Жыл сайын Жамбыл облысында полиция қызметкерлері Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың қаза тапқан күніне арнайы еске алу шараларын өткізеді. Дәстүр бойынша биылғы еске алу күні Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында гүл шоқтарын қоюдан басталды. Оған Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшылығы, Ғ. Байтасовтың туыстары, Жамбыл облысы мемлекеттік органдарының өкілдері, Ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
– Биыл Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың қаза болғанына 13 жыл толды. Оның ерлігі полиция қызметінің жоғарғы мақсаттарының көрінісі, сондай-ақ барлық полиция қызметкерлері мен жас ұрпақ үшін жарқын үлгі болып қала береді. Ғазиз Байтасовты еске алу – заңға адалдық пен халыққа қызмет етудің символы ретінде қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалады, – деп атап өтті Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев.
Митинг қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды.
Сондай-ақ, бұл күні Тараз қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – батыр полицейдің әріптестері оның қайтыс болған жеріне гүл шоқтарын қойып, рухына құрмет көрсетті.