Өңірлік инновациялық экожүйелердің өзегі – өңірлік ғылым – Ақылбек Күрішбаев

0
798

Бүгін, 17 қазанда Өскемен қаласында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті. Айтулы шарада өңірлік ғылымды дамытудың өзекті мәселелері мен оның әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлі талқыланды.

Отырысқа Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының әкім орынбасарлары, Павлодар облысы әкімдігінің басқарма басшысы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА академиктері, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ, «Ғылым қоры» АҚ, «КАЗЦИНК» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты», «Өскемен арматуралық зауыты» АҚ, «ҚР ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, «PlasmaScience» ЖШС, ЖОО және ғылыми мекемелердің, өңірлік бизнес субъектілері мен индустрияның бірінші басшылары, өңірдің жетекші ғалымдары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар өңірдегі ғылымның даму перспективаларын, өнеркәсіп пен әлеуметтік салалармен интеграциясын талқылады.

Отырыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев өңірлік ғылым – аймақтың тұрақты инновациялық дамуының негізі екендігін атап өтті және Қазақстандағы ғылымды дамытуға мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаевтың қолдауымен үлкен көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.

Өз сөзінде спикер ғылымның практикалық маңызын арттыру, оны қоғам мен экономиканың озық дамуын қамтамасыз ететін нақты экономикалық ресурсқа айналдыру үшін ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін құру керектігін айтты. Бұл тұрғыдан алғанда, өңірлік ғылымды дамыту – инновацияларды ілгерілетудің, экономиканың нақты секторы мен ғылымның байланысын нығайтудың негізгі факторы екендігіне тоқталды.

«Дамыған елдердің тәжірибесі қазіргі таңда жаһандық проблемалардың неғұрлым тұрақты экономика мен қоғамды құруда жекелей әрі мақсатты тәсілмен сипатталатын жергілікті контекстке ауысқанын көрсетіп отыр. Осыған сәйкес, бұл мақсатқа қол жеткізу құралы ретінде Өңірлік инновациялық экожүйелер (ӨИЖ) тұжырымдамасы белсенді дамып келеді, бұл тұжырымдама мемлекеттік және жеке секторлардың әртүрлі субъектілерін ортақ міндеттер мен мақсаттар төңірегіне біріктіреді, ғылым жүйесін азаматтардың өмірін жақсартатын, бәсекеге қабілеттілікті арттыратын және өсуді ынталандыратын инновацияға айналдыруға ықпал етеді. Өңірлік инновациялық экожүйелердің өзегі – өңірлік ғылым. Өкінішке қарай, Қазақстанда өңірлік ғылымның жағдайы әлі де болса төменгі деңгейде», – деді А.Күрішбаев.

Сонымен қатар, өңірлік ғылым ең алдымен облыстың экономикасын дамыту мәселелерін шешуге, жоғары технологиялық шешімдерді дәл осы аймақтарға енгізуге бағытталуы тиіс екендігіне мән берілді.

«Сондықтан Ұлттық ғылым Академиясы БНҚ (ПЦФ) және мега гранттар үшін нақты басымдықтарды белгілеу және тақырыптарды айқындау міндетін алға қойып отыр, олар ең алдымен, болашақтың сын-тегеуріндерін, өңірдің және саланың міндеттерін шешуге бағытталуы тиіс. Қазіргі уақытта біз 6 басым бағыт бойынша ғылыми зерттеулер жүргізудің 200 перспективалық тақырыбын айқындадық және өңірлерде, «Атамекен» ҰКП, салалық министрліктермен талқылаулар жүргізудеміз», – деп атап өтті А.Күрішбаев.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е. Нұрғалиев өз сөзінде аймақтар ұлттық прогрестің негізі екенін және ертеңгі күннің міндеттерін шешу үшін олардың инновациялық әлеуетін пайдалану қажеттігін атап өтті. Ол ғалымдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайтып, өңірлік кәсіпорындарда әзірлемелерді іс жүзінде енгізудің маңыздылығына тоқталды.

Абай облысы әкімінің орынбасары Ж. Сәрсебаев өз баяндамасында аймақтық ғылымның өңірдің тұрақты дамуына қосатын маңызды үлесін атап өтіп, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуде тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, экология және IT-технологиялар салаларындағы инновацияларды енгізудің маңыздылығын атап көрсетті.

«Атырау университеті» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мамраев Бейбіт Баймағамбетұлы өз баяндамасында «әкімдік – ғылым – бизнес»  формуласының әлі де тиімді жүзеге аспай жатқанын атап өтті. Оның басты себептері ретінде ғылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдаланылуын атады. Осыған байланысты, ол алдағы жылда форсайт болжам жасап, оның нақты іске асыру жоспарын анықтауды ұсынды және елдің шығысында ҰҒА филиалын ашу осы бастамалардың сәтті жүзеге асуына ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

Отырыс аясында «Геология, минералды және көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар» және «Су ресурстарын, жануарлар мен өсімдік әлемін, экологияны тиімді пайдалану» бағыттары бойынша болжамның аралық нәтижелерін талқылау форсайт сессиясында ғалымдар өздерінің зерттеулері мен әзірлемелерін ұсынды. «Ғылым-бизнес» форматындағы сессияда коммерциализацияға дайын болашақты жобаларын ұсынды. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыға салынды.

Отырыста ғалымдар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, бизнес және қоғам өкілдері арасындағы диалог орнап, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, идеялармен бөлісіп, Қазақстандағы аймақтық ғылымды дамыту үшін бірлескен шешімдер әзірледі.

Көшпелі отырыс аясында өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылып, отырыс нәтижесі бойынша өңірлік ғылымды дамытуды шешуге бағытталған қарар қабылданды.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының  Өскемен қаласындағы филиалы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт орталығы салтанатты түрде ашылды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here