Мемлекеттік қызмет және әдеп кодексі

0
2083

Көне замандардан мемлекет ішінде адамдардың қауымдасып тірлік кешуінің рухани негізі һәм ең басты алғышарты «этика», «мораль» сынды құндылықтар. Бұл екеуі де сөзбе-сөз аударғанда бірі грек, екіншісі латын тіліндегі «әдет-ғұрып», «салт-дәстүр» деген сөздермен мағыналас болып келеді. Қара күш пен қатыгездік үстемдік құрған ортада әділеттің, ізгілік пен даналықтың қажеті болмай қалары түсінікті. Кім күшті болса – материалдық игіліктер, мансап пен азық-түлік соның қолына көшпек. Шынтуайтында, қауымның сақталып қалуы үшін жақсы мен жаманды, пайдалы һәм зиянды іс-әрекетті, тиімді мен тиімсізді, ақымақ пен ақылдыны ажырату, сол қасиеттерді пайдалану арқылы үйлесімді тірлік кешу аса маңызды болмақ.

Көне гректік атаудан бастау алатын «этика» ұғымы алғашында адамдардың бірге тіршілік етуіне қажетті ережелер, қауымды біріктіретін нормалар, «жеке тұлғаның өз бойындағы өзімшілдік пен өшпенділігін шектей білуі» деген мағыналарды білдірген жалпылама түсініктен туындап, кейін қоғамдық қарым-қатынастардың даму деңгейіне қарай бұл мағынаға «ар-ождан, ізгілік пен зұлымдық, тірліктің мәні, өзін-өзі құрбандыққа шалу сынды күрделі ұғымдарды зерттеу» дейтін тың мазмұн қосылады. Мұндай сана-сезім адам ақылының кемелденуіне, абстракциялық ойлау көкжиегінің кеңеюіне ықпал еткен аса құнды өмірлік тәжірибе болды.

Мемлекеттік қызметшілердің әдебі, олардың қоғамның биік талап-сұранысына сай әрекет етуі маңызды бола түсті. Осылайша Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі бекітіліп, бұл тарихи құжат мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылдың 22 ақпандағы №814 Жарлығымен пысықталды. Бұрын-соңды мемлекеттік қызметшілер үстінен түсетін арыз-шағымдарды қарастырып, тиісті шешімдер шығарып отыратын тәртіптік кеңестер бүгінгі таңда «Әдеп кеңесі» деп аталатын болды.

Осы орайда, Алматы қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі ретінде 2024 жылы атқарылған жұмыстар жайлы ақпарат бере отырып, басым бағыттарға тоқтала кетуді жөн санаймыз. Күн өткен сайын азаматтық қоғам мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп жөніндегі уәкіл қызметіне деген сұраныс, қызығушылық артып келеді. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, қаңтар айында Әдеп жөніндегі уәкілдің қалыптасқан ахуалға байланысты жаңа жұмыс жоспары жасалып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен келісілді. Бүгінгі таңда жұмыс департамент сүзгісінен өткен осы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мемлекеттік орган қызметкерлері тарапына келіп түскен арыз-шағымдарды, қызметтік зерттеу материалдарын, тәртіптік ахуалды зерделеу арқылы тәртіп бұзуға ықпал ететін себеп-салдарларды саралау жұмыстары қолға алынды. Осы бағытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті және ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметшілерімен бірлесе жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде, 4-ші міндетті базалық бағыт бойынша жемқорлықтың алдын-алу, профилактикалық жұмыстар жүргізу де басты назарда болып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындары – лудоманияға қарсы, еңбек тәртібін сақтауға байланысты, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердегі діни ахуалға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу аса өзекті болып отыр.

Бұдан бөлек, қабылдауға жазылған мемлекеттік қызметшілер мен жекелеген азаматтарға түрлі мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақыл-кеңестер берілді. 2024 жылдың басынан жеке қабылдауда болған азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге, жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында Қазақстан Республикасы заңнамаларының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша жеке консультативті көмектер көрсетілді. Соның ішінде жыл басынан Алматы қаласындағы 8 аудан әкімі аппаратары мен 25 басқармалардың мемлекеттік қызметшілері қамтылды

 Мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс жасайтын шығармашылық ұжымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен, рухани сергек белсенді жандармен тиімді қарым-қатынас орнату – Әдеп жөніндегі уәкіл жұмысының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен түрлі кездесулер өткізілді. ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстан Жазушылар Одағы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,  Алматы қаласының архиві, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» қоғамдық ұйымы (жетекшісі Ж.Ашуұлы), «Асыл Отан» қоғамдық бірлестігі (жетекшісі С.Балғабаев), «Қазына» ЖШС (А.Шайкен), «Желтоқсан» қоғамдық ұйымы сынды ұжымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылып, мемлекеттік қызметшілердің М.Шаханов, Д.Исабеков сынды шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесулері ұйымдастырылды.

«Шалқар» радиосы, «Алматы» телеарнасы және әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік қызмет пен Әдеп кодексі хақында толыққанды ақпараттар беріліп отырды. Мемлекеттік органдардағы моральдық-психологиялық ахуалды айқындау, мемлекеттік қызметшілерді мазалайтын сауалдарды анықтау арқылы олардың жұмысына қолайлы жағдай туғызу қазіргі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Қызметшілердің көкейіндегі сұрақтарды тап басудың бірден-бір құралы ретінде мамандар жасырын сауалнаманы алдымен атайды. Сол себепті де қаладағы мыңнан аса мемлекеттік қызметшіге жасырын сауалнама өткізіліп, нәтижелері тұрақты сараланып келеді. Қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу жұмыстары бұдан ары да жалғасын табады. Бүгінгі таңда қоғам тіршілігін әлеуметтік желілерсіз, интернет кеңістігіндегі ақпараттар легінсіз елестету мүмкін емес. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын барлық жағдайда сақтауын қадағалап отыру мақсатында Facebook, Instagram, ВКонтакте сынды әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жасалып отырады. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты қандай да бір жағымды немесе жағымсыз ақпараттар қаперге алынып, тиісінше бағасы беріліп келеді. Қазір қоғамымызда тәртіп бұзушылықтың салдарымен күресудің орнына оның алдын алу, мезгілінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырудың нәтижелі болатынын уақыттың өзі көрсетіп берді. Мемлекеттік қызмет, жемқорлыққа қарсы күрес заңнамалары және Әдеп кодексі талаптарын түсіндіруге байланысты қаладағы жергілікті атқарушы органдарда түрлі тақырыптарда семинарлар, дөңгелек үстелдер мен арнайы дәрістер өткізу жалғаса береді. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиалдары ашылып, олар жергілікті жерлерде жемісті еңбек етуде. Академияның Алматы қаласы бойынша филиалында тыңдаушыларға мемлекеттік қызметшінің әдеп нормалары мен Әдеп кодексі бойынша тұрақты дәрістер оқу, жұмыс тәжірибесінде нақтылы ақпараттармен бөлісу, жаңадан қабылданған қызметшілерге тәлім-тәрбие беру уәкіл жұмысындағы басым бағыттар болып қала береді. Бұл жұмыстар қажеттілігіне қарай бұдан әрі де жалғасын табатын болады. Әдеп мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспейтін, қай заманда да қоғамды алға сүйрейтін өзекті тәрбие құралы болып қала береді.

Мамай АХЕТОВ,
Алматы қаласы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here