Бейбіткүл Кәрімова: «Басты мақсат – үздік жетістіктерімізді еселеу»

0
5864

«QAZAQ»-ТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:

Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова – филология ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультеті деканының орынбасары қызметінен бастаған.

Әр жылдары аталған жоғары оқу орнының орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, Алматы үздіксіз білім беру университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті колледжінің директоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметтерін атқарған.

2020 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректоры.

Бейбіткүл Кәрімованың авторлығымен 100-ден астам ғылыми еңбек жарық көрді. Көп жылдық қызметі мен білім саласына қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болған.

«УНИВЕРСИТЕТ ДАМЫСА ӨҢІР ӨРКЕНДЕЙДІ, АДАМИ КАПИТАЛ ӨСЕДІ»

– Соңғы жылдары Сіз басқарып отырған білім ордасы халықаралық ынтымақтастық аясында көптеген оң бастамаларға ұйытқы болып, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, былтырғы жылы университет жанынан жасанды интеллект мектебі ашылды. Елімізде тұңғыш рет қолға алынған бұл жоба Оңтүстік Кореяның қолдау көрсетуімен жүзеге асып отырғанынан хабардармыз. Бұдан бөлек, Қырғызстанда оқу орнының өкілдігі ашылды. Бейбіткүл Сәрсемханқызы, әңгімеміздің әлқиссасын осы баянды бастамалардан бастасақ…

– Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеттің тарихы 90 жылға таяп қалды. Бүгінгі күні Сыр еліне ғана емес, ұлттық деңгейде беделі бар жоғары оқу орындарының бірегейі болды. Соңғы жылдары оқу орны заман талабына сай қарқынды дамып, жаңа кезеңге қадам басты. Бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша 113 білім беру бағдарламасы оқытылады. Сонымен қатар, 500-ден астам профессор-оқытушы құрамы дәріс оқиды. Білім алушылар қатарында Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан азаматтары да бар.

Университетіміз өз даму бағдарламасын өңірдің дамуымен тікелей байланыстырады. Себебі, университет дамыса өңірге жастар келеді, адами капитал өседі, экономика, туризм, спорт, мәдениет, кәсіпкерлік және басқа да маңызды салалар дамиды.

Бүгін біз технологиялық өзгерістердің қарқынды дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл өзгерістердің ең қуатты қозғаушы күштерінің бірі – жасанды интеллект. Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аудару керек екенін айта отыра: «Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», – дегені баршамызға белгілі.

Осы тапсырмаға сәйкес елімізде біз алғашқы болып жасанды интеллект және IT-технологияларды дамытуды қолға алдық. Соның нәтижесінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект және информатика институтын аштық. Сонымен қатар, Мәскеу авиациялық институтымен «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» бағыты бойынша қос дипломды бағдарлама әзірленді. Су ресурстары мен суды үнемдеу технологияларын дамыту да өзекті мәселенің бірі. Осы ретте «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетімен бірлесіп жасалған 6 білім беру бағдарламасымен студенттер оқуды бастап кетті. Бизнес және кәсіпкерлікті дамыту күн тәртібінен тыс қалмайды. Бұл бағытта Ұлыбританиялық Саффолк университетімен EMBA қос дипломды бағдарламасын әзірлеу туралы келісімге келдік. Оқыту виртуалды форматта өтеді, бұл оны кең аудиторияға қолжетімді етеді және тыңдаушыларымызға цифрлық трансформация жағдайында жұмыс істеуге қажетті дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. EMBA бағдарламасы цифрлық трансформация және бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған модульдермен күшейтіледі.

Келесі ақжолтай жаңалық – Гонконг педагогикалық университетімен серіктестікте Қазақстан педагогтар академиясын ашпақпыз. Цифрлық трансформация жағдайында педагогтардың, студенттердің жеке қажеттіліктеріне бейімделген оқу бағдарламаларын әзірлеуге және оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи құралдарын меңгеруі маңызды. Сондықтан да, осы Академия мұғалімдердің бейімделгіш оқу жоспарларын жасап, оқу үдерісін жақсарту үшін жасанды интеллектті тиімді қолдана алатын кәсіби мамандарды дайындаудың орталығына айналады.

Өңірлік экологияны жақсарту, оны зерттеу мәселелері өз алдына бір төбе. Осы жылдың көктемінде университетте Арал өңірінің экожүйесін зерттеу халықаралық орталығы ашылып, Қытай, Польша, Ресей ғалымдарымен ғылыми жұмыстар басталды. Өнер мен спортты дамыту – ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрді білетін дені сау ұлттың кепілі. Қазіргі уақытта университетте Әлем чемпионаттарының 9 жеңімпазы мен жүлдегері, Азия чемпионаттарының 27 жеңімпазы мен жүлдегері, Қазақстан чемпионаттарының 120 жеңімпазы мен жүлдегері білім алуда. ХІІ жазғы Универсиаданың қорытындысы бойынша университет спортшылары үздік ондыққа кіріп, 37 медаль жеңіп алды.

Тағы бір айта кететін жағдай, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелге оқуға жіберілетін студенттердің саны жылдан жылға артып келеді. Шет тілдерін жетік меңгерген және оқу үлгерімі жоғары студенттер шетелдің жетекші жоғары оқу орындарына бір академиялық кезеңге оқуға баруға мүмкіндік алып отыр. Осынау жұмыстардың нәтижесінде көкжиегіміз кеңейіп, ғылыми әлеуетіміз артып келеді.

– «Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет». Бұл – Президенттің сөзі. Деректерге сүйенсек, қазір 8 жоғары оқу орнында 15 білім беру бағдарламасы бойынша 2000-нан астам студент жасанды интеллект саласын оқып жатыр. Десе де, аталған салада маман тапшылығы бар екені жасырын емес. Бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

– Жоғарыда айтып кеткендей, Президенттің тапсырмасы бойынша Оңтүстік Кореяның ұлттық университетімен (СеулТех) әріптестік орнатып, елімізде тұңғыш рет Жасанды интеллект және информатика институтын аштық. СеулТехтің білім беру бағыттары – инженерия, жасанды интеллект, нанотехнология, ақпараттық және биотехнология, өнер және дизайн. Жасанды интеллект саласындағы маман тапшылығын шешу үшін университетте бірқатар нақты шаралар қолға алынды. Осы жылдың басынан бастап СеулТехтың оқытушылары дәріс оқуды бастады. 2024-2025 оқу жылына Ғылым және жоғары білім министрлігінен арнайы 100 грант бөлінді. Әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуға мүмкіндік беретін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 4 бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленіп,  жаңа оқу жылына студенттер қабылданды. Ал келесі жылдан бастап СеулТехпен қосдипломды бағдарламалар бойынша оқыту басталмақ.

Бұл гранттар арқылы біз дарынды жастарды қолдап, оларға жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік береміз. Осының арқасында студенттер халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, Оңтүстік Кореядағы жетекші кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды. Бұған қоса, институтта жасанды интеллект саласында теорияға ғана емес, практикалық білімге де көп көңіл бөлінеді. Бұл серіктестіктің тағы бір жағымды жаңалығы – СеулТехтың тарапынан Зертханалар, инновациялық орталықтар, стартаптар мен бизнес-инкубаторларды және заманауи технологияларды қолдану болашақ мамандарды жұмысқа дайын етіп шығарады. СеулТех тарапынан магистратураға, докторантураға, ғылыми тағылымдамаға бөлінген гранттарға академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алушыларымыз жолданатын болады. Бұл бастама арқылы еліміздің жастары әлемнің мықты университеттерінің қабырғасында кәсіптік даму ғана емес, мәдениетаралық қарым-қатынасқа, шет тілдерін жетілдіруге қол жеткізеді. Мұндай тәжірибе оларды халықаралық нарықта да сұранысқа ие ететіні сөзсіз. Жасанды интеллект бойынша маман тапшылығын азайтуға қосқан үлесіміз еселене бермек.

– Жоғары оқу орындары еңбек нарығына бейімделген кадрлар даярлауы тиіс. Бүгінде отандық университеттердің алдына осындай міндет қойылып отыр. Бұл тұрғыда Қорқыт Ата университетінде қандай нақты қадамдар жасалуда?

– Әрбір жоғары оқу орны қызметінің басты көрсеткіші – даярлаған кәсіби кадрлары. Өңір экономикасы салаларындағы мамандардың 80 пайызға жуығы университетіміздің түлектері. Соңғы бес жылдың өзінде 12 мыңнан аса маман дайындалды. Олар қай жұмыста болмасын өз ісінің шебері атанып, өз университетінің дәрежесін көтеріп жүр. Жылдан жылға білім алушылар контингенті ұлғайып келеді. Қазір жалпы 10 500-дей білім алушы дәріс алады. Бұл 5 жыл бұрынғы контингентпен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш.

Кадрлар даярлау мәселесі бойынша нақты айтатын болсам, студенттердің әлемдік білім ресурстарына, COURSERA платформасына қолжетімділігін қамтамасыз ету, шетелдік жетекші университеттермен бірлесіп оқыту арқылы мамандыққа сұраныс, қызығушылықты тудыру, әр түрлі жеңілдіктер мен мотивациялау шараларын ұйымдастыру біздің тұрақты бақылауымыздағы жұмыстар. Одан бөлек, өндіріспен тығыз байланысты қамтамасыз ету үшін тиісті салалардың ғалымдары, білікті практик-мамандары оқу үдерісіне тартылған. Мысалы, техникалық мамандықтар жайлы айтатын болсам, өңірде мұнай, тау-кен, су шаруашылығы, электроэнергетика жүйесі, ауыл шаруашылығы өндірістерінен келіп мамандар сабақ береді. Басты мәселе – білім беру сапасы. Сондықтан өз оқытушыларымыздың біліктілігін көтерумен бірге шетелден шақырылған профессураның маңызы зор. Шетелдік жоғары оқу орындарымен 12 бірлескен білім беру бағдарламасы іске асыруда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Шетелдік ғалымдарды тарту» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ университет қаражаты есебінен соңғы жылдары оқу үдерісіне Ресей, АҚШ, Канада, Түркия, Корея Республикасы, Болгария, Швейцария, Сербия, Украина, Өзбекстаннан 45 ғалым-оқытушы тартылды.

«ЖАСТАР ҮЛКЕН ҚАЛАЛАРДА НЕМЕСЕ ЕЛ АСТАНАСЫНДА
ЖҰМЫС ІСТЕГІСІ КЕЛЕДІ»

– Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажеттігін алға тартқан болатын. Президент бастамасын қолдау тұрғысында нендей істер атқарылуда?

– Президенттің қолдауымен жалпы Қазақстанда ғылыми әлеует көтеріліп, ғалымдарды қолдау, олардың ғылыми деңгейін көтеру қарқынды дамып жатыр. Соның нәтижесі ретінде айта кету керек, университетіміздің ғылыми-зерттеу жұмысынан түскен табыс соңғы екі жылда 5,4 есе өсті. Мысалы, қазір университеттегі отыз ғылыми жобаның жиырма үші Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында орындалып жатыр. Олардың жалпы көлемі 1,7 миллиард теңгені құрайды. Университет ғалымдары үшжылдық бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында мал азықтық дақылдары мен ағаш екпелерін суару үшін сарқынды суларды қауіпсіз утилизациялау технологиясын әзірлейтін болады. Президенттің 2021 жылғы тапсырмасын «500 ғалым» жобасы басталған болатын. Осы жоба аясында соңғы 3 жылда 19 оқытушы шетелдік жетекші ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп келсе,  қазіргі уақытта  6 оқытушымыз шетелдік ғылыми тағылымдамаларын жалғастыруда.

Бұдан бөлек, 6 халықаралық жоба жүзеге асып отыр. Олар Оңтүстік Корея, Португалия, Жапония, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия елдерімен бірлескен жасанды интеллект, химиялық технология, археология, кәсіпкерлікті дамыту, өнер және мәдениеттану, информатика бағытындағы жобалар. Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен жүргізіліп отырған Horizon-2020 халықаралық жобасына біздің университет ғалымдары да қатысуда. Бұл жоба Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін дәрі-дәрмек әзірлеуге арналған. Ал, Сыр өңіріндегі тарихи жәдігерлерді зерттеу туралы айтар болсақ, университет ғалымдары облыстағы Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқала, Бәбіш мола, Асанас қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстарын Германиядағы Тюбинген университетінің және Ресей ғылым академиясының Н. Миклухо-Маклай атындағы Археология және этнология институтының ғалымдарымен бірге жүргізеді.

Университеттің жас ғалымдары жақында 2024-2027 жылдарға арналған халықаралық ғылыми жобаны жеңіп алып, жапон әріптестерімен бірге Арал маңында ежелгі дәуір ескерткіштерінен табылған жәдігерлерге архео-ботаникалық әдіс арқылы зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Аграрлық технологиялар саласында алғаш рет африкалық тары сорттарының перспективалық үлгілерін ғалымдарымыз Арал өңіріне егіп, тұзды топырақта құмай өсіру технологиясын ғылыми айналымға енгізді.

– Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде еліміздегі университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады. Сәйкесінше, жоғары оқу орындарындағы кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отырғаны байқалады. Қорқыт Ата университетіндегі ахуал қалай? Білікті мамандар жетіспеушілігі сезіле ме?

– Университетіміз өңірлік деңгейде болған соң әрине білікті маман тапшылығы бар. Бұған өңірдегі кадрлардың қартаюы әсер етті. Докторантура бітірген түлектердің шетелдік журналдарға жариялаған мақалаларының шығу мерзімінің өте ұзақтығы да бұл мәселеде қолбайлау екені рас. Жаһанды жайлаған пандемия да із-түзсіз кеткен жоқ.  Жастар үлкен қалаларда немесе ел астанасында жұмыс істегісі келетіні де жасырын емес. Қазіргі таңда ғылыми дәрежесі бар оқытушыларымыздың үлесі 48 пайызды құрайды. Университетте осы ғылыми әлеуетті одан әрі көтеру үшін жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, білім алушыларды ғылымға тарту, жас ғалымдарды қаржылай қолдап, ғылыми жобаларына ішкі гранттар беру, әлемнің рейтингісі жоғары журналдарындағы жарияланымдары үшін қаржылай ынталандыру, диссертациялық кеңестер құрып, өз университетімізде қорғауға мүмкіндік беру, ғылыми журналдардың бағыттарын көбейтіп, дәреже ізденушілердің мақалалар шығаруына жағдай жасау. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2023 және 2024 жылдары 10 оқытушымыз PhD диссертацияларын сәтті қорғады, оның ішінде алтауы университет докторантурасының түлектері.

Оқытушыларды ғылыми атақтар алуға ынталандыру мақсатында арнайы ереже бекітілді.

«ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫ ЫНТАЛАНДЫРУДЫҢ
ЖАҢА ТЕТІГІН ЕНГІЗДІК»

– Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік орын алып отырғаны жасырын емес. Бұл туралы ел Президенті де атап өткен болатын. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Сәйкесінше, мамандардың басым бөлігі аталған қалаларда қызмет атқаруды құп көреді. Сыр өңіріне кадр тартуда қандай істер қолға алынуда?

– Соңғы жылдары университетті инновациялық-кәсіпкерлік жоғары оқу орны ретінде қайта құру ісінде, инфрақұрылымды жанарту, бизнес-процестерді цифрландыру, басқару жүйесі мен НR-процестердің тиімділігін арттыру, халықаралық байланыстарды нығайту, ғылыми әлеуетті арттыру және кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырудағы көптеген бастамаларымыз табысты нәтижелер көрсетуде.

Университет бюджеті 2019 жылы 2 млрд 887 млн теңгеден, 2024 жылы 6 млрд 749 млн теңгеге көбейді, яғни 2,3 есеге артты. 2020 жылдан инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаржы көлемі 9 еседен астам өсіп, 2024 жылы 1 млрд теңгеге жуықтады. Қаржылық жағдайдың тұрақты түрде өсуі арқылы кейінгі 4 жылда профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы 3 еседей, ал қалған қызметкерлердің еңбекақысы 2 еседен астам көтерілді.

Біз мықты мамандарды, ғалымдарды ұстап қалу үшін оларды әлеуметтік қолдаудың аясын одан әрі кеңейте береміз. Басты стратегиямыз осы.  Университет тарапынан материалдық-техникалық базаны жаңартып қана қоймай, шетелдің мықты университеттерімен әріптестік құрып, солардың кампустарын ашу, лабораторияларды ең соңғы үлгідегі әрі қуатты құрал-жабдықтарымен жарақтандыру, толық цифрландыруды жүзеге асыру – уақыт талабы.

– Сіздің ойыңызша, жастардың ғылымға көптеп келуіне қандай мотивация жасау керек? Университетте еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың саны қанша және оларды ынталандыру мақсатында қандай игі істер қолға алынды?

– Университетте еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың саны 200-ден асады. Жоғарыда айтып өткендей, университетте енгізілген оқытушылар мен қызметкерлерді ынталандырудың жаңа жүйесі өз жемісін беруде. Әлемдік базаларда индекстелетін рейтингі жоғары журналдарда еңбегі жарияланғаны үшін жас ғалымдарды көтермелеу шаралары көзделген. 2021 жылдан бастап жыл сайын 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға өз зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруы үшін университеттің арнайы гранттары бөлініп келеді. Былтыр үздік деп танылған 8 жобаның жетекшісіне 10 млн. теңге бөлінсе, осы жылдан бастап грант қаржысы 20 миллионға дейін көтерілді.

– Жыл сайын халықаралық және республикалық рейтингтерде үздік жоғары оқу орындары анықталып жатады. Рейтинг – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші екені белгілі. Қорқыт Ата университетінің жаһандық көрсеткішіне тоқталып өтсеңіз…

– Ашықтық, ғылыми зерттеулер мен мамандарды даярлаудың халықаралық стандарттарын енгізу деңгейі университеттердің беделін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Өз кезегінде бұл жоғары оқу орнының талапкерлер, жұмыс берушілер және инвесторлар алдында тартымдылығына әсер ететіні де белгілі. Соңғы жылдары Қорқыт Ата университеті әлемдік, аймақтық және ұлттық рейтингтерге жүйелі қатысып келеді. Осы ретте, ауыз толтырып айтарлық көрсеткіштеріміз де аз емес.

Университет QS Word University Ranking-2024 рейтингі бойынша әлемнің үздік 1201-1400 және Азия құрлығындағы жоғары оқу орындары арасында QS Аsіа Ranking рейтингтік агенттігінің нұсқасы бойынша ТОП 551-600 қатарынан көрініп отыр. Биыл алғаш рет БҰҰ Тұрақты даму бойынша Times Higher Education әлемдік ЖОО рейтингіне еніп, GreenMetric World University Rankings университеттердің әлемдік рейтингісінде де орын алғанын айтқым келеді. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) өткізген ҚР Жоғары оқу орындары ұлттық сұраныс рейтингінің қорытындысы бойынша  университет жоғары 7-орынды иеленіп отыр. Мұның барлығы, айтуға ғана оңай болғанымен, ұжымның тынымсыз ізденісі мен қажырлы еңбегінің арқасында келген нәтиже.

«МАҚСАТЫМ – ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫН «SUR VALLEY»
СЫР АЛҚАБЫНА АЙНАЛДЫРУ»

– Жатақхана мәселесі – университет инфрақұрылымында басты рөл атқарады. Сіз басшылық жасайтын оқу орны студенттерін жатақханамен қамту деңгейі қандай? Бұл тарапта тиісті шешімін таппаған мәселе бар ма?

– Университет балансында 4 студенттік жатақхана бар. Сонымен қатар, «Қаржы орталығы» АҚ қаржыландырылатын «Өркениет», «ДиЛМАШ», «Инкар 7» ЖШС-нің жатақханаларын әріптестік негізде пайдаланудамыз. Қазіргі уақытта оларға 1 172 білім алушы орналастырылған. Яғни, бізде жатақхана мәселесі толық шешілген деп айтсақ болады.

– Бейбіткүл Сәрсемханқызы, алғашқы еңбек жолыңыздан бастап күні бүгінге дейін жоғары білім беру саласында табан аудармай еңбек етіп келесіз. Қазіргі атқарып отырған қызметіңіздің де жауапкершілік жүгі жоғары. Сіз басшылық жасайтын Қорқыт Ата университеті көпжылдық тарихы бар, өзіндік дара дәстүрі қалыптасқан оқу орны. Сұхбатымыздың соңында осынау білім ордасын одан әрмен дамыту тұрғысындағы жоспарыңызбен бөліссеңіз.

– Бағындырған белестеріміз уақыт өткен сайын көбейе түссе, барлық жетістіктің кілті ұжымның берекелі бірлігі пен еселі еңбегінде жатқаны айқын. Қорқыт Ата университетін өңірдегі инновациялық, ғылыми-технологиялық, кадрлық және өндірістік белсенділіктің орталығына айналдыру, ғылым және жоғары білімді өңірдің нақты сұраныстарымен үндестіру басым бағыттарымыз болып қала береді. Ал түпкі мақсатым – Қызылорда облысын  «SUR VALLEY» Сыр алқабына айналдыру.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА:

– Сіздің ойыңызша, сәттілік деген не?

Сәттілік адамның өмірлік ұстанымы мен тәжірибесі, белсенді іс-қимылы, жоспарлы да жүйелі әрекетінің жемісі. Оның өзінен тәуелсіз қоршаған жағдайлардың қолайлы үйлесуін де жоққа шығаруға болмайды. Демек, сәттілікті осы айтылғандардың бір арнаға тоғысуынан туындайтын құбылыс деп пайымдаймын.

– Қазіргі жастардың бойындағы қандай қасиет ұнайды?

Еркіндік пен креативтілік. Өз пікірлерін ашық айтады, ойлары ұшқыр. Кез келген ортаға тез бейімделеді.

– Өмір жолыңызда арқаңыздан қағып, қолұшын созған жандар болды ма?

Әрбір адамның артында өміріне жол сілтеуші, қамқоршы, қолдаушы, тілеуқор Ұстазы тұр. Студенттік кезімнен маған жол сілтеп, ғылымға баулыған, ғылыми жетекшім профессор Жұмағұлова Валентина Ивановна. Жоғары мәдениетті, айналасына нұрының шуағын төгіп жүретін, қолынан келген жақсылығын ешкімнен аямайтын осынау керемет жанның тәлімін көргеніме үнемі тәуба деймін.

– Не нәрсені кешіруге болмайды?

Бұл тұрғыда: «Бес нәрседен қашық бол (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ)…» – деген хакім Абайдан артық айту қиын.

– Өмірдің мағынасы неде?

Бақытты өмір сүру. Өзгеге қуаныш сыйлау.

Сұхбаттасқан Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here