Ұлт ұстазы үйінде «Қазақтың бас ақыны – Абай» ұлықталды

0
2568

Адамзаттың алыбы Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты дөңгелек үстел өткізу дәстүрге айналған. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген Шәкәрім Құдайбергенұлының әуеніндей, біз де бұл жылғы жиынымызды өткен жылғы іс-шарадан өзгеше етіп өткізуді жөн көрдік. 

Жиынға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы «Абай» ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлын арнайы шақырып, баяндама жасауын сұрадық. Және университеттің оқытушы-профессор құрамынан құрылған «Ұлағат» ғалым-әжелер тобына  Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» атты әндерін жанды дауыспен орындап беруіне қолқа салдық. Шындығында, өркениетке ұмтылған бүгінгі қоғам адамының тірліктегі тірнегі заманауиланғаны соншалық, барлығы техникаға тәуелді болып, олсыз өмір сүреңсіз көрінетіні жасырын емес. Ал, біз тағылым мектебіне айналған Ұлт ұстазы үйінде адами қарым-қатынастың ата-баба болмысындағыдай шынайы болғанын қаладық әрі сол бағытқа жұмыс жасадық.

Жиынның ішкі үйлестіру ісіне музей-үйі бөлімінің жетекшісі Гүлмария Тұрысбекқызы үлкен қызығушылықпен білек сыбана кіріссе, менің еншіме іс-шараны тамашалайтын тыңдармандарды (аудитория) ұйымдастыру тұрды. Негізі, бізде қалыптасқан үрдіс бойынша тыңдарман жинау жағы мекемеішілік қызметкерлерді немесе оқу орнының студенттерін тарту арқылы жүргізіліп жататын. Бұны қалыпты жағдай деп қабылдағанымызбен, бұл үрдіс үнемі іске аса бермейді… Себебі, ЖОО-ның ішкі ережесі бойынша сабақ барысында студенттерді босатуға болмайды. Ол үшін ай бұрын оқу ісі жөніндегі басшылыққа арнайы ресми хатпен шығу керек.

Ал, жаз мезгілінің үш айында жиын өткізу қиындау мәселе. Мектеп, гимназия оқушылары мен мұғалімдері, колледж, ЖОО студенттері мен оқытушылары жазғы каникулда болса, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің басым көпшілігі еңбек демалысына шығатындықтан адам басын жинау оңай шаруа емес. Не істеу керек? – деген сауал мазалады. Десе де ойыма сап етіп әлеуметтік желі түсе қалғаны, бір жақсысы – Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің әлеуметтік желіде фейсбук, инста және тикток парақшасы бар. Ең қызығы, осы үш нүктенің қараламы зоры – TikTok желісі. Мұнан бөлек, музей-үйі қызметкерлерінің барлығының әлеужелі парақшалары жетерлік, оны да іске қостық.

«Тәуекел түбі – желқайық…» демекші, хәкім Абайдың БАҚ-та кең ианымал болған портретін қойып, рухани шәкірті Ахметтің 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» деп жазған мақаласын тақырып етіп, көркем безендірілген афишаны 3-4 күн бұрын жарияладық. «Бұқараға жар салғанымызбен», көңіл дөнен тыншымай, қай-қай парақшаның да қаралымына көз сүзіп, кері байланыс болар ма екен деп, елегізумен болдым.

Жиын басталар күні сағат тілі 10:00-ден ауғанда алаң көңілмен есікке елеңдеумен отырғанда сау етіп бір топ қыз-келіншек кіріп келгенде қуанғанымыз-ай! Музейдің қалыптасқан тәртібі бойынша іс-шараға келушілерді жорналға тіркейміз. Іс-шараны әлеужелі арқылы біліп, тақырыпқа қызығушылық танытқандарды тізбелегенімізде, олар: «Қазақтелеком» АҚ филиалы – Корпоративтік университеті Qazaq&English академиясының оқытушылары мен «Қазақтелеком» АҚ мекемесінің тіл  мамандары екен. Мұнан бөлек, музей қызметкерлері қатысқан жиынымыз тағылым мектебінің «Қазақ санасының шамшырағы» залына дөңгелете қойған орындықтар кісімен толғанда, көңіл шіркін жайланды.

Ортадағы үстел басына қадірлі қонағымыз «Абай» ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы, профессор Қансейіт Әбдезұлын жайғастырып, жиылған қауымға таныстырғаннан кейін де санамда былтырғы танымдық дәрісіміздегідей «Жиналған жұртты селт еткізе алар ма екенбіз?» деген ой жетегінде болдым. Былтырғы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейімен бірлесіп өткізген «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты танымдық дәрісімізден соң: «…Бұл жалғанда хакім Абайдың көзіндей болған домбырасын көзбен көріп, қолмен ұстаймыз деп ойладық па?! Бүгін данышпан, Ұлы Абайдың өмірге келген күнінде осындай бақытты бұйыртқан Ахаң музейіне алғыс» деп, ризашылықтарын жаудырған еді.

Баяндамашы Қ.Әбдезұлы сөзінің бісмілләсін «Егемен Қазақстан» газетінде басылған әлі жалпы жұртшылыққа таралып та үлгермеген «Абай және Тәкен» атты мақаласымен бастап, жиналғандарды елең еткізді. Жиын басында дөңгелек үстел тақырыбының «Қазақтың бас ақыны – Абай» деп тұрақтануының да өзіндік мәні бар екендігін баса айтқанымызда, Қансейіт ағай мақұлдап, әрі мынадай қызықты мәлімет берді: «Абай өлеңдерінің мазмұны мен мәнін талдап-таратып берген Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылғы мақаласы болғандықтан, кейінгілердің осы мақаланы негіз алып келді», – деді. Және ұлы ақынның «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген өлеңіндегі «жұмбақ адаммын» тіркесіне орайластырылған жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» кітабының жазылу тарихына тоқталды. Арқалана сөйлеген Қансейіт ағай: «Әуезовтің шәкірт-досы, қазақ прозасына өлшеусіз үлес қосқан жазушы, сыншы, әдебиет зерттеушісі Т.Әлімқұлов осыдан жетпіс жыл бұрын Абай шығармашылығын зерттеуге ат басын бұрғанын, 1954 жылдың басында Абай поэзиясының көркемдік құндылығы, жаңашылдығы, тұтас қазақ поэзиясына, қазақ руханиятына жасаған ықпалы туралы тұңғыш ой-толғамдарын қағаз бетіне түсіргенін, бұл еңбектің теңдессіз туындыға айналғанын» айта келе, баянының қорытындысын «Абайтануға негіз болған А.Байтұрсынұлының 1913 жылғы мақаласы» деп түйіндеді. Сөз соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаевтың атынан музей-үйге Фарабидің бейнесі бедерленген мерекелік медальон мен қаламсапты және музей-үйі жанындағы «Ахметтану» оқу орталығының кітапхана қорына «Алаш перзенті» атты өзінің авторлығындағы кітабын сыйға тартты.

Дөңгелек үстелдің көркін келтірген «Ұлағат» ғалым-әжелер тобының құрамы: Қалқабаева Салима ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Оспанова Гүлмария, аға оқытушы, Қоңырбаева Сараш Сахиқызы, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор, Жұмажанова Фарида, ф.ғ.к., аға оқытушы, Какимова Ардақ, ғылыми қызметкер, Сиқымбекова Эльмира, жетекші маманы асыл әжелеріміз киген кимешек, қазақы көйлек пен шапанмен шығып Абай әндерін жанды дауыспен әуелеткенде, жиында отырған алқалы топ бірге шырқады. Ғалым-әжелер тобы құрамының жетекшісі Салима апайымыз кие қонған кимешек туралы әңгімеледі. Және бұл топтың құрылуына себепші болған кимешектің құдіретіне тоқтала келе, қазіргі күні жан-жақтан тапсырыс түсіп, өздерінің қалада өтіп жатқан іс-шаралардың қәдірлі қонағына айналғанын айтты.     

Қонақтарға және жиында белсенділік танытқан қатысушыларға музей-үйі тарапынан жазушы Д.Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» кітабы мен өзімнің авторлығыммен жарық көрген «Ғасыр саңлағы» атты әдеби туынды сыйға берілді. Жиын соңында іс-шара қонақтары мен қатысушылар «Ұлттық рухтың ұлы тіні» залындағы ғалым портреті және музей-үйі гүлзарындағы тұлғаның ескерткіші алдында естелік суретке түсті.

Райхан ИМАХАНБЕТ,
 «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» ҚМКК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here