Есіл бойынан соғысқа аттанған жігіттің кім екені белгілі болды

0
4089

Биыл маусым айында «Қазақ» газетінде «Есіл бойынан соғысқа аттанған жас жігіттің өлеңі табылды» деген тақырыппен мақала жариялаған болатынбыз. Анығырақ айтсақ, «Қазақтың» 2024 жылы маусым айының 11 жұлдызы күнгі №24 (1231), 6-бетінде басылған бұл мақаламызда қолымызға түскен қолжазбадағы 1940  жылдары жазылған бір өлеңнің авторын іздейтінімізді баса айтқан едік. https://qazaq1913.com/2024/06/21/esil-bojynan-so-ys-a-attan-an-zhas-zhigitti-le-i-tabyldy/ Өлеңде алапат соғыс жылдары Есіл өзені бойынан 23 жасында соғысқа еріксіз түрде аттанған жас жігіттің туған ел, жерімен, дос-жаран, уәделі қалыңдығымен қоштасқаны баяндалған. Мақаламызда біз бұл құнды әрі қызықты шығарма туралы былай деп баян еткенбіз: «Өлең сегіз шумақтан (32 тармақ) тұрады. Авторы белгісіз. Өлеңнің мазмұнынан 23 жасында соғысқа (әскерге) аттанған азаматтың туған жер, өскен ел, дос-жаран және сүйген жарына арнағаны байқалады. Тақырыбы «Қаракөздің өлеңі» болғанына қарап, өлең авторы бойжеткен қыз ба екен деген болжам келеді. Бірақ, өлеңді толық оқып шыққанда автордың ер азамат екенін, уағдаласқан қалыңдығы бар, оған да осы өлең арқылы қоштасып бара жатқанын білуге болады». 

Соғыстан оралғаннан кейінгі кездер (1948 ж.). Ғисам Есетұлы (солда), алдындағы баласы Болат Ғисамұлы

Қолжазба өлең Сәлмен Нұрманұлы марқұмның екі жүз беттен тұратын естелік жинақтарының ішінен жолыққанын, арасында осы өлең секілді өзге де аса құнды тарихи мұралар барлығын, бұл қолжазбаны Сәлмен ақсақалдың немересі Гүлнар біздің зерттеуімізге сеніп тапсырғанын да айтқан едік. С. Нұрманұлы жазбасында «Қара көздің өлеңі» деп берілген, қасіретті ғасырдағы ырықсыз түрде алапат соғыс майданына аттанған жастардың көңіл-күй толқынысын бейнелейтін  бұл өлеңнің төте жазумен жазылған нұсқасымен қоса өлеңнің толық мәтінін де оқырманға ұсынып, өлеңде кездесетін жер-су атауларына қарай отырып, қырғынға аттанған қырқыншы жылдардың  жәдігеріндей осы туындының иесі де табылып қалуы мүмкін екенін тұспалдап, оқырмандармен ой бөліскенбіз. 

Арада үш ай өткенде бұл өлеңнің авторы және автордың ұрпақтары табылып отыр.  

«Есіл өзен Қаракөлдің жағасы,
Таныс жердің сайы менен саласы.
Туған қала, өскен жерім қош, сау бол,
Шақырады мені алыстың даласы», – деп басталатын бұл өлеңнің авторы Есенбаев Ғисам Есетұлы болып шықты. Ғ. Есетұлы 1943 жылы қазіргі Астана орын тепкен алқаптан, Есіл өзені бойынан, яғни Қараөткелден соғысқа аттанған. Өлеңді аттанар алдында жазған. Жасындай жарқ еткен жалынды жастың өлеңі жазбалар арқылы сол тұста біршама кең таралған көрінеді. Автор соғыста абыройлы борышын өтеп, аман-есен елге де оралған. Тіптен, Ғ. Есенбаевқа жаратушының берген бағы солай болса керек, 1994 жылға дейін жарық ғұмыр кешіпті. 1919 жылы дүниеге келген жас, 1943 жылы 23-24 жастар шамасында пәрмені қатты дәуірдің жетегімен сұрапыл соғыс майданына сапар шексе, кейін елге оралған соң, бір кісілік қызметтер атқарып, Қазақ елінің тәуелсіздігін де көру нәсіп болған екен.

Ғисам Әсетұлы Есенбаевтың өз қолымен жазған қолжазбаларынан

Бұл мәліметті айтып, қуаныштан жанарына жас іркіліп бізге қоңырау шалған, бүгінгі таңда зейнеттегі Болат Ғисамұлы атты ағамыз еді. Болат біз іздеген автордың ұлы. Бүгінгі таңда Ақмола облысы, Степногроск қаласында тұрады. «Қазақ» газетін парақтап отырып, өзінің марқұм әкесі жазған өлең туралы дерек іздеп жүрген біздің мақаламызды оқып, толқынысын жасыра алмай, бізге алғыс айту үшін газеттің бас шығарушысы, журналист Жасұлан Мәуленұлынан менің телефон нөмірімді алып хабарласқан екен.

Болат ағамыз қызы Әсем екеуі бізбен бұл тақырып жайында сырласып, шүйіркелесті. Бір қызығы, бізге С. Нұрманұлы жинап сақтап, ұрпақтарына аманаттап кеткен, қомақты қолжазбадағы «Қара көздің өлеңі» атты Ғисам Есенбаевтың бұл өлеңі соғыстың соңғы жылдарында және соғыс біткеннен кейінгі кездерде халық арасында да, өнер сахнасында да ән болып жиі шырқалған шығарма болып шықты. Бұл ән турлы ресми баспасөзде 1992 жылы «Жұлдыз» журналына да жарияланған мақала бар. Мақаланы да Болат Ғисамұлы бізге мәлім етті.

Композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановтың «Жұлдыз» журналының 1992 жылғы №2 санында «Көзі ашылған бұлақтай…» деген  тақырыппен жарияланған мақаласынан иесі ұмыт болған кейбір әндердің авторын қалай тапқаны туралы тамаша естеліктер желілес түрде берілген (188-194 беттер). Журналдың «Ән тағдыры» атты айдарынан орын тепкен бұл мақаласында І. Жақанов халық әншісі Жаналы арқылы тыңдарманның сүйіктісіне айналған бірнеше әннің тарихын баян етеді. Сол қатарда «Есіл өзен» атты бұл өлеңнің авторын ұзақ жыл іздеп, ақыры тапқаны  Арқа әншілік мектебінің өкілі Жаналы ақсақалдың аузынан әңгімеленеді.  Кейін тіптен Ғисам мен Жаналы бір-біріне хат жазысқаны баяндалады. Мақалада баяндалуынша, Жаналы өзіне серік болған, өзі сахналарда, дастархандарда орындап жүрген бұл әннің мәтінін кім жазғанын біле алмай ұзақ жылдарды артқа қалдырған. Тіптен, өлең авторы жарық жалғанда жоқ шығар деп те ойлаған екен. Сөйтіп жүргенде, күндерде бір күн Ғисамнан хат келгенде Жаналы өз көзіне өзі сенбей қалған.  

Хатта Ғисам Жаналыға өзінің соғысқа аттанғаннан қайта келген барысын, соғыстан соңғы өмірін баян еткен. Әсіресе, Жаналыға осы «Есіл өзен» және өзге де «Майдан жолында», «Аққыз» қатарлы әндері болғанын, соғыс жылдары қасіреттен көкірегі қарс айырылған алаш баласы бұл әндерді сүйіп тыңдап, шерменде көңілінің шерін шығарғанын айтады («Жұлдыз», 1992, №2, 190-191 беттер).

Есіл өзен бойынан аттанарда қоштасқан сүйген жары – Аққыз екенін, уәделі ару Ғисамды күткенін, кейін отау тігіп, ордалы үй болғанын да жеткізеді.

Ғисам Есенбаев пен Аққыз Сәбитованың махаббатынан туған ұрпақ – Болат Ғисамұлы 2024 жылдың күз айында біздің мақаламызды оқып, өлеңнің авторы – соғыс жылдары Украина жерінде шеп бұзып, бір қолынан жараланып Отанға оралған аяулы әкесі туралы бізге көп мәлімет беріп, бізбен арқа-жарқа әңгімелесуі де бір ғажап оқиға болды.

Ғисам Есетұлының аты мақалада Ғайса болып басылған. Ғисамның ұлы Болат ағамыз әкесінің аты ресми құжат пен баспасөзде Ғайса, ал азан шақырып қойған аты Ғисам екенін түсіндірді. Сондай-ақ, Болат Ғисамұлы әкесінің жоғарыда аталған өлеңдерінен сырт, өзге де шығармалары болғанын, атадан қалған дерек жазбаларды ізденушілерге немесе журналистерге беруге дайын екенін жеткізді. Және әкесі Ғисам Есенбаевтың өз қолымен қазақ латын жазуында хатқа түсірген бірнеше өлеңінің түпнұсқасын да жіберді.

Өлеңнің Сәлмен Нұрманұлы жинақтаған қолжазбадағы төте жазу нұсқасы мен автордың Жаналыға жазған хатындағы нұсқасын салыстырып көрдік. Кейбір атаулардың орны алмасқан, сөздері өзгерген ішінара айырмашылықтар бар. Ұлғаусар ала-құлалық жоқ. Тек авторда өлеңнің аты «Есіл өзен» деп берілсе, С. Нұрманұлы қолжазбасында «Қара көздің өлеңі» деп берілген. Өлеңнің соңғы шумағында автор нұсқасында Қараөткелмен қоштасу сәті жазылса, қолжазбада жақын-жекжатқа қош айту сарыны басымырақ.

Қош бол, Есіл, қош аман бол Қараөткел,
Алдымда  бар талай ауыр тар өткел.
Өзің туып еркелеткен ұлыңа,
Кек майданда қажымайьтын қайрат бер («Жұлдыз», 1992 , №2, 191 бет).

Ғисам Есетұлы (солда) телеарнаға сұхбат беру алдында

Иә, бір адам – бір тарих. Бір адамның тарихы – бір ұлттың тарихының шағын бір бөлігі. Халық арасында сақталған қаншама құнды жазбалар бар. Осылардың бір парағының өзінің айтар сыры мен шыны жеткілікті. Қолжазбалар мен көне кітаптарға ден қоя жүргеніміздің арқасында өткен ғасырдағы бұрқасынды жылдардан аман жеткен небір құнды жазба жәдігерлерге кездесіп қалып жүрміз. Орайы келгенде соларды зерделеп ресми баспасөзде жариялап, ұлт алдындағы борышымызды аз да болса өтегендей бір қуанып қаламыз. Халық арасында сақталған, ғасыр бұрын хатталған қағаздарды оқып, мәнін ашып, оқырманға жеткізгеннен кейін белгісіз мұралардың иесі табылып, мұрагерлері ақжарма тілектерін білдірген сәтке жету – көне қағаздарды қадағалап жүрген әрбір зерттеушінің тәтті мұраты деуге болады. Қарамаққа бір адамның бірер шумақ естелігі сияқты болғанымен, онда біздің еркіндігіміз ел қолында болған теңсіз ғасырдағы халқымыздың көз жасы мен көңіл-күйі, арманы мен мұраты жатады. Сондықтан, бабадан бізге жеткен әрбір парақтың еліміздің өткенін тануға, тарихын түгендеуге қосар үлесі өлшеусіз. Міне осылайша, қырқыншы жылдардың қырғынынан аман жеткен жазбаның авторы табылып, елімен қайта қауышып отыр. Бір дәуірдің сызаты үлкен, сырқаты ауыр сырын бүккен өлеңнің ел қазынасына қайта қосылуына үлкен себепкер болған Сәлмен Нұрманұлы (марқұм) ақсақалға, немересі Гүлнарға алғыс айтпай тұра алмаймыз. Мақаламызды баспа бетінен көріп, біз іздеген авторымыз өзінің асқар тау әкесі екенін айтып ағынан жарылған Болат Ғисамұлына да жаратушы ұзақ та бақытты ғұмыр бергей. Жоғымыз түгенделіп, тың деректерге толы қоржынымыз тоқ болса игі еді. Белгілі композитор І. Жақанов 1992 жылы иесі ұмыт бола бастаған әндер туралы жазып, «Жұлдызға» жариялаған  желілес мақаласының арқасында жоғымыз табылып, кеміміз түгенделіп жатқаны анық. Ал Алаш көшбасшыларының арманын жалғаған «Қазақ» газеті де «Есіл өзен» өлеңнің иесінің тағы бір рет табылуына дәнекер болғаны мұнда тұр.  

Әділет АХМЕТҰЛЫ,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, PhD

Болат Ғисамұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here