Ақжүрек Таңатаров: «Ұлымды Олимпиададан алтын алып келетіндей шынықтырғым келеді»

0
72684

Еркін күрес жанкүйерлеріне XXX Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері Ақжүрек Таңатаровтың есімі етене таныс. Ол байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, спорттық мансабын жарқын жеңістермен тәмамдап, бүгінде Жамбыл өңірінде жас спортшыларды баулитын спорт мектебінде басшылық қызметте. Ақжүрек Достықұлы тек кәсіби спортшы ретіндегі білігімен ғана емес, өнегелі әке, аяулы жар ретінде де айналасына үлгі болып жүр. Жуырда ғана «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанған отбасының отағасымен жүздесіп, мәнді әңгіме өрбітудің сәті түскен еді.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Мерейлі отбасы –2024» ұлттық конкурсының өңірлік кезеңінде жеңіске жеткен жанұяларды марапаттады. Олардың арасында бас жүлде алған Таңатаровтар жанұясы болды. Бұл әулеттің үш буыны, яғни әкесі, балалары мен немерелері спортты жанына серік еткендер…

«ЕЛДОС БАУЫРЫМЫЗ ҮШ ОЛИМПИАДАДА ҚАТАРЫНАН БАҚ СЫНАП,
ҮШЕУІНДЕ ДЕ ЖҮЛДЕГЕР АТАНЫП КЕЛДІ» 

– Ақжүрек Достықұлы, жалпы спортқа деген махаббат қай кезден басталды? Басқа сала емес, неге дәл спорт саласын таңдадыңыз?

– Спортты 10 жасымда еркін күрестен бастадым. Әкем ауылда еркін күрестен жаттықтырушы болған. Ол кезде спорт қазіргідей дами қоймаған. Сол себептен әкем барынша шынықтырып, еркін күреске әбден баулып жарыстарға мемлекет есебінен шығу үшін Таразға алып келген болатын. Ресми түрде спорт мектебіне тіркеп, үлкен спортқа алғашқы қадамымды бастым. Бұл 1996 жыл болатын.

– Әрбір спортшының арманы – Олимпиада чемпионы атану. Өзіңіз де Лондон Олимпиадасының жүлдегерісіз, осы жолдан өткен спортшының бірісіз. Осы салада еңбек ететін кәсіби маман ретінде жуырда болған Олимпиада ойындарында ел құрамасының көрсеткен ойындары туралы не ойлайсыз? Елдостың тарихи жеңісінен бөлек бокс, еркін күрестен дегендей…

– Олимпиада алтынын иелену – әр спортшының арманы. Спортқа қадам басқан кей спортшы Азия чемпионы атансам дейді, енді бірі Әлем чемпионы болғысы келеді. Ал кейбірінің «Олимпиадаға жай ғана қатыссам екен» деген де арманы болады. Жүлдегер атанса, «енді барсам алтын аламын» деген сенім пайда болады. Менің де арманым Олимпиада чемпионы атану болды. Бірақ, 2008 жылы және 2016 жылы әділетсіздіктер орын алып күресті тастап кеттім. Дегенмен, іштей «әттең, күрессем екен» деген ой маза бермеді. Елдос бауырымыз үш Олимпиадада қатарынан бақ сынап, үшеуінде де жүлдегер атанып келді. Бұл спортшының үлкен арманы әрі алға қойған мақсаты. Сондықтан еңбегіне қарай бұйыртып отыр. Ал, басқа спорт түрлері туралы пікір білдірсем, бұл Олимпиададағы көрсеткішімізді өте төменгі нәтиже деп айтуға әбден болады. Еркін күресте де, бокста да жаттықтырушылар дұрыс жұмыс істемеген. Олимпиадаға аттанарда ешкім «мына бала жүз пайыз елге алтын әкеледі» деп уәде бере алмады. Себебі, жаттықтырушылардың өздері сенімсіз болды. Спортшылардың өздері де сенуі үшін олармен жақсылап жұмыс істеу керек. Шыны керек, спорттың ахуалын бүкіл ел біліп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын бокс пен күрес қазақтың ұлттық спорты секілді бүкіл халық жанкүйер болатын. Ал, қазір екеуінен де төменгі нәтиже көріп отырмыз.

«МЕНІҢ ӘУЛЕТІМНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ – БАРЛЫҚ ОТБАСЫ
МҮШЕЛЕРІНІҢ СПОРТШЫ БОЛУЫНДА ДЕП ОЙЛАЙМЫН»

– Ақжүрек Достықұлы, Өзіңізден бөлек жанұяңызбен спортшысыздар. Спортпен айналысу үшін адамға ерік-жігер қажет. Өз балаларыңыздың бойына осы ерік-жігерді қалай сіңіресіз?

– Қазір үлкен ұлым Есугей футболға қатысады. Бұған дейін күреске де қатысқан. Күресті тез меңгеріп кететініне күмәнім болған жоқ. Икемі де жақсы. Бірақ, бірінші баланы жақсы тәрбиелесең, кішілері содан тәрбие алады. Сол себепті күреске икемді болса да, футболға беріп, біліміне көбірек назар аударуды дұрыс деп таптым. Арбаның алдыңғы дөңгелегін түзу жолға салғаным жөн болды. Одан кейінгі қызым волейболға қатысады. Үшінші қызым тенниске қатысады. Төртіншісі үлкен тенниске қатысып жүрген еді. Олимпиадада жапон дзюдошысы Утэ Абенің ұтылып қалған сәтін көріп, ағасының қолдау көрсеткенінен ерекше әсерленді ме, келесі күні таңмен таласып форма алдық. Сосын Елдостың бірінші жаттықтырушысы Ахмет ағайымызға апардым. Енді қызым дзюдомен айналысады. Кенже балам Хамзаны еркін күреске беремін деген жоспарым бар. Қазір бар күш-жігерімді кіші ұлыма арнасам деймін. Алтыға толғанда бар жұмысымды тоқтатсам да, ұлымды Олимпиададан алтын алып келетіндей шынықтырғым келеді.

Өз әкеңіз де спортшы. Әкеңіздің бала тәрбиесінде қолданған қандай тәсілдерін өз балаларыңызға пайдаланасыз?

– Әкемнің уақытында заман басқа болды. Бүгінгідей гаджеттер, жаңа технологиялар ол кезеңде болған жоқ. Батырмасы бар телефонның өзін беріде қолымызға алдық. Сондықтан ғаламторға үңіліп, біреуге еліктейтін заман болған жоқ. Сондықтан тек әкемізден үйрендік. Әкем өте қатал болды. Қазір менің балаларым маған еркелейді, бірге ойнап күресеміз. Ал, мен әлі күнге дейін әкеме еркелей алмаймын. Кеңестік кезеңнің адамдары болғандықтан шығар, балаға суық қарайтын. Еркелетпей, қатал тәрбие беріп отырды. Қазір балалар телефон ішінде өмір сүреді. Сондықтан балаға тәрбиені соған сай, психологиялық тұрғыда елеп-екшеп берген дұрыс деп ойлаймын. Сол себепті спорттық психология заңдылықтарымен неғұрлым уақытылы, өз жасына сай тәрбие бергенді жөн санадым. Ескі қағидамен қатал ұстаймын деп, балаларын уысынан шығарып алған талай ата-ананы көрдім. Кейбірінің балалары нашақорлыққа салынып кетті, кейбірі ішімдікке тәуелді болып қалды. Осындай оқиғалардан сабақ алып, қорытынды шығардым. Нәтижесін болашақтың еншісіне қалдырдық. Қалай болғанда да тәрбиесі мен білімі қатар ұштасқан бала болашақта жаман істерге қадам жасай қоймайды деп ойлаймын.

Жалпы бала тәрбиесінде қандай ұстанымдасыз?

– Тұңғыш балам бір жарым жасынан бастап менің жанымда жүрді. Түннің бір уағында көшеге шықсам, өзіммен бірге алып шығатынмын. Әлі күнге дейін жанымда серігім секілді жүреді. Қыздарымды еркелетемін. Саусағымның ұшы да тиіп көрген емес. Күш көрсеткен кезім болған жоқ. Баланы сөзбен тәрбиелегенді жөн санаймын. Көбіне бәріне Отанды сүю керектігін айтып отырамын. Яғни, патриотизмді көп дәріптеймін. Бұл ұғымның астарында білім де, тәрбие де, кішіпейілділік те бар. Психологиядағы ұстанымдар бойынша балаларыма алға нақты бір мақсат қоюды үйретіп жатырмын. Қай жағынан алсаңыз да, ұлтын, елін сүйген азамат қана барлық тұрғыда нағыз тұлға болып қалыптасып шығады. Осы бағытта тәрбие беріп жатырмын.

«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атандыңыздар. Сіздіңше, өз отбасыңыздың өзгелерден ерекшелігі қандай?

– Менің әулетімнің ерекшелігі – барлық отбасы мүшелерінің спортшы болуында деп ойлаймын. Ағамның қызы да, менің балаларым да спортпен айналысады. Екі жасар баламның өзімен үйде кешкі уақытта күресіп уақыт өткіземіз. Бізде «кочерга» деген әдіс бар. Оны көбісі біле бермейді. Екі жасар балам соны жасайды. Спортқа өз еркімен ерекше ықылас танытатындығы – біздің отбасымыздың ерекшелігі деп ойлаймын.

«ДӘЛ БҮГІНГІ ҚАЛЫПТАСҚАН АХУАЛМЕН ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫН
БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА, ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІН ШЫҒАРА АЛМАЙМЫЗ»

Бүгінгі қазақ спортының проблемалары деп нені айта аласыз?

– Қазақ спортының негізгі проблемасы – патриотизмде деп ойлаймын. Егер әр спорт түріне өз еліне деген патриоттық сезімі бар жаттықтырушыны тағайындамаса, ол спорт түрі дамымайды. Бізде кейде легионерлерді алып келіп жатады. Кеше мысалы Рыбакинаны әкелді. Тағы бір ресейлікті әкеліп, азаматтық берді. Бірақ, ол адам Ресейдің атынан шыға алмағандықтан, бізге келді. Егер оған екі мемлекет туының бірін таңда десе, осы елдің төлқұжатын алып тұрса да, біздің байрақты таңдамай, өз еліне ықылас білдіреді. Оған жүз пайыз сенімдімін. Қазақстанда қай легионер Олимпиада жүлдегері атанып, спортпен қоштасқан соң елде қалды? Ешкім қалған жоқ. Өз елінде жағдайы нашар болса ғана қалады. Мәселен, Рыбакина чемпион атанса, ары кетсе 250 мың доллар алады. Ал, АҚШ-тағы турнирде 3 миллион доллар алады. Өзіңіз есептей беріңіз. Одан кейін оған қазақтың туы керек емес. Жалпы, Рыбакина бізге керек пе? Меніңше, жоқ! Оған қарап ешкім бой түземейді. Себебі, ол теннисші. Егер бұл күрес болса, жаттығу жасап үлгі көрсетер еді. Рыбакина осы уақытқа дейін қай қазақтың баласына жаттығу жасап, теннис тәсілдерін үйретті? Сол легионерлердің елге келуіне жаттықтырушылар себепші. Легионер әкелу үшін оған жыл он екі ай осы елдің аумағында қазақтың балаларымен бірдей, бір жағдайда, бір залда жаттығу жасауы тиіс. Осындай талап қою керек. Бұлай болмаса, онда ешқандай легионердің қажеті жоқ. Бұл ақшаны далаға шашудың жолы. Бұл тұста кінәнің көп бөлігі жаттықтырушыларда.

Еркін күрестен Олимпиада чемпионын баптап шығара аламыз ба? Алдағы Олимпиада бойынша қандай болжамыңыз бар?

– Дәл бүгінгі қалыптасқан ахуалмен Олимпиада чемпионын былай қойғанда, Олимпиада жүлдегерін шығара алмаймыз. Еркін күрестің жағдайын айтпай-ақ қойса да болады. Сол себепті мен қазір «бұл былай еді» деп нақты ештеңе айта алмаймын. Еркін күрестің жағдайы қалай болып тұрғанын халық өзі көзбен көріп отыр. Әлішер Ерғали деген спортшымыз ғана бір рет ұтып, екі қарсыласынан жеңіліс тапты. Көп жағдайда жанкүйерлер «спортшыларымыз күреспеді» деп айып тағып жатады. Мәселен, бізде екі мәрте Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Азамат Дәулетбеков деген спортшы бар. Егер ол күресе алмайтын болса, екі мәрте қола ала алмас еді. Ол дүние жүзінде ең үздік бестікте жүрген бала. Олимпиада ойындары оның алғашқы үлкен жарысы. Америкадан келген Тэйлорды ол жеңетін еді. Азаматтың күрес барысында қателесуіне себепші болған жаттықтырушылар. Дұрыс күрес қоймады, дұрыс тәсіл ұсынбады. Сол себепті күрестің жанкүйерлеріне де спортшыларға кінә таға бермеңіздер дегім келеді. Ол олардың кінәсі емес. Спортшыларға күніне он мәрте жаттықтыру жаса десе, соны бұлжытпай орындайды. Бұл менің басымнан өткен. Спортшы үлкен спортқа басын бәйгеге тігіп келгендіктен, таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін жаттығу жасаудан мүлде қашпайды. Жаттықтырушы нені бұйырса соны жасайды. Күніге бір сағат болса да, дұрыс тәсіл қолданып жаттығу жасау жаттықтырушының білім-білігіне байланысты. Одан кейінгі жауапкершілік дәрігерде. Мұнымен қоса, психолог болу керек. Бізде федерацияда психолог мүлде жоқ. Себебі, елімізде психологтардың өзі сауатты емес. Бүгінгі күнге дейін басын көтеріп, «мен кәсіби маманмын» деп айта алатын маман жоқ. Мен магистратура диссертациясын қорғаған тұста емтиханда психологтардың арасында болғанмын. Қалай қорғайтындарын да көзбен көргенмін. Мықты маман жоқ. Бұл да спортшыларымызға кері әсерін тигізеді. Қандай да бір қиындықты еңсеретін кезде психологтың көмегі қажет болады. Өкінішке қарай, бұл да бізде ақсап тұр. Спортшыға моральды-психологиялық көмек ауадай қажет.

«СПОРТТА ДА БӘСЕКЕЛЕСТІК БАР, ӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗ
ТҰҚЫРТАТЫН ТҰСТАРЫМЫЗ КӨП»

– Сәуір айында жаңа қызметке келдіңіз. Белгілі бір жетістікке жеткен спортшылар кейін мемлекеттік қызметке ауысып, мансап қуалап жатады. Ал, сіз спорт саласында шәкірт баулитын салада басшылық қызметтесіз. Кейде жаттықтырушы болғыңыз келетін, шәкірт баулығыңыз келетін сәттер бола ма?

– 2021 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің басшысы қызметін атқарып, кейін осы қызметтен шеттетіліп, бір жыл бойы жұмыстан босап қалған болатынмын. Биыл Дене шынықтыру және спорт басқармасының №7 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне басшылық қызметке келдім. Жамбыл облысы Қазақстан егемендік алғалы бері командалық есепте еркін күрестен бірінші орын алып келген еді. 2018 жылы осы салаға қызметке келдім. Қызметке келген сәттен бастап, жасөспірімдер мен ересектер арасында екі рет команда спартакиадада бірінші орынға ие болды. Біздің өңірде ғана бір залда төрт бірдей Әлем чемпионы жаттығу жасайды. Жамбыл облысының қалай жұмыс істегенін өзге өңірлерден сұрасаңыздар болады. Ол кезде жұмысым кешкі алтыда аяқталады. Киімдерімді залға әкеліп қойып, күн сайын жаттығу жүргізіп, оның барысын желіге жүктеп, балалармен тиімді уақыт өткізіп жүрдім. Кейін ол қызметтен алып тастағаннан кейін команда сол кездегі жетістігіне қайта қол жеткізе алмай жатыр. Қайта жұмысқа оралған соң бәрін қолға алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы жаттықтырушының жұмысы өте ауыр. Балаларды спортқа қабылдағанда қатты сынға алатындар бар. Жаттықтырушының «ел алдында ұят болады-ау» деп уайымға салынатын кездері көп болады. Сондықтан бұл өте ауыр әрі күрделі жұмыс. Бірақ, әр жаттықтырушы өзінің тәлімгерімен тыңғылықты жұмыс істесе нәтиже болады. Сосын Республикадағы мемлекеттік жаттықтырушының шәкірті болмауы тиіс. Бізде ең жаманы, өзімізге өзіміз буынсыз жерден пышақ ұрамыз. Спортта да бәсекелестік бар, өзімізді өзіміз тұқыртатын тұстарымыз көп. Екі Олимпиада қатарынан осындай азаматтардың кесірінен жүлдесіз қалдық. Ортада жүретін, ешкімге бүйрегі бұрмайтын жаттықтырушыларды тағайындау қажет. Өңірлерден келген спортшыларға дұрыс бағыт бағдар көрсете білуі тиіс.

– Спортшы ретінде қандай өкінішіңіз бар?

– Өкініш деген үнемі болады. Спортшы болсаң, өкінішің тіпті көп болатын сияқты. Олимпиада ойындарында үнді палуаны құлағымды тістеп, көзімді шұқыған кезде оған қарсы дұрыс тәсіл қолданбағаныма өкінемін. «Егер финалға шықсам, Жақсылық ағамыздан кейінгі күрестен чемпион атанған, тарихты жаңартқан бірінші қазақ болар едім» деген өкінішім барын жасырмаймын. Қалай болғанда да, әр істің қайыры бар, әр адамға өзі көтере алатын жүк беріледі ғой. Егер Олимпиада чемпионы атанғанымда бәрі басқаша болып кетуі мүмкін еді. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген бар. Чемпионның жүгін көтере алмай қалуымыз да неғайбыл. Әр нәрсенің өз орны бар. Әр жаман істің артында жақсылық тұр. Негізі, бұл дүниелер ұмытылып келе жатыр еді. Осы сұхбаттан кейін бұл сұрақ ойымда жүретін шығар. Олимпиададан бері он екі жыл өтті. Күн сайын біреу ойда жоқта сұрап қалғанда «сол кезде неге былай жасамадым, неге басқа тәсіл қолданбадым?» деп ойға батып жүресің. Қалай болғанда да, спортшыда мұндай өкініш үнемі болады екен.

– Бір отбасының отағасы ретінде жас отбасыларға, жас әкелерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Қазір көптеген отбасыларда отағасы балаларын қатал ұстауға ұмтылады. Әрине, әркімнің өз ұстанымы, өз ойы бар. Мен жас әкелер балаларымен көбірек уақыт өткізсе екен дер едім. Қыздарын көбірек еркелетсе, ұлдармен үнемі ашық сөйлессе екен. Көпшілігі «балам үнемі жанымда, көз алдымда жүрсе болды» дейді. Бірақ, бұл да дұрыс емес. Ең біріншіден, Алла тағала бәрімізді ата-анамызға аманат етіп береді. Ата-анамыз бізді өсіріп, жетілдіріп, қатарға қосады. Есейгенше ата-ананың аманатымыз. Сол себепті бала-шағамыз біздің аманатымыз. Сосын көп замандастарымда «мемлекет маған мынаны беруі тиіс, маған мына нәрсені істеп беруі керек» деген пікір барын байқаймын. Ал, мен аяқ қолың сау болса, өзің тірлік қылып, мемлекетке өзің беруің тиіс деп санаймын. Бұл тұрғыдан алғанда осы кіндік қаны тамған жерде әр балам бойына отансүйгіштік қасиеттерін сіңіріп өскенін қалаймын. Сондықтан әр ата-анаға қай елде жүрсеңіз де, балаңызға мемлекетіміздің туын көрсетіп, Әнұранын жаттатып өскен дұрыс екенін айтқым келеді. Менің кішкентай кез келген жерде Әнұран шырқалса жаныма келіп, оң қолын жүрегіне ұстап тұра қалады. Нәресте күнінен Отанының нышандарын санасына сіңдіріп, патриотизм қағидаттарымен тәрбиелеп келе жатырмыз. Әр қазақтың отбасында ең біріншіден патриоттық тәрбие тұру керек. Қазір ата-аналар «анау жемқор, мынау ақша жымқырды» деп айтып отырады. Егер ата-ана мұның орынына балаларын тәрбиелеп, оған дұрыс тәрбие берсе мұның бірі де болмас еді. Болашақта осының арқасында баланың айы оңынан туып, ел мүддесіне адал қызмет етеді. Өз баламызға дұрыс тәрбие беру арқылы мемлекеттің жарқын болашағын қамтамасыз ете аламыз.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here