьявенің мәтіндеріне мән беру керек. Егер осылардың барлығы бірнеше композиторлармен жұмыс істегенін ескерсек, соның ішінде Каммараноның Доницетти мен жас Верди үшін жазған либреттосына қарап, екеуінің арасындағы ерекше жақындықты аңғаруға болады.
Бұл тақырыптың қаншалықты күрделі екенін көрсету үшін мысал келтірейін. Вердидің соңғы «Фальстаф» операсы Арриго Бойтоның либреттосына жазылған. Фальстаф Шекспирдің бірнеше тарихи шежіресінің және «Виндзордың көңілді әйелдері» комедиясының кейіпкері. Бойто либреттоның поэтикалық тілін «көнелеп», сол дәуірге жақындау үшін либретто мәтінінде көне итальян әдебиетінен, Бокаччоның «Декамеронынан» алынған оралымдарды қолданады. Осылайша, Шекспир комедиясынан Бойтоның «тарихи-итальялық» және Вердидің соңғы стилі асқан айлакерлікпен берілгендіктен орындаушыға оңайға түспейді. Мүмкін, біз жоғарыда айтып өткен итальялық Дзандонаи операсы мен шведтік Лагерлефтің романы арасындағы байланыстың мені неге қызықтырғаны енді түсінікті шығар. Алайда, Вагнердің шығармаларын зерттеуде либреттоның авторларының әртүрлілігі мәселе туындатпайды. Өйткені, ол опералары мен музыкалық драмаларының әдеби мәтінінің авторы болған.
Композитор мен либретто авторының көпжылдық достығы мен ынтымақтастығы да өнерге үлкен ықпалын тигізеді. Мысалы, Гуго фон Гофмансталь мен Рихард Штраустың байланысы әлемге ХХ ғасырдың ұлы туындыларын сыйлады. Өкінішке қарай, орындалуы қиын бұл шығармалар біздің елімізде ешқашан қойылмаған опералар. Осындай қиын опералардың бірін сахналау бақыты бұйырды. 25 жасымда неміс режиссері Андреа Мозеспен Германияда Штраустың «Саломеясын» сахналағанымды өнердегі үлкен жетістігімнің бірі деп санаймын.
Енді аудармаға, оның ішінде поэтикалық тәржімаға тоқталсақ, меніңше, таяқтың екі ұшы бар. Германияда Леош Яначектің «Енуфасына» дирижерлік еткенімде опера Макс Бродтың аудармасымен неміс тілінде қойылды. Негізі шығарма басында чех тілінде жазылған. Басты кейіпкердің партиясын чех әншісі әрі сопрано Яна Хавранова орындады. Яна спектакльдің режиссері Себастьян Баумгартеннен бір арияны чех тілінде шырқауға рұқсат сұрады. Ең қызығы, бұл көрермен көңілінен шықты.
Тағы бір тәжірибем ретінде 2012 жылы Германияда неміс тілінде қойылған, атақты Жұбанов пен Хамидидің қаламынан туған, ұлттық өнердің ұлы жауһары саналатын «Абай» операсын айтар едім. Мұнда да қазақ әуені неміс тілімен әдемі үйлесті. Алғашында немісше емес, қазақша жазылса да, саз бен сөз білінбей жымдасты. Хордың соңғы мәтіні Абайдың Гётеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі болатын. Біз бұл жерде, керісінше, Гётенің түпнұсқасын Абайдың қазақша әуенімен сөйлеттік.
«БІЗДІҢ «АБАЙ» – ӘЛЕМДІК КЛАССИКАЛЫҚ ОПЕРАНЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ»
– Алан Асқарұлы, Сіз Абай туралы еске түсірдіңіз, өзіңіз Абайға қалай қарайсыз?
– Менің ұлымның аты – Абай. Жауап осы…
– Осы тақырыпты тарқатайықшы. Биыл Қазақстанның музыкалық әлемі ұлы композиторлар – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115 жылдығын атап өтеді. Композиторлардың туған күніне орай 17 шілде күні «Астана Опера» сахнасында олардың бірлескен авторлығындағы «Абай» операсы орындалады. Осы сұраққа толығырақ жауап беріңізші…
– Ахмет Жұбанов туралы туысқандарымның әңгімесінен және оның музыкасы мен әдеби мұрасын тікелей зерделеуімнен білемін. Оның бейнесі балалық шағымнан бері көз алдымда. Ахмет Қуанұлының үлкен немересі – менің анам Шолпан Жұбанова ол жайында маған көп әңгімелейтін. Атам, академик, профессор Болат Жұбанов арғы бабам туралы көп естеліктер қалдырды. Сонымен қатар, композитордың кіші қызы, академик Ажар Жұбанова ол жайында әр кез айтып жүр.
Ахмет Жұбанов – ғаламат дарын иесі. Оның жан-жақтылығы соншалық мен оны қайта жаңғыру дәуірінің ұлы тұлғасы Леонардо да Винчимен салыстырар едім. Жұбанов бұл тұрғыдан да әмбебап жан еді. Сөзсіз, ол – үлкен композитор, бірақ бұл оның дарынының бір қыры ғана. Оны Қазақстанның музыкалық мәдениетінің ұйымдастырушысы деп нық сеніммен атауға болады.
Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін салушы, жетекшісі әрі дирижері, консерваторияның бірінші ресми ректоры, алғашқы музыкалық колледждің іргетасын қалаушы, Ғылым академиясы құрылтайшыларының бірі болған Ахмет Жұбанов музыкатану саласына қосқан үлесі зор әрі қазақ музыкасы туралы зерттеу еңбектерінің авторы. Бүгінгі таңда композитордың сирек айтылатын тағы бір тұсы – қазақ тіліндегі аудармалары. Мәселен, ол Паганини туралы кітапты аударған, алайда баспа үйі оны жоғалтып алған. Мен «Астана Опера» театрының гастрольдік сапарымен Италияға, Паганинидің туған жері Генуяға барып, «Абай» операсына дирижер болған кезімде Жұбанов пен Паганинидің арасындағы көзге көрінбейтін байланысты сездім.
«Абай» операсының музыкасы шынайы әрі тебірентер күшке жететіні соншалық түрлі ұлт тыңдаушыларын бейжай қалдырмайды. Бірде Парижде операдан кейін маған көз жасына ерік берген бір тыңдаушы әйел келіп: «Бұл музыка мен туралы», – деді.
Мен үшін «Абай» операсына дирижерлік ету – әр кез іші-бауырымды елжіретіп, толқытатын сезім. Бұл – ғаламат туынды, ешқандай артық нота жоқ, ол әлемдік классикалық операның озық үлгісі болып саналады.
– Алан Асқарұлы, 2020 жылғы 17 және 18 қазанда «Астана Опера» театрында көрермен ерекше қошемет көрсетті. Қазақстандық өнерсүйер қауым Сіздің жаңа жобаңызды лайықты бағалады. Осындай талғаммен өмірге келген «Мольер, Вольтер және Бомарше немесе Француз комедиясының негізін салушылар» жобасының идеясы қалай пайда болды?
– Бұл концертті мен «Астана Опера» театрының көрермендері үшін арнайы ойлап таптым. Қиын уақытта көпшілік қауымның көңілін сергітер дүние жасағым келді. Бұл концерт шамамен 150 жылдық кезеңдегі француз комедиясының даму тарихының айқын мысалы. Концерт Францияның үш ұлы драматургіне арналған үш үлкен бөлімнен тұрады. Олар бір қарағанда түкке тұрғысыз жанрға үлкен мән берген. Алдымен француз комедиясының Алтын ғасырына жататын Мольер шығармашылығынан бастаймыз. Содан кейін Қайта өрлеу дәуіріндегі Вольтер туындыларына ойысып, ұлы драматург Бомаршенің комедияларымен аяқтаймыз. Концертте «Астана Опера» театрының бар мүмкіндігін пайдаландық. Қойылымда не жоқ дейсіз! Миманс және балет әртістерінің қатысуымен мольерлік кейіпкер Журден мырзаның драма театры стиліндегі монологы да, көп әнші қосыла шырқаған моцарттық опера да, үш тұлғаның өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін әдеби хикая да бар. Бұл концертте өнердің бірнеше түрін өзімізше синтездеп, симфониялық музыка, классикалық әдебиет, драма театры, пантомима, балет хореографиясы және опера сияқты жанрларды бір арнада тоғыстыруға күш салдық.
Адамзат көп жылдар бойы өзіне рухани азық етіп келген комедиялық фильмдер мен сериалдардың әдістері, кейіпкерлері мен позициялары өз бастауын өткеннің ұлы комедиографтарынан, соның ішінде Вольтер, Мольер және Бомаршенің шығармашылығынан алады. Ал, олардың жұмысы комедия секілді жан-жақты жанрдың бір ғана қырын көрсетеді.
«МЕНІҢ БАСТЫ МАҚСАТЫМ – ӘЛЕМГЕ ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫН НАСИХАТТАУ»
– «Астана Операда» үнемі аншлаг. Сіздің концерттеріңіздің өзге елдердегі жағдайы қалай, онда біздің өнерге деген көзқарас қалай?
– Қазақстанның классикалық өнері қазір әлемде үлкен қызығушылық тудырып отыр, мамандар қазақстандық мәдениеттің жоғары өрлегенін айтып жүр. Мысалы, 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Астана Опера» театрының гастрольдік сапарында біз Генуяға «Абай» операсын апардық. Таңданбаған итальяндықтар қалмады. Еуропалық опера сайттарында көптеген жақсы пікірлер бар. Бұл мен үшін керемет қуаныш, өйткені сан түрлі репертуарды орындаудағы менің басты мақсатым – қазақ музыкасын насихаттау. Біздің қазақстандық операмыз шет елдерде жоғары бағаланып жатқан кезде, ұлттық музыкалық мұрамызды көпшілікке тарату бағытында дұрыс келе жатқанымызды түсінемін.
– Алан Асқарұлы, қазір көптеген саясаткерлер, дипломаттар, экономистер және тіпті мәдениет қайраткерлері пандемиядан кейін әлем айтарлықтай өзгеретінін айтады. Сіздің ойыңызша, мәдениет коронавирустан кейінгі әлемде қандай орын алады?
– Білесіз бе, соғыстан кейін Англияда мәдениетке бюджетті қысқартуды ұсынған кезде, Уинстон Черчилль былай деп жауап берген екен: «Егер біз мәдениетке бөлінетін қаражатты қысқартсақ, онда мен не үшін соғысқанымызды түсінбеймін?». Мен мәдениеттің эпидемияға дейінгі кезден де жоғары болатынына сенгім келеді. Коронавирус бәріміз үшін қиын сынақ болды. Адамзат бұдан да абыроймен шығады деп үміттенемін.
– Қазақстандағы және шетелдегі ең жоғары деңгейдегі тамаша имидждік жобалар Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Әрине, қазіргі бәрін болжап болмайтын кезде жоспарлау қиын. Дегенмен, армандап көрейікші…
– Сіз қиялдауға ерік берсеңіз, өзімнің көкейкесті арманыммен бөліскім келеді (күлді). Әрине, бұл арманымның коронавирус пандемиясы мен ғаламдық экономикалық дағдарыс кезінде өзекті емес екенін білемін. Мен біздің елімізде Берлин және Вена филармониясы, Токиядағы NHK, Бавария радиосы, Нью-Йорк филармониясы, Амстердамдағы экстра-класс Консертгебау оркестрі сынды теңдессіз әлемдік деңгейдегі симфониялық оркестр құрылғанын армандаймын. Әлемде ондай мысалдар жеткілікті, мысалы, Венесуэлада Густаво Дудамель бастаған «Саймон Боливар» оркестрі құрылды және бүгінде Венесуэланың астанасы Каракасқа, Берлин филармониясы немесе Байройт сияқты фестивальдерге шақырту алып отыр. Мен симфониялық музыканы сапалы орындайтын «Made in Kazakhstan» үлгісіндегі оркестрдің іргетасын қалауды өзімнің басты мақсатым екенін сеземін. Ол сіз бен біздің балаларымыз, немере-шөберелеріміз шетелдегі достарына «нағыз атақты симфониялық оркестр» деп мақтана алатындай деңгейде болуы керек.
– Сіздің балаларға арналған жобалар жөнінде идеяларыңыз бар ма? Жас ұрпақты музыкамен тәрбиелеу туралы да ойланып көрген боларсыз?
– Иә, әрине, белгілі бір идеялар бар. Егер біз ұзақ мерзімді жоспарлар туралы айтатын болсақ, онда мен өзімнің дайындықтарыма оқушылар мен студенттерді шақырғым келеді. Музыканың қалай жазылатынын сезінулері үшін оларды дайындық барысында оркестрдің ішіне отырғызып қояр едім. Адамның жан-жақты дамуы үшін жас ұрпақты бала кезінен музыкамен, кескіндемемен, әдебиетпен, театрмен таныстырып, шабыттануы үшін жағдай жасау қажет деп санаймын.
– Алан Асқарұлы, ашық әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Жансая ШЫҢҒЫСХАН
Біздің анықтама
Алан Бөрібаев Алматыда музыканттар отбасында дүниеге келген. Қазақ консерваториясын бітіргеннен кейін оқуын Вена музыка университетінде жалғастырды. Загребтегі халықаралық дирижерлер байқауындағы жеңісі оны әлемге әйгілі етіп, танымал еуропалық оркестрлерден ынтымақтастық туралы ұсыныстар түскен.
Пианист Шолпан Жұбанованың және виолончелист Асқар Бөрібаевтың ұлы, композитор Ахмет Жұбановтың шөбересі және композитор Ғазиза Жұбанованың жиеншары, химик, ҚазКСР ҒА академигі Болат Жұбановтың немересі.
К.Байсейітова атындағы республикалық музыкалық колледжін скрипка класы бойынша бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына опералық-симфониялық дирижерлік және скрипка мамандығына оқуға түседі.
Одан әрі Урош Лайовиц атындағы Вена музыка және сахна өнері университетінде дирижер ретінде тағылымдамадан өтті. 2003-2007 жылдары Астана қаласының симфониялық оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды. 2004-2007 жылдары Майнинген театрының музыкалық жетекшісі болды. 2007 жылдан бастап Норрчёпинг симфониялық оркестрін, 2008 жылдан бастап Брабанттың нидерландтық оркестрін, Ирландияның ұлттық симфониялық оркестрін басқарды. 1999 жылы Загребте Ловро фон Матачич атындағы халықаралық дирижерлер байқауында жеңіске жетті.