Қазақ тілінің білгірі – Рәбиға Сыздық

0
2037

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да академик Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың 100 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойланды. Ғылыми жиынға Жапония, Ресей, Саха (Якутия), Башқұртстан, Түркия және басқа да шетелдік ғалымдар мен ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.

Жиында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов: «Рәбиға Сыздық – өзінің саналы ғұмырын төл тілімізді тереңінен зерттеп, оның орфографиясы мен орфоэпиясына көптеген кітап арнаған ұлы тұлға. Қазақ тіл ғылымының көрнекті өкілі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Рәбиға Сыздықтың қазақ әдеби тілінің дамуына қосқан үлесі бүгінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала береді», – деді проректор.

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков: «Түркітанушы ғалымның еңбектерінде рухани, ұлттық құндылықтар маңызды орын алады. Оған дәлел ретінде академиктің А.Байтұрсыновтың шығармашылылық мұрасына арналған алғашқы еңбегін ерекше атауға болады. Сол тұста зиялы қауым санасында кеңестік заманның үрейі басым тұрған тұста Алаш зиялысының шығармашылығын зерттеу ерлікпен пара-пар», – деді ректор.

Академик жазушы Мұхтар Әуезовтен бата алған ғалым Рәбиға Сыздық қазақ әдеби тілінің тарихы, қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштердің тілі, тарихи лексикология, лингвистикалық стилистика, мәтінтану, психолингвистика, тіл мәдениеті, тілдік нормалардың қалыптануы және басқа да салалар бойынша ғылыми еңбектердің авторы. Қазақ әдеби тілінің тарихына ерекше мән берген ғалым XV-XIХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың тілін, қазақ тіліне қатысты ортағасырлық жазба ескерткіштердің тілін зерттеп, «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі»  сынды монографиялар жариялаған.

Рәбиға Сыздық – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, түркітанушы ғалым, «Turk dil korumi» қоғамының корреспондент-мүшесі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің лауреаты.

Академик Р.Сыздықтың қазақ әдеби тілінің тарихын дендей зерттеп, Қадырғали би Қосымұлының «Жамиат тауарих» атты шежіресінің тілін жан-жақты талдады. Шежірені алғаш рет бүгінгі графикаға түсіріп, орыс тілінде «Язык Жамигат тауарих» атты монография жариялады. Ғалым бұл еңбегін толықтыра отырып, М.Қойгелдиевпен бірге студенттер мен аспиранттарға арналған «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалары жинағы» атты оқу құралын жариялады. 1992 жылы бұл кітапты тарихи, тілдік деректермен толықтырып, пайдалануына лайықтап, тарихшы ғалым қазақ тілінде шығарды. Р.Сыздық бұл саладағы ізденістерін әрі қарай жалғастырып, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» атты шығармасының тілін зерттеді, нәтижесінде 2004 жылы «Ясауи Хикметтерінің тілі» атты көлемді ғылыми монография жарық көрді.

Р.Сыздықтың қазақ тілінің нормаларын қалыптандыруға (кодификациялауға) арналған еңбектер де жазды. Баспадағы көп жылдық тәжірибесінің негізінде ғалым «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш», «Емле және тыныс белгілері», «Қазақ тілінің анықтағышы»,  «Сөз сазы», т.б. еңбектерін жариялады. Рәбиға Сыздықтың біртілді, екітілді сөздік құрастырудағы, редакторлық етудегі еңбегі – өз алдына жеке сөз етуге болатын арнайы тақырып. Ғалымның редакторлық етуімен он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (1966), «Қазақша-орысша сөздік», т.с.с. басылып шықты. Р.Сыздық «Сөз құдіреті», «Абайдың сөз өрнегі» атты монографиялары арқылы қазақ тіл білімінде «Лингвистикалық стилистика» деп аталатын жаңа саланың негізін қалыптастырды.

Р.Сыздық тұлғатану саласының іргесі бекуіне де көп үлес қосты. А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы,  Қ.Жұбанов сынды  қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалымдардың еңбектерін жинақтап, алғашқы боп зерттеді. Ғалымның редакторлығымен А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов, т.с.с. зиялылардың жинақтары жарық көрді.

Ғалымдық пен ұстаздықты шебер ұштастыра білген Рәбиға Сыздық өзіміздің Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде «Қазіргі қазақ тілінің даму принциптері мен үрдістері», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Абай тілі», «Сөз мәдениеті» т.с.с. курстары бойынша дәріс оқыды. 

Ғылыми жиында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Кәрімбек Құрманәлиев, Нигде Өмер Халисдемир университетi гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті, Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеттері кафедрасының доценті, доктор Эсра Явуз Аджар және басқа да ғалымдар ғибратты ғалым жайлы баяндама жасап, қазіргі қазақ әдеби тілінің тарихы, қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар мен түркітану мәселелерін жан-жақты талқылады. Ғалым еңбектері «Қазақ университеті» баспасынан толықтырылып басылып шығып, тұсауы кесілді.

Осындай ғалымның 100 жылдығына арналған конференция академик Рабиға Сыздықтың ғылымдағы орнын көрсетумен қатар ана тіліміздің әсемдік дүниесімен таныстырған, тілді қатынас құралы ғана емес, тәрбие құралы, ұлттық сананы, ұлттық психологияны қалыптастыратын құрал ретінде танытқан жиын болды. Ана тілін қастерлейтін, тіл тазалағын сақтайтын жастарымыз көбейсін.Сөз соңын Қасым Аманжоловтың Рәбиға апайымызға арнаған өлеңімен аяқтағым келеді:

Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай!
Тыңдадым, ұқтым жан күйіңізді.
Болар ем күнде бір жасарғандай,
Көп туса қазақ дәл сіздей қызды!

Сымбат Игілікқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, PhD

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here